ҚОРДАЛАР

ҚОРДАЛАР
Көңнің әсерін күшейту және қолданылатын органикалық тыңайтқыш мөлшерін арттыру үшін, шаруашылықта қорданы кеңінен пайдаланудың маңызы үлкен. Қорда даярлау үшін сабан қалдықтарын, көң садырасын, өнеркәсіп қалдықтарын, тамақ қалдықтарын, өсімдік жапырақтарын, түрлі нәжістерді, күлді және минералдық тыңайтқыштарды пайдаланады. Қорда дайындау тазалық-гигиеналық маңызы бар шаралардың бірі болып саналады. Қордаларды түрлі қалдықтардан даярлағанда ерденені қабат-қабат етіп жинайды. Онда әр қабаттың қалыңдығы 50-60 сантиметрге жеткенде, сумен немесе қи садырасымен толық шыланғанша сулайды. Қорда дайындауға пайдаланған қалдық бетіне жұқалап (10-12см) көң, құс саңғырығы салынып осылардың үстіне күл, суперфосфат немесе басқа фосфор тыңайтқышын себеді. Мұнда әр бір тонна қалдыққа 10-15 кг суперфосфат және 20-30 кг күл келуі қажет. Мұнан кейін осылардың үстіне қалдықтың жаңа қабаты салынады да, үстіне қи садырасы себіліп, тағы да құс саңғырығының, көңнің, фосфор тыңайтқышының келесі қабаты салынады. Ердене биіктігі 2-2,5 метрге жеткенге дейін осылай салына береді. Ердене үстін топырақпен жауып, оны нығыздап таптайды, 2-2,5 айдан кейін қорда пайдалануға әзер болады.
Көңге топырақ, суперфосфат қосу арқылы дайындалған қорда құрамындағы азоттың ысырап болу мейлінше төмендейді. Бұл ретте аммиак күкірт қышқыл аммоний түрінде байланыстырылады. Сонымен қатар органикалық заттардың шіруі жылдам өтеді және көңнің әсерін күшейте түседі. Егер 20 тонна көңде 8 кг аммиакты азот болса, көң топырақ қордасында оның мөлшері 35 килограмға дейін көтеріледі. Мұнда көң-топырақ қордасын даярлау үшін 10 тонна көңге 1,5-2 ц суперфосфат қосылады. Форформен байытылған көң-топырақ қордасы 2-4 айда қолдануға даяр болады. Көң-топырақ қордасын жылдың кез келген уақытында дайындайды. Қорданы негізгі тыңайтқыш ретінде, гектарына 15-20 тонна есебінде астық дақылдарына пайдаланады. Отамалы және көкөніс дақылдарына 30-50 тоннаға дейін қолданады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *