Қарқаралы

Дом купца Рязянцева
Мечеть Кунанбая

Қарқаралы қаласы, Қарқаралы ауданының орталығы.
Қарқаралы қаласы Қарағанды облысының шығыс бөлігінде, Қарағандыдан 220 шақырым, теңіз деңгейінен 815 метр биіктікте жатыр.
Қала 1824 жылы Сібір қазақтары дала губернаторлығының әкімшілік-территориялық орталығы – станица негізінде құрылды.

  • 1868 жылы.– Семей облысы құрамындағы уездік қала.
  • 1928-30 жылдары және 1934-36 жылдары – Қарқаралы округінің орталығы.
  • 1930-34 жылдары және 1936 жылдан бастап. – Қарқаралы ауданының орталығы.
Қарқаралы тау сілемдерінің етегі ежелден көшпелі елге қоныс болған. Ол туралы өткен заманнан жеткен аңыз бен ертегілерде айтылған, Қарқаралы туралы көптеген өлеңдер мен аңыздар жазылған.
Тарихи деректерде тау сілемдерінің етегін ала ағып жатқан шағын өзеннің табанында орналасқан елді мекен үстінен Орта Азия мен Сібір аралығындағы ұлы керуен жолы өткен.
Осы өлкеге алғаш саяхат жасаушылар 1785 жылдардан бастап аяқ басқаны тарихи деректерден бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр.
Ресей өкіметі пайдалы кен қазбаларын зерттеп, оны өндіруді қолға алу мақсатында көшпенді шаруашылықтарының территориялық орналасу мәселесін шешуге кіріседі. Болашақ округтік билік орталығына Қарқаралы және Кент таулы мекендері таңдап алынады.
Ең алғаш 1824 жылы 8 сәуірде бекініс болып қаланған Қарқаралы, 1869 жылы Уезд болып құрылып ірі сауда орталығына айналды. Қаланың мәдени экономикалық өсіп-нығаюына Қоянды жәрмеңкесі зор ықпал етті. Қарқаралы біртіндеп саяси орталыққа айналды.
Қарқаралының ақ қайың мен жасыл терек зерлеген шұрайлы өлкесі ерте кезден-ақ оқымысты-ғалымдардың, саяхатшы-зерттеушілердің көңіліне ұялап, көзін қызықтырған. Қазақ халқының тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлиханов, Қарқаралы округінде екі рет – 1855 және 1863 жылдары болды. Қызмет бабындағы сапарын ол халықтың ауызеке аңыз-әңгімелерімен, ән-жырларымен танысуға арнады. Ш.Уәлиханов мал шаруашылығы жөнінде бірсыпыра қызықты материалдар жинады. Оның «Қарқаралының сыртқы округтері болыстарының қысқы көші-қоны» деген еңбегі осы тақырыпқа арналады.
Атақты саяхатшы П.П.Семенов-Тяньшанскийредакторлығымен 1865 жылы басылып шыққан “Ресей империясының Географиялық-статистикалық анықтамалық сөздігі” Қарқаралының атағын асқақтата түсті. Қалың оқырман қауым алғаш рет Қарқаралының сұлулығы туралы, әлі де зеттетлмеген үңгірлер мен қорғандардың құпияларына ынтыға түсті.
Қарқаралы тарихы ұлы Абайдың есімімен тығыз байланысты. Әкесі Құнанбай қажы Қарқаралыда көктөбелі күмбезді мешіт салдырып өз атын ұрпақтарына мәңгілік ескерткіш қылып қалдырып кеткен кемеңгер еді.
Ең алғаш “Қозы-Көрпеш, Баян-сұлу” қиссасын орыстың жазушысы М.М.Пришвин осы төңіректе естіген. 
Орыстың саяхатшысы Г.Н.Потанин өзінің жолжазба естеліктерінде, бұл өңірде болғанда сол кездегі көпес Рязанцевтің үйінде тоқтаған. Бұл ғимарат бүгінгі ұрпаққа сол қалпында жетті.
Қазақтың мың әнін жинаумен тарихта теңдессіз тәлім қалдырған атақты музыка зерттеушісі А.В.ЗатаевичҚарқаралы өңіріндегі құйма құлақ, зерделі де зерек жыраулар ауызынан 154 ән жазып алған.
Жазиралы Қарқаралы табиғатына тікелей байланысты “Сұлушаш” поэмасын 1928 жылы Сәбит Мұқанов дүниеге әкелген.
Қарқаралыда ашылған оқу орындары Орталық Қазақстан бойынша ең алғашқы білім орталықтары болып табылады.
Көне Қарқаралы жері әуелден елін рухани азаттыққа баулыған өңір. Қазақтың алғашқы ағартушы, қоғам қайраткерлері Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Әлімхан Ермеков, Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақбаев, Нығымет Нұрмақов бұл өңір тарихына өз таңбаларын қалдырған.
Қала көшелеріне келмеске кетіп ұмыттырлмақ болған А.Байтұрсынов, Ж.Ақбаев, Ә.Ермеков, Құнанбай қажы, Ұлы Отан соғысындағы батырларымыз Н.Әбдіров, М.Мамраев, П.Теряев, А.Қосыбаев есімдері берлілді. Сонымен бірге Қарқаралының бір көшесі ақын Қ.Аманжолов есімімен аталады.
Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров та осы Қарқаралы топырағынан шыққан.

Қоянды жәрмеңкесі туралы
Қоянды жәрмеңкесі 1848 жылы ашылып, 1930 жылға дейін жыл сайын өткізіліп тұрған, ол алғаш «Ботов жәрмеңкесі» деп аталған. Қарқаралы қаласынан 50 шақырым жерде. Кезінде Орталық Қазақстандағы ең ірі сауда орны болған.
Жәрмеңкенің алғашқы саудасы киіз үйлерде жасалса, 1871 жылдан бастап арнайы орындар салына бастады. Жәрмеңкедегі негізгі сауда-саттық түрі жылқы, ірі қара, қой, ешкі сияқты малдарды сату болған. Сонымен қатар мал өнімдері және шай, сары май, жеміс түрлері, азиялық маталардың түрлері болды. Қоянды жәрмеңкесі өзінің алғашқы кезінен бастап Қытай, Монғолия сияқты көрші елдермен байланыста болды.
1855-1862 жылдары қазақтардың мал санының азайып кетуіне қарамастан 1869 жылы Қоянды жәрмеңкесінде саудаға түскен мал басы жарты миллионнан асып түскен. 1869 жылы Семей губерниясының әскери губернаторы Полторацкий мен Қарқаралы уезінің бастығы штабс-капитан Тихонов Қоянды сауда орнын жәрмеңке ретінде тануға бұйрық шығарды.
1869 жылы 12 қыркүйекте Батыс Сібір Бас басқармасының кеңесі Қоянды жерінде жыл сайын 15 маусымнан 15 шілдеге дейін жәрмеңке ұйымдастыруды бекітеді. Бұл сауда орны оның негізін қалаушы орыс көпестерінің құрметіне орай Ботов жәрмеңкесі деп аталады. Қоянды жәрмеңкесі жылдан жылға күшейе түседі. 1900 жылы жәрмеңкеде 30 дүкен, 276 шағын дүкен, 700 астам киіз үй болған. Жыл сайын сатуға 200 мыңнан астам жылқа, ірі қара, қой-ешкі түссе, оның 60 проценті Жетісудан, 7 проценті Қытайдан әкелінген.
Жәрмеңке – ірі мәдени орталық та болған. Мұнда атақты Майра, Әміре, Қали, Иса, Қажымұқан өнер көрсеткен.
1928 жылы Жәрмеңкеде «Халық үйі» жұмыс істеп, мұнда қазақша спектакльдер қойылған. Оқу залының есебінде 3300 адам болған. Патша өкіметіне саяси қарсылық ретінде 14 мың адам қол қойған атақты «Қарқаралы петициясы» осы жәрмеңкеде туған.
1930 жылы жәрмеңкенің құрылыстары жаңадан құрылған колхоздарға берілді. Қазір мұнда бұрынғы «Қоянды» совхозынан бөлінген шаруа қожалықтары бар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *