Адам бостандығы

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университет

Адам,оның құқықтары мен бостандықтары — ең қымбат құндылық
Оспан Нурдаулет Курдайулы

Экономика және бизнес факультеті, 3 курс

байланыс телефоны нөмірі -87787882396

электрондық почтасы -ospan.nurdaulet96@mail.ru

жетекшісі Абдукаримова Зауре Турганбайқызы з.ғ.к., доцент

 

Адам,оның құқықтары мен бостандықтары — ең қымбат құндылық
«Заң адам пайдасына жазылады, адам заң үшін тумайды ғой»
Ә.Бөкейхан

«Біз Тәуелсіз елдің жас ұландарымыз! Еліміз-тыныш, аспанымыз-ашық, болашағымыз-жарқын!» Иә, бұл сөзді біз көп айтамыз. Өзіміз туралы, еліміз туралы айтар болсақ, алдымен ауызға алар тәсіліміз де-осы. Қаумалаған аюлардың арасынан сытылып шыққан қасқырдай еліміздің амандығын тілеп отыратын қорқыныш та артта қалды. Ендігі мақсат-бәсекеге қабілетті елдермен иық тірестіретіндей дамыған мемлекетке айналу. Ол үшін, елбасының жолдауына сәйкес барлық міндеттер мен жоспарларға ат үсті қарамауымыз керек. Ол үшін әр адам жеке тұлға ретінде, өзім үшін және отаным үшін деп еңбек етіп, өз құқықтарын білуі қажет. Мемлекеттің тірегі халық болғандықтан, елімізде адам құқықтары мен оның бостандықтары назардан тыс қалған емес. Сәби дүние есігін ашқан соң, оны өсіріп тәрбиелеу де ата ананың мойнында. Ал, қай ата-ана баласының ұрлық, қорлық қатігездік деген секілді ойлаудың өзі қорқыныш тудыратын қоғамда өмір сүргенін қалайды?! Әрине бұған жауап берудің өзі қиындық тудырады. Сол үшін үлкен өмірге қадам басқан әрбір жас буын өзінің құқықтары мен міндеттерін дұрыс білгені абзал. Ал аталған мәселелерді бойына сіңіретін алғашқы мектеп ол- отбасы болмақ. Міне, сонда ғана заңға келгенде аңғалдыққа жол бермеуге болады.
Адам ол кім? Оның өмірдегі мақсаты не? Дегенмен, бір қарағанда оңай сияқты көрінген сұрақтарға жауап табу үшін бас шайқап қалатын кездер жиі болады. Оған жауап табу үшін, достардан не әлде бір адамдардан сұрау үлкен қателіктердің бірі. Мен бұл сұрақтардың жауабын табуға көп іздендім. Ақырында мынадай шешімге келдім. Адам ол жел секілді, жақсылық пен жамандықтың, махаббат пен қатігездіктің ортасында қалықтайды. Ал,бұл өмірдегі мақсатын түсінгендер мүлде басқаша әрекет етеді. Олар өмірді уысында ұстай алмайды, алайда олар тыңшы секілді әрекет етеді, алды-артын бағамдап, өзіне және еліне пайда әкеледі. Ал, кейбірі сол жолда өзінің межесіне жетпей өмірден өтеді. Бірақ бұл да ерлік. Міне, сондай жандарды нағыз адам деп атауға болады. Арман, мақсат, болашақ деген сөздерді естігенде соған жетер жолдағы мүмкіндіктерді саралауға болады. Бұл кезде ең бірінші, адам бостандығы мен құқығының бұзылмауына жол бермейтін заңдарға сүйенбеске болмайды. Бұл туралы ҚР Конституциясының 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары»-туралы айтылған. Бұл деген еліміздің ең бірінші орынға қоятын міндеті, бұл-даму не болмаса дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу емес, адам құндылықтары екенін байқауға болады. Демек, адам құқығын қорғайтын барлық жағдайлар заңнамада көрсетілгендіктен, мейлінше жаңа өзгерістерге назар салып, мән-мағынасына қанық болған жөн. Себебі, еркіндікті сүйетін адам жаны келеңсіз жағдайға ұшырамауы үшін өз заңын жетік білуі керек. Ал, заңға қарсы әрекет еткендер, әкімшілік жауапкершілікке тартылып,бас бостандығынан айырылуы да мүмкін. Бір қуантарлығы, еліміздің заңдар жинағында үлкен наразылық тудырған мәселелер бекітілмеген. Әлемде ең ауыр қылмыстарға ең қатал жаза түрлері бар. Мысалы, Қытай азаматтары жалған әскери ақпарат таратқанда, соғысқа арналған қару-жарақтарды дұшпандардың қолына бергенде, бүлік шығару үшін жалған ақпарат таратқанда» және тағы да басқа үлкен қылмыстар орын алған жағдайда өлім жазасына кесіледі екен. Бұл жазаның ең ауыр түрі басқа да мемлекеттерде қолданылады. Ал, біздің еліміздегі ең ауыр жаза-қылмыскерлерді өмір бойына бас бостандығынан айырумен шектеледі. Осыған байланысты мемлекетімізде халықтан өлім жазасын қарастыру туралы ұсыныстар да түскен болатын. Әйтсе де, мемлекет басшылары бұл ауыр жазаны қолдану негізсіз деп тапты. Міне, елімізде адам құқықтары мен бостандықтары қалай қорғалатынын осыдан -ақ аңғаруға болады. «Адамдардың заңы жақсылық құру және ұрыс дау дамайдан аулақ болу»- деп Ежелгі Қытай философы Лао-цзы айтқандай, шындығында әркім жүрген жерін қуанышқа бөлеп, өз жеке басына жауап бере алса, бұл деген бір ғанибет емес пе?! Неге дейсіздер ме? Себебі адам баласы кемшілікті өзінен көрмейді, біреудің мінін табуға асығады. Ал, бәрі керісінше болғанда адам өзінің кемшілігін тауып, өзгенікін көрмесе, Қытай философының адам заңы туралы ойы орындалар еді. Амал қанша, бәсекелестік артқан заманда аранын ашқан қасқырдан ентелеп қашқан қоянның да жолы болады. Нағыз мықты адамды білектің емес, мидың күшімен анықтайтын заман болып тұр. Себебі, қазір жалпыға бірдей заң болған соң бай баласы мен кедей баласының құзыры теңескен тәрізді. Заң бәріне ортақ. Егер заңға қайшы әрекет етсең, алдыңнан жаза күтеді, ал заңды білсең құқық бұзушылыққа өзің де жол бермейсің. Кез-келген нәрсені бастамас бұрын ойландыратын күдіктер мен қорқыныштар да сейіледі. Өз заңдарың мен жоспарларыңа сәйкес бақыт құшағында қалықтайсың.
Адам құқықтары мен бостандықтары- жеке тұлғаның әлем қауымдастығы мойындап, халықаралық-құқықтық құжаттарда бекітілген, әлеуметтік және құқықтық тұрғыдан қамтамасыз етілген, ешкім шек қоймайтын немесе тыйым сала алмайтын құқықтары мен бостандықтары. Әр адамның жеке бас бостандығы заңмен қорғалатын, тікелей мемлекеттің қарауында болатыны анық. Біз бір тудың астында ынтымақтастықта өмір сүріп жатқанымыз, ең әуелі осы мемлекетіміздің заңдарының арқасы десек, артық болмайды. Себебі мемлекет дегеніміздің өзі халықтан тұрады. Ал халықсыз ешқашан мемлекет болмайды. Сол үшін ең бірінші мемлекет халықтың мүддесін қорғауға және оның жеке бостандығын, сондай-ақ құқығын қорғауға міндетті. Ал мұндай адам бостандығын, өз елінің қарапайым халқының құқықтары мен бостандығын қорғай алмаса, оны қорғайтын заң болмаса, онда бұл ең құлдыраған өлі мемлекет.
Біздің Қазақстан Республикасының Заңдар жинағында ең әуелі әрбір азамат пен азаматшаның бостандығы мен құқықтарын қарайды. Қазақстан- көпұлтты мемлекет. 130-дан аса ұлт өкілдерімен бір шаңырақтың астында, бір үйдің баласындай, бірлік пен татулықта өмір сүріп жатқанымыз Елбасымыздың кемел саясаты мен заңдардың жүйелігінің арқасында. Біз осындай, өз құқығымызды білетін, бізді қорғаушы күштің бар екенін білетін мемлекетте өмір сүріп жатқан бақытты халықтың бірі, әрі бірегейіміз.
Әрбір азамат жеке тұлға болып қалыптасқаннан кейін өз құқығын толық білуге, нақтырақ айтатын болсам, мектептің заңы, оқушының заңмен қорғалатын міндеттері мен құқықтары, жұмыс орнының заңы, қызметкерлердің құқығы, т.с.с. заңнамаларды, яки өз құқығы мен міндетін білуге құқылы, әрі міндетті. Әрине, бес саусақ бірдей емес. Қазіргі кезде елімізде өз бас бостандығын қорғай алмайтын, толық құқығын білмейтін азаматтар да кездесіп жатады. Тіпті Қазақстан Конституциясында ол баптар мен тараудың бар екенін білсе де, оқығысы келмейтін адамдар да жетіп жатыр. Осындай бейжай қараудың нәтижесінде көп нәрсеге көз жұма қарайтынымыз өтірік емес. Сондықтан, біреуге есеміз кетпесін демесек, өз құқығымызды біліп, мемлекетке тигізер пайдамызды арттыра беруіміз керек. Біз ,қазақстандықтар, бодандықта емес, бостандықта өмір сүріп жатқан елміз. Тәуелсіз Қазақстанда өмір сүргендіктен, соған лайық тәуелсіз, дербес, білімді азаматтар бола алуымыз қажет.
«Ата заң әркімнің бойтұмары болып, оның әрбір қағидасы мүлтіксіз орындалғанда ғана ортақ мақсатқа қол жеткіземіз»- деп елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде айтып кеткен болатын. Әрбір азамат өзінің құқығы мен бостандығын ғана біліп қоймай, әрбір адамның жеке басына құрметпен қарауға, Ата заңымызға бағынып, ешқандай заңсыз әрекетке бармай, заңмен тікелей өмір сүретін болса, онда біздей халқы бар мемлекет талай асудан асып, талай биіктің шыңдарынан көрінетіні сөзсіз. Біз осылай өз еліміздің өсіп-өркендеуіне, дамыған озық мемлекеттермен терезесі теңескен елбасымыз айтқандай «Мәңгілік Ел» боларымыз даусыз. Яғни, біз «өзімшілдікке» салынбай, өз бостандығымыз бен құқықтарымызды өте тиімді пайдалана отырып, өзімізге де, елімізге де өсуіне үлкен жол сала білуіміз керек. Осылай өзімізді де, елімізді де бақытқа бөлеп, ең қымбат құндылықтарымызды ұрпақтан ұрпаққа асыл мұра ретінде қалдырып, дара да даңғыл жолымызды сала білуіміз керек.
«Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды»- деп Бауыржан атамыз тегін айтпаған. Қазіргі таңда осы керемет өрілген жолдарды естен шығармай, өзіміздің ұстанымымыздың қатарына қосу керек секілді. Бірінші тәлім-тәрбие отбасыдан бастау алады. Ананың ақ сүтімен баланың өн бойына дарып, естияр азамат болғанда әке мен ананың тәрбиесін көріп, солай жетіледі. Осы отбасылық тәрбиені дұрыс беріп, әр азамат пен азаматшаны құл емес, тұлға ретінде қалыптастыра білу керек. Себебі, кейде естіп жатамыз жасөспірімдер арасындағы кикілжіңдер көбіне теңсіздіктен туып жатады. Мұның бәрі үйдегі тәрбиемен тығыз байланысты. Міне, осы уақытта бізге өз құқығымызды толық білуіміз керек. Сонда біз бәсекелестікке қабілетті жандардың қатарында боламыз. «Балам бол, басқа бол,бәріне заң біреу»- деп Жүсіп Баласағұн айтып кеткен болатын. Яғни, біз бір заңға, бір тәртіпке бағынатын болсақ, онда біз «құл» болмаймыз. Міне, қазір осыны толық түсіне білу керек. Бастан сөз асырмау, өзін биік санау деген жат ұғымдарды алып тастап, тұлға ретінде қалыптаса білуіміз керек.
Адам, оның бостандығы, құқықтары- ең қымбат құндылық. Мұндай бақыт әркімге бұйыра бермейді. Көптеген елдің ішінде бодандықта өмір сүріп жатқан ел мен тайпалар қаншама. Олардың құқығы мен бостандығы былай тұрсын, тілі мен діндері, ата дәстүрі, ондай елдер тіпті жоқтың қатарына еніп кеткен. Сондықтан да, қолда бар алтынның қадірін уақытында білуіміз керек, уақыт өткеннен кейін бармақ тістеп, өкінудің бір тиын пайдасы болмайды.
Қорыта келгенде, көптеген адамдар санасында құқық ұғымы жазалау, соттау, құқық бұзылуының ұғымдарымен байланысты түсіндіріледі. Бірақ құқық әділеттілік, теңдік, ізгілік екендігін, қоғамға негізделген тәртіп ережелері екенін естен шығармау керек. Дүние жүзі елдеріне ортақ заңдар бар. Біз ол заңға да бағынуға міндеттіміз. Ол -«Адам құқықтары жайлы жалпыға бірдей декларациясы». Дүние жүзінің балаларын қорғауға арналған «Балалар конвенцияның 6-бабында былай делінген: «Сіздің өмір сүруге құқығыңыз бар, ал мемлекет сіздің жан-жақты еркін дамуыңызға көмектесуге міндетті. Денсаулығына, өміріңе қамқорлық жасап, қорғауға міндетті». Құқықтар мен бостандықтар көп жағдайларда адамның қоғамдағы орнын, оның мемлекетпен өзара байланысын анықтайды. Қазақстан Республикасының Конститутциясының бірінші бабында: Адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең қымбат қазына деп бекітілген. Қазақ азаматының әр қайсысына бұйырған мұндай қымбат құндылықты, ең қымбат қазынаны дұрыс пайдала білу өз қолымызда екенін ұмытпаған жөн.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *