“БАТЫР НАУАН” ПОЭМАСЫНДАҒЫ НАУРЫЗБАЙ БЕЙНЕСІ

“БАТЫР НАУАН” ПОЭМАСЫНДАҒЫ НАУРЫЗБАЙ БЕЙНЕСІ

Боранбаева Ж.Қ., Днслямова С.С.
Астана қ., «Астана» университеті boranbaeva_zhamal@mail.ru

Көшпелі қазақ жұрты дербес билік орнатып, өз алдына мемлекет болып қалыптасу жолында талай мәрте басқыншылықты басынан кешті. Ұлы далға қызға қарап, көз алартқан Ресей, Қытай, Жоңғар, Орта Азия хандықтары сияқты есепсіз дұшпанмен күресіп, мың өліп, мыңтіріліп атамекенін қызғыштай қорып бақты. “Заманына қарай – адамы” демекші, ол заман “елім деп еңіреген” небір баһадүр батырларды туғызды.
“Ақсұңқар ұшар жем үшін,
Ер жігіт туар ел үшін,” – дейді дана халқымыз [1;175]. Сөз етпегіміз, Қ.Бекхожиннің “Батыр Науан” поэмасындағы қол бастаған қазақтың жаужүрек
батырларының бейнесі.
“Дүрі жауһар данасы, Әркімнің Алла панасы. Жан біткенге несібе – Дәрияның аққан саласы. Үйсіздерге үй болған, Би – отанның ханасы.
Кенесары-Наурызбай,
Абылай хан-ды бабасы” – [2;19] деп Нысанбай жырау толғағандай, біздің де айтпағымыз Кенесары, Наурызбай жайы болмақ.
Қ. Бекхожин “Батыр Науан” поэмасында халық өмірінің тұтас бір дәуірін жан-жақты қамти отырып, сол тарихи кезеңдегі батырлардың сыртқы жауларға қарсы ерлік күресін, ел ішіндегі әлеуметтік қайшылықтар мен тартыстарды көркем бейнелеп, Наурызбай батырдың шынайы бейнесін, яғни реалистік образын танытады. “Реалистік образ – әдебиеттегі адам бейнесінің ең сымбатты, шынайы түрі. Мұның сымбаттылығы да, шынайылығы да шыншылдығында; бұл – кәдімгі өмірде болған, бар және бола беретін, бірақ қайталанбайтын, әрқашан бұрын-соңды белгісіз тың қырынан көрініп, ылғи жаңарып отыратын тип”[3;124]. Бәрінен айбыны артық батыр Науан, Қазақта батыр бар ма жеткен оған?
Жусатқан талай жауды жалғыз өзі,
Майданда найзағай ғой көкте ойнаған [4;160], — деп, автор Наурызбай батырды табиғаттың тылсым күші найзағайға теңейді. Бұдан батырдың соғыс өнерін жетік меңгергенін, өзгелерден бір төбе биік тұрғанын көреміз. Елге үстемдігін жүргізген басқыншы жаудың зорлығы мен зомбылығын көріп өсуінің өзі жүрегінде оты бар жасты туған елін, атамекенін жаудан азат ету туралы арманға жетелеп, тоғыз жасында атқа мінгізіп, батыр болуға құлшындырды. Наурызбайдың өмірі жоңғарларға қарсы күресте өтеді. Ол атақты Аңырақай шайқасына қатысып, жиырма үш жасында қалмақ батырлары Шамалхан мен Қаскелеңді жекпе жекте өлтіріп, батыр атанады. Батырдың ерлігіне риза болған елі: «Наурызбайдың екпіні таудан асқан тасқындай. Қалмақты қойдай қырады, оттан судан тартынбай. Тор ала тұлпар астында, шойын шоқпар қолында. Түйе тұрпатты тұтқыр ер, оңды солды ұрады» деп, оның атын жырға қосып, мақтан тұтады. Жасынан от жүрегін көкпен көміп, Өсіпті жанған өрттей өршеленіп. Толықсып тоғыз жаста атқа мінген, Арқаға анталаған жауды көріп.
Шығармадан батырға тән қасиет тек “найзағайдай” болу ғана емес, “жанған өрттей”, “құла түзде жортатын жолбарыстай” екенін байқауға болады. Ел басына түскен ауыртпалық өзге замандастары сияқты Наурызбайды да ерте есейтеді. Оның ересектер қатарына қосылуына нар тұлғалы алып денесі де септігін тигізген сияқты. Халық жадында оның «Торы ала тұлпарды, түйе тұрпатты» батыр бейнесінде қалуы да содан. Наурызбай орыстарға, Қоқан әскерлеріне қарсы ұлт-азаттық көтерілістің бел ортасында жүрді. Қазақ мемлекетінің мүддесін қорғауда асқан батылдық танытты және Кенесары ханның адал да абыройлы қолбасшыларының бірі еді. Наурызбайдың теңдесі жоқ батырлығын жаулары да мойындаған. Оның «оң қолында төрт жігіттің күші бар» деген сөз бекер айтылмаса керек. Ішіне қорғасын құйылған найзасы бар ол жансерігі Ақауызға мініп, «Абылай!» деп ұрандап шапқанда, дұшпандары оны алыстан таниды екен. Наурызбай жасағы қазақ әскерінің алдыңғы сапында, аса жауапты тапсырмаларды орындап отырған. Жасқану дегенді білмеген нағыз жаужүрек болған, оны кейде кереметтің күші сақтап қалатындай екен.
Сүйетін аруақты Кене ағасын,
Кененің кең пейіштей Сары-Арқасын, Сүйетін туған тауын, өскен жұртын, Сол үшін жарқылдатқан көк найзасын.
“Жігіттің жолбарысы жол торымайды, ел қориды” демекші, батыр Кенесары Қасымұлының Ресей отаршылдығына қарсы батырлық күресіне тәнті болып, туған жерін пейіштей бағалап, қадір тұтқанын байқауға болады. “Кенесары – Наурызбай, Қаһары қара дауылдай.
Наурызбай тірі жүргенде
Дұшпанның кеткен мазасы”, — деп Сүйінбай ақын толғағауынан соғыс тәсілінде алдына жан салмайтын сұңғылалығын дұшпандарының өзі де жоғары бағалағанын аңғарамыз. Мәселен, Орынбор қаласының әкімі болған Н.Серенада: “Кенесары өз сарбаздарының парасатты билеушісі бола білді. Оларды қанаттандырған рухани жігер-қуатын көрсе, Еуропа әскери қолбасшыларының кез келгені қызғаныштан күйіп кетер еді” – деп, қазақтың ұлттық батырын шын мойындаған еді.
Поэмадағы оқиға Ақмет төренің қиғылығынан басталады. Мал айдап әкету, қарақат көз сұлулардың қара шашын төгілтіп, зарлатып әкету жексұрын істерімен танылады. Осындай олқы ісмен бір жігіттің жарын өңгеріп алып кетіп, жардың ері Кенеге келіп жарынан айырылып қалған жайын айтып бұлардан көмек сұрайды. Жауға аттанбаққа көптеген қазақ баһадүрлері сұранады. Сол кезде Наурызбай қасына жолдастарын ертіп, көп жасаған дана қарт Абызға өзін сынатпаққа келеді. Сонда Абыз: «Е, Наурызбай, менің жасым 120 ға келіп отыр, осы жастың ішінде сенен артық ер көрмедім. Үш нәрсенің сырттаны бар еді: иттің, қасқырдың, жігіттің. Сен жігіттің сырттаны екенсің. Бірақ адам баласына мейірімің жоқ екен, бағың маңдайыңда ғана екен, ғұмырың қысқа 20-25 тен аспассың, дүниеден арманда қалма!» деген екен. Хан Кене Батыр Науанды Нысанбай жыраудың нұсқауымен елді қан қақсатқан жауға қарсы тұрар батырлардың дарасы деп аттандырады. Науанның мінезі бар жастық, албырт, Қазақта батыр бар ма одан артық?
Ақауыз ақ қанатты ат емес пе,
Жөнелді алты арқадан алты-ақ қарғып.
Ақметтің ауылына түн уақытында бейқам отырған жау үйіне кіріп барады. Аяққа жығылған төренің басын алды, офицерді арқандап, сұлу соңына ерді. Сұлуды жан-жарына қосып, екеуін Науан жөніне жібереді. Атына офицерді өңгеріп алып, «Абылайлап» айғай салады. Наурызбай офицерді талға байлап, өзі қайта айғайлап жауға қарсы шапты. Ер Науан жау ішінде ойнақ салды, Тоқсаны Наурызбайды ортаға алды.
Найзасын алды-артына сілтей берді.
Түн еді көз түрткісіз тас қараңғы.
«Кене қайда кетті батыр Науан
Ер бар ма пар келетін бұл күнде оған» —
Десті де, батырлары шуылдасты
Дауылдай даусы шығып ақ ордадан
«Батыр Науан» — халқының адал перзенті азамат ақынның жүрегінен жарып шыққан, шын тебіреніске толы жігерлі, шабытты туынды. Ол қазақ халқының қас дұшпаны зұлым да жауыз отаршылыққа қарсы қаһармандықтың көркем шежіресі іспетті. Поэмада патша отаршыларының жер қайысқан қарулы солдатпен келіп, бейбіт қазақ ауылын аяусыз қанды қырғынға ұшыратуы жан тебірентерлік жыр жолдармен суреттелген. Шексіз зұлымдықтың иесі отаршылдарға қарсы Кенесарының інісі күресі, батырлық қимылдары оқырманның айызын қандырып отырады. Халық батыры Наурызбайдың поэмадағы өр тұлғасы – ақынның биік көркемдік табысы болып шыққан. Поэманың тілі де шұрайлы. Бастан-ақ ақынның құдіретті шабытымен толғанған поэманың көркемдік ежелгі қас дұшпанына қарсы ерлік күрестің ишынайы ишежіресіндей болып шыққан «Батыр Науан» қазақтың эпикалық поэзиясының тарихындағы аса көрнекті шығармасы.
Тәуелсіздік алғаннан бері әдебиетіміздегі қай тақырыпты алмасаң да жаңаша көз қараспен, жаңаша тұрғыда қарап, зерттегенді қажет етеді. Сюжетті өлеңдердің ғылымдағы орнын белгілеу, оларды терең зерделеу, пайымды да парасатты пiкiр айту, ғылымилықты қажет етеді.
Пайдаланылған әдебиеттер:

1. А.Нысаналин. Қазақтың мақал-мәтелдері. – Алматы: ҚАЗақпарат, 2004. –188 б.
2. Қ.Бекхожин. Таңдамалы шығармалары. – Алматы: ҚАЗақпарат, 2012. –
994 б.
3. З. Қабдолов. Сөз өнері. – Алматы: “Санат”, 2007. – 360 б.
4. С.Дәуітов. Хан Кене (Тарихи жырлар, толғаулар, дастандар, пьеса мен деректі баяндар).

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *