Т.ғ.к, қауымд. профессор Ноғайбаева М. С.
Әл-Фараби атындағы, Тарих,археология және этнология факультетінің 2-курс магистранты Жақсылықова А. С.
Орталық Азия дәстүрлі өркениеттерін зерттеу бойынша республикалық ғылыми орталықтың қоғам үшін маңызы
Орталық Азия — ел қызығушылығын тудыртатын өркениеті мен мәдени аспектісі бойынша тарихи бай аймақтардың бірі. Көшпелі заманнан ерекше тарихи территорияға айналған бұл аймақтың сыр шертер мәселелері де көп. Соған сәйкес, ҚазҰУ-де «Орталық Азия дәстүрлі өркениеттерін зерделеу» жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу орталығы ашылған болатын. Орталықтың директоры қызметіне көне түркі тайпаларының тарихын зерделеудегі танымал ғалым, тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА Құрметті академигі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Омарбеков Талас Омарбекұлы тағайындалады. Орталықтың қызметі Қазақстан мен Орталық Азияның дәстүрлі өркениеттерінің ғылыми проблемаларын жаңа әдістемелік ұстанымдардың негізінде әлемдік тарихнамадағы таным әдістерін сындарлы қайта бағалау тұрғысынан пысықтауға бағытталған.
Жобаның мақсаты — Орталық Азия көшпелілерінің этноаумағының қалыптасуына, мемлекеттік құрылымына, эволюциясына, билік және дәстүрлі құқық мәселелеріне, дәстүрлі көшпелі шаруашылықтың күйреуіне кешенді түрде талдау жасау және тарихи деректер мен тарихнамалық жетістіктерді жаңаша тұрғыда зерттеу, сондай-ақ, отырықшы және көшпелі өркениеттердің синтезін көрсету, көшпелі және отырықшы халықтың мәдени-тарихи ықпалдастығынан туындаған мәселелерге негізделген дереккөздерге аксиологиялық талдау жасау жобаның мақсаты болып табылады.
Негізгі міндеттері төмендегіндей:
• Орталық Азияның көшпелі халықтарының этноаумағының қалыптасуының мәселелерін зерттеу;
• Қазақстан аумағындағы мемлекеттілік пен саяси құрылымдардың теориялық және методологиялық мәселелеріне талдау жасау;
• Дәстүрлі қоғамдағы билік және әдеттегі құқықтың рухани құндылықтар мен сабақтастығын анықтап, нақты қорытындыларға келу, кешенді түрде салыстырмалы талдау жасау;
• Көшпелілер өркениетіндегі табиғат пен қоғамның қарым-қатынасы үдерісін зерттеу, түркі халықтарының, соның ішінде қазақтардың дүниетаным жүйесін анықтауда басымдық ретінде түркі мифологиялық мәдениетінің бастауларын негіздеу;
• Негізгі концептуалды ұстанымдарды, түркілердің ерте ортағасырлар қоғамындағы табиғи-клитаттық факторлардың рөлі туралы мәселелерді зерттеудің бағыттарын талдау;
• Түркі мифологиялық мәдениетінің контекстінде (халыққа белгілі білімдердің рөлі, мифологиядағы әйел бейнесі, алтай халқындағы дәстүрлі әдеп мысалында) көшпелі түркілердің дәстүрлі дүниетанымын қарастыру арқылы мәселенің зерттелу деңгейі мен ғылыми-теориялық ізденістердің сабақтастығын анықтау;
• ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы Әкімшілік ережелердің қазақтың дәстүрлі шаруашылығының сипатына әсерін ғылыми зерделеу, дәстүрлі шаруашылық ырғағының бұзылуының тарихи себептерін ғылыми таразыға салу;
• Көшпелі қоғам өкілдерінде қалыптасқан соғыс өнері мен қару-жарақ түрлеріне қатысты жазба деректермен қатар ауыз әдебиеті үлгілерін пайдалана отырып, талдамалы зерттеулер жүргізу.
Зерттеу объектісі — Орталық Азия және Қазақстанның ерте және ортағасырлық тарихының этно-мәдени, этно-территориялық, саяси, әлеуметтік мәселелері, басқару жүйесі, мемлекеттілік мәселесі, әскери өнер, көшпелілер мен отырықшылардың мәдени синтезі, ХІХ ғасырдың ІІ жартысы – ХХ ғасырдың бас кезіндегі дәстүрлі шаруашылықтың сипаты, ХХ ғасырдың бас кезіндегі қоғам, кеңестік үкіметтің орнауы кезіндегі дәстүрлі шаруашылық ырғағының бұзылуы, дәстүрлі шаруашылықтың күйеуі мәселелері жобаның басты зерттеу нысаны.
Орталықта негізінен 7 жоба жұмысын атқарып тұр:
1. Ортағасырлардағы Орталық Азия көшпелілері этнотерриторияларының қалыптасуы
2. Орталық Азия көшпелілері мемлекеттілігінің эволюциясы
3. Орталық Азия көшпелілерінің әскери ісі мен соғыс өнері
4. Орталық Азияның «көшпелі империялары» мен отырықшы-егінші халықтарының өзара әсерлесуінің тарихи-мәдени пардигмалары
5. Орталық Азия халықтарының көшпелі өркениетіндегі табиғат пен қоғамның өзара байланысы
6. Көшпелілер Ресей империясы құрамында: басқару ерекшеліктері, мәдениет пен шарушалықтың дамуы
7. Кеңестік тоталитарлық жүйедегі көшпелілердің дәстүрлі мәдениеті мен көшпелі қауымының күйреуі
Көріп отырғанымыздай, жоба аясында Орталық Азияның көшпелілері мен жалпы аймақтың өркениеттілік тарихы жан-жақты сарапталып, тарих толқынындағы осы аймақта орын алған процесстерге егжей-тегжейлі көңіл бөлінген. Аймақтың тарихи-мәдени мұрасын тұтастай көруді қалыптастыруға да өзіндік септігін тигізе алады. Аталмыш ғылыми орталықтың нәтижелері де қоғамдағы білім жүйесіне елеулі өз үлесін қосуда.