Моңғолдар басып алған соң ХІІІ-ХV ғасырларда Ұлы Даланың тарихи шеңберінде бірнеше мемлекет пайда болады. Олар алғашында Шыңғысханның орталықтандырылған билігіне бағынады, кейіннен ол өлген соң тәуелсіз мемлекеттерге айналады. Әлемдік тарихта олар Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда, Моғолстан және басқа атаулармен белгілі. Осы Ұлан-Байтақ жерлерді Шыңғысхан төрт ұлына енші етіп үлестірген болатын. Жошының еншілігіне Ертіс пен Жетісудың теріскейінен Дешті-Қыпшақтың бүкіл шығысын Төменгі Еділ бойына дейінгі алқап тиді; Шағатай еншілігіне Шығыс Түркістан, Жетісу және Мауараннахр; үшінші ұлы Үгедейге Батыс Моңғолия, Жоғарғы Ертіс пен Тарбағатай аймақтары берілді; кенже ұлы Тулуй әкесінің қара шаңырағы Моңғолияны алды. 1228-1241жылдары Ұлы хан болған Үгедей ұлысы 1251 жылы ыдырап, оның жерлері Тулуй ұлы – Мөңке ұлы хан жақтастарына үлестіріп беріледі. Мөңке 1251-1259 жылдары Ұлы хан болды.
Монғолдардың Шығыс Еуропаны жаулап алу жорықтары Жошының ұлы Батый хан тұсында да сәтті жүріп жатты. Бұл ұсыныс 1235 жылғы Қара қорымда ашылған құрылтайда ұйғарылған болатын. Жеті жылдық жорық нәтижесінде (1236-1242ж.ж.) Батый хан Еділ бойындағы бұлғарларды, орыстың кінәздіктерін талқандап, Польшаны, Венгрияны, Чехияны және басқа елдерді құлазытып өздеріне қаратып келді. Батыйдың қоластына Батыс Дешті-Қыпшақ жерлері, яғни Еділдің батысынан Солтүстік Кавказ, Қырым Дунайдың Төменгі ағысына дейінгі жерлер қарайтын болды. Еділ сағасына оралған Батый хан жаңа мемлекеттің іргесін қалады, ол Алтын Орда атауына ие болды. Оған жаңадан жаулап алған жерлер мен Жошы ұлысының аймағы кірді. 1243 жылы Еділдің төменгі сағасынан (Астрахан маңында) Батый астананың Сарай қаласын салдырады. Кейін Алтын Орданың астанасы Берке хан тұсында (1257-1266) Сарай Беркеге (Волгоград маңында) көшіріледі. Ортақтандырылған Моңғол империясы Мөңке хан өлгеннен кейін екі ағасы – Арықбұғы және Хұбылай Ұлы Хан болып тағайындалады. Бірақ Жошы ұлысының Берке және Шағатай ұлысының Хайду батыс билеушілері, тағайындалған хандарды мойындамай дербес мемлекеттерге айналады. Алтын Орданың іргесін қаламай тұрып Батый — ағасы Орда Еженге Қазақстанның басым бөлігін, бұрынғы Шығыс Дешті Қыпшақ (қазіргі Оңтүстік, Орталық, ішінара Солтүстік-Шығыс Қазақстан) жерін бөліп береді. Бұл Ақ Орда деп аталды. Арал теңізінің солтүстігіндегі жерлерді інісі Шайбанға берді. Ол Көк Орда деп аталды. Орыс кінәздіктері Алтын Орданың тәуелді еліне айналды, олар хандардан «кінәздік құруға жарлық» алып, алымсалық төлеп отырды. Ақ Орда ханы Орда Ежен жасының үлкендігіне қарамастан әкесінің тағын інісі Батуға береді. Өтеміс қажы осы оқиғаға байланысты былай деп айтып еді: «Менің сенен жасымның үлкендігі рас. Бірақ біздің марқұм әкеміз сені өте қатты сүйіп, еркелетіп өсірді. Мен де сені еркелеттім, саған бағындым. Егер де мен хан болсам, саған бағына алмаймын. Біздің арамызда реніш туады. Сондықтан, сен хан бол. Мен сенің хандығыңды көтере аламын»,-депті.
Алтын Орда көпұлтты және әрдеңгейлі шаруашылығы бар мемлекеттік құрылым еді. Мемлекет Жошы ұрпағынан шыққан шыңғыздықтардың меншігі болып саналды. Мемлекеттік мәселелерді шешуде құрылтай шақырылып отырды. Елшілік жүйесін беклербек басқарды. Атқарушы үкімет — диуан басында уәзір тұрды. Даруғалар мен басқақтар алым-салық жинау міндетін атқарды. Ноян, баһадүрлар әскербасы–түмендер, мыңбасы, жүзбасы болып тағайындалды. Басқару мен иемденудің ұлыстық жүйесі құрылды. Шыңғыздықтардың барлығы да ұлыс алуға хұқы болды. Шыңғыздықтардың басқа өкілдері ханға қызмет атқарғаны үшін ұлыс алатын. Бірте-бірте иммунитетті хұққа – тархандық пайда болды. Жер-суды мұралық тарту ретінде иелік сипаты сойүрғал қалыптасты.
Алтын Орда кезеңі Қазақстан тарихында үш ғасырға жуық уақытты қамтыды. Жалпы алғанда бұл кезең Қазақстанда болып жатқан этносаяси процесстерге үлкен әсерін тигізді. Алтын Орда кезеңінде Ұлы дала экономикасы жаңа сипатта гүлдене бастады. Сауда және халықаралық қатынастарының орталығына айналды. Осы кезеңде қазақ елінің этникалық бейнесі мен құрамы қалыптасты. Алтын Орда кезеңінде Еуразиялық Көшпелі өркениеттің, яғни дала мен қала мәдениетінің симбиоз түріндегі саясишаруашылық және мәдени байланысын түрік дәуірінен жалғасын тапты. Қытай хроникасыңда былай деп жазылған: «Шынғыс хан Шығыс пен Батысты байланыстыратын шекараларда өз мүддесін жүргізді, қамалдар мен бастиондарды жермен жексен етті. Осыдан кейін ғана экономикалық және мәдени қатынастар жақсарып, Шығыс пен Батыстың гүлдену кезеңі басталды». Бұл симбиоз жүйенің қан тамыры-сауда. Батыс Қазақстандағы Сарайшық қаласында тенге сарайы болған. ХІV ғасырға қарай қала камалдарын қайтадан қалыпқа келтіру ісі қолға алынады. Ислам дінінің таралуымен қалаларда мешіттердің, кесенелердің өсуі көрінеді. Қазақстандағы исламды таратуда, қолдауда Яссауи сопылық ордені әсіресе белсенді болды. Бұл мектептің діни-мистикалық идеялары «Диуани-Хикмет» кітабында көрсетілген. Кейін Қожа Ахмет Яссауи кесенесі қазақтың ұлттық пантеонына айналған. Сонымен, Алтын Орда дәуірі қазақ материалдық және рухани мәдениетіне өз зандылықтары мен өзгешеліктерін енгізді.
Алтын Орданың гүлденген кезеңі Өзбек хан (1312-1342ж) мен Жәнібектің (1342-1357ж) тұсына келіп, ортақтандырылған мемлекет сипаты тарады. Өзбек хан исламды мемлекеттік дін деп жариялады. Әділ билік жүргізгені үшін халық Жәнібек ханды Әз Жәнібек деп атады. Шығыс деректерінің айтуы бойынша: «Дешті Қыпшақта оған тең әділ, әулие, қайырымды және кұдіретті патша болған жоқ»,-деді. 1359 жылы Бердібек хан өлгеннен кейін Алтын Орданы билейтін Жошы әулетінің Батый тармағынан өрбіген өкіл қалмады. Алтын Ордада қат-қабат қайшылықтар мен тартыстар басталды. Күрес барысында Ақ Орданың султандары Орда Еженнің әулеттері қатысты. Саяси дағдарыс нәтижесінде тәуелсіз иеліктер құрыла бастады. Алтын
Орданы қайтадан біріктіру ниетімен бастаған Орыс ханның (1361-1380) мақсатын Тоқтамыс іске асырды, бірақ өзінің бұрын болған қолқанаты (протеже) Әмір Темірмен абайсыздағы соғыс 1395 жылғы жеңіліспен аяқталады. ХV ғасырдың басында Алтын Орданы біріктіруші ниеттегілер болса да, Тоқтамыс секілді осы аймақта билігін мойындайтын билеуші әулет табылмады. Оның үстіне, ХV ғасырдың 20-30 жылдары Алтын Орда мемлекеті ыдырап, соның негізінде бірнеше жаңа түрік мемлекеттері құрыла бастады, олар: Қырым, Астрахан, Қазан, Сібір, Қазақ және т.б. саяси бірлестіктер – Еділ мен Дон арасынан құрылған Үлкен Орда және орталығы Жайықтың төмен ағысындағы Ноғай Ордасы.
Жоғарыда келтірілген саяси бірлестіктердің тарихи тағдыры Ресеймен тығыз байланысты болады. ХV ғасырдың екінші жартысында Ресей — түрікмоңғол әсерінен шығып, ХVІ ғасырда орталығы Мәскеу болған қуатты мемлекетке айналады. Алтынордалық саяси мұрагерлермен болған Ресейдің өзара байланысы, ақыр аяғында олардың барлығы Ресей мемлекетінің құрамына ілігеді. 1552 жылы Мәскеуге Қазан хандығы, 1556 жылы Астрахан хандығы, 1598 жылы Сібір хандығы енеді. ХVІІ ғасырдың басында Ноғай Ордасы күйрейді. Қырым хандығы 1783 жылы қосылса, Қазақ хандығына байланысты кіріптарлық ХVІІІ ғасырдың 30 жылдарынан басталып — ХІХ ғасырдың 60 жылдары аяқталады. Сөйтіп, ХVІ ғасырдың екінші жартысынан көрініс тапқан көпұлтты ресейлік дәуір басталады, Еуразиялық кеңістік интеграциясында болған түрік-моңғол (6-15ғ.ғ.) орнына орыс-түрік (16-
20ғ.ғ.) дәуірі келеді.
Кейбір араб және парсы тілдес жылнамаларында «Ақ Орда» сөзі ХІІІ ғасырдың орта кезінде кездеседі. Ақ Орда – моңғол шапқыншылығынан кейінгі Шығыс Дешті Қыпшақтағы алғашқы мемлекет. Билеуші әулет Жошы ханның үлкен ұлы Орда Еженнен тарайды. Олар мынадай тәртіппен билік жүргізген: Орда Ежен, Сартақтай, Қойыншы, Баян, Саты Бұқа, Ерзен, Мүбәрәк, Сымтай, Орыс хан, Құйрышық және Барақ. Мүбәрәк ханнан (13201344) бастап Ақ Орда Алтын Ордадан толықтай тәуелсіздігін алып, Шығыс Дешті Қыпшақтағы қуатты саяси күшке айналады. Оның территориясы әуелгі кезде Ертіс өңірі мен солтүстік Жетісудан Ұлытау мен Кентауға дейінгі созылып жатқан Ұлы Дала кірді. ХІV ғасырда Шағатай мен Моғолстан құрамында болған Жетісудан басқа Қазақстанның күллі жері, яғни Сырдарияның төменгі ағысы мен Арал өңірі бойында орналасқан Жошы ұлы Шайбанның ұлысы да Ақ Орданың Орда Ежен әулеттерінің билігінде болды. Астанасы Алакөлден Сығнақ қаласына көшірілді. Барақ хан (14231428) өлген соң Ақ Ордадағы билік Жошы ұлы Шайбан ұрпақтарына көшеді. Шайбандықтар әулетінің бірінші ханы Әбілхайыр (1428-1468) мемлекетіне қазіргі Қазақстанның Сырдарияның төменгі және ортанғы ағысының оң жағалауын қоса есептегендегі Ертістен Еділге дейінгі аймақ енді. Мемлекетін кеңейту мақсатымен жасаған жорықтардың нәтижесінде Түмен қаласын, Хорезмді, Астраханды, Қаратау алабы мен Сырдария бойындағы Созақ, Сығнақ, Аққорған, Үзкент қалаларын қосып алады. Араб және парсы деректерінде Әбілхайыр хандығының тұрғындарын «өзбектер» деп, ал мемлекетін «Көшпелі өзбектер мемлекеті» деп аталды. Іштен туған саяси ыдырау — Барақ ханның кіші ұлы Жәнібек пен Орыс ханның шөбересі Керей сұлтандардың басшылығымен тайпалардың бір бөлігі Әбілхайыр хандығынан бөлініп, Шу өзенінің төменгі ағысы мен Қозыбасы маңына көшіп кетеді. Осы кезден бастап Қазақстанның кейінгі тарихында маңызды рөл атқарған осы оқиғаны мамандар, көшпелі өзбектер мемлекетіндегі билікке қол жеткізу жолындағы «өзінше стратегиялық шегініс» деп санайды. Қазақ хандығы құрылғаннан кейін Әбілхайырдан тараған Шайбан әулетінің қазіргі Қазақстан аумағындағы билігі күйреп, Мауараннахрдағы әлсіреген Темір мемлекетін жаулап алады. Ақыр аяғында, Шайбандар сол жерде өз билігін орнатады. Сөйтіп, Қазақстан үрдісіндегі бұдан кейінгі және күні бүгінге дейінгі оқиғалар әлемдік өркениеті тарихында геосаяси мәнге ие әрі онымен дәйекті байланыста өтіп отырады.
Алтын Орданың ыдыраған кезінде ХV ғасырдың ортасында пайда болған Ноғай Ордасы Қазақстанның батыс бөлігін алып жатқан болатын. Оның негізгі аймағы Еділ мен Жайық алқабында мекендеген ірі тайпалардың бірі «Маңғыт жұрты» атауымен белгілі болатын. Ноғай Ордасының оңашалануы Алтын Ордада билік құрған әмір Едігеге (1396-1411) байланысты. Едігенің ұлы Нұраддин (1426-1440) тұсында Ноғай Ордасы бөлініп, дербес саяси бірлестігін құрды. Оның аумағы саяси жағдайға байланысты өзгеріп отырды. ХVІ ғасырға қарай деректерде «ноғай», «ноғайлы» термині пайда болған және көрші елдерге де осы атпен мәлім болды. Моңғол-қыпшақ тегінен шыққан ноғайлар ХІІІ ғасырдағы тайпалармен байланысты, сол кезде олар алтынордалық Ноғай түменнің әскери қүрамында болатын. Саяси және экономикалық билік іс жүзінде маңғыт әмірлерінің – Едіге ұрпақтарының қолында болды. Маңғыттардан басқа Ноғай Ордасының құрамында қазақ халқының қалыптасу процесіндегі тайпалар да қатысты.
ХІV ғасырдың ортасында Шағатай ұлысы екі иелікке – шығысында Моғолстан, батысындағы Мауараннахрда Әмір Темір мемлекеті құрылады. Әмір Темірдің әлемдік империяны құру барысындағы ұмтылысы кедергі болған құдіретті Алтын Орданы күйрету еді. Бұл жоспарды жүзеге асырмақ бұрын көрші елдерді, соның ішінде Ақ Орда мен Моғолстанды бағындыру болатын. Осы мақсатта ол Тоқтамысты пайдаланды. Әмір Темірдің көмегімен Ақ Орданы бағындырған Тоқтамыс, 1380 жылы Алтын Орда тағына байланысты тартыста оны сақтап қалып біріктіріп алады. 1380-1395 жылдары Ақ Орда мен Алтын Ордаға хан болып күшейген Тоқтамыс, Әмір Темірге қарсы шығады. Бірақ 1395 жылғы Әмір Темірдің жорығынан жеңілген Тоқтамыс, Сібірге қашып кетеді. Оны Сібір ханы Шәдібек 1406 жылы өлтіреді. Сонымен, Әмір Темірдің басқыншылық соғыстары Ақ Орданы, әсіресе Алтын Орданы әлсіреткен оқиғалар Еуразия тарихында жаңа саяси бірлестіктердің құрылуына себепші болды.
Моғолстандағы Шағатай ұрпағының Тоғлық Темірді (1347 жылы) хан тағына отырғызған дулат тайпасының әмірі Болатша, Моғол билеушілер әулетінің негізін салады. Оның территориясы өзгеріп отырса да, негізгі жері – Іле өңірі, Жетісу және қазіргі Қырғыстан өлкесі еді. Моғолстан қазақ хандығының құрылуына территориялық тірек пен саяси негіз болды.
Жетісуда қазақ хандығы құрылған соң көп ұзамай Моғолстан Жетісу өңіріндегі билігінен айырылады. Жетісудың түрік және түріктенген тайпалары Қазақ хандығының құрамына бірігіп, ұйытқысы болған Ұлы жүз этникалық процесінде қазақ халқының негізін қалады.