Солтүстік Қазақстан облысында бірнеше ауылдың бос қалған мектеп ғимараттары аукцион арқылы саудаға шығарылды. Өйткені, ол жерлерде оқитын ешкім жоқ. Жергілікті тұрғындар қалаға көшіп, ауылда тек қарттар ғана қалған.
Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданы Үлгі ауылында қазіргі кезде он сегіз адам ғана тұрады, деп хабарлайды жергілікті Петропавловск.newsпорталы.
Он жыл бұрын бұл жердегі тұрғындар саны 235 болса, тұрмыс тәуір жылдары мұндағы халық саны 400 адамнан асқан екен.
Сапалы салынған мектеп ғимараты көптеген жылдар бойы бос тұрған. Енді ол сатылымға қойылды. Бағалаушылар ең қарапайым стандарттар бойынша есептегенде ғимарат құны кем дегенде 3,7 миллион теңгені құрайды деп санайды.
Солай десек те, оны сатып алушы болмай тұр: тұрғындары қалмаған ауылда бұл ғимарат ешкімге қажет емес. Сарапшылар аукцион шарты бойынша сауда-саттық тым төмендеген жағдайда, мектепті бір теңгеге сатып алуға болады дейді. Бірақ соның өзінде оны сатып алуға ешкім құлықты емес.
Осыған ұқсас жағдай Жамбыл ауданының Рождественка ауылында да кездеседі. Мұнда ауданы 1 264 шаршы метр болатын екі қабатты үлкен мектеп сатылымға шығарылуда. Оның сметалық құны – 9,4 миллион теңге, ал ең төмені – бір теңге. Ал бұл қазір он үш адам ғана тұрады. Өткен жылы ауылда 44 тұрғын болған. 20 жыл бұрын мұнда 372 адам өмір сүрген.
Мұндай тізімді Ақбалық ауылындағы 1980 жылы салынған екі қабатты мектеппен жалғастыруға болады. Аумағы 562 шаршы метрді құрайтын оқу орнының бастапқы бағасы – 1,7 миллион теңге. Айта кетерлігі сол, Ақбалық ауылы қазір жоқ. Ол 2018 жылы жойылған. Ал жиырма жыл бұрын мұнда 260 адам тұрған.
Сатылатын мектеп ғимараттары санатында Есіл ауданының Новоузенка ауылында аумағы 3 327 шаршы метр болатын үш қабатты бұрынғы білім ошағы да бар. Оның сметалық құны – 27,2 миллион теңгені құрайды. Мектеп 1983 жылы салынған, сол кезде Новоузенка ауылында 950 адам өмір сүрген. Қазір ауылда 30 тұрғын бар. Бұл жердегі басты проблеманың бірі – судың жетіспеушілігі. Тұрғындар сол үшін көрші ауылдарға көшкен.
Статистика комитетінің мәліметтері бойынша, соңғы онжылдықта Солтүстік Қазақстан облысында мектептердің жалпы саны 127-ге азайды.
Дереккөз: sputnik.kz