КӨҢ САДЫРАСЫ
Бұл тыңайтқыш мал денесінен бөлінетін сұйық заттардан тұрады. Орта есеппен оның құрамында 0‚25-0‚30% азот‚ 0‚03-0‚06% фосфор және 0‚4-0‚5% калий болады. Көң садырасы негізінен азотты-калийлі тыңайтқышқа жатады.
Төсенішті көңді әртүрлі әдіспен сақтағанда бірдей мөлшерде садыра бөлінбейді. Мысалы‚ 10 тонна жас төсенішті көңді төрт ай тығыздап сақтаса 170 л‚ қопсытып-тығыздаса 450 л‚ қопсытылған күйде сақталса 1000 л садыра бөлінеді. Жас көң жылдам ыдыраған сайын бөлінетін садыра мөлшері көбірек болады. Орта есеппен жас көң массасының 10-15 пайызы садырадан тұрады. Жиналатын садыраның жалпы көлемі малды қолда ұстау мерзімінің ұзақтығына‚ төсеніш пен азықтың мөлшері мен сапасына‚ тағы басқа жағдайларға байланысты болады. Мысалы‚ ірі қарадан бір жылда (220-240 күн) орта есеппен 2-2‚5 м3садыра жиналады.
Садыра құрамындағы азоттың ысыраптануын азайту үшін төсенішті молырақ пайдаланады және ұнтақ суперфосфат қосады. Мұнда садыраның аммиакты азоты суперфосфатпен әрекеттесіп ыдырамайтын тұрақты қосылыс түзіледі:
Көң садырасын көбірек жинау үшін мал қорасына жақын жерден оны сақтайтын орын жасайды. Садыра үстіне машинада пайдаланылған май шашып қою керек‚ бұл азотты ысырап болудан сақтайды.
Көктемде және жазда көң садырасын ауыл шаруашылығы дақылдарын үстеп қоректендіру үшін пайдаланады. Бір гектар отамалы дақыл егісінің қатар аралығының 10-12 см тереңдігіне 5-10 тонна көң садырасы еңгізіледі. Күздік егістігі мен жайылым жерлерді тырмалар алдында әр гектарға 4-5 тонна есебінен көң садырасымен үстеп қоректендіреді. Жаздық дәнді дақыл‚ картоп‚ тамыр жемістілерге гектарына 15-20 тонна‚ көкөніс егістігіне 20-30 тонна көң садырасын топырақты жыртар алдында еңгізеді.