Түргештердің көсемі Үш Елик 699 жылы Батыс Түрік қағанатындағы қытай императорының тағайындаған басшысын жойып, өз билігін орнатты. Түркештер — Іле мен Шу өзені аралығын, Іле Алатауынан Балқаш көлінің оңтүстігіне дейінгі өңірін мекендеді. Шығыс пен Батыс арасындағы саудакеруен жолының осы Жетісу өңірін басып өтетін басты бөлігі түркештердің бақылауында болды. Бұл жағдай олардың әскери-саяси және шаруашылық қуатын арттыра түсті. Сонымен қатар, отырықшы егіншілік ошағы, біршама көркейген қалалары бар бай өлке еді. Түргеш әулетінің негізін салушы, 699706 жылдары билік құрған — Үш Елик Қаған еді, олардың ордасы Шу бойындағы Суяб қаласында болды, кейін Тараз қаласына көшірілді. Түргештер екі тайпалық жікке бөлінді: Іле өзені жағалауын мекендегендері – қара түргештер, Шу бойындағылары – сары түргештер. Жетісуда үстемдігін орнатам деушілердің бірлері – Қытай мен Араб Халифатына қарсы Түргеш қағанаты қажырлы күрес жүргізді. Үш Елик қаған және оның ұлы Сақал
Қаған кезінде (706-711) Түргеш Қағанаты Мәуреннахрдағы араб шапқыншылығына тойтарыс бере білді. Әсіресе, араб басқыншыларына қарсы нәтижелі күрес Сұлу Қаған кезінде (715-738) жүргізіледі. Ол сыртқы саясатындағы дипломатиялық құралын шебер қолдана білді, Шығыс қағанат пен Тибет патшаның Бикеш қыздарына үйленді, Қытайдың құлқындарын жұдырығында ұстай білді. Бірақ қауіп Араб Халифатынан төніп тұрды, Сұлуды өз жағына тартпақшы болған ниеттері жүзеге аспағандықтан, оған Абу Музахим (бодающий) деген атау тақты.
VІІІ ғасырдың ортасында Жетісу алқабы үшін Қытай мен Арабтардың мүдделері қақтығысып, соның салдарынан Тараз қаласының маңындағы Талас бойында 751 жылғы шілде айында Талас шайқасы болды. Хорасандағы аббасид халифы Абу Муслим жіберген араб әскері Гао Сянь Чжи басқарған қытай әскеріне тойтарыс бере алды. Қытайлықтарды жеңуде шешуші шайқасты қарлықтардың ерлігіне байланысты болды. Бұл шайқас үлкен маңызға ие болды: біріншіден, қытайлықтар Қазақстан жеріне ендігі жерде ішкі ісіне араласпақ түгіл, қолдарын ұзақ уақытқа дейін сұға алмады; екіншіден, Қазақстанға Ислам мәдениетінің ықпалы немесе өзара байланыс дәуірі басталды.
Осы кезде Алтай тауын мекен еткен қарлұқтар күшейе түсті. Олар түркеш қағандығын жеңіп, өзіне бағындырды. 756 жылы Түркеш қағандығы құлады да, өкімет билігі қарлұқтардың қолына көшті. Түркеш қағандығы 699 жылдан 756 жылға дейін өмір сүрді. Түркеш қағандығында отырықшы қалалар дамып, егіншілік пен мал шаруашылығы өркендеді. Ду Хуан құрастырған «Саяхатнама» атты еңбегінде былай делінген: «Шу өзенінің оңтүстікбатысында Тараз деген қала бар. Ол Арал теңізінің шығысында, көктем мен жазда жауын өте аз түседі. Еріген қар суын пайдаланып, егін егеді. Бұл өңірде бидай, арпа, күріш, бұршақ, сұлы дақылдары егіледі. Олар жүзімнен әр алуан шарап жасайды». Сауданың өркендеуіне байланысты Түркеш қағандығында ақша айналымы болды. Олар ақшаны металдан жасады. Археологиялық зерттеулер көне қалалар жұртынан түркеш қағандығының металл ақшаларын тапты. Бұл теңгенің бір бетінде: «тұррас қаған бай баға» (түркеш қағаны бан баға), ал екінші бетінде: «сатым он оқ таңба» деген жазу бар. Бұл табылған ақшалардың Тараз қаласында соғылғаны анықталып отыр. Түркеш қағандығының жазу мәдениеті болған. Олар алғаш көне түркі (орхон) жазуын, кейін соғды жазуын қолданды.
Сөйтіп, Түргеш Қағанатының құлауы Ашын әулетінің жойылуына әкеледі. Батыс Түрік Қағанатының орнында түркі тілдес халықтардың бірнеше мемлекеті пайда болады: Солтүстік Тянь-Шань мен Жетісуда — Қарлықтар мемлекеті (756-940); Сырдарияның төменгі сағасында, Арал жағалауында – Оғыз мемлекеті (ІХ-ХІғғ.басы); Ертіс бойы мен қазіргі Солтүстік және Орталық Қазақстан далаларында – Қимақтар (кейінірек қыпшақтар) мемлекеті (ІХғ.-ХІғ.басы); Қарахан әулетінің мемлекеті (942-1210); Қыпшақтар Хандығы (ХІғ.басы-1219); Еділдің төменгі сағасы мен Солтүстік Кавказда – Хазарлар мемлекеті; Орталық және Солтүстік-Шығыс Азияда сондай түркі тілдес, туыстас тайпалардың мемлекеттері пайда болды: Ұйғыр Қағанаты (745-840) және Қырғыз Қағанаты (840-1124).
Қарлұқ мемлекеті (756—940 жж.). Қарлұқ туралы алғашқы деректер V ғ. жатады, ол кезде олар «бұлақ» деген атпен мәлім болыпты. Ежелгі түріктердің руникалық ескерткіштері «үш қарлұқ» (қарлұқтардың үш тайпасы) атын Алтай тауы мен Балқаш көлінің шығыс жағалауы арасын қоныс тепкен көшпелі тайпалардың қуатты одағына да таратқан. Ерте орта ғасырды зерттеген ғалымдар бұл атауға ірі-ірі үш тайпаны біріктіреді: бұлақ, шігіл және ташлық .
742 ж. Шығыс Түрік Қағанаты құлап, билік үш тайпаның: қарлұқтардың, үйғырлар мен басмылдардың одағына көшеді. Алайда 744 ж. тайпалар арасындағы қақтығыс ұйғырлардың жеңісімен аяқталады. Орталық Азияда жаңа мемлекет-үйғыр қағанаты (744—840 жж.) пайда болады. Өзінің одақтасы ұйғырлармен бәсекеге түскен қарлұқтар жеңіліске ұшырап, Жетісу жеріне қарай ығысуға мәжбүр болды. Жетісуға келген қарлұқтарға Түргеш қағандығы тойтарыс бере алмады. Сөйтіп, 756 жылы түргеш қағандығының орнында Қарлұқ Қағандығы құрылды. Көсемдері — Елтебер, билеушілері — Жабғы, ал 840 жылдан бастап — Қаған лауазымын тақты. Қарлық мемлекетінің негізгі аумағы шығыста Жоңғар Алатауынан, батыста Сырдарияға дейін, солтүстікте Балқаш көлінен, оңтүстікте Ыстық көлге дейінгі жерлер қарады.
Қарлұқ конфедерациясына халықтар этникалық жағынан бір тектес болмады, олардың ішінде түрік тілді тайпалар мен иран тілді-соғдылар, Таяу Шығыс пен Орталық Азия елдерінен ауған келімсектер бартұғын. Ықпалы бар аймақтарда, тұрғындарды түріктендіру үрдісі қызу жүріп жатты. 840 ж. Енисей қырғыздары үйғыр қағанатын жойып, ұйғырлар Түрфан мен Ганьчжоу аймағына еріксіз көшуге мәжбүр болады. Бұл оқиғаны қарлұқ жабғысы Білге Күл Қадыр-хан шебер пайдаланып, ел билеуге жаңадан қаған атын алады.
Қарахан мемлекетінің (942-1210) негізін салушы – қарлықтар бірлестігіне кіретін шігіл тайпасынан шыққан Сатық Бегре хан (915-955). Ортағасырлық авторлар қарахандардың әуелгі аумағы Орталық Тянь-Шаньнің оңтүстікшығысы мен Қашғардың солтүстік бөлігі деп санайды. Кейіннен, Сатық пен оның ұлы Мұсаның (Байташ) кезінде бұл хандыққа Орталық Тянь-Шань, Жетісу, Ферғана, Мәуреннахр қосылады, иеліктің батыс шекарасы Әмудария өзені мен Арал теңізіне, солтүстігі Балқаш көліне, шығысы Алакөл мен Тарбағатай тауларына дейін созылады. Ордасы Шу жазығында болса, астанасы Баласағұн қаласы болды. Қарахан мемлекеті 1041-1042 жылдары тәуелсіз екі мемлекетке бөлінгеннен кейін Батыс Қағанаттың астанасы Үзкент, кейін Самарқан қаласы болса, ал Шығыс Қағанаттікі Баласағұн, кейіннен Қашқар қаласы болды. Сөйтіп, Мәуреннахр батыс қарахандардың иелігіне, Шығыс Түркістан мен Жетісу шығыс қарахандардың иелігіне қарады.
ХІІ ғасырдың бірінші жартысы бір кездегі қуатты империяның тарихында аумалы-төкпелі жылдарға айналады. Орталық-азиялық тайпалардың: қидандардың, наймандардың және керейіттердің жаңа легінің шабуылы, селжүктер әулетімен болған аяусыз күрес, өзара қырқыстардың көбеюі Қарахандар мемлекетінің күйреуіне әкеп соқтырады.
Қарахан әулетіне байланысты болған маңызды оқиғаның бірі – Сатық Бегре хан 955 жылы (мұсылман аты — Әбд-әл-Керим) мұсылман дінін қабылдап, Ислам мемлекеттік дінге айналуымен атап өтеді. Енді, елді исламдандыру көне түрік руникалық жазуын тықсырып, араб әрпіне негізделген жаңа түрік жазуының түзілуіне жеткізеді. Сөйтіп, түркілер Ислам әлемінің мәдени кешеніне енеді.
Қарахан әулетіндегі мемлекеттік құрылымның бір өзгешілігі — әскери басқару әкімшілік басқарудан бөлінуі еді. Жер иеленуде – Икта институтын енгізді. Иктаның бірнеше түрі болды. Атап айтқанда, икта үлгісіндегі жер сыйлықтары ірі, орташа және ұсақ жер сыйлықтарына бөлінді. Әскери икта да көп тарады. Икта алған әскер басшылары оны өздеріне бағынышты жауынгерлерімен бөліске салды. Үлес мөлшері адамдардың қызметіне, әскери дәрежесіне және сіңірген еңбегіне байланысты болды. Иктаны екінші біреуге беру арнайы қағазбен (грамота) расталды. Иктамен қатар жер иеленудің басқа түрлері де болды. Қарахан билеушілері казынаға түсетін салық көзі — үлкен жер бөліктерін иеленді. Мұндай ірі аювр бөліктері жаудан тартып алынған жерлерден кірді. Мұсылман дін басыларының қарамағында да ірі жер бөліктері болды. Ол жерден мемлекет пайдасына салық алынбады. Жалпы икталық жүйе әлеуметтік жіктелудің күшеюіне, дамыған қатынастардың мемлекеттік деңгейін бейнелеп берді. Бұл кезеңде мемлекет құрамындағы халықтарды біріктіруші «түрік» термині бұрынғы жалпылықтан этникалық тұрғыдағы тар мағынаға ие бола бастайды. Қазіргі Қазақстан аумағы мен Орта Азия арасында тығыз территориялықшаруашылық байланыстары орныға бастайды.
Сонымен, көшпелі дала мен қала мәдениетін үйлесімді қолдана білген Қарахан мемлекеті болды. Осы үрдіс халқының саяси, шаруашылық және мәдени өміріне, діни нанымына және этникалық бірігуіне терең ықпал жасады, қазақ халқының құралуына елеулі рөл атқарды. Яғни, оның қалдырған дәстүрі кең байтақ Ұлы Далада жалғасын табады.
Қидандар туралы алғашқы дерек V ғ. жатады, олар ол кезде Қиыр Шығыстағы Уссури алқабында мекен еткен. Ол X ғ. күшті одақ құрып, қытайдың солтүстікке қарай көптеген жерлерін бағындырып, Ляо патшалығын (907-1125) құрды. Сол кезде олардың жерлері Қашғардан қытайдың Ұлы қамалына дейін созылып жатты. Осы әулет қытайға өз атауын берді (қытай – киданның жерлері деген ойды белгілейді). Амурдан келген Чжурчжень тайпалары Сунь патшалығымен одақтасып, кидандармен соғысады. Бұл соғыс Ляо мемлекетінің іргесін шайқалтып, кидандардың батысқа қарай жылжуын мәжбүр етеді. Соның салдарынан қидандардың көсемі Елюй Даши Еміл өзенінің бойына жетіп, аттас қала салып, 1225 ж. бастап үстемдік ықпалын кеңейтетін дәуірін бастайды. Қарахан әулетіндегі тайпалар арасындағы тартыс қидандардың күшеюіне жол ашады. Замандас деректердің келтіруі бойынша: «Түркістан патшалары» қара қытайлардың
(қидандардың атауы) көмегімен бірін-бірі «бағындыру және талқандау» әрекеттерін жүргізді, ал бұл жағдай қидандардың күшеюіне және кеңеюіне жол ашты,- деп, шынайы оқиғаларды баяндап берді. Аталған себептер Ляо әулетінің ханзадасы Елюй Дашиға өз үстемдігін Шығыс Түркістаннан Амударияға дейін орнату қиынға түспеді. Ол Гурхан лауазымын алды. 1141 жылы орта азия жерлерін қосып алды. Сөйтіп, Жетісу, Оңтүстік Қазақстан, Мәуреннахр мен Шығыс түркістан қарақытай мемлекетінің құрамына енеді. Бір ерекшілігі, Қидандар өзіне бағынған аймақтардың билеушілерін құлатпай, вассал (кіріптар) ретінде алым-салық төлеуді ғана мәжбүр етті. Мемлекетте басталатын түбегейлі өзгерістер Қидандардың соңғы Гурханы Чжилугу билік құрған кезге байланысты. Шыңғысханнан жеңілген наймандардың көсемі Күшлік хан 1208 жылы Жетісуға келіп, қоныстана бастайды. Ақырында Қидандардың дәуірі наймандардың заманымен алмасады.