САБАНДЫ ТЫҢАЙТҚЫШ ЕСЕБІНДЕ ПАЙДАЛАНУ
Сабанның құрамында орта есеппен 0,5% азот, 0,25% фосфор және 0,8% калий бар. Сабанда органикалық қосылыстар түрінде 35-40% көміртек болады. Сабанды тыңайтқыш ретінде қолдану үшін оны топырақ бетіне шашып тастайды. Мұның өзі топырақтағы ылғал қорын сақтауға, физикалық-химиялық қасиеттерінің жақсаруына, су және жел эрозиясынан қорғауға, топырақ құрылымының едәуір жақсаруына ықпал етеді. Қазақ астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының жүргізген тәжірибе жұмыстары қорытындылары бойынша әр гектарға 5 тонна сабанды шашып топырақ бетін бүркегенде, оның жыртылатын қабатындағы ылғал жақсы сақталып, жаздық бидай өнімі 2,5 центнерге жоғарылаған. Ал топыраққа сабанды жамылғы ретінде қолданғанда, фосфор тыңайтқышының тиімділігі артып, қосымша өнім гектарынан 4-5,6 центнерге ұлғайған. Сабанды азот, фосфор тыңайтқыштарымен бірге жерді жыртар алдында еңгізу топырақ құнарлылығын сақтауда шешуші рөл атқарады.
Сабанды әуелі дискімен 8-10 см тереңдікке сіңіреді де одан әрі терең етіп жыртып тастайды. Азот тыңайтқыштарын сабанмен араластырып қолдану көміртектің азотқа қатынасын жақсартып, олардың ыдырауын, азотты қосылыстардың сіңімділігін тездетеді.
Сабанды тыңайтқыш ретінде пайдаланған танаптарға бұршақ тұқымдас немесе отамалы дақылдар сепкен дұрыс.
Ғылыми мекемелердің зерттеу жұмыстары 5 тонна сабан құрамында 20-35 кг азот, 5-7 кг фосфор, 60-90 калий, 10-15 кг кальций, 4-6 кг магний, 5-6 күкірт және 28 г бор, 15 г мыс, 150 г марганец, 2 г молибден, 200 г мырыш болатынын есептеп, бұл элементтер бидай өнімін біршама арттыратынын дәлелдейді.