Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қашықтан оқыту

Көрнекі фото:  «Ақ ниет»  мектеп-интернаты

Бала кемістігінің даму деңгейі неғұрлым төмен болса, соғырлым мұғалімнің білім деңгейі жоғары болу керек.
Неміс педогог-дефектолог П.Шуман


Бала деген — ата-ана үшін де, қоғам үшін де жарқын болашаққа қалаған құнды мұра. Баланың көзіндегі қуаныш — бұл күллі әлемді жарық ете алатын табиғи күш. Осы күштің еселене түсуіне, асыл мұра қалпында сақталып, құндылығын жоғалтпай, мол бақытқа кенелуіне, өмірден өз орнын табуына, дұрыс тәлім-тәрбие, сапалы білім алуына алдымен ата-ана, содан кейін мектеп, баланың өзі және оны қоршаған орта мен қоғам жауапты. А.Макаренканың мына бір сөзіне көңіл қою, менің ойымша, өте маңызды: «Бала тәрбиесі біздің өміріміздің саласы. Біздің балаларымыз мемлекетіміз бен әлемнің болашақ азаматтары. Олар ертеңгі әке мен шеше, олар да өз балаларын тәрбиелейтін болады. Біздің балаларымыз тамаша азамат, жақсы әке, жақсы шеше болып өсуі керек. Бірақ мұнымен де бітпейді. Біздің балаларымыз – біздің қартайған шағымыз. Дұрыс тәрбие — бұл бақытты қарттығымыз, бұл біздің көз жасымыз, бұл біздің басқа адамдармен бүкіл ел алдындағы кінәміз». Яғни, біз бала тәрбиесіне қосқан үлкен үлесімізбен өз өмірімізді де дұрыс жоспарлай аламыз деп зор сеніммен айтуға болады.
Белгілі ағартушы ғалым Ахмет Байтұрсынұлының: “Балам дейтін елің болмаса, елім дейтін балаң қайдан болсын” деген ұлағатты сөздері мені осы инклюзивті білім беру саласына жіпсіз жетелегендей болды. Бала ол дене бітімінің өзгешелігіне, денінің саулығы мен психикалық, интеллектуалдық, сондай-ақ мәдени, этникалық немесе тілдік және басқа да ерекшеліктеріне қарамастан қашанда бала болып қала береді. Инклюзивті білім беруді тарқатып айтатын болсақ, ол – кез келген кедергілерді жою мен ерекше білім алуға қажеттілігі бар балаларды оқыту процесінде енгізуге бағытталған білім беру жүйесі болып табылады. Сондай-ақ, олардың сапалы білім алуға өзгелермен тең қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Мен бұл салаға 2016 жылы, яғни Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған “Ақ ниет” мектеп-интернаты ашылған күннен бастап келдім. Бүгінде мен тек педагог-тәрбиеші ғана емес, сондай-ақ, төрт ұлдың анасымын. Сол себептен де бала тәрбиесі, оның білімді ұрпақ болып өсіп-өнуі мен үшін аса маңызды.
«Мектеп — қазақтарға білім берудің басты құралы … Ал біздің барлық үмітіміз, қазақ халқының келешегі осы, тек қана осы мектептерде» — деп Ыбырай Алтынсарин атамыз айтқандай, бүгінгі білім беру ошағы мектептерден, тәлім-тәрбие беруші мектеп-интернаттардан қоғамның үміті мен сенімі мол.
Біздің интернаттағы әр бала – ол ерекше жеке тұлға болып қабылданады. Біз олардың жеке пікірлерімен санасып, ой бөлісіп, әрқашан ортақ шешімге келіп, бірге үлкен, әрі қызықты жобалар жасаймыз. Әр топқа 9-10 баладан бөлінген, жеке 2 тәрбиешіден болады. Топтағы балалар бір-біріне үйреніп, әбден бауыр басып кеткен десем артық айтпаған болар едім. Балалар бізге, яғни тәрбиеші апайларына, толық сеніммен қарайды, қандай жағдайда болмасын ішкі сырларымен бөлісіп немесе жеке бастарына қатысты мәселе туындаса әрқашан көмек алып, жылы қарым-қатынас пен мейірімге бөленеді.
Бүгінгі таңда әлемді дүрліктірген пандемияға байланысты тәрбиеленушілеріміз қашықтан оқуға толықтай ауыстырылды. Яғни, олар ата-аналарының қасында, сақтық шараларын ұстанып, үйден білім алуда. Қашықтан оқуға қысқаша тоқталатын болсақ – бұл белгілі бір қашықтықтан білім алу, яғни мұғалім мен оқушы бір-бірінен кеңістікпен алшақтатылған және оқу үрдісінің барлығы немесе басым бөлігін қазіргі телекоммуникациялық және ақпараттық технологияларды қолдану арқылы жүзеге асырылатын оқу жүйесі. Осы жүйені ретке келтіріп, бірізділікке салу үшін жан-жақты көптеген жұмыстар атқарылуда. Қашықтан білім беру технологиясы білім алудың перспективті тәсілі болып табылады. Қашықтан білім берудің тиімді жүйесін жасау халықтың басым бөлігі үшін сапалы білімге қолжетімділікті арттырады, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін білім алу проблемасын шешуді толық қамтуға көмектеседі. Бұл жүйемен оқу әрине басында оқушыға да, сонымен қатар ата-анаға оңайға тиген жоқ. Мектеп пен интернат тарапынан бірқатар бірлескен жұмыстар қолға алынды. Білім басқармасынан берілген нұсқаулықтар бойынша оқу платформалары, білім сайттары, оқу құжаттары тағайындалып, ата-аналар мен мектеп әкімшілігі оқушыларды керекті техникамен қамтамасыз етті.
Қашықтан оқу кезінде “Ақ ниет” мектеп-интернатының директоры Кривицкая Светлана Каримуллаевнаның шебер басқаруымен интернат ұжымының арнайы мамандары мен тәрбиешілер бірлесіп сәтті жұмыс жасауда.

Көрнекі фото: «Ақ ниет» мектеп-интернатының директоры Кривицкая Светлана Каримуллаевна

Балалар белгіленген күн тәртібі бойынша мамандардан жеке кеңес алып, қосымша тәрбие жұмыстары жүргізілуде. Әр мерекелік шаралар, айтулы күндер презентация, видеосабақ түрінде өтеді. Сауалнама түрінде қазіргі пандемияға байланысты мәліметтер жиналып, күнделікті денсаулықты сақтау мен тазалықты ұстану туралы әңгіме өткізіледі. Балалардың ерекше білім алу қажеттілігі жан-жақты ескеріліп, есепке алынған. Оқу сабақтары бойынша түсіндірме жұмыстары, сергіту сәттеріне викториналық ойындар, әдеби аудиокітаптар жіберіліп отырады. ZOOM платформасы мен ватсап желілері арқылы кері байланыс жасалып, топ жиналысы, қызықты ойындар, мектеп әкімшілігімен тікелей кездеслер де өтіп тұрады. “Ақ ниет” мектеп-интернатының тәрбиеленушілері өз жастары мен заманына сай білім мен тәрбие алып, білім басқармасы саласынан арнайы қамқорлық көрсетіліп, болашақтан зор үміт күттіретін саналы ұрпақ, сүйікті бала, егемен еліне қажетті маман иесі болатынына күмәнім жоқ. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың тәрбиесіне өз үлесімді қосып жүргеніме шексіз қуаныштымын! Болашақ бақытты, білімді, тәрбиелі ұрпақ қолында!

“Ақ ниет” мектеп-интернатының тәрбиешісі: Мадиева Назым Асембаевна



Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *