Қазақстанның ерекше қорғалатын табиғи аумақтары

1) Алматы қорығы.
2) Наурызым қорығы.
3) Қорғалжын қорығы
4) Марқакөл қорығы
5) Барсакелмес қорығы
6) Үстірт қорығы
7) Батыс Алтай қорығы
8) Алакөл қорығы
Алматы қорығы
Іле Алатауының төрінен орын тепкен Алматы мемлекеттік қорығы қаламыздың небәрі 25 шақырым қашықтықта жатыр. Бұл қорық 1934 жылы 6 мамырда құрылды. Бастапқыда қорық ұйымдастырған жердің көлемі 15 мың ғана гектар алқапты қамтыса, кейіннен оған көптеген жерлерді қосуға байланысты 40-шы жылдардың басында Алматы қорығының жалпы аймағы 857 мың гектарға жетіп, ол ерекше маңызы бар қорықтар қатарына енді. Сол кезде, оның қамтыған аймағы бүкіл Іле Алатауын, сонау Сөгеті жазығынан Каскелең өзені аңғарына дейінгі аралықты алып жатқан болатын. Оның құрамына Іле өзенінің жағалауы да кірген еді. Алайда, соғыстан кейінгі жылдары түрлі себептерге байланысты қорықтың көлемі бірнеше рет өзгеріп, тіпті кейіннен жабылып та қалды. Содан, Алматы қорығы 1960 жылдың 11 қаңтарында Іле Алатауының орталық бөлігіндегі таулы аймақта қайта құрылды. Қорықтың таулы бөлігінің алып жатқан жер көлемі 71 681 гектар. Оның ең төменгі нүктесі 1000 метрлік биіктіктен басталып 5017 метрлік Талғар шыңына дейінгі аралықты қамтиды. Бұл негізгі бөліктің батыс шекарасы сол жағы Талғар өзенінің арнасымен өтсе, солтүстіктегі оң жағы Талғар өзенінің арнасымен және Есік көлі қазан шұңқырымен шектеледі. Ал шығысында Есік өзенімен бойлай барып, Шелек өзенінің бастауына, Қырғыз елінің шекарасына барып тіреледі.
Сонымен қатар, қорық аймағына Іле өзенінің оң жақ жағалауындағы шөл далада жатқан Үлкен және Кіші Қалқан таулары да кіреді. Қорықтың бұл бөлігінің аймағы 17850 гектар. Аталған тау аралығында орналасқан, аты әлемге әйгілі «Әнші құм» да қорықтың осы бөлігінде.
Қорық жерінде табиғаттың барлық белдеулері анық байқалады. Мұнда, аптабы ыстығы бар шөл даланы да, тынық орманды белдеуді де және мәңгілік мұз болған тундраны да кездестіруге болады. Осыған байланысты қорық жеріндегі өсетін өсімдіктер мен мекендейтін хайуанаттар дүниесі түр жағынан бай келеді. Мәселен, қорық аймағында жоғары сатыдағы өсімдіктердің 590 түрі, мүктердің 107 түрі, қынаның 77 түрі және саңырауқұлақтардың 190-ға жуық түрі өседі. Ал, құстардың 170 түрі, сүтқоректілердің 60 түрі, баурымен жорғалаушылардың 20-ға жуық түрі қорықтың хайуанаттар дүниесін құрайды. Олардың қоры да әркелкі. Кәсіптік маңызы бар аңдардың қорықта: еліктің 500 басы, 300 қабааааан, мыңға жуық арқар, 60 марал, 40 аю және санаулы қасқыр тіршілік етеді. Қоры тым аз болғандықтан сиреп кеткен аң мен құс түрлері де аз емес. Алматы қорығында халықаралық табиғат қорғау одағының «Қызыл кітабында» жойылып кету қаупі бар аң ретінде тіркелген барыс, қарақұйрық мекендейді. ТМД және респуликалық «Қызыл кітапқа» тіркелгендерден- ақ тырнақты аю, арқар, сілеусін, сабаншы, шұбар күзен, сақалта, бүркіт сияқты хайуанаттар қорық жерін қоныстанса, осы аймақта өсімдіктер дүниесінің — Мушкетов түйесіңірі, Сиверс алмасы, Островский қызғалдағы сияқты өкілдері өте сирек кездеседі.
Іле өзенінің бойында жатқан қорық филиалының аймағында шөл және шөлейтті аймаққа тән өсімдіктер мен хайуанаттар түрлері таралған. Кіші және Қалқан тауларының аралығында аңның 43, құстардың 85, қосмекенділердің 3, бауырымен жорғалаушылардың 3 түрі тіршілік етеді. Сонымен қатар, осы екі тау аралығында, табиғаттың өзі жасаған ғажайып туындысы « Әнші құм» атты, биіктігі 150 метр, ұзындығы 3 километрге жуық құмды төбе орналасқан. Күн ашық кезде сәл ғана жел тұрса, осы құмтөбедегі құмдар бір орнынан екінші орынға сусып жылжып, күшті дыбыс шығарады. Сол сусыған құм дыбысы кәдімгі реактивті самолеттің дыбысына ұқсас келеді. Егер, күшті жел тұрса, сол дыбыстың әсерінен 3 километрдей жерде орналасқан үйлердің терезе әйнегі сылдырлайды. Мұндай дыбыс шығарушы қасиет құрғақ кремнезем қоспасы бар жақты, сусымалы таза құмдарда ғана болатының қазір ғылым анықтап отыр. Табиғаттың басқа да құбылыстары және қорықтың өсімдіктері мен хайуанаттар дүниесін, олардың экологиясын зерттеу жұмыстарына Қазақстан Республикасының ғылым академиясы бағыт беріп, қадағалап отырады. Барлық ғылыми- зерттеу жұмыстарының негізгі халықаралық «Адам және биосфера» (МЭБ) бағдарламасына сай, аң-құстардың, өсімдіктердің шыршалы ормандарға тигізер әсерін, пайдасы мен зиянын қадағалау тұрғысында табиғат байлықтарын қорғай отырып жүргізіледі. Ғылыми жұмыстар нәтижесінде, соңғы он жыл ішінде, қорықтың ғылыми қызметкерлерібаспасөз беттерінде 800-ден астам ғылыми-көпшілік мақалалар жарияланған екен. Көпшілік арасында қорықтың маңызын, оның табиғат қорғау ісіндегі алатын орнын кеңінен насихаттауда 1962 жылы ұйымдастырылған қорық музейінің алатын орны ерекше. Мұнда қорық жөніндегі мәліметтердің барлығы дерлік жинақталған.

Наурызым қорығы
Наурызым мемлекеттік қорығы 1959 жылы ұйымдастырылды. Бұл қорық ұйымдастырылғаннан бергі уақыт ішінде талай-талай өзгерістерге де ұшырады. Алпысыншы жылдарға дейін қорық бірнеше рет жабылып, артынша қайта ашылып отырған кездер де болды. Тек 1966 жылдың 18 қыркүйегінен бастап ол мемлекеттік қорық ретінде жұмыс істей бастады. Ал 1968 жылдан Наурызым қорығы республикалық экология және табиғат ресурстары министрлігінің қарауына енеді . Арада өткен талай өзгерістер қорық жерінде із қалдырмай кеткен жоқ. Мұнда шаруашылық жұмыстары кең етек алумен қатар, қарағайлы орман алқаптарының едәуір жерін өрт те шарпыды. Дегенмен, соңғы жылдары жүргізіліп келе жатқан жұмыстар бұл аймақта қорықтық режимнің сақталатындығын байқатады.
Наурызым қорығының қазіргі уақытта алып жатқан жер көлемі 87 694 гектар. Соның 17 662 гектары немесе 19,5 пайызы орманды алқаптардың үлесіне тиеді. Олар- Терсек, Сыпсың және Наурызым реликтілі қарағай орман алқаптары. Сонымен қатар, қорық жерінде Жаркөл, Ақсуат, Сарымойын атты көлдер бар. Аталған көлдер, әсіресе, көктем мен күз айларында нағыз құс базарына айналады. Мұнда солтүстікте тіршілік ететін құстар жылы жаққа барар және қайтар жолда дем алуға отырады. Селеу өскен жазық далалар мен ормандар арасында аң мен құстардың көптеген түрлері кездеседі. Жалпы қорық аймағында құстар 200-ден астам, сүт қоректілердің 30, қос мекенділер мен бауырымен жорғалаушылардың 10-нан астам және омыртқасыздардың 700-ге жуық түрі мекендейді. Ал, өзен-көлдерде балықтың 10-ға жуық түрі мекен етеді. Жүргізіліп отырған ғылыми жұмыстардың дені реликтілі қарағай ормандары, өсімдіктер дүниесі мен тұзды көлдерде мекендейтін қанаттылар экологиясын зерттеуге бағытталған. Қорықта жан-жақты жабдықталған табиғат музейі де жұмыс істейді. Қостанай облысының Наурызым және Семиозер аудандарының аймағында жатқан Наурызым мемлекеттік қорығы табиғаттың қайталанбас бір бұрышының көркін бұзбай сақтап қалу тұрғысында өзіне жүктелген міндеттерді мінсіз атқарып келеді десе де болады.

Қорғалжын қорығы
Теңіз – Қорғалжын көлдер жүйесін және далалы аймақтың біраз бөлігін қамтитын Қорғалжын мемлекеттік қорығы 1968 жылы ұйымдастырылған еді. Алайда, үш жылдан кейін ол орман-аңшылық шаруашылығына айналды да, кейіннен қайтадан қорық болып құрылды. Бастапқыда 15 мың гектардай жерді алып жатқан болса, қазіргі уақытта Қорғалжын қорығының аймағы 235661 гектарға тең. Оның көп бөлігін көлдер алып жатыр. Мұнда көктем мен күз айларында көл беті қанаттылардан көрінбей кетеді. Себебі алыс сапар шегіп бара жатқан құстар тынығу үшін бұл көлдерде біраз қонақтайды. Жылдың қай мезгілі болмасын, қорық аймағы қанаттылардың құтты қонысы.Сол себепті Қорғалжын мемлекеттік қорығы ЮНЕСКО белгілеген халықаралық маңызы бар сулы-батпақты резерваттар қатарына жатқызылған. Қорық аймағында құстардың 225 түрін, сүт қоректілердің 30түрін, қос мекенділер мен бауырымен жорғалаушылардың оншақты түрлерін кездестіруге болады. Олардың барлығы да қамқорлыққа алынған. Әсіресе, дүние жүзі бойынша сиреп кеткен қоқиқазды қорғап, қорын молайтуда қорықтың алатын орны ерекше. Колония құрып тіршілік ететін қоқиқаздар қорық жеріне ұя салып, жұмыртқа басады. Ұяларын балшықтан соғып, оны жерден биіктеу етіп салады. Соңғы жылдары көл суы деңгейінің төмендеуіне байланысты, қоқиқаздар колониясының саны азайып барады. Мәселен, қорық алғаш ұйымдастырылған жылдары қоқиқаз саны 50 мың шамасында болса, қазір бұл көрсеткіш 10 мыңға жетер-жетпес.
Сыйдиған ұзын сирағы мен имектеу тұмсығы болмаса, қоқиқаз бір көргенде алыстан аздап аққуға ұқсайды. Тек оның басты өзгешелігі- қоқиқаз қанатының қызғылт түсті болуы. Сол себепті, бұл қанаттыны кейде, қызылқанат немесе қызылқаз деп те атайды.
Қоқиқаздан басқа қорық жерінде өте сирек кездесетін аққу, бұйра бірқазан, қызыл жемсаулы қарашақаз, аққұтан, дуадақ, безгелдек сияқты құстар тіршілік етеді. Жүргізіліп келе жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстарында басты назар көл суларында мекендейтін қанаттыларға аударылады. Көл суы деңгейінің төмендеуінің табиғатқа тигізер әсері де ұдайы ескеріліп отырады. Келешекте көлдер деңгейін қалпына келтіру үшін Ертіс-Қарағанды каналынан қорыққа су бұрудың мәні зор.

Марқакөл қорығы
1976жылы 4 тамызда ұйымдастырылған Марқакөл мемлекеттік қорығы Шығыс Қазақстан облысындағы Күршім мен Азу аралығында жатыр. Осы екі қыратпен көмкеріліп, айдыны күн бетіне шағылысқан Алтайдың ару көлі – Марқа адам қамқорлығына алынды. Бұл тұщы көл теңіз деңгейін 1500 метр биіктікте орналасқан. Оның жалпы аумағы 544 километр, ұзындығы 38, көлдеңені 19 километрге дейін жетеді. Ең терең жері 25 метрге жуық. Көлге тұс-тұстан 27 өзен мен бұлақ келіп құяды да, бір ғана Қалжыр өзені ағып шығады.
Марқакөл мемлекеттік қорығының аумағы 71 369 гектар. Шалқып жатқан Марқа жағалауы жасыл желек жамылған ну орманға тұнып тұр. Ақ қайын тал, көктерек, үйеңкі, долана, мойыл көздің жауын алады. Тауға таяу және оның баурайында көкке тік шаншылған балқарағай бой түзеді. Жайқалып өскен шөптесін өсімдіктер дүниесі де өте бай. Көлде балықтың бірнеше түрі бар. Атап айтқанда, жергілікті тұрғындар «Қызыл қашаған» деп атап кеткен майқан немесе қаяз балығы, хариус, талма, теңге балық (пескарь) ойнақ салады. Қорықтың хайуанаттар дүниесі де сан алуан. Мысалы, мұндағы көл айдыны мен оның жағалауындағы тоғайларда сүт қоректілердің 40, құстардың 200-ден аса түрі мекендейді. Биологиялық өнімділігі жағынан біздегі тау көлдерінің бірде-бірі Марқакөлге тең келе алмайды. Өсімдіктер мен хайуанаттар дүниесінің ерекшелігімен қатар ол жергілікті ауа райын реттеп отырады.
Таяуда ұйымдастырылған Марқакөл қорығы өзінің алғашқы қадамын жасауда. Кенді Алтай өлкесінің көркіне көз тоймас осынау көрікті бұрышын сақтап қалу мақсатында ұйымдастырылған Марқакөл мемлекеттік қорығының келешегінен мол үміт күтуге болады.

Барсакелмес қорығы
Арал теңізінің солтүстік-батыс бөлігіндегі өзі аттас шөлейтті аралда орналасқан. Аралдың жалпы көлемі шамамен 200-250 км2. Қорық 1939 жылы ұйымдастырылған, ондағы мақсат-жалпы табиғат кешенімен қатар саны азайып бара жатқан ақбөкен мен қарақұйрықты қорғау болды. Десе де, сонғы жылдары Арал теңізі деңгейінің төмендеуіне байланысты Аралдың жер бедеріне едәуір өзгерістер енді. Ондағы көлдер кеуіп, олардың орнына үлкен көлемді сорлар пайда болды. Мұндай жағдай қорықтағы өсімдіктер мен жануарлардың тіршілік етуіне күшті әсерін тигізіп отыр. Бұрын Аралда жоғары сатыдағы өсімдіктердің 250-ден аса түрі өссе, соңғы кезде олардың саны тіпті азайып, кейбіреулері жойылып кету қаупінде. Бидайық, жусан, сексеуіл сияқты өсімдік сиреп барады. Қорыққа шөлде аймақққа тіршілік етуге бейімделген жануарлар тән. Негізгі қорғалатын аңдар: ақбөкен, қарақұйрық және құлан. Алғашқыда бұл қорық ақкөбенді қорғау үшін құрылған еді. Өйткені, мұнда бұл аңды жерсіндіргенге дейін оның бар болғаны 4-5 ешкісі ғана бар болатын. Одан кейін бұл жерге ақкөбеннің 6 текесі мен ешкісі жіберілді. Олар оңай жерсініп, жылдан-азайып кеткен қарақұйрық сияқты бағалы аңдарды көбейту үшін оны осы аралға 1930 жылы жерсіндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесі табысты болып, бұл жануарлар саны да өсті. 1953-1964 жылдар аралығында 19 құлан Түркменстанның Бадхыз қорығығынан осында әкелініп жіберілген. Мамандардың алдында олардың саны өскендіктен Қазақстанның басқа шөлді аумақтарынан Маңғыстау және Алматы облыстарында жерсіндіру жұмыстары қолға алынды. Барсакелмес қорығы аса бағалы хауанаттар: құлан, ақбөкен, қарақұйрықтарды қорғап, олардың саның көбейтудегі мақсатын орындап шықты. Қанаттылардан қорықта – қарабауыр бұлдырық, итала қаз, қарақал, ителгі, бөктергі, бозторғайлар мекендейді. Бауырымен жорғалаушылардан жұмырбас және жүгіргіш кесірткелерді, ысылдағыш гекконды, қалқантұмсық жыланды ұшырастыруға болады. Көп жылдар бойы қорықта тұяқты жануарларды зерттеу жұмыстары жүргізілді. Жиналған материалдар бойынша 100-ден астам ғылыми еңбек жарық көрді. Арал теңізінің қазіргі проблемаларына байланысты бұл қорықты сақтау, ондағы қазіргі күнде жүріп жатқан табиғи даму процесстерді және болып жатқан өзгерістерді ғылыми зерттеу ғалымдардың міндеті.

Үстірт қорығы.
Қорық 1984 жылы Батыс Қазақстандағы Маңқыстау аймағы Ералиев ауданында құрылған еді. Қорықтың жалпы көлемі 223,3 мың гектар. Орталығы қорықтан 200 шақырым жердегі Жаңа Өзен қаласы. Қорықтың алып жатқан жері Арал мен Каспий теңіздерінің аралығындағы тегіс жазықтық пен көтеріңкі үстірттерден тұрады.Суға тапшы келеді. Жер үсті сулары жоқ. Құрылуының негізгі мақсаты – шөл белдемдеріндегі ерекше табиғи ландшафттарды, сирек кездесетін жануарлар дүниесін, табиғаттың қайталанбайтын көне дәуір ескерткіштерін сақтап қалу болды. Қорық аймағында Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген түз тағыларының 12 түрі кездеседі. Әсіресе, халықаралық деңгейде қорғауға алынған қарақұйрық, үстірт қойы (муфлон), қабылан, қарақалдардың тіршілік етуі ерекше орын алады. Сол сияқты қорық аймағында құлақты кірпі, құм тышқандары, қосаяқтар, кесірткелер мен жыландардың да көптеген түрі сақталған. Аталған хауанаттардың біразы қазіргі кезде түрлі себептермен сиреп бара жатқаны өкінішті-ақ. Ғалымдардың зерттеулері бойынша Үстірт қорығы өзінің жер қыртысының (рельефінің) ерекшелігімен қатар көне дәуір ескерткіштеріне аса бай. Үстірт жазығындағы кенеттен кездесетін тақтайдай жазықтар, известі топырақтан тұратын әр түрлі түсті керіштер кәдімгі ертегідей түрлі мүсіндерді елестетіп, ерекше әсер қалдырады. Кейбір үстірттер 200-250 м. биікке көтеріліп алып платолар түзеді. Оның формалары, рельефі, түстері бейне бір табиғат сұлулықтарымен үйлесімділік тауып, қолдан жасаған ғимараттардай көрініс береді. Көне дәуірде Үстірт теңіздің түбі болғандығының айғағы ретінде мұнда теңіз хауанттарының тіс, сүйек, қабыршақ т.б. қалдықтарын жиі ұшыратуға болады.
Қорықтың өсімдіктер жамылғысы да ерекше. Мұнда қатаң климатқа биімделген қара сексуілді ормандар, изен-жусанды жайылымдар, жыңғыл, күйреуік, сораң, байалыш, эфемерлер өседі. Ал, тоқтау суларда, бұлақтар төңірегінде қамыс, қоға жайқалып тұрады.
Қорықта жиі ұшырасатын құмды алқаптардың табиғаты ерекше келеді. Онда өсімдіктерден еркек шөп, жүзген, жоңышқа, түйетікен, жусан, ебелек, жыңғыл, қара сексеуіл кездеседі.
Қазіргі кезде Үстірт қорығында үстірт қойының, қарақұйрық, үнді жайрасы, қарақал, қабыландардың табиғаттағы саны өсіп әрі тұрақтанып келеді. Бірақта, соңғы жылдары қорықта аталған хауанаттардың саны азаюы байқалған. Мәселен, 1960 жылдары Үстіртегі қарақұйрықтың саны 100 мың басқа жетсе, ал, 2000 жылдары күрт азайып, жүздеген бас қалды деп саналды. Оның негізгі себептері: олардың табиғи тіршілік ортасының бұзылуы, таралуы және броконьерлік жағдайлар. Ал, үстірт қойлары 1960 жылдары 1300-1500 бас деп есептелсе, қазір бірнеше үйірлері ғана қалған. Кезінде Үстірт жазығында құлан да кездесетіні тарихта белгілі.
Қазір барлық түз тағылары құрып кету алдында. Қорық қызметкерлерінің алдындағы міндет-сирек аңдар мен құстарды өсімдіктер әлемін қорғап қалу. Оның үстіне Үстірт қорығына, құлан, қабылан, қарақұйрық, ақбөкен, қарақал, т.б. аңдарды қайтадан жерсіндіру, сақтап қалу бағытында ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде.

Батыс Алтай қорығы.
Батыс Лениногор, Алтай қорығы Шығыс Қазақстан облысының және Зырян аудандарының аймақтарын қамтиды. Ол 1992 жылы құрылған. Жер көлемі 30,73 мың га. Қорық қазақстандық Алтайдың Линей, Холзум, Кокшин атты тау сілемдерін алып жатыр. Қорық аймағында Ақ және Қара Уба өзендері мен Кедрово және Щербакова көлдері, т.б. кішігірім су жүйелері бар.
Қорықтың климаты Азия және Оңтүстік Сібір аймақтарына тән құбылып отырады.
Қорық негізінен табиғат белдемдерінің тау етегінен бастап субальпі, альпі биіктігіндегі табиғаттың сан алуан тайгалы аралас орманды ландшафттарын қорғауға бағытталған. Қорық өсімдіктерін түрінің және дәрілік өсімдіктердің көптігімен ерекшеленеді. Мәселен, мұнда орманның 25 типі, қылқанжапырақты ағаштардың көп түрі шоғырланған. Әсіресе, бағалы самырсын, май қарағайдың орны ерекше.
Батыс Алтай қорығында табиғат белдемдері сан алуан. Олар: шалғынды дала, бұталар, самырсынды, шыршалы тайга, субальпі, алпі және биік таулы тундрадан тұрады.Әрбір табиғат белдемдерінің өзіне тән фаунасы мен флорасы бар. Орман іші шипалы жеміс-жидек беретін ағаштарға, дәрілік өсімдіктерге өте бай. Әсіресе, субальпі белдемдерінде дәрілік өсімдіктерден марал оты, алтын тамыр және алтай срағалдақтарын, бәйшешектердің тұнып тұрған популяцияларын кездестіруге болады.
Альпі белдемдерінің де өсімдік жамылғысы сан алуан. Мұнда шөптесін көпжылдық өсімдіктер басым. Топтала өскен аласа қайың, алтай тиындағы, алтын тамыр, маралоты, т.б. өсімдіктер кездеседі.
Биік таулы тундра 2000-2200 м биікте жатыр. Бұл белдемде жатаған бұталы өсімдіктер, осоктар, альпі мүгі, қырықбуыны, альпі сутегіні, мойыл, т.б. өседі.
Батыс Алтай фаунасы да ерекше болғанымен ғылыми-зерттеу жұмыстары жанадан қолға алынуда. Осы аймақтың фаунасын зерттеуші Б. В. Щербаковтың мәліметі бойынша құстар өте тіршілік етеді. Кәдімгі бүркітті, қаршыға, лашын, ителгі, сақалта, ақ құр, саңырау құр, кекілік, шіл, бөдене,ақ дегелек, үкі, жапалақ, көкек сияқты құстарды жиі ұшыратуға болады.
Сүтқоректілерден алтай бұғысы, елік, құндыз, қоңыр аю, бұлан, кабырға (құдыр), бұлғын көптеп кездеседі.
Батыс Алтай қорығының ғылыми, экскурсиялық, танымдық мәні зор. Болашақта қорық экологиялық мониторингтік және ғылыми-зерттеу жұмыстарының ошағына айналатынына сенім мол. Себебі, табиғи ландшафттар әлі де болса өзінің алғашқы сипатын сақтаған экожүйелер болып табылады.

Алакөл қорығы.
Алакөл қорығы Алматы облысының Алакөл ауданының аймағында орналасқан. 1998 жылы құрылған ең жас қорық. Көлемі 73,3 мың га. Қорық солтүстігінде Тарбағатай, шығысында Барлық пен Майлы, оңтүстігінде Жоңғар тау жоталарымен қоршалған. Батыста Балқаш көлі ойысымен шектелсе, оңтүстік-шығысында Жоңғар қақпасына тіреледі. Қорықтың көлді бөлігін суы тұщы Сасықкөл, ащылау келген Ұялы және ащы сулы алакөл алып жатыр.
Қорықтың климаты қатаң. Әсіресе, қыс айларында «сайкан» және «ебі» атты күшті желдер үзбей соғып тұрады. Көлде су өсімдіктерінің 22 түрі өседі. Олардың негізгілері сары дүңгіршек, атқы жапырақ, су тұңғиығы.
Алакөл қорығының фаунасы да сан алуан. Мұнда сүтқоректілердің 28 түрі кездеседі.
Сүтқоректілерден: қабан, елік, түлкі кездессе, ал су айдынында құстар жыртылып айырылады. Құстардың 180 түрі тіркелген. Оларды сулы-батпақты, су жағалауында тіршілік ететіндер деп топтауға болады. Әсіресе, шағалалар, бірқазандар, жабағайлар, тырналар, көкқұтандар, аққу жиі кездеседі. Мұнда соңғы жылдары ғылымға тіркелген реликті шағаланың орны бөлек. Ол ТМД елдерінің қызыл кітабына енген құс.
Алакөл қорығының болашағы зор. Оның су құстарын қорғауға, кәсіптік балықтарды көбейтуге пайдасы тиер сөзсіз. Соңғы жылдары Алакөлге шетелдік туристер ағылуда. Болашақта қорық ғылыми-зерттеу лабораториясы болумен қатар еліміздің әлеуметтік, мәдени танымдық орталығына айналатын күн алыс емес.
Қазақстанда қорықтармен қатар, қорыққорлар, ұлттық парктер, табиғат ескерткіштерінің көпшіліктің экологиялық білімін мәдениетін, сауатын ашуда маңызы зор.
Десе де, көпшілік жұрт ерекше қорғалатын жерлер туралы біле бермейді. Қазақстандағы ерекше қорғалатын жерлер туралы оқушыларға дәл мәліметтер беріліп келген жоқ. Осыған орай, ерекше қорғалатын аймақтар туралы материалды жинақталған ықшамды кесте түрінде беруді жөн көрдік.
Оның мектептер мен колледждер, т.б. оқу мекемелерінде «Табиғат қорғау және экология» кабинетін жабдықтауға немесе көркемдеуге себі тиері сөзсіз.
Қорғалатын аймақтар туралы мәліметті және кесте үлгісін Ж. М. Мырзабековтың (2000 ж.) еңбегінен қысқартылып алынды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *