БҮГІНГІ КІТАПХАНАДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР

БҮГІНГІ КІТАПХАНАДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР

Исина Күнсұлу Шайкенқызы
Көкшетау қ., Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті

Кітапханасы мықты ел – нағыз мықты мемлекет. Қазіргі кездегі кітапханаларды тек қана, сөрелердегі тұрған кітаптар, оқырмандар және кітапханашы деп қана түсінуге болмайды, бұған ақпараттық технология және кітапхананың әлеуметтік байланысын қоса айту керек. ХХІ ғасырда кітапхана саласын дамыту тек республика ішінде ғана емес, халықаралық кітапханалармен байланыс орнату, пайдаланушыларға сапалы қызмет көрсету, жаңа технологияларды, бағдарламаларды енгізу, кітапхана қорын насихаттау, ақпараттық ресурстарды құру және сақтау – бұл жаңа бағытта жұмыс істеуді талап етеді. Кітапхана саласында қолданылып жатқан жаңа ақпараттық технологиялар, электрондық ресурстар, пайдаланушыларға қызмет көрсетудің жаңа формалары, кітапхана қорларын сақтау – бұл бүгінгі күннің белесі. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2030» бағдарламасында: «ХХІ ғасырда білімсіз өмір сүру мүмкін емес, халықты салауатты өмірге бағыттауымыз керек» деген сөздері бүгінгі ұрпақ, ертеңгі ел азаматтарына білім мен тәрбие берер жандарға міндеттелген тапсырма деп түсінуге болады. Ал Президентіміздің биылғы жолдауында мемлекетіміздің дамыған 30 елдің қатарына қосылу туралы ел алдына үлкен міндет жүктеді, яғни егемен еліміздің тұрақты дамуын қамтитын, мемлекетіміздің барлық саласына серпін беретін, халқымыздың игілігін көздейтін қоғамдық институттың бірі – мәдениет саласының дәрежесін көтеру керектігін шегелеп айтты. Үшінші мыңжылдық кітапханасы қарқынды дамып келеді, оған түрткі болып отырған электрондық ақпараттық технологияның, компьтерлік байланыс жүйесінің кітапхананы айналып өтпеуі. Еліміздің ірі кітапханаларында болашақ электрондық кітапхана сұлбалары жасалуда. Бұл дегеніміз оқырмандаға әр ғылым саласына байланысты шығарған кітаптарын интернет арқылы ұсыну, кез-келген кітаппен танысып, оқу деген сөз. Электронды каталог дегеніміз – кітапханалардағы ақпарат іздеудегі заманауи құрал. Электронды каталог (ЭК) дәстүрлі карточкалы каталогпен қатар жүргізіледі және кітапхананың анықтамаіздестіру аппаратының құрама бөлігі болып табылады.
Кез келген оқырман электронды каталогты пайдалану арқылы кітаптар, мақалалар туралы қазақ, орыс және басқа тілдердегі электронды басылымдарды жылдам таба алады және табылған әдебиеттер тізімін басып шығарып алуына болады; электронды каталог кітапхана қорларының ғылыми және толықтай мазмұнын ашады әрі оқырмандарға әдебиеттердің жаңа түсімі туралы ақпарат беріп отырады; электронды каталогта: кітаптар, мерзімді басылымдар, сондайақ СD ROM-дағы құжаттар, кітапхана бөлімшелерінің негізгі қорларында сақталған қазақ, орыс және басқа тілдердегі басылымдарды қамтиды.
Кітапхана жүйесіне ақпараттық технология мен Интернет жүйесінің келуі тұтынушы оқырмандардың сұранысын қанағаттандыруға көп жағдай жасауда. Кітапхананы басқару жүйесі де түбегейлі өзгеріске ұшырап, кітапхана қызметкерлеріне жаңа талап қойылуда. Қатардағы кітапханашылардың ИРБИС, РАБИС бағдарламаларымен қатар, Power Point, фотошоп бағдарламалармен жұмыс жасай білуі, құжаттарды сканерлеу, интернет арқылы ізденіс қазіргі заман талабы. Кітапханалардағы іс-шараларға байланысты прессрелиз жазылып, баспасөз беттерінде жариялануы кітапхана имиджін көтеруге үлкен әсерін тигізеді. Әйтсе де, кітапхана саласында шешімін күтіп тұрған мәселелер де жоқ емес, ол арнайы жас кадр мәселелері және кітапхананың материалдық базасының төмен дәрежеде толықтырылуын айтуға болады. Ауылды түлету – ұлтты ұлы ету, өкінішке орай, көптеген кітапханаларда, әсіресе, ауылдық жерлердегі халыққа ақпарат тарататын мәдени ошақ – кітапханаларда компьютерлендіру, яғни интернетке кіру баяу жүргізілуде, оған себеп елді мекендердегі мәдениет саласына қаржының аз құйылуы. Қазіргі кітапхана қызметкерлері мәдениет саласындағы коммерциялық емес мекемелердің ішіндегі бюджет саласындағы ең аз жалақы алатын, әлеуметтік жағы қарастырылмаған, төмен сатыда қалып отырсадағы кітапхана қоғамдағы өзгерістерге төтеп беріп, мәдени-ағартушылық статусын жоғалтқан жоқ. Статистикаға сүйенсек, қазіргі кітапханашылардың орташа жасы 35-50-лерде. Бірақ жас мамандардың кітапханаға жұмысқа орналаспауы кітапхана рөлінің кемуінен емес, еңбекақының өте төмендігінен болса керек. Қоғамда кітапханашы болып арнайы оқу оқымай-ақ жұмыс істеуге бола береді, деген пікір қалыптасқан. Елімізде жоғары білімді кітапханашы дайындайтын оқу орындарының бірі Алматы қаласындағы Қыздар Мемлекеттік педагогикалық университеті жылына 5-6 кітапханашы-библиограф қана шығарады екен, осы статистикаға қарап мамандандырылған қызметкерлердің аздығын болжай беріңіз. Ия, 90-жылдары жұмыссыз жүргендердің кітапханаларға кітапханашы болып орналасуы кең тарады. Ал қазіргі кезде кітапханашыларға үлкен талап қойылып, кәсіби жоғары білім алуларына жағдай жасалуда. Кітапханашы мамандығының имиджін көтеру үшін не істеу керек деген сұрақ барлығымызды мазалайды. Менің ойымша, қоғамда қалыптасқан көзқарасты, адамдардың психологиясын өзгерту қажет. Кітапханашы өзін оқырмандарға кітап беруші ғанамын деп есептемей, білім мен ғылым ошағының отын маздатушы, ағартушы, халыққа рухани азық, ақпараттық білім берушімін деп есептеуі керек. Біліктіліктің негізі — білімде. Өз білімін жетілдіріп, ғылымның әр саласынан хабардар болуы кітапханашының мәртебесін көтереді. Қазіргі
көптеген кітапханашылар айлықтың аздығын, жаңа кітаптардың көп түспейтіндігін ғана тілге тиек етіп, қоғамдағы кітапхананың алатын рөлін төмен түсіреді. Өкінішке орай, қалалық кітапханалар қоғаммен байланысын үзіп алған, кітапханадағы жылдық жоспар бойынша өткізілетін іс шаралар мектептер, колледждер оқушыларының мәжбүрлеп қатыстырылуымен өтеді. Өз бетімен келіп, жаңадан шыққан кітаптарды сұрастырып жүретін оқырман, өкінішке орай аз, оқу мәдениеті төмен, әйтсе де зейнет жасындағылардың кітапханаларға келіп, кітап оқып, мерзімді басылымдармен танысып тұратындығы көңіл қуантады. Қазіргі кезде кітапхана мен оқырмандар байланысын жандандырып, айына бірнеше рет болатын шаралардан басқа, оқырмандарды тарту жұмысын қолға алу керек сияқты. Компьютер, мобильді телефон, планшет сияқты жаңа технологиялардың әр адамға қолжетімді болуы оқырман жастардың кітапхананың оқу залдарынан сирек көрінуінің бір себебі. Ия, қолыңа кітапты ұстап оқығанға не жетсін, сондықтан кітап оқу мәдениетін отбасынан бастап, одан қалды мектептің оқу бағдарламаларын, әсіресе, әдебиет, тіл пәндерінің 5-6 сағатын кітапханада өткізсе қалай болар екен. Заманға сай әр кітапхана өзінің веб-сайтын ашып, оқырмандарға қашықтық қызметтер көрсетсе құба-құп болар еді. Тұрғындардың кітапқа деген қызығушылығын кітапханадағы өткізілетін іс-шаралар арқылы, соның ішінде әр түрлі бағдарламалардың есебінен де көтеру қажет, яғни кітапхана жүйесіндегі Интернеттің ақпараттық ресурстарын жергілікті тұрғындарға пайдалануға шақыру. Жаңадан келген оқырмандарға ақпарат көздерін электронды каталогта ізденіс жасап, деректер таңдауға кеңес беріп, үйретуді қолға алу керек. Соңғы кезде халық игілігі үшін пайда бола бастаған электронды үкімет сайтын қолдануды кітапханаға келуші оқырмандар арасында тарату, кітапханаға деген қызығушылықты арттырады. Кітапхана қабырғасында оқырмандарға арнап мәдени қызметтер ұйымдастырылып, әуесқой бірлестіктер өз шығармаларын көпшілікке ұсынып отыру қазіргі заман талабы.
Әсіресе елімізде тату-тәтті өмір сүріп отырған жүзден астам ұлт өкілдерінің салт-дәстүрімен таныстыруға байланысты іс-шаралар оқырмандарды рухани жағынан байытып отырады.
Бұл болашақтың еншісінде. Бүгінгі күні кітапхана қызметін пайдаланушылардың интеллектуалдық деңгейі мен сұраныстары күрделі, мазмұны өзгерген. Сондықтан да, олардың қажетті талап тілектерін орындау, жаңа ақпарт көздерін дер кезде ашып, оны кітапхана оқырмандарына жедел хабарлап отыру біздерге, кітапханашыларға үлкен міндеттерді жүктейді. Кітапхана мәдениеттің, білім мен ғылымның ордасы. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев бір сөзінде: «XXI ғасыр – мәдениеттің, ғылым мен білімнің ғасыры. Бар білімнің қайнар көзі – кітапхана», – деген еді. Сондықтан кітапхананың болашағы ақпараттық-библиографиялық қызмет көрсетуде жаңа ақпараттық технологияларды тиімді пайдалана білуге байланысты.
Кітапхана туралы нақыл сөз
Кітапхана – білім мен ғылым ордасы. Бұл демалуға, ойлануға, әрине көп нәрсе білуге болатын жер. Кітапхана – ғылым отаны.
Кітапхана – бұл күнделікті өмір. Бұл әлемге және оқиғаларға апаратын есік. Мұнда біз сөз шеберлерімен кездесеміз. Кітапхана – рухани демалып, бұл бұрын білген және білмегенді танитын керемет жер. Кітапхана – бұл ғылым жұмағы! Көп оқыған, көп білер!
Кітапхана – басқа әлемге апаратын жол. Әрі, мұндай әлем өте көп, әрқайсысы мұнда өз әлемін табады. Бұдан басқа ол таусылмайтын білім көзі. Кітапхананың бары қандай керемет!
Кітапхана – сүңгіп барлық мәселелерден арылатын білімнің үлкен дариясы!

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Білім мекемелеріндегі және кітапханалардағы оқырмандардың ақпараттық мәдениетін қалыптастыру. -М.: Мектеп кітапханасы, 2002.-97-135 б.
2. Мотульский Р.С. Жалпы кітапханатану: Оқулық құралымы.-М.:
Либерея, 2004. — 9-19 б.
3. Брежнева В.В., Минкина В.А. Ақпараттық қызмет көрсету / В.В.Брежнева, В.А.Минкина.- СПб.: Профессия, 2004.- 58-82 б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *