ЕКІ ҚАРИЯ

ЕКІ ҚАРИЯ
І.
Бір күні екі қария Құддысқа (Иерусалим) бармақшы болды. Бірі – Ефим дейтін ауқатты мұжық. Екіншісі – Елисей дейтін шаруа.
Ефим өмірінде арақ ішіп, темекі тартып көрмеген. Тіпті боғауыз айтпайтын. Ділі қатты, мінезі қатаң. Екі рет ауыл әкімі болып сайланды. Бірақ мойнына көк тиын да ілген жоқ, таза шықты. Екі ұлы мен немересі бәрі бірге тұрады. Өзі еңгезердей, қою қаба сақалды, кеудесі тіп-тік мұжық.
Елисей болса ортанқол шаруа. Бұрын ұста болған. Еңкейген шағында бал арасын өсірумен айналысты. Мұның да екі ұлы бар. Өзі аңқылдаған ақжүрек. Бұрын арақ та ішті, насыбай да иіскеді. Бірақ кісі баласына зияны жоқ. Ән айтқанды жақсы көретін. Сырт тұлғасы шарға бойлы, қараторы, бұйраланған шағын ғана сақалы бар. Шаш атаулыдан ада, нағыз жалтырбастың өзі еді.
Құдысқа бірге аттанамыз деп екі қарияның уағдаласқанына көп болды. Алайда, ана шаруа, біресе мына шаруа шығып, әбден айналшықтады. Көбіне Ефимнің мұрнына су жетпей-ақ қойды. Біреуін бітсе, ертесіне екінші шаруа шығады.
Енді барамыз дегенде, аяқастынан немересі үйленді. Міне кеттік дегенде, кенже ұлы әскерден келіп қалды. Биыл үй салуды бастап кетті.
Оны көрген сайын Елесей:
– Әу, тамыр! Құдысқа қашан аттанамыз? Құдайдан ұят болды ғой. Мойындағы міндеттен құтылайық та, – деп жағадан алғандай болады.
Ефим тыржиып:
– Сәл кідіре тұршы! Биыл үй бастап қойып ем. Ең болмаса шатырын жауып кетейін. Үй біте салысымен, жолға шығамыз, – деді.
– Енді кейінге қалдырасақ ұят. Қазір кетуіміз керек.
– Дұрыс қой.., бірақ бастап қойған істі аяқтамай, қайтіп кетемін?
– Немене, аяқтайтын адам жоқ па? Балаң бар емес пе?!
– Баласы құрмағыр, ойдағыдай ете ала ма?
– Әй, ертең өліп қалсаң ше? Олар сенсіз күн көре алмай ма? Өздері үйрене бергені жөн ғой.
– Солайы солай. Бірақ бәрі көз алдында істелгенге не жетсін!
– Әу, құрдас! Тірі адамның тіршілігі біте ме? Өткенде ғана мейрам қарсаңында үйді қағып-сілкіп, жуып-шайып, бір үйтілдік. Сонда келінімнің айтқаны: «Мейрамның келе қалғаны қандай жақсы. Әйтпесе, қанша әлектенсек те, мұнша шаруаны бір күнде еңсере алар ма едік» деді. Сол айтпақшы, әр нәрсенің өз уағы бар. Қуа берсең, бұл дүниенің тірлігі бітпейді, – деді.
Ефим ойланып қалды.
– Мына үйге көп шығын кетті. Сапарға да құр қол аттана алмайсың. Қаражат керек дегендей…
Елисей езу тартып:
– Сен жыланба, тамыр! Сенің дәулетің менен он есе артық емес пе?! Сөйте тұра ақша жоқ дейсің. Түгің жоқ болса, мен-ақ тауып берейін, – деді. Ефим мырс етіп, миығынан күліп:
– Қарай гөр! Ал, қайдан таппақсың ол ақшаны? – деді.
– Омартамды сатам. Көптен сұрап жүргендер бар еді…
– Биыл омартаның түсімі мол болады, өкініп қалмайсың ба?
– Өкініш?! Жоқ, құрдас. Жасаған күнәлардан басқаға өкініп көрген жан емеспін. Иманнан артық ештеңе жоқ бұ дүниеде…
– Солайы – солай ғой, тамыр. Ақшаны өзім-ақ табамын. Бірақ үйі түскір ыбырсып-қоқсып жатқанда берекең болмайды екен…
– Иманымыз тазарып, жанымыз жаңғырмаса, берекесіздіктің көкесі сонда болады. Ниет еттік пе, кеткеніміз жөн! Шын айтам, кетейік.

ІІ
Елисей ақыры досын көндірді. Ефим мың ойланып, ертесіне Елисейдікіне келді.
– Құрдас, аттаналық! Айтқаныңның бәрі рас. Иманнан артық ештеңе жоқ. Аяқ-қолымыз сау кезінде барып қайталық.
Бір аптадан соң қариялар жолға шықты.
Ефимде 300 сом бар еді. 100 сомды жолға алды да, қалғанын кемпіріне қалдырды. Елисей омартасын сатып, 70 сомға бағалады. Қалған 30 сомды там-тұмдап жинады. «Өлсем жаназама керек болады» деп кемпірінің сандыққа тыққан 20 сомын алды. Келінінің тірнектеп жиған 10 сомын және алды.
Жолға шығатын күні Ефим қария түске дейін жүріп алды. Үлкен ұлына шабындықты қай жерден шабатынын, көңді қайда апарып төгетінін, үйдің шатырын қайтіп жабатынын тәптіштеп, қайта-қайта түсіндірумен болды.
Ал Елесей пақыр: «Қожайын өздерің. Нені жөн тапсаңдар, соны істейсіңдер» деді де, үйімен тез қоштасты.
Ауылдан ұзаған сәтте-ақ Елесей қария шаруа жайын тез ұмытты. Жолда досымды ренжітіп алмайын деп әр сөзін әдеппен сабақтады. «Сапардың шырқы бұзылмай, тату-тәтті оралсақ еді» деп Құдайдан тілеумен болды. Құдыста емтихан тапсыратындай, жадында қалған дұғаларын еске түсіріп, іштей қайталады. Әулиелердің ғұмырнамасынан да бір қайталап өтті.
Жолай кездескен кісілерге инабатпен тіл қатып, жылы лебізін аямады. Сапарға шыққалы көкірегі де сергек, көңілі де қунақ. Тек бір нәрсеге ғана жігері жетпеді. Насыбай атқысы кеп, әбден қиналды. Әу баста, насыбайды тастауға ниеттеніп, шақшасын әдейі үйде қалдырған еді…
Ефим болса, бос сөз сөйлемеді. Бірақ жанында жадыраңқылық жоқ. Үй-жайының қамы ойынан кетер емес. Ондағылар не істеп жатыр екен, – деп уайымдай береді. Балама ананы өйт, мынаны бүйт деп тапсыруды ұмытып кеткен жоқпын ба? Бәрін тап-тұйнақтай істеп жатыр ма? – деп көп алаңдады.

ІІІ
Бес аптадан соң хохолдардың еліне жетті. Бұл халықтың пейілі кең екен. Екі қарияны кезек-кезек қонақ етіп, сыйлаумен болды. Аттанарда дорбаларын нан мен аққа толтырды.
Осылайша қос қария еш қиындық көрместен жеті жүз шақырым жол жүрді. Бір уәлаятқа жетіп еді, жұт жайлаған аймаққа тап болды. Сатып алар нан таппады. «Былтыр түк астық шықпады. Бай кедейленіп, жарлы-жақыбай қайыршыға айналды», – десті жұрт.
Екі қария аялдамастан он шақырымдай жер жүрді. Бір өзеннің жағасына жетіп, тынықты. Қайдан тапқаны белгісіз, Елесей қария насыбай шығарып, атпақ болды. Оны көріп Ефим:
– Әй, көрсоққыр, сенің насыбайды қойғаның қайда? – деді таңғалып. Елисей қолын сілтеп:
– Қайтейін, құрдас. Жеңді мені бұл күнә, жеңді.., – дей берді.
Сәлден соң қайтадан жолға шықты. Біраз жүрген соң үлкен бір қыстаққа келіп кірді. Күн әбден ысыған еді. Елисейдің су ішіп, демалғысы келген. Ал Ефимнің тоқтар түрі жоқ. Тумысынан жүріске берік еді. Оның соңынан елпеңдеп жүре беру, Елисейге оңай тиген жоқ.
– Су ішіп, шөл бассақ қайтеді, құрдас?! – деді.
– Ішкің келсе, іш. Мен шөлдеген жоқпын, – деді Ефим.
– Ендеше сен жүре бер. Мен әнебір тамға кіріп, су ішіп шығайын. Артыңнан қуып жетем, – деді Елесей. Ефим ілгерілей берді.
Елисей әлгі үйге бас сұқты. Өзі жұпыны, соқпа там екен. Іргесі қара балшықпен сыланған да, төбесі – әктелген. Қабырғалары кесек-кесек боп опырылып тұр. Шатырының бір бүйірі қисайып кеткен.
Аулада бір кісі жатыр екен. Өзі ап-арық. Өлі-тірісі белгісіз, қимылсыз. «Су ішіп шығуға бола ма?» деп еді, тіл қатқан жоқ.
Үйден жылаған сәбидің үні шықты. Елесей үйге кіріп «Қожайын!» деп дауыстады. Тым-тырыс. Есікті тақылдатып:
– Ау, кім бар? Сөйлес!» – деп айқайлады. Қыбыр еткен жан білінбеді. Елисей кері бұрылып, қарасын батырмақшы еді, кенет біреудің ыңырсыған үнін естіді.
«Байғұс-ай, бұл кім болды екен?» деп төргі бөлмеге аяңдады.

ІV
Мұнда бір кемпір отыр екен. Әбден әлсіреп, басын столға әзер сүйейді. Қасында тыри арық, іші кепкеннен қарны қампиып кеткен бір бала жүр. Әжесінің жеңінен тартып, әлдене сұрап еңірейді. Бөлменің ішін сасық иіс алып кеткен. Кереуетте науқас әйел жатыр. Өзі етпетінен сұлапты, ешкімге қарар шамасы жоқ. Аяғын біресе созып, біресе бауырына тартып, аунақшиды. Дәретін астына жіберген сияқты. Сасық иіс сол маңнан шығады.
Бір кезде кемпір басын көтеріп:
– Әкетайым-ау, бізде қолға ілігер ештеңе жоқ. Бізді тонап, күнә арқалама, – деді.
Елисей жақын келіп:
– Мен бір құдайдың қарабет құлы едім. Су ішкелі ғана бас сұқтым, – деді.
– Дым жоқ, қарағым. Жөніңмен жүре бер.
– Апырай, ең болмаса мына әйелдің астын тазартар сау адам жоқ па, үйлеріңде?
– Иә, ешкім жоқ. Бір адамымыз аулада өлгелі жатыр, біз мұнда.., – дей беріп еді, немересі жеңінен тартқылап:
– Нан берші, әже! Қарным ашты! Нан.., – деп жылай бастады.
Осы кезде есіктен шатқаяқтай кірген әлгі еркек жар жағалай келді де, еденге қисая кетті. Тұруға шамасы жоқ. Сөзді үзіп-үзіп айтады да, демалып алып, әрең жалғайды.
– Аштық дейтін… бір… нәубет келді ғой. Өлетін болды ғой… мыналар… аштықтан! – деп, әлгі баланы иегімен нұсқаған еркек еңіреп қоя берді.
Елесей қарт әрі қарай шыдай алмады. Дорбасын жерге қойып, аузын шеше бастады. Нан мен пышағын шығарды. Нанды кесектеп бөліп, әлгі еркекке ұсынды. Ол көзі жәудіреген әлгі бала мен қасындағы кішкентай қызды нұсқап:
– Осы… құлындарыма берші.., – деді.
Нан иісін сезген бала дереу ұмтылып, қос қолымен жармасып, тұмсығымен нанның ішіне кіріп кетті. Пештің артынан бір қыз сүйретіліп тұрды да, нанды көріп, жүгіріп жетті. Нанның бір тілімін кемпірге ұстатты. Ол ақырын шайнай бастады.
– Су әкелер ме еді, – деді кемпір. – Аузым кеуіп қалыпты. Кеше су әкеле қояйыншы деп ем, жете алмай, жолда құладым. Біреу-міреу әкетпесе, шелек те сол жерде жатқан шығар.
Елесей қария құдықтың қайда екенін сұрады. Кемпір түсіндірген болды. Елисей шелекті тауып, су әкелді. Бала-шаға шөлін қандырды. Сонан соң суға шылап тағы да нан жеді. Кереуетте жатқан әйел басын көтермек түгілі, есін де жиған жоқ. Әлі дөңбекшумен болды.
Елисей қыстақтағы дүкенге барып, тары, тұз, ұн, май алды. Үйге келген соң балтамен отын бұтарлап, пешке от жақты. Көже істеп, ботқа пісіріп, үйдегілерді бір тойдырды.

V
Еркек пен кемпір ептеп жүрек жалғады. Әлгі кішкентай қыз бен бала қарны тойған соң, құшақтасқан күйі ұйықтап кетті.
– Былтыр жұт келді, – деді еркек әңгімесін бастап. – Жерден түк шықпады. Барымызды қара күздің басынан-ақ тауыстық. Сосын көршіге алақан жайдық. Басында ол-пұл беруші еді, кейін өздері де тарықты. Бара-бара біреуден бірдеңе сұраудың өзі ұятқа айналды. Бәріне ақшалай да, ұндай да, нандай да қарызбыз. Жұмыс іздеп ем, табылмады. Кемпір мен ана қарғадай қыз қайыр сұрап, ел кезіп кетеді. Садақа өнімсіз. Сонда да ептеп нәпақа тауып жүрдік. Көктем туа жұрт садақа беруді доғарды. Бір күн нәр татсақ, екі күн ашпыз. Лажсыздан шөп жеуге көшіп едік. Сол шөптен бе, әлде басқа бірдеңе ме, анау әйеліме бір бәле жабысты. Төсек тартып жатып қалды. Ал, менің қозғаларлық әлім жоқ.
– Жалғыз мен ғана, – деді кемпір әңгімеге араласып. – Басымды тауға да, тасқа да соқтым. Ас-сусыз қашанғы шыдайын. Өлер хәлге жеттім. Анау кішкентай қыз да титықтап бітті. Ұялатынды шығарды. Көршілерге барып қайыр сұра десек, бармайды. Бұрышқа тығылып, тымсырайып отырғаны. Бұрнағы күні көрші әйел келген. Біздің аш әрі ауру екенімізді көріп, шорт бұрылып қайқайды. Қайтсін, өзінің де күйеуі қайтып, шиеттей баламен қалған. Жаны ашығанмен, беретін түгі жоқ. «Өлген жеріміз осы шығар» деп, ажалды күтіп жатыр едік, сен пайда бола кеттің.
Елесейдің жаны ашып кетті. Жолдасын қуып жетемін деген ойынан айныды. Осында қонып қалды. Таңертең ерте тұрып, осы үйдің қожайыны сияқты шаруаға кірісіп кетті. Кемпірмен бірге қамыр илеп, пеш жақты. Керек-жарақты жиыстырып, сынған есікті түзеп, жыртылған киімді жамап, біраз істің басын қайырды. Осылайша бір күнін өлтірді. Келесі күн де зырлап өте шықты. Үшінші күні де осында қалды. Балалар оған бауыр басып, еркелейтінді шығарды. Кемпір еңсесін тіктеді. Еркек жар жағалай алар хәлге жетті. Науқас әйел үшінші күні ғана көзін ашып, тамақ жеді.
«Ойпырай! Осынша уақыт жоғалтам деп кім ойлаған?! Қой құрысын, ертең қозғалайын» деп ойлады қария.


Төртінші күн пасха мейрамына сәйкес келді.
«Мейрамда мыналарға ол-пұл әперіп, көңілдерін көтерейін. Сосын кешкілік жүріп кетермін» деп шешті. Дүкеннен сүт, аппақ ақ ұн, қойдың етін алды. Кемпір екеуі күні бойы асты, қуырды, пісірді-түсірді – не керек, тыным таппады.
Келесі күні ғибадатқа барып, елмен бірге мейрамды тойлады. Бесінші күні науқас әйел де аяғына тұрып, тәлтіректеп жүре бастаған. Еркек сақал-мұртын қырып, таза жейдесін киіп, қыстақтағы бай мұжыққа кетіпті. Былтыр мұжықтан қарыз алып, кепілге шабындық жері мен егістігін қойған екен. Сол жерін пайдалана тұруды сұрамақшы болыпты. Бірақ еңсесі езіліп оралды.
– Бай, көнбеді, қайтейін! «Ақшаңды әкел де, ал!» деді, – деп, өксіп қоя берді.
Елисей тағы ойға батты.
«Ойпырмай, бұлар енді қайтіп өмір сүрмек? Ертең мен кетсем, таз қалпына қайта түспей ме!?» деді. Ауыр ой еңсесін езіп, ұйықтай алмады.
«Тезірек жолға шығу керек еді. Онсыз да ақшасы мен алтын уақытын жоғалтты. Кетейін десе, мына кісілерді аяды. «Бір-бір тілім нан үлестірсем жетпей ме деп едім, қарасайшы, ақыры, не болғанын! Енді шабындығы мен егістік жерін сатып әпер! Егістігін әперген екенсің, балаларға сүт болатын сауын сиыр, ана еркекке бау таситын ат сатып әпер! Әй, соры қалың, Елисей-ай! Шырмалған жерің осы шығар. Түпкі ойыңның қазығынан айрылған соң, түк түсінуден қалдың ғой!» деді өз-өзіне.
Ішкі сарайым ашылар ма екен деп, насыбай атып еді, болмады. Қанша бас қатырса да, ойына ештеңе оралмады. Жолға шығарын, не мына кісілерге егістік жерін әперерін білмей мең-зең болды. Не істеу керегі бәймәлім.
Бір кезде көзі іліне бастаған. Кенет түс көрді. Дорбасы арқасында, аса таяғы қолында, құнтиып киініп алған екен. Қақпадан шыға бергенде дорбасы бірдеңеге іліп қалды. Оны ағытам дегенше, шұлғауы әлденеге ілігіп, шешіліп кетті. Мұны қайтадан орай бастағанда, шарбақтың бір жері киімін іліп түсті. Кенет кішкентай қыз етегіне жармасып: «Ата, нан берші!» деп шырылдады. Аяғына көзі түсіп кетіп еді, шұлғауына ер бала жабысып, жібермеді. Терезеден кемпір мен үй иесі мөлиіп қарап тұрды. Елисей шошып оянды. Күбірлеп сөйлеп: «Ертең шабындығын да, егістігін де әперем. Ат та, сауын сиыр да әперем. Жаңа астыққа дейін жетерлік ұнды да сатып әперем. Әйтпесе, жер асып, жиһан кезіп, Ғайсаны іздеймін деп жүргенде, жүрегімді өлтіріп алармын. Алдымен, мына байғұстарды аяғына тұрғызайын. Мен кетсем аштан қырылар. Ал Құдыс ешқайда қашпайды. Кейін де баруға болады, – деді.
Таңертең ерте тұрды. Бай мұжыққа барып, егістік жерін қайтадан сатып алды. Шабындықтың да ақшасын төледі. Дүкеннен шалғы-орақ алды. Еркекті шалғы салуға жіберді де, өзі базарға аяңдады. Саудаласып жүріп, бір ат пен арба алды. Оған бір қапшық ұнды тиеді де, сауын сиыр іздеп жөнелді. Келе жатып, екі әйелдің дабырлай сөйлеген сөзін естіді.
– Дүниеде мұндай да адам бар екен-ау. Әлдекімнің үйіне су ішуге кіріп, сол үйде аялдап қалыпты. Мұның әлгі үйге не сатып әпергенін көрсең! Жаңа ғана бір атты арбасымен қосып сатып алғанын көзіммен көрдім. Мұндай адам бұ заманда жоқ қой, жоқ! Әулие шығар өзі, – десті.
Елисей өзін мақтап келе жатқандарын білді. Ұнжырғасы түсіп кетті. Сиыр әперемін деген райынан қайтты. Ат-көлігімен үйге тартты.
Атты көрген үй иелері аң-таң болды.
– Ата-ау, бұл атты қайдан алып жүрсіз?! – деді үй иесі.
– Е, сатып ала салғам. Арзанға беріп тұр екен. Анау қапшықты да түсіріп алшы, – деді жылдам сөйлеп. Үйдің иесі қапшықты қамбаға әкетті.
Елисей кешке дейін басы салбыраған күйі, қозғалмай отыра берді. Ел ұйқыға кеткенде, орнынан тұрып, дыбысын білдірместен үйден шығып кетті.

VІІ
Бес шақырымдай ұзағанда жарық түсе бастады. Бір ағаштың түбіне отырды да, дорбасынашып, есеп-қисап жүргізді. Санаса 17 сом 20 тиыны ғана қалыпты.
«Жә, бұнымен Құдысқа жете алмаспын. Жол-жөнекей қайыр сұрасам, күнәмді тіпті көбейтіп алармын. Ефим досым, өзі-ақ жетіп, мен үшін де дұға қылар. Ер мойнында қыл арқан шірімес деген. Аман болсам келер жылы барармын» деп ойлады. Орнынан тұрып, дорбасын ырғап-ырғап алды да, кейін қайтты. Таныс біреу-міреу көріп қалар деп, қыстағына ұрлана кірді.
Үй-іші оның аман-сау оралғанына мәз болып жатты. «Иә, неге ерте қайттың? – деп, сұрақты да қарша боратты. Елисей басын көтерместен:
– Е, Құдай қаламады-ау, жол үстінде ақшамды жоғалттым. Құрдасымнан да көз жазып қалдым. Құдай ақы, кешіре көріңдер! – деді.
Ауысқан ақшаны кемпіріне ұстатты. Үй-жайының жағдайын сұрап еді, құдайға шүкір, бәрі жақсы екен. Шаруасы тап-тұйнақтай. Ойға алған істері орындалған. Ауызбіршілікте, тату-тәтті тіршілік етіп жатыпты.

VІІІ
Баяғы Ефим қария су ішуге кеткен досын жол бойы күтумен болды. Арасында көзі іліп алды. Одан оянып, тағы біраз күтті. Жолдасы жоқ.
«Көзім ілініп кеткенде жанымнан байқамай өтіп кеткен жоқ па екен» деп ойлады. Ілгері жүре берейін, қоналқада бас қосармыз деді өзіне. Үлкен бір ауылға жетіп, осындай да осындай бір шал келе қалса, мен түскен үйге ертіп әкеліңдер деп өтініш жасады. Бірақ құрдасы келмеді.
Ертесі жолға шықты. Көрінген жұрттан «Жалтырбас шал көрмедіңдер ме?» деп сұраумен болды. Ешкім көрмепті. Хабар-ошар жоқ. «Бәлкім, Одессада, кеме үстінде жолығып қалармыз» деп өзін жұбатты да, ілгерілей берді.
Одессаға жеткен соң, үш тәулік бойы кеме күтті. Мұнда да Елисей досын іздеумен болды. Бірақ естіген-көрген ешкім болмады. Кемеге мінген соң да, жан-жағына қараумен жүрді. Он күн дегенде кеме Яфа қаласына жетті. Құддысқа дейінгі 70 шақырым жерді жаяу басуы керек. Үшінші күн дегенде, бұлар түске таман Құддысқа келіп кірді. Орыс қонақ үйіне үйіне тоқтап, билетін тіркетті де, ас-су ішіп, киелі орындарды аралауға шықты.
Әуелі Ғайса пайғамбардың табыты тұрған жерге келді. Халық лық толы. Тығылысып кіре алмай жатыр екен. Басындағы бұлаққа жуынып-шайынып, тазаланып алды. Кешкі ғибадаттан таңғы мінәжатқа дейін сонда болды. Түнімен дұға оқып, әулиелер мен марқұм әруақтардың рухына рақым тіледі.
Ертесіне күнәдан қашып осы жерге тығылған Мысырлық Мәрияның құжырасына бас сұқты. Ыбырайым пайғамбар мен оның ұлы Ысқақтың жүріп өткен іздерін сүйді. Мәрия ананың үйі бар екен. Оны да тәуап етті. Жақыптың ғибадатханасына барып бір күн түнеді.
Сосын қонақүйге оралып, жақсылап ауқаттанды. Көз іліндіріп, енді ұйықтай бергенде:
– Ойбай, ұрлап кетті, – деген дауыстан оянды.
– Қағып кетіпті. Ақша толы әмияным жоқ. Ішінде жиырма үш сомым бар еді, – деп бір мұжық жылап қоя берді.

ІХ
Ефим түнімен ұйықтай алмады. Бір күнәһар ой арбады да қойды. «Адамдармен сығылысып жүргенде менің де ақшамды ұрлап кетпес пе екен? деп уайымдады.
Ертеңіне Ғайса пайғамбардың аяқ-қолын кергі ағашқа қаққан жерге барды. Пайғамбардың қаны тамған жерді қолымен сипалады. Жеті қабат жер астына, түпсіз тұңғиыққа дейін созылған қара құрдым шыңырау тесікті көрді. Жұрт «бұл тесік тозақпен жалғанған екен» десіп жатты. Адам атаның табытын көріп, тәуап етті. Мұнан соң, басына тікенек тәж кигізгенде Ғайса пайғамбар отырған қара тастың қасына келді. Пайғамбарды сабаған кезде, оны байлап қойып ұрған бағанды да құшақтады. Сонан соң Ғайсаның табыты қалған үңгірдің ішіне кірді. Адамдар иық тіресіп, сығылысып кетті. Топырласқан сайын Ефимнің көңілін уайым биледі. Әмияным орнында ма екен деп, қайта-қайта сипақтай берді. Барынша жұрттан шеткері тұруға тырысты.

Х
Жұрт Жаратқанға жалбарынып, дұға оқып жатқанда Ефим қарсы алдындағы шамдал жағылған жаққа қарап тұрған. Кенет үстінде шұға шекпені бар, басы айнадай жалтыраған бір шал тұр. Елесейден аумайды. Шамдалдардың дәл түбінде, елдің ең алдына жайғасқан. «Ойпырай, Елисейден аумайды екен, ә!» деп ойлады. «Бірақ ол қалай үлгермек?!» деп іле күмәнданды. «Менен бұрын қайдан келсін! Озып кетуі мүмкін емес. Ал, біздің кемеде ол, сірә, болған жоқ».
Осылай ойлай бергені сол еді, әлгі шал мінәжат етіп, екі жағына бірдей тағзым етті. Әсіресе, шал оң жағына мойын бұрған сәтінде, Ефим оны жазбай таныды. «Иә, Елесей шалдың нақ өзі. Анау бұйраланған қарақоңыр сақал, самайындағы аппақ қасы да, көзі де, мұрны да – барша кескін-келбет соныкі». Жолдасын тапқанға Ефим қатты қуанды. «Апырмай, қалайша менен бұрын келді екен, ә!?» деп аң-таң болды.
«Әй, Елесей, ерім-ай!» – деді мәз болып. «Қалайша суырылып ілгері кеткен! Шамасы, жөн білетін біреуге жолыққан ғой. Оны алдыңғы жаққа апарып тұрғызған да – сол кісі болар. Оны шығар жерден тауып алайын. Бәлкім, ол мені де алдыңғы қатарға апарар».
Ефим әлгі шалды көзінен таса етпеді. Мінәжат бітіп, халық сыртқа беттеді. Итерісіп-сығылысып ілгері ұмтылғанда, Ефим тағы да «Әмиянымды біреу қағып кеткен жоқ па екен?!» – деген үрейден зәресі ұшты. Әмиянын тас қып ұстап, сыртқа әрең сытылып шықты. Бірақ жолдасынан көз жазып қалды. Енді Елисейді іздеп, шарқ ұрмаған жері қалмады.
Келесі күні үңгірге тағы барды. Алдыңғы қатарға қарап еді, Ғайсаның табытының тап қасынан Елисей құрдасын көрді. Тақыр басы айнадай жарқырап тұр. «Қап, бәлем! Бүгін жібере қоймаспын» деді ішінен. Жұртты итермелеп ілгері жылжыған. Өліп-талып жетсе, Елисей жоқ. Шамасы, шығып кеткен секілді.
Үшінші күні келсе, пайғамбардың табытының қасындағы ең киелі орында, қалың елдің көз алдында, екі қолын екі жаққа жайып жіберіп тағы да Елисей тұр. Тақыр басы жалтырап шапақ шашады. «Енді айрылсам ба сенен! Шығар ауызға барып тұрып алайын! Сол жерде қайткенде де ұшырасармыз» деп ойлады. Ефим сыртқа бұрын шығып, әрі бері күтті. Түс ауып, бүкіл жамағат тарады, Елисей жоқ.
Ефим қария Құдысты алты апта кезді. Киелі мекеннің бәрін аралады. «Өлсем, осыны кигізіп жерлер» деп, жаңадан жейде сатып алды. Оған Ғайсаның мөрін басқызды. Сонсоң шөлмек құтыларға толтырып, Иорданның суын, киелі орындардың топырағын алды. Түрлі дұғалар жазған тұмарлар сатып алды. Бар ақшасын жұмсап біткесін, «елге аман-сау жетсек жарар еді» деп үйіне аяңдады.

ХІ
Жол бойы «үйдегілер қайтіп тірлік қылып жатыр екен» деп, әрнені уайымдаумен болды.
Бір кезде Елисеймен айрылысқан жерге кеп жетті. Жұрт адам танымастай өзгерген. Былтыр ішерге ас таппай, қақсып отырған халық, бүгінде күйленген. Егін бітік шығыпты. Жұрттың еңсесі көтеріліп, қайғы-қасірет ұмытыла бастаған. Бір үйдің тасасынан жас қыз жүгіріп шығып:
– Атай! Атай дейім! Біздің үйге жүріңіз, – деп қиылды.
Ефим жүре бермекші еді, қыз бала жіберер емес. Етегіне жабысып, үйге сүйрей жөнелді.
Есік алдына бала көтерген бір әйел шығып:
– Келіңіз, атай! Ас ішіп, ауқаттанып, қонып шығарсыз, – деді өтініп.
Ефим амалсыз кірді. «Айтпақшы, – деп ойлады ол, – Елисей қарттың хабарын сұрайыншы. Ұмытпасам, су ішіп шығуға, былтыр, тап осы үйге бас сұққан еді».
Әйел оның арқасындағы дорбасын алып, дастарқанға отырғызды. Сүт әкелді. Ішіне ақ ірімшік салған самса мен ботқа қойды. Қария:
– Келін, дәм-тұзыңа ризамын. Мен Құдыс шаһарынан келемін. Бізді сыйласаң мол сауапқа кенелесің, – деді.
– Ата-ау, біз барлық жолаушыға ізет көрсетуді өзімізге борыш етіп алдық. Өйткені, бізге қалай өмір сүру керегін бір жолаушы үйретті. Оған дейін Құдайды ұмытып, ел қатарлы өмір сүріп жатыр едік. Жаппар Хақ сол үшін қаһарын тігіп, қатты жазалады. Бәріміз өлім хәліне душар болдық. Өткен жазда Өзі жарылқап, мына сізге ұқсаған бір қарияны тап келтірді! Ол су ішіп шыққалы келіп еді, өлгелі жатқан бізді көріп, аяп, осында аялдап қалды. Ішкізді, жегізді, аяғымызға тұрғызды. Тіпті сатылып кеткен жерімізді қайтарып, ат пен арба да сатып әперді. Сөйтті де, бір күні өзі жоқ болып кетті, – деді әйел. Осы кезде үйге кемпір кіріп еді. Әйелдің сөзін бөліп;
– Иә, өзіміз де білмей қалдық. Адам ба, әлде періште ме!? Бәрімізді жақсы көрді, бірдей мейірімін төкті. Сөйтті де, кім екенін айтпастан, жоқ болды да кетті. Оған Құдайдан шапағатын тілеп дұға қылайық десек, аты-жөнін де білмейміз. Кескіні әлі күнге көз алдымда. Қарапайым ғана жалтырбас, шарға бойлы шал, – деді.
Онан соң сөзге кішкентай қыз араласты. Бәрі әлгі шалдың не айтқанын, не істеп, не қойғанын естеріне түсірісті.
Түнде отағасы келген. Ол да Елисей жайлы ауыз жимастан айта берді.
– Ол келмегенде өз күнәмізге өзіміз көміліп өлетін едік қой. Өмірден күдер үзіп, Құдайға да, адамға да әбден ыза боп, күйінішпен кеткелі жатқанбыз. Ол қайта тірілткендай болды. Соның арқасында Құдайдың бар екенін білдік. Жақсы адамдардың әлі де жер басып жүргеніне бек сендік. Бұрын мал секілді тірлік еткен екенбіз, ол бізді адам қатарына қосты. Содан бастап, осы маңнан өткен жолаушының бәріне тегін тамақ беруді әдетке айналдырдық, – деді тамсанып.
Ефим түнімен ұйықтамады. Ойынан Елисей шығар емес. Құддыста үш рет көргені есінен кетпейді.
«Ол қай жерде менің алдыма түсіп кеткен! – деп ойлады. – Менің мінәжатым қабыл болды ма, жоқ па – кім білсін?! Ал, оның тілегін Құдай қабыл еткені анық көрініп тұр» деп ойлады.
Ертесіне үй иелерімен қоштасып, сапарын жалғады.

ХІІІ
Ефимнің жолға шыққанына дәл бір жыл болыпты. Көктемде елге оралды.
Үйіне күн бата жеткен. Келсе, ұлы үйде жоқ. Қыдырып кетіпті. Ақшаны орынсыз жұмсаған, жұмысты бетімен жіберген. Түнде шарапқа сылқия тойып келді. Жыны келген әкесі баласын сабап тастады.
Ертесіне Елисейдің ауласы жақын келіп, кемпірімен амандасты:
– Саламатсың ба, бәйбіше?!
– Ефим құрдас, бармысың?! Аман-сау барып қайттың ба?! – деді.
– Құдайға шүкір, барып қайттым. Сенің шалыңды жоғалтып алып ем, бірақ есен-сау келіпті деп естідім.
– Иә, келді құрдасың. Әлдеқашан келді! Қар түспей оралды-ау дейім. Аман-есен жеткеніне мәз боп қалдық! Ол жоқ болса, үйдің іші қаңырап қалғандай көрінеді. Қырып жұмыс жасамаса да, осы үйдің бас иесі болған соң, ортамызда отырғаны жақсы…
– Өзі қазір үйде ме, жоқ па?
– Үйде, үйде. Омартасын қарып жатқан болар. Түсімі мол деп отырған. Құдайдың араларға мұндай қуат беріп, балды үйіп тастағанын біздің шал өмірі көрмепті. «Жаратқан да кісінің ниетіне қарап береді екен ғой» деп қояды өзі. Барсаңшы, жарқыным, ол да бір қуанып қалсын!
Ефим омартаға келсе, бетіне ұстаған торы да, қолына киген қолғабы да жоқ, бір ақ қайыңның түбінде сұр шекпенді Елисей тұр. Әнебір кезде Құдыста көргендей, екі қолын екі жаққа жайып жіберген. Көзі аспанда. Басы айнадай жалтырап, күннің сәулесі түсіп тұр екен. Құжынаған аралар сары алтын тәж секілденіп, оның басын қоршай ұшып жүр. Ешқайсысы шақпайды. Мұны көрген Ефим қалт тұрып қалды.
– Әй, шал, тамырың келді ғой! – деп кемпір айқайлады.
Елесей жалт қарады. Құрдасын көріп, қуанып кетті. Асығыс жетіп, құшақтай алды.
– А-а-ал, амансың ба, тамыр!? Құдай алдындағы борышыңды өтеп, сәтімен барып қайттың ба?! – деді.
– Аяғым барды ғой, әйтеуір. Саған арнап Иордан өзенінің суын әкелдім. Үйден алып кет! Шаршап-шалдығып барған еңбегімді Құдай тағала қабыл етті ме, жоқ па – кім білсін?!
– Жә, асылық етпе! Жаратқан Ием әділ ғой. Қабыл етеді!
Ефим сабыр сақтап сәл бөгелді де:
– Иә, аяқпен бардым-ау, – деді сосын әлгі сөзін қайталап. – Бірақ ниет қылып барған – мен бе, әлде басқа біреу ме, осы жері…
– Құдай біледі-дағы, тамыр! Құдай біледі ғой оны.
– Қайтарда әлгі сен аялдап қалған үйге бас сұқтым…
Іші қылп ете қалған Елисей, мына сөзді естігенде қалбалақтады да қалды.
– Құдай ісі ғой ол-дағы, тамыр! Құдай ісі ғой.., – дей берді абдырап. – Ал, неғып тұрмыз!? Ішке кірмейсің бе? Кірсейші үйге, бал әкелейін.
Әңгімені басқа арнаға бұрып жіберген Елисей үй-жайының көр-жерін сөз етіп, қайдағы жоқты термелей жөнелді.
Ефим қинала күрсінді. Сонын әлгі үйдегі адамдар туралы да, Құдыста қалайша үш рет көргені жәйлі де, Елисейге айтқысы келмеді. Себебі ол бір нәрсені түсінген: Құдайдың адамға жүктеген ең үлкен борышы – мүсәпір жанға шынайы қызмет ету еді.
#ЛевТолстой
#Отбасыхрестоматиясы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *