Қазақстан Республикасы мен БҰҰ ынтымақтастығы
Қазақстан тəуелсіздік алған күннен бастап БҰҰ-ның жəне оның арнайы мекемелерінің жұмысына белсенді қатысуда. Бұл ынтымақтастық мемлекетіміздің сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі. Осы бағыттың негізгі мақсаты халықаралық сахнада Қазақстан Республикасының ғаламдық жəне аймақтық қауіпсіздік саласындағы стратегиялық мүдделерін, саясат пен экономикада əділетті əлемдік тəртіп пен тұрақты даму ортасын құруды, əлемдік қауымдастық мүшелері арасындағы қарымқатынастарды үйлестіруді көздейді.
Біріккен Ұлттар Ұйымы ұжымдық қауіпсіздік жəне халықаралық ынтымақтастық арқылы бейбітшілікті сақтау мақсатымен ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін 1945 жылдың 26 мау сымында 51 мемлекет қатысуымен құрылды. Біріккен Ұлттар Ұйымы ең ірі, бірегей халықаралық ұйым болып табылады жəне халықаралық қатынастар жүйесінде маңызды рөл ойнайды. Аталмыш ұйымды құрған мемлекеттер бүкіл əлемде бейбітшілік жəне қауіпсіздікті сақтау, ұлттар арасындағы достық қатынастарды дамыту, əлеуметтік жағдайдың жақсаруына көмек көрсету, өмір жəне адам құқықтары саласы жағдайларын жақсарту қолдаушылары болып табылды. Қазіргі кезде БҰҰ-на 193 мемлекет мүше болып табылады.
БҰҰ əлем қауымдастығында орын алған дағдарыстар мен шиеленістерге, «қырғи-қабақ соғысына», жаңа мемлекеттер мен əртүрлі блоктардың ыдырауы мен құрылуына қарамастан заманауи талаптарға бейім ұйым екендігін дəлелдеді. БҰҰ қызметі ядролық соғыстың қауіп-қатерлерін жоюға, адамзаттың жаһандық бейбітшілік жағдайында өмір сүру мүмкіншіліктерін жасауға, отаршылық жүйені жойып, кейбір аймақтық шиеленістерді шешуге мүмкіндік туғызды. Адам құқықтарын қорғау саласында əмбебап құжаттың əзірлеу мен қабылдау, гуманитарлық жəне табиғат қорғау салаларында халықаралық құқықтық база құруда да БҰҰ-ның рөлі зор.
БҰҰ өз жарғысына сəйкес келесі негізгі мақсаттарды көздейді: – дүниежүзінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау;
– ұлттар арасындағы достық қарым-қатынастарды дамыту;
– халықаралық мəселелерді шешуде халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру жəне адам құқығын құрметтеуді қолдау;
– ұлттар мен мемлекеттердің бірлесіп əрекет ететін орталығы болу.
Ұйым қызметі көп қырлы жəне кең ауқымды маңызды мəселелерді қамтиды. Атап айтар болсақ, тұрақты даму, лаңкестікпен күрес, демократияны жандандыру жəне дамудың басқару жүйесінен бастап, қоршаған ортаны қорғау жəне ғаламдық медициналық мəселелерді шешу, сондай-ақ, келешек ұрпақтың тағдырын жəне ғаламдық қауіпсіздік мүддесін қамтитын кызметтерді үйлестіру жəне т.б.
Тəуелсіз Қазақстан тарихында 1992 жылдың 2 наурызы Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке қабылдануымен ерекшеленеді. Еліміз БҰҰ Бас Ассамблеясының 46-сессиясында 46/224 қарарға сəйкес Ұйымның жаңа мүшесі болып қабылданды.
Қазақстан БҰҰ-на мүше мемлекет ретінде болғандықтан 1992 жылдың күзінде БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясына алғаш қазақстандық делегация қатысты. Бұл сессияда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаев халықаралық саясат жөнінде сөз сөйледі.
1992 жылдан бері Қазақстан тек халықаралық қауымдастықтың белсенді мүшесі болып ғана қоймай, сонымен бірге өзінің лайықты орнын тапқан бастамашыл ел ретінде қалыптасты. БҰҰ шеңберіндігі ұсынған Қазақстанның негізгі халықаралық бастамаларын атап өтер болсақ:
– Азиядағы өзара іс-қимыл жəне сенім шаралары кеңесінің шақырылуы (Азия кеңесі, АӨСШК);
– БҰҰ қамқорлығымен Орталық Азиялық бітімгерлік батальонының құрылуы;
– « бір плюс бір» формуласы бойынша БҰҰ-ның бітімгерлік күштер қорының құрылуы;
– Орталық Азияда превентивтік (ілгері) дипломатия жөніндегі аймақтық орталық штаб-пəтерінің Алматыда құрылуы;
– Арал жəне Семей экологиялық апат кешенін айқындау;
– БҰҰ-ның Орталық Азия экономикасына арналған Арнайы Бағдарламасы;
– 29 тамыздың «Ядролық сынақтарға қарсы Халықаралық күн» болып бекітілуі.
Қазақстан мен БҰҰ арасындағы ынтымақтастықтың маңызды тарихи оқиғалары ретінде 2002 жылғы 17-18 қазандағы БҰҰ Бас Хатшылары Кофи Аннан мен 2010 жылғы 6-7 сəуірдегі Пан Ги Мунның Қазақстанға ресми сапарларын ерекше атауға болады.
БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның Семей сынақ полигоны аумағына келуі аса маңызды оқиға болды. Семей полигонында сөйлеген сөзінде Пан Ги Мун өзге мемлекеттерге Қазақ елінің үлгі болар істері көп екендігін жəне Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарудан бас тартып, полигонды жабу шешімі оның ерекше көшбасшылық қасиетінің белгісі екенін ерекше атап өтті.
Қазақстан БҰҰ-на мүше болғаннан бері БҰҰ-ның барлық негізгі шараларына, халықаралық форумдарға белсене қатысып, ұйымдастыру шараларын да абыроймен атқарып келеді. Атап айтар болсақ, олар: Теңізге шығу мүмкіндігі жоқ елдер Конференциясы (2003 жылғы тамыз, Алматы), ЭСКАТО-ң 63-сессиясы (2007 жылғы мамыр, Алматы), Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету Алматы Декларациясының 30 жылдығына арналған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Конференциясы (2008 жылғы қазан, Алматы), Дүниежүзілік туристік ұйымының XVIII Бас Ассамблеясы (2009 жылғы қазан, Астана).
Экологиялық мəселелердің өзектілігін ескере отырып, Қазақстан Астана қаласында БҰҰ əлеуметтік қорғау жəне экология министрлерінің 6-Конференциясын (2010 жылғы қыркүйек, Астана) жəне Жалпы еуропалық «Қоршаған орта Еуропа үшін» атты 7-Конференциясын (2011 жыл, Астана) өткізуге ұсыныс жасады.
Қазақстан БҰҰ-ның көптеген мамандандырылған мекемелерінің жəне есірткі мəселелер жөніндегі, тұрақты даму бойынша, сондай-ақ БҰҰ-ның екі аймақтық Комиссиялары (ЕЭК, ЭСКАТО), ЮНЕП Басқарушылары, ЮНИСЕФ жəне ЮНЕСКО Атқарушы Кеңесі сияқты функционалдық комиссияларының мүшесі болып табылады.
2010 жылы Қазақстан ресми түрде 2017–2018 жылдары Қауіпсіздік Кеңесінің (ҚК) тұрақсыз мүшелер құрамына, БҰҰ Бас Ассамблеясының 71-сессиясының төрағалығына, 2012–2015 жылдары БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Кеңесінің құрамына өз кандидатурасын ұсынды.
Қазақстан Республикасының БҰҰ аясында қарусыздандыру жəне ядролық қаруларды тараптау тəртібін нығайту саласында рөлі көпшілікте белгілі. Қазақстанның ғаламды ядролық қарудан азат ету шарасына қосқан үлесін ерекше атаған жөн. Қазақстан əлемдегі ең ірі полигондардың бірі Семей ядролық сынақ полигонын жауып, əлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан ел ретінде белгілі. Астана жəне Семей қалаларында 2011 жылдың 12-13 қазанында өткен «Халықаралық ядросыз əлем үшін форумы» Семей полигоны жабылуының 20 жылдығына арналды.
Семей өңірін сауықтыру шараларына əлем қоғамдастығын жұмылдыруға БҰҰ шеңберінде көптеген маңызды іс-шаралар атқарылды. Көп жыл қатарынан «Халықаралық ынтымақтастық жəне қызметтік үйлестіру мақсатымен Семей аймағының халқы мен экологиясын жəне оның экономикалық дамуын оңалту» атты БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының қарарларына сəйкес Семей өңіріне халықаралық бағдарлама асында көмек көрсетіледі.
БҰҰ-нда қарастырылатын барлық сұрақтар жиынтығы біздің еліміздің де мүддесіне сай келеді. Бұл ретте айрықша атап өтетін жайт, ҚР аталмыш ұйыммен ынтымақтасуда экономикалық, экологиялық жəне əлеуметтік даму, халықаралық құқықты жетілдіру, адамның құқықтарын сақтау, халықаралық лаңкестікпен күрес, ұйымдасқан қылмыс жəне есірткі саудасымен күрес салаларына ерекше көніл бөлінеді.
БҰҰ-ның қазіргі уақыттағы қызметі əлеуметтік-экономикалық салада кең етек алған жаһандық экономикалық жəне қаржы дағдарысы шеңберінде дами түсуде. Осыған байланысты қаржы дағдарысы зардабын жою туралы өткір талас-тартыстар БҰҰ-ның сұхбат алаңында ерекше орын алады. Сонымен қатар болашақ үшін азық-түлік жəне энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ БҰҰ мыңжылдық даму жоспарлары да күн тəртібінде тұрған өзекті мəселелер.
Қазақстан өз кезегінде мыңжылдық даму мақсаты бойынша міндеттемесін табысты іске асыру бағытын ұстанады. Қазақстанда əйелдер құқығын жан-жақты қорғау жəне кедейшілік деңгейін төмендету шаралары бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. 1992 жылғы ақпаннан бастап Қазақстанда БҰҰ-ның мамандандырылған мекемелерінің, қорларының жəне бағдарламаларының өкілдіктері жұмыс істеуде. Олардың қызметі техникалық, кеңес жəне қаржылық көмек көрсетуге бағытталған. БҰҰ басты мақсаты – əртүрлi экономика салаларындағы нарықтық реформалар жəне ұлттық мамандарды əзiрлеу мəселелері сұрақтары бойынша жəрдемдесу жəне ҚР үкiметiне кеңес бере отырып, əкiмшiлiк реформа жəне бiрқалыпты дамуды қамтамасыз етуге көмек көрсету.
Біріккен Ұлттар Ұйымының бағдарламалары мен қорларының мамандандырылған агенттіктері Қазақстан Республикасындағы өз жұмыстарын еліміз 1992 жылы наурызда БҰҰ-ға мүше болғаннан кейін бастады. Біріккен Ұлттар Ұйымының жүйесінде жұмыс істей отырып, əрбір агенттіктің өзінің жеке мандаты мен қызмет аясы болады. Сондай-ақ қызметтің белгілі бір саласына ерекше назар аударады. Агенттік Басшылары резидент-үйлестірушінің басшылығымен БҰҰ-ның Өңірлік командасын қалыптастырады. БҰҰ Өңірлік командасы барлық агенттіктердің ұжымдық пəрменді жақтарына сүйене отырып, дамудың ұлттық басымдықтарына қол жеткізудің стратегиялық үлесін арттыруды қамтамасыз етеді. Бүгінде БҰҰ Өңірлік командасы Қазақстанда жұмыс істейтін мынадай ұйымдарды қамтиды:
Атқару Комитетінің Агенттігі: БҰҰ Даму Бағдарламасы (БҰҰДБ), БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ), БҰҰ Қорының халықты қоныстандыру саласындағы қосалқы-аймақтық кеңсесі (ЮНФПА). Білім, Ғылым жəне Мəдениет мəселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының аймақтық өкілдіктері (ЮНЕСКО), БҰҰ Жоғары Комиссарының Босқындар ісі жөніндегі басқармасы
(БҰҰ ЖКБІБ), БҰҰ-əйелдер, БҰҰ АИВ/ЖИТС жөніндегі Біріккен Бағдарламасы (ЮНЭЙДС), БҰҰ Гуманитарлық мəселелерді үйлестіру жөніндегі Басқармасы (БҰҰ ГМҮБ). БҰҰ Қоғамдық Ақпарат Департаментінің кеңселері (БҰҰ ҚАДО), Бүкілдүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымы (БДҰ), БҰҰ Есірткі жəне қылмыс басқармасы (UNODC), БҰҰ Еріктілері, Халықаралық Еңбек Ұйымы (ХЕҰ).
Өңірлік деңгейдегі барлық агенттіктер, бағдарламалар мен қорлардың қызметі үшін басты біріктіруші құжат – БҰҰ Дамыту мақсатында көмек көрсету жөніндегі негіздемелік бағдарламасы (ЮНДАФ). ЮНДАФ БҰҰ жүйесінің ұлттық басымдықтарды іске асыру жəне Мыңжылдық даму мақсаты (МДМ) шеңберінде, сонымен қатар даму саласында басқа халықаралық міндеттерді шешуде ұжымдық, келісілген жəне өзара ықпалдастықты қамтамасыз ету үшін жасалған негізгі стратегиялық құжат болып табылады. Бағдарлама бес негізгі қағидалардан тұрады: адам құқығын сақтау, гендерлік теңдік, қоршаған ортаның тұрақтылығы, нəтижеге бағытталған басқару жəне əлеуеттік нығаю. Атқару Комитетінің Агенттігі (БҰҰДБ, ЮНИСЕФ жəне ЮНФПА) ЮНДАФ күтілетін нəтижелер негізінде өз қызметі жоспарын қалыптастырады.
Қазақстанда 2005-2009 жылдарға арналған ЮНДАФ табысты іске асырылып, 2010-2015 жылдарға арналған ЮНДАФ өз күшіне енді. 2010-2015 жылдарға арналған ЮНДАФ-тің негізгі мақсаты – ұлттық стратегиялар мен бəсекелестікті арттыру жөніндегі жоспарларды іске асыру. Бұл ретте, ел аумағында тұратын барлық халықтың игілігі үшін адамның дамуына айырықша көңіл бөле отырып, Қазақстан Республикасына көмек көрсету. Бағдарлама ынтымақтастықтың мынадай негізгі үш бағытын қамтиды:
– əйелдерді, балаларды, оралмандарды, босқындарды, жастарды, қарттар мен мүгедектерді қоса алғанда халықтың неғұрлым аз қорғалған топтарына ерекше көңіл бөле отырып, барлығы үшін экономикалық жəне əлеуметтік игілік жасау;
– климаттың өзгеруіне, табиғат апатына жəне басқа төтенше жағдайларға байланысты мəселелермен күреске ерек-
ше көңіл бөле отырып, қоршаған ортаның тұрақтылығын сақтау;
– институцияландыру əлеуетін, азаматтық қоғамды жəне бұқаралық ақпарат құралдарын, сондай-ақ адам құқығын қорғауға ерекше назар аударатын мемлекетті тиімді басқару жүйесі.
Соңғы 15 жыл көлемінде əріптестік нəтижесінде БҰҰДБ Қазақстанға маңызды стартагиялық құжаттардың жалпыұлттық жəне аумақтық деңгейде дамуына, заңдылықтарды дайындауға жəне əртүрлі деңгейдегі мемлекеттік органдардың ұйымдастыраушылық əлеуетінің нығайуына көмек көрсетті. Бұл осы салалардағы дүниежүзілік алдыңғы қатарлы тəжірибені енгізу мен Мыңжылдықтың Даму Мақсаттарына жетудегі тұрақты көмектің нəтижесінде мүмкін болды. БҰҰДБ 1995 жылдан бері даму жəне ұлттық саясат жөніндегі ұлттық қарым-қатынастарға мүмкіндік туғызатын, Адамзат Дамуының Ұлттық есебін (АДҰЕ) жəне басқа да сараптық құжаттарды дайындауға қатысып келеді. БҰҰДБ дайындап шығаратын адамзат дамуы бойынша оқыту шаралары мен əдістемелік құралдар Қазақстанның Жоғарғы оқу орындарында қолданылуда.
Кез келген мемлекеттің ұлттық мүддесінде тұрақты даму мен елдегі кедейшілік деңгейі аса жоғары аймақтардағы тұрмысы төмен адамдардың əлеуметтік теңсіздігін жою мəселесіне ерекше орын берілетіндігі анық. Ал БҰҰДБ серіктері осындай аймақтардағы ұлттық тетіктерді таңдап, іске қосудағы озық дүниежүзілік тəжірибе мен дағдыларды тағайындауды қажет етеді. Мемлекет айтарлықтай экономикалық өрлеуге қол жеткізген кезде, аймақтық теңсіздікті төмендету мен азаматтардың əлеуметтік қызметтерге бірдей мүмкіндіктерінің болуын қамтамассыз ету Қазақстандағы БҰҰДБ-ның басты басымдылықтары болып табылады. Сондай-ақ Қазақстанда бұл бағыттағы шара елде жұмыс істейтін дербес компаниялармен іскерлік қарым-қатынас арқылы да іске асуда.
Қазақстандағы Бағдарламаның ағымдағы жұмыстарының бірі қоршаған ортаны қорғау мен энергетика мəселелері. БҰҰДБ қоршаған ортаны қорғау мен сақтауды жақсарту, су қорын қолдану мен жер ресурстарын пайдалану бойынша инновациялық тəжірибелерді тарату үшін Қазақстанның Тұрақты Дамуының 2024 жылға дейінгі Тұжырымдамасын енгізуде ұлттық серіктеріне қолдау көрсетті. Сонымен қатар БҰҰДБ мемлекеттің ғаламдық жылу мəселелеріне, энергетикалық тиімділікті ынталандыру, су ресурстарын үнемді пайдалану мен жел қуатын қоса алғанда, энергияның қайта жаңартылған түрлерін тиімді пайдалану бағытында жұмыла жұмыс жасауға қолдау көрсетеді.
БҰҰДБ-ның бүгінгі таңдағы қызметінің маңызды бағыттарының бірі демократиялық басқару тəжірибесін насихаттау болып табылады. Бұл саладағы жұмыстар бірнеше бағыттарда: қоғамдық институттардың тиімділігін жақсарту, адам құқығы институттарын нығайту, қоғамдық саясатты жүзеге асырудағы жəне оның қызметін барлап саралаудағы ҮЕҰ мен мемлекеттік органдар сұхбаты мен ынтымақтастығы, парламенттік салт-ғұрыптарды дамыту бағытында жүргізіледі.
Орталық Азиядағы БҰҰДБ жұмысының аумақтық тұжырымдамасына сай, экономикалық реформалар мен сауда-саттық үшін оңтайлы жағдайларды тудыру, сонымен қатар демократиялық жəне экологиялық басқару реформалары саласындағы аумақтық бастамаларға Қазақстанның белсенді қатысуына ерекше көңіл бөлінеді.