Лаңкестікпен жəне діни экстремизммен күрес
Қазіргі таңда лаңкестік қоғамға қауіп төндіретін негізгі фактор ретінде қарастырылады. Бұған осы уақытқа дейін орын алған лаңкестік актілердің саны дəлел. Атап айтар болсақ, 2008 жылы əлемде 11 770 лаңкестік акт орын алды. Бұл 2001 жылмен салыстырғанда 35 есеге көп. Бүгінгі күнге дейін лаңкестіктің 400-ден астам анықтамасы кездеседі. Бірақ олардың барлығының мағынасы бір арнаға тоғысады: лаңкестік – бұл қоғамдық санаға идеология мен тəжірибенің ықпал етуі, мемлекеттік билік органдарының немесе халықаралық ұйымдардың қабылдаған шешімдеріне қорқыту жəне құқыққа қарсы əртүрлі зорлықзомбылық əрекеттер арқылы əсер ету.
КСРО-ның құлауымен кеңестік дəуірден кейінгі кеңістіктің көптеген аудандарына лаңкестік тамырын жая бастады. Өзінің мақсатына жету үшін ең тыныш деген аудандардағы зорлық-зомбылық əдістері, мəселен, Əзірбайжан, Армения, Грузия, Молдова, Қырғызстан жəне Тəжікстан аумағында қарулы қақтығыстарға алып келді. Бүгінгі таңда халықаралық лаңкестік өзінің кез келген көріністерінде, өзінің ауқымы мен іс-əрекет жасау өрісі, заманауи техникалық құралдармен жабдықталуы, күші мен құралдарының шоғырлануы, қаржылық мүмкіндіктері мен зияткерлік қабілеттілігімен ХХІ ғасыр тоғысындағы ең бір қауіпті құбылысқа айналды. Лаңкестік əрекеттердің сан алуан түрлері пайда болуда. Олар барған сайын ұлттық, діни, этникалық қақтығыстар, сепаратистік жəне азаттық қозғалыстармен ұштасуда. Лаңкестік ғаламдық сипат алды.
2001 жылы 15 маусымда қабылданған «Лаңкестік, сепаратизм жəне экстремизммен күрес жөніндегі Шанхай конвенциясы» лаңкестікке ауыр дене жарақатын жасауға немесе қандай да бір азаматтық тұлғаны өлтіруге немесе қарулы қақтығыс жағдайында əскери қимылға қатыспаған басқа тұлғаға бағытталған іс əрекеттерді жатқызылады. Сондай-ақ, Конвенция лаңкестік түсінігіне ұйымның қандай да бір материалдық нысанға айтарлықтай нұқсан келтіруді жоспарлауын, арандатушылық жəне жəрдем беру арқылы, халықты қорқытуын, қоғамдық қауіпсіздікті бұзу мақсатында, сондай-ақ билік органдарын болмаса, халықаралық ұйымдарды қандай да бір іс-əрекет жасауға немесе оны жасаудан бас тартқызуды да жатқызады.
1991 жылдан бері Орталық Азия аймағында орын алған көптеген қақтығыстар діни сипатта болды. Аймақтың тəуелсіз республикалары, соның ішінде Қазақстан халқының да айтарлықтай көп бөлігі ислам дінін ұстанады. Мұнда да басқа мемлекеттердегі сияқты исламды тарату ішкі өзгерістердің орын алуы нəтижесінде, яғни, бастыстандырудың əсерінен қалыптасқан қағидалардың болмай қалмайтын түрленуі немесе өзгеруімен байланысты болды. Аймақта ислам қарқынды саяси күшке, яғни жұмылдыру əлеуетіне ие.
Қазіргі таңда ислам Орталық Азия елдерінде күрделі факторға айналып, əлеуметтік-саяси алаңдаушылық тудырып отыр. «Саяси ислам» қоғамда мұсылман дінінің рөлін қалпына келтіруге бағытталған, тек қазіргі заманғы идеялық ағым емес, сонымен қатар, исламдық мемлекет-халифат құрудың діни-саяси тұжырымдамасын іске асыруға талпыныс жасау болып табылады. Мұндай тұжырымдама қазіргі заманғы Орталық Азия жағдайында көбінесе халифаттар билігі үстемдігі қоғамдық құрылысын қайта жандандыруды көздейді.
Ислам көп жағдайда əртүрлі саяси айла-амалдардың құралына айналуда. Діни радикалдар «дəстүрлі» ислам түсінігін экстремистік ағым идеясымен алмастырып, жас мемлекеттердің əлеуметтікэкономикалық қиын жағдайларын өте шебер түрде пайдаланып, зайырлы билікті құлатып, теократия, халифат жүйесін орнату мен шариғат қағидаларына сəйкес ресми құқықты қоғам орнату мақсатында өздерінің іс-əрекетінін жүргізеді. Өз кезегінде Орталық Азияның көптеген мемлекеттерінде діни оппозицияның жаппай антиүкіметтік қимылдар мен құқық қорғау органдарының қақтығыстарын айыптау əрекеттері бірнеше рет орын алды. Алайда оның күрделі шиеленіс туғызатын əлеуеті бар нағыз əлеуметтікэкономикалық себептері есепке алынбады.
Ислам мен лаңкестікті араластыруға болмайды. Мұсылман мемлекеттерінен шығып жатқан лаңкестіктің негізінде, мүлдем ислам жатқан жоқ. Лаңкестік əлеуметтік-экономикалық, саяси көңіл толмаушылықты, билікке қарсы шығуды, шектен шыққан əділетсіздікті, демократияның тапталуын алға тартады.
Іс жүзінде шын мəніндегі дамыған жəне дамушы мемлекеттердің тайталасының негізінде діни жағдайлар немесе ислам мен христриандықтың күресі емес, ол қазіргі заманғы əлемнің экономикалық, саяси, мəдени, ақпараттық жағдайдың ретке келтірілмегені болып табылады.
Радикалды ислам мен лаңкестік аймаққа Таяу жəне Орта Шығыс, сонымен қатар басқа да кеңестік дəуірден кейінгі кеңістіктегі жекелеген мемлекеттерден келді. ТМД-ның бірқатар мемлекеттерінде саяси мақсатқа қол жеткізіп, билікке жету үшін исламды саяси орталарда пайдаланудың əртүрлі түрлері іске асқанын, болған оқиғаларға талдау жасау арқылы көз жеткізуге болады. Бұған Молдова, Дағыстан, Башқұртстан, Татарстан, Ингушетия мен Шешенстандағы оқиғалар дəлел бола алады.
Діни идеологияны жамылып, Орталық Азияның көптеген экстремистік ұйымдары өздерінің іс-əрекеттерін іске асырады. Олардың жекелеген бөлігі өздеріне лайықты орын тауып, елдің аймақтары мен халқының есебінен аймақтағы барлық елдердің мүдделеріне əсер етуде. Сарапшылардың пікірі бойынша бүгінгі күні діни экстремизм, аймақта конституциялық билік органына оппозиция болуға үміткер ретінде салмақты саяси күшке айналып отыр. Оның құрамына кірушілер гуманитарлық жəне басқа да көмек түрлерін жасап жатқан сыңай танытып, əртүрлі үкіметтік емес қорлар мен ұйымдар арқылы «баяу» экспанция жасап, жекеменшік оқу орындары мен медреселерде ағартушылық жұмыстарын жүргізіп, біртіндеп радикалды əдістерге көше бастауда. Қазіргі таңда орталықазиялық мемлекеттерде исламдық ағымның діни ұйымдары белсенді түрде іс-əрекет жасауда. Олар қазіргі кезде қоғамда өздерінің радикалдық бағытты ұстанатынын жасырмайды. Мəселен, оған сырттан күшті идеологиялық жəне қаржылай көмек алатын ваххабиттер, салафиттер, «Хизб-утТахрир», «Таблиги Джамаат» жəне т.б. ұйымдар жатады. Олардың негізі мақсаты мен міндеттері: халықтың дінге сенген бөлігін діниидеологиялық жағынан өңдеу, əсіресе жастарды, шариғат заңдарын орнату; құрамына Орталық Азия аймағының бүкіл елдері кіретін теократиялық ислам мемлекетін құру.
Жоғарыда айтылғандарды нақты мысалдармен айтар болсақ,
1990 жылдардың ортасынан бастап «Хизб-ут-Тахрир» ұйымы Өзбекстан, Қырғызстан жəне Тəжікстанда, ал 2000 жылдан бері Қазақстанда өзінің іс-əрекетін белсенді жүргізе бастады. «Хизбут-Тахрир» діни-экстремистік ұйымы (Ислам азат ету партиясы) 1953 жылы «Мұсылман бауырлар» ұйымының палестиндік бөлімшесі негізінде құрылған. Ұйымның мақсаты «Халифатты» (VІІ ғ. Батыс Арабиядағы мұсылмандық мемлекет) қайта қалпына келтіру, билік пен зайырлы жəне рухани билікті халифтің қолында, яғни теократиялық билеушінің қолына шоғырландыру. Халиф конституциясының жобасы да жасалған. Оның мазмұны «Хизб-ут-Тахрирдің» діни-экстремистік стратегиясы мен əдісін анықтайды. Конституцияда халифтің аумағында бір ғана тіл, яғни араб тілі болады деп жоспарланған. Идеялар мен мəдениеттердің өмір сүру қағидаттары мойындалмайды, жəне басқа дүниетанымға деген төзімділік жоқ. Шариғаттың заңдылықтарымен жүрмеген жетекшілердің көзін жою идеясы насихатталып, еврейлерді қудалау, шейіт болудың мүмкіндіктері жəне т.б. қарастырылған.
2005 жылы наурыз айында бұл ұйым Қазақстанда тыйым салынған ұйымдардың тізіме кірді. Ұйым еліміздің аумағында қызмет ете бастауының алғашқы кезеңінде құрамына халықтың кедей тобын тарта бастады. Кейінірек, зиялы қауым өкілдерін, қызметкерлерді, кəсіпкерлерді тарта бастағанын айтып өтуіміз керек. Əсіресе, ұйымға жастарды тарту, олардың бойында исламның қағидаттары орын алмай тұрған кезеңде санасын улауға ерекше назар аударылды. Өйткені, мектеп оқушылары мен студенттер экстремистердің өздерінің құрамына қосып алуды көздейтін ісəрекетін бірден ажырата алмайды. Экстремистік ұйымдардың белсенділері үгіт-насихат жұмысын жүргізуге жақсы дайындалған, олар адамдардың психологиясын жақсы меңгерген, оларда айлаамалдармен алдау дағдысы жақсы қалыптасқан.
Қазақстанда «Хизб-ут-Тахрир» қызметі алғаш рет 2006 жылы желтоқсан айында көрініс берді. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің мəліметі бойынша ұлттық қауіпсіздік органының іс-қимылы нəтижесінде партияның Қазақстандағы, яғни елдің бірқатар аймақтарындағы жекелеген жетекшілері мен белсенділері ұсталып тұтқындалды. Тінту барысында діни-экстремистік ағымның 25000 парақшалары мен 700-ге жуық əдебиеттері, сондай-ақ компьютерлер мен заманауи баспа құралдары қолға түсті. Аталған ұйымның бірқатар тұтқындалған мүшелері өздерінің жасаған кінəларын мойындап, өз еріктерімен «Хизб-ут-Тахрир» ұйымының құпия жерлерде сақталған көбейтетін техника мен баспа өнімдерін тауып берді. Ұйымның Оңтүстік-Қазақстан облысындағы жасырын баспа жұмысының жауапты екі мүшесі кітаптар мен басқа əдебиеттерді басуға арналған 2 ризографты тауып берді. Қазақстандағы «Хизб-ут-Тахрирдің» көшбасшысы тергеу жүргізу орындарына Қазақстанның аумақтық біртұтастығын бұзуға, Орталық Азия, Таяу жəне Орта Шығыста конституциялық құрылысты құлатып, ислам мемлекеті Халифатты құруға шақыратын 12 компьютерлік дискіні материалдарымен берді. Аталған партияның 55 мүшесі ұйымның көшбасшысы мен белсенділерінің тұтқындалуынан кейін «Хизб-ут-Тахрирдің» идеологиялық ұстанымдарынан бас тартты. Олар бұл жағдайды ҰҚК органына ресми жазбаша түрде хабарлап, өз еріктерімен практикалық сабақтар мен дербес дайындықтарға арналған 369 кітапша, 508 кітап, 134 журналды, сонымен қатар ұлттық жəне діни араздықты тудыратын 390 парақшаларды табыс етті. Беделді теологтар мен діни қайраткерлердің қатысуымен болған түсіндіру жұмыстарының нəтижесінде «Хизб-ут-Тахрир» мүшелігі мен ісəркетінен 22 адам бас тартты.
Елбасы Н. Ə. Назарбаев өзінің «Сындарлы он жыл» атты кітабында «Негізінен алғанда, Орталық Азияның бірде-бір мемлекеті діннің саясаттануы тенденциясынан қашып құтыла алмады» деп баса жазған болатын. Сондықтан деструктивті идеяларды импорттаушы болып табылмайтын, бұл мəселеге айтарлықтай берік Қазақстан үшін елдің конфессияаралық келісіміне айтарлықтай қауіп ең алдымен діни экстремизмнің экспортталуынан күтіледі. Оның үстіне радикалды жəне экстремистік ұйымдар мен қозғалыстар үнемі Қазақстан халқының мұсылман дінін ұстанатын бөлігінде өзінің ықпалын күшейтуге талпыныс жасап келеді. Қалай болғанда да, олар біздің елде тамырларын жаюға тырысуда. Фундаменталистер мен экстремистер Қазақстан халқының мұсылман дінін ұстанатын бөлігіне басты назар аударады. Сондай-ақ діни фундаментализм мен экстремизм үш мыңға жуық діни ұйымдар мен қозғалыстарды біріктіретін Қазақстанның 40-тан астам конфессиясына қауіп төндіруі мүмкін екенін де естен шығармауымыз қажет. Бұл əрекеттердің барлығы дер кезінде жойылып отырғанымен, мұндай əрекеттердің одан əрі де күшейіп кету қаупі бар екенін естен шығармаған абзал. Еліміздің мұсылмандар қоғамы мен дін басылары Елбасының саясатын жоғары бағалап, дінді ұстанатындардың көп бөлігі дəстүрлі исламның сунниттік тармағын ұстанады. Радикалды ағымдарды қазақстандық қоғамға тарату талпынысы жаппай қолдауға ие болған жоқ. Ақпараттық саясаттың құрамында бейбітшілік пен адалдықтың бастамасы əлемдік діндерден бастау алатынын насихаттайтын діни тəрбие жатуы тиіс. Əсіресе, бұл исламды «агрессиялы» дін деп əшкерелеуге байланысты.
Қазақстан тəуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап, халықаралық лаңкестікпен күрестің белсенді қатысушысы болып қана қойған жоқ, сонымен қатар, мемлекеттерді бұл қарсы əрекетке біріктіруші бастамашысы болып та табылады. Қазақстанның ШЫҰ, ҰҚШҰ, АӨСШК, ЕҚЫҰ жəне БҰҰ ынтымақтастығы тиімді нəтижелерін беруде. Осылайша Қазақстанның бастамасымен 2002 жылы маусым айында өткізілген АӨСШК бірінші саммиті қорытынды құжат – Алматы актісін қабылдады. Онда лаңкестікке қарсы күрестің маңызды қағидалары белгіленді. Лаңкестікпен күрес даралау жəне шеттету емес, өзінің сипаты мен деңгейі бойынша ғаламдық, жанжақты жəне жүйелі болуы тиіс.
Қазақстандық тараппен ҰҚШҰ қауіпсіздік саласында ынтымақтастықтың іс-қимыл тетігі бойынша жүйелі жұмыс жүргізетін орган ретінде жұмыс жүргізілді. Қазақстан басқа да құрылымдық бөлімшелерде белсенді қызмет атқарумен қатар, сондай-ақ лаңкестікке қарсы коалиция қабылдаған шараларды белсенді түрде қолдайды. Біздің еліміз біріккен алдын алу шараларын қабылдау мақсатында, таяу жəне алыс шетелдермен халықаралық лаңкестікпен экстремизммен күрес саласы бойынша өзара қарым-қатынасты нығайту бойынша жұмыс жүргізеді. Осылайша 2002 жылы сəуір айында Алматы қаласында ТМД лаңкестікке қарсы орталығының қолдауымен «Оңтүстікантитеррор-2002» жедел іс-қимыл кешенді оқу-жаттығуының екінші кезеңі өткізілді. 2002 жылы маусым айында Атырау қаласында əуедегі лаңкестік актіні жоюға бағытталған «Дабыл» толық масштабты оқу-жаттығуы, ал тамыз айында Қапшағай қаласында «Баланс-Барс» біріккен қазақстандық-американдық оқу-жаттығуы өтті. Ресейлік əскерилер мен қазақстандық күштер бірігіп, Маңғыстау облысында «Море мира-2002» атты Каспийдегі кең ауқымды оқу-жаттығуға қатысты.
Өзара əрекет етудің сынағы ретінде Жамбыл облысында өткен ШЫҰ «Бейбітшілік миссиясы-2010» атты лаңкестікке қарсы оқу-жаттығуы өтті. Оқу-жаттығудың түпкі идеясы болып ұлтаралық, діни жəне басқа да жанжалдар шиеленіскен мемлекеттердің аймақтарында жағдайды ретке келтірудің бір жолы ретінде қарастырылды. Оқу-жаттығу жұмыстарына Қорғаныс министрлігінің мəліметі бойынша алты мың əркери, бір жарым мыңнан астам қару-жарақ пен əскери техника, сондай-ақ ұшақтар мен тікұшақтар тартылды. Қазақстанның, Қытайдың, Ресейдің авиация техникалары қатысты.
Қазақстан – ТМД шеңберінде лаңкестікке қарсы əрекет жүйесінің белсенді мүшесі, ол 2003 жылы қалыптасты. Құрылымдық жағынан ТМД лаңкестікке қарсы жүйесі аясындағы көзқарастар екі аймақтық топқа бөлінеді: еуропалық (Беларусь, Молдова жəне Украина) жəне Орталық Азиялық (Қазақстан, Қырғызстан, Тəжікстан). ТМД шеңберінде нағыз əрекет ететін лаңкестікке қарсы институт болып Достастықтың Антитеррорлық орталығы (АТО) саналады. Қазіргі таңда ТМД АТО қызметінің негігі бағыттары мыналар: көліктерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету, лаңкестіктің жаппай қырып-жою қаруларын (ЖҚЖҚ) қолдануын болдырмау, энергетикалық инфрақұрылымдар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, лаңкестікке қарсы əрекет саласындағы ұлттық заңнамалардың үндестігі, ақпараттық кеңістіктегі лаңкестік қауіптерге қарсы іс-əрекет ету. ТМД мемлекеттері арасында лаңкестікке қарсы қызметті материалдық-техникалық тұрғыда қамтамасыз ету саласы бойынша ынтымақтастық белсенді түрде іске асырылуда.
Лаңкестікке қарсы қызмет саласындағы ынтымақтастық жасаудың ең маңызды құрамдас бөлігінің бірі құқықтық көмек көрсету мен экстрадиция болып табылады. 2006 жылы 12 сəуірде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары арасында Ресей Федерациясының азаматы В. Р. Исмайлов жөнінде хабар алмасты.
Ол қылмыстық іс бойынша федералдық жəне халықаралық іздеуде болатын. Оған Ресей Федерациясының қылмыстық кодексінің бірнеше баптары бойынша іс қозғалған. Измайлов араб жалданбалы солдаты Абу-Дзейт басқаратын қылмыстық топтың мүшесі болған. 2003 жылы Галашк ауданындағы федералдық əскерлердің колоннасына қарсы шабуылға шықса, ал 2004 жылы Ингушетия Республикасының құқық қорғау органдарының нысандарына қарсы шабуылға қатысқан. ФҚҚ (ФСБ) мен ҰҚК органдарының жүргізген біріккен жедел-іздестіру шараларының нəтижесінде Измайлов Қазақстан Республикасының аумағында қолға түсті. 1993 жылы «Азаматтық, отбасылық жəне қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету мен құқықтық қатынас туралы» Минск конвенциясының негізінде экстрадиция жүргізілді.
1999 жылы 13 шілдедегі Қазақстан Республикасының «Лаңкестікпен күрес туралы» заңына сəйкес сыртқы қатерлерді алғашқы кезеңде алдын-ала ескерту Қазақстанның құқық қорғау органдары қызметінің басым бағыты болып табылады. Осы бағытта Қазақстанның Интерпол қызметіне қатысуының үлкен маңызы бар. Еліміз оған мүшелікке 1992 жылы 4 қарашада кірген болатын. Бүгінгі күні Қазақстан Инторполы ұлттық бюросының басымдық бағытының бірі, лаңкестікпен күресте еліміздің аумағында лаңкестіктің көрініс беруін жою болып табылады. Бұл мəселе бойынша Интерпол жүйесіне кіретін еліміздің арнайы қызметтерімен тығыз қарым-қатынас жасауға баса назар аударылады. Қазақстанның ҰҚК АҚШ, ГФР, Франция мен Ұлыбританияның арнайы қызметтерімен халықаралық лаңкестік ұйымдарға қарсы күрес саласы бойынша белсенді түрде ынтымақтастық жасауда.
Лаңкестік, экстремизм жəне сепаратизмнің көрініс беруімен күрес жүргізудің маңызды құрамдас бөлігіне деструктивті ұйымдардың мүдделерін анықтау, топтар мен ұйымдардың пайда болу ошақтарын табу, іс-қимылдың зорлық-зомбылықты насихаттау сипатын, сондай-ақ оларды қолдайтын жəне қаржыландыратын құрылымдарды анықтау жатады. Діни экстремизмнің өсуі мəселелерін шешу үшін саяси, əлеуметтік, психологиялық, ақпараттық, күш қолдану жəне күрестің басқа да түрлері қолданылуы мүмкін. Қоғам экстремистік идеяға гумманистік идеялар мен төзімділік принциптерін, азаматтық бейбітшілік, ұлтаралық жəне конфессияаралық келісім идеяларын қарама-қарсы қою арқылы қоғамдық жəне діни бірлестіктердің, БАҚ көмегімен қарсы тұра алады. Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін үнемі жоғарылатып отыру қажет. Соның арқасында этносаралық жəне конфессияаралық салада пайда болуы мүмкін барлық мəселелерді өркениеттік тұрғысынан шешіп отыруға болады. Нақ осы əртүрлі дінді ұстанушылар мен əртүрлі ұлттар арасындағы өзара қарымқатынас саласы экстремистер мен əртүрлі бағыттағы лаңкестер үшін күресу нүктесі болып табылады.