Жапырақтың құрылысы мен қызметі

Жапырақтың негізгі бөліктері жапырақ, жапырақ тақтасы (алақаны), сағақ, бөбешік жапырақтар, қынап, тілше және т.б. бөліктерден тұрады (1-сурет). Бұл аталған бөліктер барлық өсімдіктердің жапырағында бірдей кездесе бермейді.

Жапырақтың негізгі бөлігі — оның тақтасы. Бұл бөліктің пішіні атына сәйкес тұқымды өсімдіктердің басым көпшілігінде тақта тәрізді болып келеді және жапыраққа тән қызметтер негізінен осында жүреді. Атқаратын қызметіне сәйкес жапырақ тақтасының пішіні, мөлшері алуан түрлі болады.

Сағақ — жапырақ тақтасы мен оның негізін қосып тұратын бөлігі. Жапырақ негізі дегеніміз — жапырақ тақтасының сабаққа бекінетін төменгі бөлімі. Сағақ жапырақтың сабақта күннің түсу бағытына қарай орналасуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар сағақтың өткізгіш шоқтары арқылы су және онда еріген минералдық заттар сабақтан жапырақ тақтасына өтіп, онда фо­тосинтез жүреді. Нәтижесінде пайда болған органикалық қосылыстар сабаққа қарай жылжиды. Сағағы жоқ жапырақтар сағақсыз немесе қондырмалы жапырак деп аталады.

Жапырақ қынабы — жапырақ тақтасының сабақты түтік тәрізді қоршап орналасқан төменгі бөлігі. Қынап жапырақты сабақпен байланыстырып қана қоймай, таяныш қызметін де атқарады және төбе бүршігін, буын аралығының қыстырма ме­ристемасы орналасқан төменгі белігін ортаның әр түрлі қолайсыз жағдайларынан қорғайды. Егер қынаптың реңі жасыл түсті болса, онда ол фотосинтезге қатынасады деген сөз. Реңі мөлдір, ұлпек немесе қоңыр тері тәрізді (қияқөлеңдерде) қынаптар да бар. Қынапты жапырақ негізінен астық тұқымдастарға тән. Жапырақ негізінің пішіні әр түрлі. Кейде ол айтарлықтай байқалмайды немесе шамалы ұлғайып, қалыңдап кетеді, мұны жа­пырақ жастықшасы деп атайды. Мысалы, саумалдықта осындай. Кейбір өсімдіктерде (шатыршагүлділерде) жапырағының негізі немесе сағағы ұзына бойы не көлденең өсіп ұлғаяды да қобыланып бітеді, мұндай жапырақты қобылы жапырақ деп атайды.

Көптеген өсімдіктердің жапырақ негізінен ерекше өскіншелер өсіп шығады, олар бөбешік жапырақтар деп аталады. Олар кішкентай жапырақшалар, тікенектер пішіндес, үлпек қабыршақ тәрізді болады. Бөбешік жапырақтардың көлемі әдетте кішілеу (жоңышқа, беде) болып келеді. Ал кейбір өсімдіктерде, мысалы, асбұршақта ол кәдімгі жапырақтардан ірі. Чинаның кейбір түрлерінің (жапырақсыз чина) жапырақ тақталары мүлде өзгеріске ұшыраған.

 

    

 

1 — с у р е т. Жапырақ бөлімдері (сызба-нұсқасы):

І-сағакты;  ІІ-қондырмалы; ІІІ-жастықшалы;IV- а  қынапты; IV- б қобылы; Ү-бос бөбешік жапырақты; VI-кіріккен бөбешік жапыракты; VII-қолтық бөбешік жапырақты; 1 — жапырақ тақтасы; 2 — жапырақ негізі; 3 – қынап; 4 — қобы; 5-бөбешік жапырақтар; 6 — сағақ; 7 — қолтық бүршік; 8 – қыстырма.

 

Мұндай жағдайда фотосинтездің жүруі, органикалық заттың түзілуі тек қана бөбешік жапырақтардың үлесіне тиесілі. Бөбешік жапырақтар бос немесе сағаққа кірігіп, кейде жапырақтың ішкі жағына қарай ауысып, қолтығында өседі. Осыған сәйкес оларды қолтық бөбешік жапырақтар деп атайды.

Бөбешік жапырақтар негізгі жапырақ тақтасынан гөрі ертерек жетіліп, бүршік жабынының құрамын түзеді. Алайда олар бүршік ашылған кезде түсіп қалатындықтан, оларды ересек өркеннің толық жетілген жапырақтарында кездестіру қиын. Мы­салы, жөке ағашы, қайың, емен, мойыл және көптеген ағаштар мен бұталарда солай. Кейбір өсімдіктерде бөбешік жапырақтар кірігіп сабақты қоршап, етіктің қонышы тәрізді қуыс түтік (рас­труб) түзеді. Бұл тарандар тұқымдасының өкілдеріне жататындардың бәрінде кездеседі (мысалы, қымыздық).

Астық тұқымдасының басым көпшілігінде қынаптың жапырақ тақтасына жалғасқан жерінде т і л ш е деп аталатын кішірек жұқа үлпек қабыршақ көрінеді. Осы буындағы жапы­рақ тақтасының екі бүйірінен сабақты тығыз қаусырған жіңішке екі өскінше жетіледі, бұлар құлақшалар деп аталады. Тілшелер мен құлақшалардың пішіні астық дақылдарында алуан түрлі.

Жапырақ формациялары. Жоғары сатыдағы өсімдіктердің вегетативтік мүшелерінің ішінде әсіресе жапырақ өзінің пішіні, көлемі, реңі, өмір сүруі және т.б. ерекшеліктері жағынан өзгергіш. Әлемдегі өсімдіктердің түрлеріне қарай, оның жапы­рақ пішіндері де әр түрлі болады.

Жапырақтардың үш формациясы бар: төменгі жапырақ, ортаңғы жапырақ және жоғарғы жапырақ (2-сурет). Төменгі жапырақтар — қорғаньпптық немесе қор жинаушы және т.б. арнаулы қызметтер атқаруға бейімделіп, түрін өзгерткен және толық жетілмеген жапырақтар. Сол сияқты тұқым жарнақтарының жапырағы, бүршіктердің жабын қабыршақтары және тамырсабақтар мен жер бетіндегі өркендердің қабыршақ жапырақтары да төменгі жапырақтар саналады.         Ортаңғы жапырақтар — белгілі өсімдік түріне тән нағыз жасыл жапырақтар. Олардың негізгі қызметі — фотосинтез, транспирация (суды булаңдыру) және ауа алмастыру (тыныстану). Жоғарғы жапырақтарға гүл жапырақтар, гүл жапырақшалар жатады. Бұлар, әдетте, толық жетілмеген және жапыраққа тән қызмет атқармайды.

Гетерофиллия. Әр түрлі жапырақтылық (гетерофиллия грекше гетерос — әр түрлі) бір өсімдікте әр түрлі пішіндегі жапырақтардың болуы. Жапырақ — сыртқы орта жағдайларының өзгеруін тез сезінетін өсімдік мүшесі. Жарық, жылу, ылғал, қоректену және т.б. жағдайлардың әсерінен жапырақ пішіні өзгеріске түседі. Мысалы, су сарғалдағы, жебежапырақ сияқты су өсімдіктерін алайық, олардың су астындағы жапырақтарының су бетіндегі жапырақтарынан айырмашылығы бар. Су астындағы жапырақтар таспа тәрізді немесе жіп тәрізді тілімделіп, жіңішкеретін болса, ал су бетіңдегілері бүтін немесе телімделген тақталы болады. Гетерофиллия құрылық өсімдіктерінде де байқалады. Мысалы, інжір, тұт ағаштары.

Анизофиллия. Анизофилли (грекше «анизос» -тең емес) дегеніміз өркеннің бір буыныңда орналасқан (қарама-қарсы, шоқтанып) жапырақтардың пішіндері мен көлемдерінің әр түрлі болып келуі. Анизофиллия сүректі және шөптесін өсімдіктердің плагиотропты өркендерінде жиі байқалады. Мұндай айырма өркеннің үстіңгі және астыңғы беттеріне түсетін жарық пен салмақ әсеріне байланысты.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *