Күріш сорттарының сорттық технологиясы элементтерінің маңызы
Күріш дақылы егісінен жоғары және сапалы өнімді ұдайы түрде тұрақты алып отыру үшін егілетін сорттарға зор көңіл бөлу керек. Ұзақ жылдар бойы егіліп жүрген және биологиялық потенциалы төмендеген күріш сорттарын жоғары өнімділік, сапалы өнім беретін инновациялық сорттармен ауыстырып отыру заман талабы. Қазақстанның күріш өсіруші аймақтарындағы ХХ ғасырдың аяғындағы жетістіктерге сол кезеңдегі жоғары өнімді Кубань 3, Краснодарский 424, Авангард, Маржан, Лиман, Түгіскен 1 сорттарын өндіріске енгізіп,олардың сорттық технологиясын жетілдіру нәтижесінде қол жеткені белгілі [3,4,9,45,77,78].
Соңғы жылдары әлемде, әсіресе Азия елдерінде күріш өндірісін қарқынды дамыту үшін бұл бағалы азықтық дақылдың өсіру технологиясына аса зор көңіл бөліп, оны интенсивтендіру жолдары қарастырылуда. Әлемдік күріш өсіру тәжірибесінде Қытай [79-81], Корея [82], Индонезия [83], Вьетнам [84] ғалымдарының пікірінше, күріш шаруашылығын интенсивтендіру және дақылдан өте жоғары деңгейдегі өнімділікке қол жеткізу төмендегідей принциптерге негізделген: мол өнімді,интенсивті инновациялық сорттарды өсіру және күріш егістігіндегі өсімдіктер оптимальды тығыздықта болуы шарт, топыраққа енгізілетін минералды тыңайтқыштардың мөлшері, қоректік элементтердің ара қатынасы, енгізу мерзімдері және дақылды суару режимі қолайлы болғаны дұрыс.
Қазақстандық Арал өңірі жағдайында күріш шаруашылығында ауыл шаруашылығы құрылымдары аймақта бұрын егіліп келген күріш сорттарының өсіру, яғни күтіп-баптау технологиясын қолданады. Ал, ол басқа сорттардың, мейлі ол жергілікті селекция сорттары болсын немесе шет елдерден әкелінген сорт болсын өсу ерекшеліктеріне, даму биологиясына сәйкес келе бермейді. Себебі, интенсивті инновациялық сорттардың архитектоникасы, күріш өсімдігінің габитусы және осыған сәйкес агроценозының құрылысы, өсіп-даму биологиясы өзгешелеу болуы ғажап емес [3,9,45].
Күріш шаруашылығын интенсивтендіру стратегиясы тұрғысынан алғанда, дақылдың технологиясын, оның әрбір элементі бойынша талдап, сорттың ерекшеліктеріне қарай бейімдеу, егіс өнімділігін арттырудағы өте тиімді фактор. Сондықтан, табиғи-климаттық жағдайы қатал Арал өңірінде, күріш өндірісін қарқынды дамыту үшін, ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізу, сорттардың морфофизиологиясын терең зерттеп, өсіру агротехникасымен ұштастырып байланыстыру, яғни технологияны биологизациялау сорттардың өнімділігі мен экологиялық төзімділігін арттыруға мүмкіндік туғызады [3,9,85].
Арал өңірінде күріш өнімділігін арттыру үшін дақылды өсіру технологиясын, сорттардың биологиясы және морфофизиологиясымен сәйкестендіру арқылы агротехникалық шаралар жетілдірілді, сорттық технология алғаш рет тұжырымдалып, өндіріске енгізілуде [3,9,45,86]. Алайда, күріш өсірушілер бұл дақылды өсіру барысында осы уақытқа дейін күрішке арналған жалпы технологиялық ұсынымдарды басшылыққа алып келеді. Ал, нақты егіліп жатқан күріш сорттарының биологиялық қасиеттері-қоректік элементтерге қоятын талабы, топырақтың тұздануына, суару режимі мен су тереңдігіне төзімділігін, сорттың биологиялық ерекшеліктеріне байланысты тұқым себу нормаларының, өсімдік өнімділігіне әсері ескерілмей жатады. Нәтижесінде барлық сорттарға бірыңғай өсіру технологиясы қолданылуда. Бұл- күріштің бір сортына қолайлы болғанымен, келесісіне дұрыс келмеуі мүмкін. Мысалы, осыдан 40 жыл бұрын пайдаланылған Кубань 3 сортына арналып әзірленген агротехникалық шаралар кешені, оның элементтері, соңғы жылдары егіліп жүрген отандық және шетелдік инновациялық сорттарға сәйкес келе бермейді. Сорттардың сипаттамасындағы әлеуеттік өнімділігін көрсете алмауының басты себебі осында, барлық қолайлы жағдайды жасағанда, әлемдік және отандық күріш селекциясының жетістіктері әлеуеттік өнімділігінің 50-70 пайызын ғана көрсетуде. Сол себепті сорттық технологияны қолдану қажеттілігі туындайды [45].
Суармалы егіншілік жағдайында оптимальды тығыздықта өсімдіктерді орналастыру және қолайлы мөлшерде минералды тыңайтқыштар енгізу арқылы жоғары өнімді агроценозды қалыптастыру-өсімдіктерді селекциялықгенетикалық және морфофизиологиялық, морфоанатомиялық өзгерістері арқылы жүзеге асады [3,52,87,88].
Күріш сорттарының агроценозы аумағында өзіндік микроклимат қалыптасады. Сондықтан егістік ішінде күн сәулесі энергиясының енуі, агроценоздағы өсімдіктер арасында көмір қышқыл газының турбуленттік қозғалысы, температура деңгейі және басқа да агроэкологиялық факторлар егістік өнімділігін анықтайды. Бір дақылдан құралған агроценоздың, мысалы күріштің фотосинтетикалық өнімділігі, ондағы әрбір өсімдіктің пішіні мен архитектоникасына, сонымен бірге агроценоз құрылысына (егістіктегі өсімдіктер тығыздығы, кеңістікте жапырақтарының орналасуы, жапырақ алаңы индексі, микроклимат және т.б.) байланысты құралады [3,87-93].
Сол себепті күріш сорттары агроценозының ең жоғары дән өнімін беретін үйлесімді құрылысын қалыптастыру, егіншілікте және өсімдіктер физиологиясы мен агроэкологиясы тұрғысынан алғанда өте күрделі, әрі онша зерттелмеген проблема.
Күріш агроценозында өнімді (масақты) сабақтар бүкіл өсу дәуірі ішінде қалыптасады және интегральды көрсеткіш болғандықтан, көптеген факторларға тәуелді: себілген тұқымның мөлшеріне және сапасына, егістегі өніп шыққан өскіндер санына, олардың сақталып нығаюына, түптену қарқындылығына, жанама сабақтардың пайда болып сақталуына және өнімілігіне байланысты. Осы аталған көрсеткіштердің санына, қалыптасуына және дақыл өнімділігіне минералды тыңайтқыштардың әсері зор [3,52,62,94,95].
Тұқым себу нормасы мен егістіктегі өсімдіктер тығыздығының күріш өнімділігіне әсері туралы көпеген зерттеулер жүргізіліп, өте көп экспериментальдық материалдар жинақталған. Бұл материалдардың барлығында егістің оптимальды тығыз болуы, жоғары өнім алудағы негізгі факторлардың бірі ретінде қарастырылады [3,94,96,97].
Күріш жайлы әлемдік ғылыми әдебиетке сүйенсек, шетелдік ғалымдардың ең жоғары дән өнімі күріш егістігінде өсімдік қалыңдығы оптимальды тығыз болып, қоректік элементтері үйлесімді балансталған, тыңайтқыш қолайлы мерзімде және мөлшерде берілгенде, сонымен бірге агротехникалық шаралар жүйесі қатаң сақталған жағдайда алынады [79-83].
Күріштің минералды қоректенуін көп жылғы зерттеулер нәтижелері бойынша, бұл дақылдың өнім құраудағы және минеральды қоректенуіндегі шешуші кезеңі анықталды, ол 3-4 жапырақты кезеңнен 7-8 жапырақты кезеңге дейінгі ұзақтығы 20-25 күнді құрайтын уақыт. Бұл кезеңде күріш минералды тыңайтқыш элементтерін өте тиімді пайдаланады [98-100].
Қоректену алаңына және тыңайтқыштар мөлшеріне байланысты күріш сорттарының жоғары өнімді агроценозында фотосинтетикалық әрекеті, мол өнім қалыптастыру мүмкіндігі әртүрлі. Биіктігі мен архитектоникасы бойынша айырмашылығы бар күріш сорттарының жоғары дән өнімінің қалыптасуына агроценоздағы өсімдіктер тығыздығы мен егістіктегі масақты сабақтар санының елеулі әсері бар [3,45,87,94]. Атап айтқанда, күріш дақылы сорттарының жоғары өнімі алғы дақылға байланысты, егістіктегі өсімдік тығыздығына қарай, құрамында азот және фосфор элементтері бар минералды тыңайтқыштар енгізгенде алынатыны анықталған [3,45,94,101].
Соңғы жылдары Арал өңірінде күріш шаруашылығын қарқындата дамытуға байланысты күріш селекциясына аса маңызды мән беріліп, ауа райы, табиғи-климат жағдайларына бейімделген жергілікті сорттар шығарылып және алыс-жақын шет елдерден жоғары өнімді сорттарды көптеп әкеліп, сортсынаудан өткізіп, үздіктерін аудандастыру жұмыстары табысты жүргізілуде. Осы орайда аймақта келешегі бар перспективалы инновациялық сорттардың сорттық технологиясы элементтерін зерттеп, өнімділігін арттырудың бар мүмкіншілігін пайдалану арқылы, сорттың өнімділік әлеуетін толық айқындау, тұқым және минералды тыңайтқыштарды тиімді пайдаланып, нарық экономикасы жағдайында жоғары экономикалық тиімділікке қол жеткізудің маңызы өте зор.