Қазақстандық Арал өңірінде күріш өсірудің қазіргі жағдайы және
проблемалары

Қазақстандық Арал өңірінде күріш өсірудің қазіргі жағдайы және
проблемалары
Соңғы жылдары Қызылорда облысында күріш егісі көлемі 81-85 мың гектарға жетіп, Қазақстанда өндірілетін күріш өнімінің 90 пайызын өндіруге қол жеткізді. Нәтижесінде еліміз бойынша алынған өнім мөлшері күріш жармасына деген ішкі сұранысты толық қамтамасыз етіп отырғанымен, ауыл шаруашылығы өндірісінің негізгі саласы және ауыл халқының басты табыс көзі болып отырған күріш шаруашылығын онан әрі дамыту, оның экспорттық әлеуетін арттыру, бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отыр [12,13].
Қазақстандық Арал өңірінің күріш суару жүйелерінде 6, 7, 8 танапты ауыспалы егістер жобаланып, игерілген. Бұл ауыспалы егістерде күріш дақылы көпжылдық бұршақ тұқымдас шөптерден, екпе сүрі жерден, дәндібұршақ және отамалы дақылдардан кейін орналасады. Өте жақсы алғы дақыл болып табылатын жоңышқа мен түйежоңышқадан соң күрішті екі-үш жыл қатарынан егуге болады [63,64].
Күріш дақылын өсіруде кездесетін өзіндік ерекшеліктерге сай, егіс алдындағы топырақ өңдеу жұмыстарына (топырақтың құрылысы мен құрылымына) байланысты белгілі бір талаптар қойылады [65].
Күріш егілген танаптар ұзақ уақыт бойы (95-110 күн) су астында жатады. Соның салдарынан топырақта физикалық-химиялық және микробиологиялық процестердің тиімді өтуіне қолайсыз жағдайлар туады, сондай-ақ, күріш дақылы үшін зиянды қоспалар (күкіртті сутегі, қанықпаған темір тотығы және тағы басқа) пайда болады да, анаэробты процестер жүреді. Осы жағдайларды болдырмау және тоң кесектерді майдалап, арам шөптер мен зиянкестерді құртып-жою үшін ең тиімді шара – топырақты жоғары сапада және (топырақтың физикалық пісу кезеңдерінде) дер кезінде өңдеу болып табылады [52,66].
Күріш топырағын егіске дайындау жүйесі негізгі және тұқым себералды өңдеу жұмыстарынан тұрады. Алғы дақылды жинап болысымен топырақты сүдігерге тұрықты (ПЛН-5-35, ПЛН-8-35) соқалармен жыртады. Сүдігерге жырту негізінен қазан айынан кешеуілдемеуі керек. Кеш жыртылған жағдайда сүдігердің сапасы нашарлап кетеді. Күрмек тектес арамшөптермен күресте 2527 см тереңдікте аудара жыртқан сүдігер тиімді болып табылады. Ал батпақты жерде өсетін арам шөптерге қарсы, топырақты 12-14 см тереңдікте жырту қажет [67].
Көпжылдық шөптер ұлтанын өңдеуді, көктемде бірінші орымнан кейін немесе өсімдік биіктігі 8-10 см жеткен кезде, күрішті егер алдында бастаған қолайлы. Бұл жағдайда топырақ құнарлығын көп жыл бойы тиімді пайдалану үшін жерді жұқалап жыртудан, бірте-бірте тереңдетіп жыртуға көшу керек. Көпжылдық шөптер ұлтанын көктемде 18-20 см, ал екінші және үшінші жылдары күріш өнімін жинап болған соң, тиісінше 22-24 және 23-27 см тереңдіктерге аудара жыртады [67,68].
Еліміздің күріш өсіретін аймақтар бойынша күріш тұқымын себудің қолайлы мерзімі топырақтың жырту қабатындағы температура 10-15 градус жылылыққа жеткенде, яғни ол аймақтар бойынша төмендегідей мерзімдерге сәйкес келуі мүмкін. Атап айтқанда: оңтүстік аймақта сәуірдің 15-нен 5-ші мамырға дейін, орталық аймақта – мамырдың 1-нен 20-на дейін, ал солтүстік аймақта мамырдың 10-нан 30-на дейінгі аралықта болады [4,9].
Себу тереңдігі дискілі шүмекті тұқымсепкіштермен 2-3 см тереңдікке жүргізіледі. Жеңіл сазды топыраққа тұқым 5 см тереңдікке енгізіледі. 1 га қолайлы себу мөлшері: көпжылдық шөптер ұлтанына 7-8 млн, күріштікке – 7,08,5, ал екпе сүрі жерге (мелиоративтік танапқа) 6,0-8,5 млн өнгіш тұқым. Себу СЗ-3,6, СРН-3,6 тұқымсепкіштерімен тар қатарлы немесе тоғыспалы әдіспен атқарылады.
Тұқым себіліп болысымен 2-3 күннің ішінде атызға 10-15-20 см деңгейде суға бастырылады. Бұндай процестер аймақтық ерекшеліктеріне байланысты жүргізіледі. (Жаңақорған ауданы-орташа ауыр топырақ, Қармақшы ауданы- ауыр сазды топырақ) [68].
Күріштің өну процестерін аймақтың және күріштің сорттық ерекшеліктеріне байланысты 8-10 күн мерзімінде судың тереңдігі 3-5 см деңгейге дейін төмендетілуі тиіс. (Судың қашыртқыға жіберілмеу себебі, суда еріген қоректік заттарды күріштің өсіп- дамуына пайдалану үшін топырақ құрамында сақтап қалу қажет) [67].
Осы мерзімдерде күріш сорттарына сәйкес өніп-өсу кезеңдері басталады.
Күріштің түптену кезеңі аяқталысымен атыздағы су деңгейін қайтадан 15 см дейін көтеріп, күріш қамырланып піскенге дейін осы деңгейде ұстайды.
Мұнан кейін су беру тоқтатылады. Судың топыраққа сіңуі мен булануымен, оның атыздағы деңгейі төмендейді. Қамырланып пісудің соңында атыздағы қалған суды қашыртқыға жібереді. Күріш өнімін өндірудегі технологиялық процестердің ең шешуші де негізгі кезеңі, оларды ысырапсыз, техниканың көмегімен жинап алу жұмыстары болып табылады. Күріш егісін ору алдында атыздар толық құрғатылуы тиіс [65].
Сыр өңірінде күріш дақылы өнімін жинауды бөлектеп жинау әдісімен жүргізеді. Бұның негізгі өзгешелігі – күрішті орып және бастыру жұмыстары бір мезгілде жүрмейді. Орып дестеленген масса ауада кептіріліп, сонан кейін 2-3 күн уақыт өткізіп барып бастырылады [67].
Күрішті жалға салып оруда, соңғы жылдары ТМД елдерінде шығарылған ЖРК-5 және ЖРС-5, канадалық МакДон дестелегіштері қолданылады. Жалға орылып, дестеге салынған күрішті ресейлік ЕНИСЕЙ-1200Р, алыс шетелдерде шығарылған Джон Дир, Кейс, Класс, Лаверда комбайндарымен бастырады.
Сыр өңірінде күріш дақылының өнімділік әлеуетін арттырудың негізгі бір жолы өңірдің қатал табиғи-климат жағдайына бейімделген күріш сорттарын шығару және басқа өңірлерден, шет елдерден жаңа сорттарды әкеліп аудандастыру болып табылады. Осыған сәйкес шетелдерден әкелінген жаңа, келешегі бар күріш сорттарын жергілікті табиғи-климат жағдайларына бейімдеп, технологиялық элементтерін қайта қарап, нақтылау маңызды болып саналады [13].
Қазақстанда 2015 жылы 105 мың га жерге күріш дақылы егілсе, оның 85 мың гектары Қызылорда облысында орналасқан. Облыста бағалы дақылға ерекше көңіл бөліну арқасында 2017 жылы егіс көлемі 90 мың гектардан асты.
Қазақстан күріш шаруашылығының негізгі түйткілді проблемалары:
— Ауыл шаруашылығы техникаларының жоғары деңгейде тозуы, жөндеусіз ұзақ уақыт пайдалануға байланысты суару жүйелерінің төменгі техникалық деңгейі және ПӘК (пайдалы әсер коэффициентінің) төмендеуі, негізгі мелиоративтік қорлардың көбірек тозуы; [69].
— Суармалы алқаптарды суғаруға дайындау кезінде механикаландыру жұмыстарының жоқтығы;
— Топырақтардың мелиоративтік және гумустық жағдайының нашарлауы, олардың қайта тұздануы мен тозуының күшеюі, суармалы егістік жерлердің ауыл шаруашылық айналымынан шығуы, ғылыми негізделген ауыспалы егістердің, агротехникалық тәсілдердің сақталмауы; [69].
— Қазақстанның күріш өсіруші аймақтарына бейімделген жаңа, ерте пісетін, жоғары өнімді күріш сорттарын енгізудің төмен қарқыны; күріш ауыспалы егісіне бәсекеге қабілетті өндірістің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін жоғары рентабельді және басым ауылшаруашылық дақылдарын енгізудің төмендігі.
— Өсімдік шаруашылығы мен күріш шаруашылығында өнім өндірудің ескірген су және қор шығыны мол технологияларды қолдану;
— Күріштің және күріш ауыспалы егісі дақылдарының өндірістік тұқым шаруашылығының әлсіз дамуы, заманауи минералдық және жергілікті органикалық тыңайтқыштарды қолданудың жеткіліксіз көлемі, жасыл тыңайтқыш дақылдарды және органикалық заттардың басқа көздерін аз қолдану, күріш ауыспалы егісіндегі қолайсыз фитопатологиялық жағдай, ол ауыл шаруашылық дақылдарын өсіру технологиясының бұзылуымен және улылығы төмен жаңа пестицидтерді қолданудың жеткіліксіз көлеміне байланысты [13].
— Күрішті және оның қалдықтарын терең өңдейтін өндіріс орындарының
жоқтығы [13].
Еліміздің күріш егілетін аймақтары үшін селекциялық жетістерінің мемлекеттік реестріне енген күріштің 11 сорты анықталған, оның 3 Қазақстандық, 2 Ресейлік, 6 сорт Өзбекстандық. Ал егілген көлемнің көп бөлігін Маржан, Новатор және Лидер сорттары алады. Соңғы жылдары бұл сорттардың ауруға шалдығуы, соның салдарынан жарма сапасы төмендеуі байқалып отыр. Жоғары сапалы жармасымен ерекшеленетін жаңа жоғары өнімді Арал 202, КазЕр-6, КазНИИР-5 және Ару сорттары өндіріске кеңінен еніп кете алмай отыр. Оның басты себебі тұқым шаруашылығын ұйымдастыруға қажетті мамандандырылған техниканың жетімсіздігі. Кіші өлшемді селекциялық техника болған жағдайда мемлекеттік сортсынаумен қатар, жаңа сорттарды өндірістік сынау және сорттық агротехниканың негізгі элементтерін зерттеу жұмыстарын жүргізіп, сорттарды өндіріске енгізу жеделдейді. Сорт алмастырудың қажеттілігі күріш ауыспалы егістеріндегі қолайсыз фитопатологиялық жағдаймен тығыз байланысты. Аймақтағы ауарайының қолайсыз жағдайына сәйкес күріштің фузариоз бен альтернариоз, соңғы жылдары бұрын кездеспеген пирикуляриоз ауруы да байқалды [70].
Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары шығарған Арал 202, КазЕР-6, КазНИИР-5, АйСауле, Ару, Түгіскен сорттары Қазақстандық Арал өңірінде кездесетін күріш аурулары- фузариоз және альтернариозға төзімділігі жоғары болып келеді. Ал пирикуляриоз ауруы 5-6 жылда бір рет қайталанатын болғандықтан, сорттардың бұл ауруға төзімділігін зерттеу және арттыру қиындау [71].
Күріш суармалы егіншілігіндегі қиыншылық тудыратын мәселелердің бірі — қашыртқылардың дұрыс жұмыс істемеуі, магистральдық каналдан судың сүзілуі, шаруашылық ішілік суару жүйелерін тиімді пайдаланбау, қолданылған технологияның ауыл шаруашылығы өндірісінің бүгінгі талаптарына сай болмауы және басқа да негативті факторлар. Осылардың әсерінен Қызылорда облысында 61245 га суармалы жер қанағаттанғысыз жағдайда, 100 мың га-дан астам жердің суару жүйелерін толық жөндеуден өткізу керек [13].
Қызылорда облысында 1992 жылдан 2016 жылға дейін ауыл шаруашылық дақылдар егісі 263865 га-дан 167574 га-ға дейін кеміді.
Негізгі мелиоративтік қорлардың тозуына байланысты және суару жүйелерінің техникалық деңгейінің төмендеуіне қарай, суару каналдарының бір мың км-ін толық жөндеуден өткізу керек.
Суару жүйелерінің техникалық жағдайының төменгі деңгейі жер-су қорларын тиімді пайдалануға кері әсерін тигізеді, нәтижесінде ауыл шаруашылық дақылдарының өнімі азаяды, ал су мөлшері көбейіп, шығын болады [69].
Қазіргі кезде күріш танаптарының дренаж жүйесі жерасты суларының деңгейін төмендете алмайды, соған байланысты топырақта тұз жиналады, барлық күріш танаптарының 60% орташа және жоғары деңгейде тұзданған.
Жұмыс істеп тұрған дренаж жүйелерінің жағдайы қынжыларлық, соның нәтижесінде топырақ тұзданып, егістік жерлер ауыл шаруашылығы айналымынан шығып калуда. Дренаж жүйесінің негізгі кемшіліктері:
-ашық дренаждың батпақтану және шөп өсіп кетуінен олардың суды сіңіру қабілетінің азаюы;
-көптеген тік дренаж скважиналарының жұмыс істемеуі;
-дренаж скважиналарының суды алып кету жүйесінде фильтрацияға қарсы қаптаманың болмауы.
Сонымен, қазіргі дренаж жүйесі ең төменгі бөлігі дреннен бастап бас коллекторға дейін үлкен реконструкциядан өту керек. Кейбір жерлерде дрендерді жиілету керек, топырақты шаю үшін уақытша дренаж құрылысын жүргізу қажет. Сондай-ақ, бірінші тік дренаж жүйесін қалпына келтірген дұрыс. Дренаж жүйесін реконструкциялау кезінде күріш алқаптарында ашық майда горизонталь дрендер қолдануға болады. Дренаж реконструкциясын суару жүйелерін реконструкциялау бірге жүргізген тиімді болады (кешенді реконструкция) [69].
Суару жүйелерінің реконструкциясын уақытылы жүргізу, жоспарлы және жәй жөндеу жүргізіп отыру жүйенің ПӘК едәуір жоғарылатып, су шығынын азайтуға мүмкіндік береді, жалпы алғанда нәтижесінде 30-40% су үнемдеуге болады.
Топырақ құнарлығын арттыру және ресурсүнемдеу үшін ауыл шаруашылық дақылдары егістерін құрылымын оңтайландыру қажет, ол үшін ауыспалы егістерді игеріп, келешегі бар экономикалық тиімді дақылдарды енгізу керек (диверсификация – әртараптандыру). Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының ғалымдары 3-8 танапты күріш ауыспалы егістерінің әртүрлі сызбаларын дайындады. Олардағы күріштің үлес салмағы 33,3 пайыздан 50%-ға дейін, олардың көпшілігі күріш өсіруші алқаптарда өндіріске енгізуге ұсынылған [72].
Бұл нұсқалар топырақ құнарлығын арттыруға, су мен минералды тыңайтқыш үнемдеуге арналған.
Күріш өнім беру мүмкіншілігі мол дақыл. Топырақ құнарлы болған сайын өнім де көбейе түседі. Топырақ құнарлығын арттырудың басты бағыттары ауылшаруашылығы өндірісі қалдықтарынан биокомпост алу, түрлі топырақ жақсартушылар мен мелиоранттар: гумат натрий, сорбент, гидроген, цеолит, биошунгит, доломит және басқалар қолдану [73].
Қазақстанда күріш шаруашылығын модернизациялаудың келешекті жоспарын дайындау үшін дамудың негізгі бағыттары бойынша күріш өсіру технологиясын басым бағыттары анықталып, соған байланысты техникалық модернизация жасалуы тиіс. Күріш өсірудің дәстүрлі жүйесі бойынша топырақ өңдеу жұмыстары мен операцияның саны 12-ге жетеді. Тікелей себу технологиясы бойынша ол операциялар санын 4-ке азайтады. Топырақ жағдайы жақсарып, шығындар азаяды.
Дүниежүзілік тәжірибеде күріш дақылын өсіру, ылғалдандырып және сумен бастырып өсіру деп екіге бөлінеді. Сумен бастырып өсірілетін күріштің өсіп-өну кезеңін барлық уақытында немесе оның көп бөлігінде, олар егілген атыздарды су қабатымен белгілі бір тереңдікке дейін бастырып қояды. Ал ылғалдандырып өсірілетін күрішке оны сумен бастырып қоюды талап етпейді, ондағы топырақ қабатын ылғандандыру табиғи жолмен немесе мезгіл сайын суарып отырумен іске асырылады. Күрішті сумен бастырып суғару әдісі, оның өсіп-өну кезеңіндегі жауатын жауын-шашын мөлшері 1250 мм-ден аз болған жағдайда көп тараған [74,75].
Қызылорда аймағында күріш дақылы ірі-ірі бес алқапта өсіріледі. Жер және су жағдайларына қарай әрбір алқапта бұл дақылды өсіріп, өндірудің өзіндік ерекшеліктері бар.
Жер көлемі жағынан Қызылорда сол жаға алқабы басқа күріш өндіретін алқаптардан үлкен. Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан, судан тапшылық көрмейтін алқап. Бұдан басқа облыс көлемінде Түгіскен, Жаңақорған-Шиелі, Қызылорда оң жағада және Қазалы алқаптарында да күріш дақылы 8-10 мың га –дан егіледі. Қызылорда облысы бойынша соңғы 15 жылғы күріш егісі көлемі жайлы мәліметтер 1 суретте келтірілген.


б)
Сурет 1 — Қызылорда облысы бойынша 2000-2015 жылдар аралығындағы
күріш егісі көлемі (а) және өнімділігі (б) [76].
Статистикалық мәліметтер бойынша 2000-2015 жылдар аралығында (1-сурет) Қызылорда облысы бойынша егіс көлемі 58 мың гектардан 85 мың гектарға дейін егіс көлемі көбейген. Ал өнімділік көрсеткіші 29,5-43,2 ц/га аралығында болған. 2000-2005 жылдардағы орташа көрсеткіш-32,1 центнерді көрсетсе, 2006-2010 жылдарда бұл көрсеткіш — 35,5 ц/га, ал 2011-2015 жылдарда – 39,5 ц/га болған. Соңғы екі жылда -2016 және 2017 жылдары, облыс рекордтық өнімге қол жеткізіп, гектарына тиісінше 54 және 55,7 центнерден өнім жиналған [76].

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *