БІЛІМ БЕРУДЕГІ ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫҢ МАҢЫЗЫ

БІЛІМ БЕРУДЕГІ ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫҢ МАҢЫЗЫ

Исхан Бейбіт Жәлелұлы
Алматы қ., Абай атындағы ҚазҰПУ «Әдебиеттану және тіл білімі ҒЗИ»

Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, заманауи жаңа технологияларды отандық білім кеңістігінде кеңінен қолдану – білім алушыларды өзгермелі қоғамда өмір сүруіне жан-жақты жағдай жасап, ақпараттық қоғамда еркін өмір сүруін қалыптастырады. Ол үшін әлемдік тәжірибені ескере отырып, кең ауқымда ақпараттық технологияларды тиімді пайдаланудың дайындығы қажет. Ал бұның барлығы – отандық түрлі деңгейдегі білім ошақтарында сабақ беретін барлық педагогтың ақпараттық-қатыстық жаңа технологияларды тиімді пайдаланып, кәсіби шеберлігін шыңдауымен, оқыту үдерісін жаңаша ұйымдастырып, оқытудың жаңартылған әдіс-тәсілдерін дұрыс таңдай алу мүмкіндіктерінің кеңейуімен тығыз байланысты. Әлбетте, бұның өзі ғылымитеориялық базаның нығайуымен қатар, білім ошақтарының түрлі жаңа техникалармен, яғни электронды құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуіне де тәуелді екені шындық.
Бүгінде отандық білім беру жүйесін әлемдік деңгейге жеткізуге мүмкіндік беретін алғы шарттардың бірі ретінде барлық деңгейлік білім ошақтарын электронды құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, оларды ғаламтор желісіне қосу, оқу-тәрбие үрдісіне электронды-ақпараттық түрлі бағдарламаларды, электронды құрылғыларға негізделген жаңа әдіс-тәсілдерді енгізу, АҚТ бойынша педагогтардың біліктілігін жетілдіру, білім беру үдерісін басқаруды ақпараттандыру мен автоматтандыру маңызды мәселелердің біріне айналды.
Бұл ретте, ең әуелі, еліміздің жаңа буын ұстаздарының білім-біліктілігіне, рухани-мәдени әлеуетіне, қоғамдық-әлеуметтік жағдайына, қоғамдағы орны мен рөліне, құқықтық-саяси мәдениеті мен мәртебесіне назар аудару қажет екендігі байқалады. Себебі қазіргі таңда еліміздің білім беру жүйесін одан әрі жетілдіру, мемлекеттік білім беру стандарттары мен бағдарламаларын жүзеге асыру, жаңа технологиялар мен жаңа буын оқулықтарын дайындап, оларды оқу-тәрбие үдерісіне енгізу, еліміздің білім саясатының ұлттық моделін қалыптастыру тәрізді т.б. маңызды да мәнді, күрделі де келелі мәселелер – мұғалім-оқытушылар қауымына келіп тіреледі.
Мұғалім-оқытушылар өздерінің кәсіби шеберлігі мен іскерлігін, кәсіби дайындығы мен біліктілігін, кәсіби іскерлігі мен сапасын өсіріп жетілдіруге ынталы болмаса, оқып ізденбесе, уақыт көшіне ілесе алмай қалатыны анық. Оған бүгінгі жас ұрпақтың компьютерлік, электрондық техниканы игеру қабілетінің аға ұрпақтан гөрі едәуір жоғары болып отырғаны да себеп.
Егер мұғалiм-оқытушы компьютермен жұмыс істей алмаса, онда оның оқыту технологиясы дәстүрлі әдіс-тәсілдерге негізделген күйінде қала бермек. Ақпараттық технология дамыған заманда өмір сүріп, білім алып жатқан қазіргі жастарға ол жеткіліксіз. Олар аға ұрпақтан гөрі заманауи электронды құралжабдықтармен жете таныс болғандықтан, оларды пайдалануды ұстаздар қауымынан артығырақ біледі. Олардың осы артықшылығы мен мүмкіншіліктерін басты назарда ұстай отырып, оны білімгерлердің сапалы білім алуында пайдаланып, өз бетімен ақпараттық-қатыстық технологиялар арқылы білім алу дағдыларының қалыптастып,одан әрі дамуына жағдай жасау және мультимедиялық құралдарды пайдалану арқылы оқыту әдiстемесiн жетілдіру оқытушылар үшін кезек күттірмейтін біліктілік жетілдіру шараларының аса маңызды қатарына жатады.
Сондықтан да қазақстандық қоғам мен ел үкіметі қазіргі педагогтардың өз шәкірттеріне тиянақты білім, тағылымды тәлім-тәрбие беріп, өзінің ұстаздық міндетін ойдағыдай атқаруы үшін қажымай-талмай ізденіп, еңбек етуіне, жаңа технологияларды, әсіресе электронды құрылығылармен, компьютермен жұмыс істеуді жетік меңгеруіне, олардың мәртебесінің биік болуына әрқашан алаң болып келеді.
Жаңа қоғамдық қатынастың «жаңа педагогын» қалыптастыру үшін, педагогикалық жаңа технологияларды біліктілікті арттыруда кеңінен пайдалана отырып, білім беру жүйесі қызметкерлерінің ғылыми-әдістемелік бағыттағы жұмыстарын жетілдіру қажет. Бұл келелі мәселені ҚР БжҒМ-гі үнемі аталып көрсетіліп келеді.
Мұғалімнің қоғамдағы мәртебесін көтеру – мемлекеттік іс, ал оған атсалысу бәріміздің міндетіміз екені баршаға түсінікті. Өйткені адамзат тарихында жас ұрпақ тәрбиесінде ата-анадан кейінгі басты орынды ұстаздар қауымы алып келген. Осыны ескерген еліміз тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап, білім беруді дамыту, адам капиталын жетілдіру үшін маңызды қадамдар жасауға барды. Білім беруді дамытудың басым бағыттары болым саналатын тұстарына назар аударып, нақты шешімдер қабылдады. Оны жүзеге асыру үшін қазіргі заман білімімен қаруланған мамандар қажет екеніні ескерілді. Мәселен, Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің Қазақстан халқына арнаған 2012 жылғы Жолдауында осы мәселеге қатысты: «… педагогтар құрамының сапасын арттырудың маңызы зор. Арқаулық педагогтік білім берудің үлгі-қалыптарын, мектептер мен жобалар оқытушыларының біліктілігін арттыруға талаптарды күшейту қажет. Әр өңірде педагогтардың біліктілігін арттыратын интеграцияланған орталықтар жұмыс істеуі тиіс» [1], — деген еді. Демек, біздің елдің де әлемдегі озық елдердің қатарына қосылуы үшін барынша тиімді ықпал ететін жаңа буын ұстаздарын қалыптастырудың аса қажет екені айқын болып отыр.
Алайда, аталған мәселелердің оңтайлы шешімін тауып, нақты өмірге енгізудің өзіндік қиыншылықтары мен күрделі жақтарының бар екені рас. Оларды шешу үшін бүкіл елді компьютерлермен (электронды құралжабдықтармен) қамтамасыз етіп, барлық тұтынушыға қолжетімді ғаламтор желісін іске қосу қажет екенін өмір көрсетіп отыр. Жұмыс істеуге, ақпаратмәлімет алуға қажетті нәрсенің өзі барша жұртқа бірдей қолжетімді болмай жатса, «онымен қалай тиімді жұмыс істеуге болады» дегенді үйрететін нұсқаулықтар мен оқулық, оқу құралдарының, оқыту-үйрету курстарының және тағы басқадай іс-шаралардың тиімділігінің шамалы болатыны кімге де болсын түсінікті. Жоқ нәрсені пайдаланудың ережесі, ол туралы терең теориялық білім мен жан-жақты біліктілік ешкімді де қызықтырмайды.
Сондықтан да бүкіл елді компьютерлермен қамтамасыз етіп, қоғам мүшелерінің, әсіресе, ұстаздар қауымы мен білім алушылардың онымен жұмыс істей алушылық сауатын арттыру бүгінгі күннің аса бір маңызды мәселесі болып табылады. Түйіндей айтсақ, мұғалімдер мен оқытушылар және оқушылар мен студенттер білім ошақтарындағы электронды құрал-жабдықтар, жаңа технологиялар арқылы берілетін немесе алынған білімді, түрлі ақпараттар мен мәліметтерді бойларына терең сіңіріп, қорытып игерулері үшін, компьютерлер мен кейбір электронды құрал-жабдықтар олардың әрқайсының өз үйінде, тіпті болмаса пайдалануға мүмкіндік беретін жерлердің барлығында қолжетімді болуы қажет. Сонда ғана электронды құрал-жабдықтардың көмегімен жаңа технологияларды пайдаланып оқытудың жаңа әдістері мен тәсілдері, жолдары мен амалдары өз нәтижесін береді, жас ұрпаққа сапалы білім мен тағылымды тәрбие беруге ықпал етеді.
Қазақстан Республикасының «Орта білім беруді дамыту» тұжырымдамасында: «Әрбір баланың жеке тұлғалық қасиеттерін ашу, оның мүмкіндігін, өмірдегі мәнін көрсету арқылы білімге тереңірек ұмтылуына, сондай-ақ ізденісіне, бейімділігіне көмек беру, жағдай туғызу және оған өмір сүру үшін жаңа рухани күш беру – білім берудің түпкілікті мақсаты» [2] екендігі айқындалған.
Осы орайда, Елбасы Н.Назарбаевтың: «…Бізге бұрынғы қай кездегіден де білім мен ғылымның баға жеткізгісіз қорын барынша арттыру, оны қазіргі заманға сай ету қажет… Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологиясын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық, ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» [3, 7 ] деген сөзі егемен еліміздің білім беру жүйесін дамытудың басым бағыттарын айқындауға тірек болды.
Білім беруді ақпараттандырудағы кешенді міндеттердің маңызды бір арнасын құрайтын оқыту технологияларын жетілдіру мәселесі заманауи талапқа сай және жаһандану үдерісін бастан кешіп отырған әлеуметтік ортада өмір сүруге бейім дара тұлғаны қалыптастырумен ұштасып жатыр. Ал оқушының дара тұлғалық қабілеттерін шыңдау, ең алдымен, оның өздігінен іздену, өздігінен әрекет ету, кез келген жағдаятта өз бетінше оң шешім қабылдай алу дағдыларын дамытумен тікелей байланысты.
Оқыту технологияларын таңдауда және оның ұтымдылығын бағалауда басты өлшем-талап (критерий) ретінде оның оқушы игеруі тиіс құзіреттіліктерді қалыптастыруға қаншалықты мүмкіндік туғыза алынатындығы ескерілетіні да сондықтан.
Дүниежүзілік ақпараттық білім беру кеңістігінің құрылуымен және әлемдік жаһандану үдерісінің жеделдеуімен байланысты егемен еліміздің білім беру жүйесін жаңарту бағытында ауқымды іс-шаралар жүргізіле бастады. 1997 жылы 22-қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың №3645 жарлығымен Орта білім беру жүйесін ақпараттандырудың мемлекеттік бағдарламасы бекітілгеннен бастап, еліміздегі ақпараттандыру үрдісі жүйелілік, жоспарлылық, осы бағыттағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының тұжырымдамалық негізделуі және кезең-кезеңмен жүргізілуі принциптері негізінде жүзеге асырылып келеді. Республикамыздың көрнекті ғалымдары Г.Қ.Нұрғалиева, С.С.Құнанбаева, Ж.А.Қараев, Е.К.Балафанов, Ж.С.Сарыпбеков, Е.Ы.Бидайбеков, М.З.Изотов, Б.А.Қойшыбаев, Е.У.Медеуов және т.б. оқу үрдісінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды, компьютерді қолданудың көкейтесті мәселелеріне қатысты іргелі зерттеулер жүргізді.
Еліміздің қазіргі білім беру жүйесіне ақпараттық қатынастық технологиялар біртіндеп еніп, оның ажырамас құрамдас бөлігіне айнала бастады. Электронды құрал-жабдықтармен оқыту барлық деңгейлік білім беру ошақтарына айтарлықтай өзгеріс әкелуде. Бұл құрал-жабдықтарсыз сабақ жүргізуді қазіргі педагогтар елестете алмайтындай дәрежеге жетті. Алайда оған күдік-күмәнмен қарайтын педагогтар да жоқ емес. Әсіресе, қоғамдықгуманитарлық пәндерді, соның ішінде филологиялық пәндерді оқытатын ұстаздар қауымының арасында АҚТ-ны пайдаланып оқытуға тартыншақтайтындар әлі де баршылық. Сол себептен көптеген білім ошақтарындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің сабақтарының оқыту құралдары күні бүгінге дейін оқулық-оқу құралдарының кітаптары мен тақта, бор, одан қалса кестелер мен түрлі-түсті фото суреттер болып келе жатыр. Бұрынан келе жатқан амал-тәсілдермен немесе ескі құрал-жабдықтармен оқытатын оқытушылар өздерінің бұл әрекеттерін өз пайып-түсінігі бойынша барынша қорғаштап-ақ бағады. Олардың ойынша, «әдебиет пен компьютердің басы бір қазанға симайды. Ауызбен айтып, құлақпен тыңдайтын сөзді жансыз техника еш уақытта алмастыра алмайды».
Шынында ада солай ма? Жоқ, біздің ойымызша, тек біздің ғана емес, әлемдік тәжірибе бойынша, қазіргі заман жастарының сапалы білім мен тағылымды тәрбие алуы да, базалық білім жинақтауы да, кәсіби орта, кәсіби жоғары оқу орындарындағы кәсіби-техникалық дайындығы да, білімді де білікті іскер маман болып шығуы да, ақыр соңында оларға сеніп тапсыратын еліміздің жарқын болашағы да педагогтардың жаңашылдығына, жаңа технологияларды тиімді пайдалана алушылдығына тікелей байланысты. Сол себептен қазіргі заманның электронды құрал-жабдықтарын қалай пайдаланып оқытудың, білім берудің, берілген білімді бақылап-бағалаудың және т.б. жаңа әдіс-тәсілі ретінде қолдана білу, ең әуелі, педагогтардан талап етіледі.
Еліміздің бүгінгі өскелең ұрпағының мүмкіндіктері шексіз. Олар электронды ақпараттық-қатынастық технология қарыштап дамыған замандағы жетілген ақпараттық қоғамда өмір сүріп, білім алу мүмкіндігіне ие болып отыр. Олардың өз болашағына дұрыс таңдау жасап, әлемдік бәсекеге қабілетті білікті маман, шебер кәсіп иесі болып шығуына ұстаздарының жаңа технологияға негізделген оқыту әдіс-тәсілдерінің ықпалы зор. Білім ошақтарының жаңа мазмұнды білім беру жүйесінің алдында оқушыны ойлануға, өз бетімен шығармашылық-зертеушілік жұмыспен айналысуға үйрету, болашақ мамандығына қатысты түрлі мәселені шешуге қажетті әрекет тәсілдерін меңгерету міндеті тұр. Бұл орайда олардың заманауи электронды құралжабдықтарды пайдаланып, жаңа технологияларды игеріп жұмыс істей алу қабілетінің жоғары деңгейде болуы маңызды рөл атқарады.
Дегенмен қазіргі заманғы АҚТ-ны жоғары филологиялық білім беруді ақпараттандыруда тиімді пайдалану – оқу орындардың электронды инфрақұрылымына тәуелді. Себебі АҚТ-ны тиімді пайдаланудың бір мәселесі оқу орындарында бір орталыққа шоғырландырылған желілердің болуымен тығыз байланысты. Жаңа ақпараттық-қатынастық байланыс мүмкіншілігі кәсіби даярлық үдерісін қажет етеді. Оны оқу-тәрбие үдерісінде қолдану барысында студенттер мен оқушылардың дербес кәсіби дамуын қалыптастыруға мүмкіндік жасалады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Назарбаев Н.Ә. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдауы. Білім мен ғылымды, инновацияны қолдау бағыттары айқындалды 2012 жылғы 27 қаңтар. http://kaz.classtime.kz/node/36
2. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы. http://www.enu.kz/downloads/tyzhyrymdamasy.pdf
3. Назарбаев Н.Ә. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдауы. «Әлеуметтікэкономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты». 2010 жыл.
rchive.turkystan.kz/page.php?page_id=51&id=8103

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *