ОҚУШЫЛАР БОЙЫНДА ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС МӘДЕНИЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ-ПЕДАГОГИКАЛЫҚАСПЕКТЛЕРІ

ОҚУШЫЛАР БОЙЫНДА ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС МӘДЕНИЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ
АСПЕКТЛЕРІ

А.Болғанова — «Өрлеу» педагог кадрлардың біліктілігін арттырудың ұлттық орталығы, АҚ филиалы ОҚО облысы бойынша педагог қызметкерлерінің біліктілігін
арттыру институты, Шымкент,
Г.А Момбиева. – аға оқытушы, Абай ат. ҚазҰПУ, Алматы

Мақалада мектеп оқушылары арасындағы тұлғааралық қарым-қатынастың ережесі мен мәдениетін дамытудың психологиялық-педагогикалық аспектілері қарастырылған. Сонымен бірге мектеп оқушыларына қарым-қатынасқа түсу бойынша тәжірибелік ұсыныстар берілген.
Түйін сөздер: Қарым-қатынас, педагогикалық-психологиялық аспект, ұстаздық қызмет, өтпелі кезең, адамгершілік қасите, керіс-жанжалдар, мінез-құлық.

Оқушылар мен ұстаздар арасындағы өзара қарым-қатынас жасау мәселесі- психология және педагогика ғылымындағы әрі маңызды, әрі күрделі мәселелердің қатарына жатады. Бұл салада жүргізілген бірсыпыра зерттеулер мен осы бағытта жинақталған тәжірибелердің нәтижелері оқушылар мен ұстаздар, оқушылар мен тәлімгерлер арасындағы қарым-қатынас орнатуда айтарлықтай ерекшеліктер мен сипаттар түрліше түсініктер бар екендігін көрсетті. Міне, мұндай мәселедегі елеулі жәйттің бірі-мұғалім мен шәкірттер арасындағы қарым-қатынас жасауда әрқилы қиыншылықтардың үнемі кездесіп отыратындығы.
Егер кіші мектеп жасындағы балалар үшін мұғалім барлық бейнесімен ерекше із қалдырып, оларға күшті әсер ететін тұлға болып саналатын болса, ал ересек балалар мұғалімнің әрбір қимыл-қозғалысына, іс-әрекеті мен сөйлеген сөзіне, оның ақыл кеңесіне, өзге адамдармен қарым-қатынасына, шәкірттерге қоятын түрлі талаптарына өздерінше іштей сын көзімен қарайды. Осы мәселені анықтау бағытында арнайы жүргізілген психологиялық және педагогикалық зерттеулер төменгі сынып оқушыларынан гөрі ересек оқушылар арасында үлкендердің айтқан сөздеріне құлақ аспау және айтқанынан қайтпайтын мінез көріністерінде әрқилы кедергілер мен себептер болатындығын анықтады. Әрине, мұндай мәселенің түпкі себептерін психологиялық жағынан тереңірек зерттеу-тәлім-тәрбие ісінде маңызды мәселе болып саналады.
Бізде, атап айтқанда, Қазақстанда, әсіресе қазақ мектептері мен арнаулы білім беретін орта дәрежелі оқу орындарында ұстаз бен шәкірттер арасындағы қарым- қатынас орнату, олардың арасында кездесіп қалатын қиыншылықтар психологиялық тұрғыдан әлі де қызу қолға алынып, тиянақты іздестірілмеген мәселелердің қатарына жатады. Ал, мұғалім мен шәкірттер арасындағы қатынасты іздестірудегі ғылыми- педагогикалық бірең-сараң әдебиет пен мақалаларда тек ұстазға қажетті сапаларды сөз етумен шектеледі. Осы кезде тәлім-тәрбие ісіндегі жасөспірімдермен қарым- қатынас жасауда мұғалімнің өзіндік сапа ерекшеліктерімен қатар, оның өзге адамдармен, әсіресе шәкірттердің даралық ерекшеліктерімен санасып отыру

қажеттігіне баса мән беріледі. Осындай талапты анықтап оны жүзеге асыру жолында мұғалімнің бойында өзіндік сапа, ұстаздық қасиет және арнайы білімі болу керек деген міндет қойылады.
Ұстаздар мен шәкірттер арасындағы қарым-қатынастың бірсыпыра жәйттерін психологиялық тұрғыдан анықтау мақсатымен Алматы қаласындағы бірнеше мектептерде арнайы тәжірибелік зерттеулер жүргізіліп, онда мақсат етіп қойылған мәселенің жай-жапсары іздестірілді. Бұл зерттеуде негізгі мәселе-мұғалімдік мамандыққа қойылатын жасөспірімдердің талабын психологиялық тұрғыдан негіздеп, ұстазға тән сапалар мен ерекшеліктердің сырын ашып көрсету және оны педагогикалық және методикалық жағынан алып талдау.
Зерттеу арқылы іздестірілетін мәселенің түйінін шешу үшін мынадай тәсіл қолданылды. Мұғалімнің ұстаздық қызметіндегі барлық іс-әрекеттерін оқушылардың ой-пікірлері бойынша қалайша бағаланатынын анықтау ниетімен ұнамды және ұнамсыз жақтары деп екі жікке бөлінді. Осы сапалар мен ерекшеліктерден мұғалімнің ұстаздық қызметіндегі даралық қасиеттері мен мамандық біліктілігіне қойылатын талаптар айқындала түсер деген жорамал жасалды. Соның нәтижесінде шәкірттер тарапынан мұғалімге қойылатын талаптар мен тілектердің мән-жайын қарастырып мынадай төрт топқа бөліп іздестірілді де, олардан тиісті қорытындылар жасалды.
Шәкірттер мен мұғалімдер арасындағы, әсіресе мұғалім мен жасөспірімдер арасындағы, қарым-қатынаста кездесіп қалатын тартыстар осы кезге дейін жете зерттелмеген мәселе. Міне,осы мәселені зерттеуді негізгі объект етіп алып қарастыру мынадай себептерге байланысты.
1. Орта жастағы мектеп оқушылары өздеріне ерекше зейін қойып қарауды қажетсінеді. Олардың өмірдегі өтпелі кезең, жоғарғы талаптар, сана сезімі мен ақыл-ойының өсуі мұғалімді жасөспірімдерге жаңа қырынан келуге мәжбүр етеді.
2. Өтпелі кезең жасындағы балаларға дұрыс қалып көрсетпеуден туындайтын тартыстарды жиі кездестіруге болады. Балалардың жас ерекшелігін және тәлім-тәрбие жұмысында соған сай әдіс амалдарды қолдана білмеуден кейбір мұғалімдер өз жұмысында көптеген қиындықтарға кездесіп жүр. Олар бірер рет көзге түсіп қалғандарды ”тәрбиеленуі қиын” балалар қатарына ой салмақтамай қосып, өз жұмыстарында қиындатады. Енді-енді қалыптаса бастаған жеткіншек мінез-құлқына кері әсерін тигізеді.
Мұғалім мен оқушы арасындағы тартысты туғызатын себептерге оқушылар тобы, олардың жас және өзіндік ерекшеліктері, мұғалім мен оның оқушылар ұжымына басшылық ету стилі де әсер етуі жатады.Тәлім-тәрбие саласында жүргізілген зерттеу нәтижелерін жинақтап қарастырғанда мұғалім мен оқушылар арасындағы тартыстардың туындап, олардың етек алуының бірнеше түрлері болатындығы байқалады.
Оқу ісін жүзеге асырып, оны бірізділікпен жүргізуде кедергі болатын жәйттер мұғалімнің білім деңгейі мен оны шәкірттерге тиімді әдіс-тәсілдермен жеткізе алмай, тәжірибесіздік көрсетіп, оқушыларға серпінді ықпал ете алмайды. Сондай-ақ мұғалім оқушыларға қоятын талабын үнемі өзгертіп қалыпты жағдайдан жиі ауытқып отырады. Соның салдарынан шәкірттердің тәртібі де нашарлайды. Мұндай кемшіліктер, ең алдымен, ұстаздың ұйымдастырушылық қабілеті мен сабақ жүргізудегі методикалық олқылығынан пайда болып, шәкірттер сабаққа көпшілік

уақытын босқа жіберетін болады. Алайда мұндай жағдайдан туындайтын тартыстар оқу-тәрбие ісіндегі өзге сипаттағы дау-дамайлардан кемдеу.
Жеке бастың өзі ұстанған адамгершілік қасиеттерге байланысты кездесетін кедергілер мен талас-тартыстар. Баланың өз басына талап қоюы, айналасына зер салып, әрбір нәрсеге мән беруі баланың өсіп жетіле бастағанын көрсетеді. Мұндай ерекшеліктерге баланың ересек адамдармен қарым-қатынас жасап, өзінің есейгендігін байқатуы оның адами-этикалық жағынан да талап-тілегінің өскендігі деп санау керек. Ересек адамдармен салыстырғанды мұғалім мен оқушылар арасындағы өзара қарым-қатынас едәуір күрделі. Өйткені, мұндағы бірінші жақ- мұғалім толық қалыптасқан, мораль, этикалық жағынан жетілген, мінез-құлқы орныққан адам. Екінші жақ- оқушылар. Бұлар небары өз ұстазының сезімі мен ақыл- ойына ынтыққандар ғана. Мұғалім мен оқушының ойлану, түсіну сипаттары да түрлі деңгейде. Ұстаздарға айдай анық құбылыс шәкіртіне нанымды бола бермейді. Кейде мұғалім мен оқушы бір құбылысқа, сөзге немесе қылыққа беретін бағалары да түрліше. Тіпті қарама-қарсы мәнде де болуы мүмкін. Ұстаз бен шәкірттер арасындағы қарым-қатынаста тартыстың туындауына ұстаздық методикалық тұрғыда қате жіберіп жаңылысуы, не оқу материалын тиянақты түсіндіре алмауы да себеп болады.
Оқушылардың жас ерекшеліктерін елемей, олардың құрдастарымен қарым- қатынастарының қыры мен сырына жете мән беріп, оларды жете бағаламау салдарынан болатын табыстар. Ал, оқушылар тобы тарапынан мұғалімге қойылатын талаптар, олардың рухани тілектерін қанағаттандырмауға байланысты. Әдетте, мұндай жағдайда мұғалім оқушылар ұжымынан өз бойын аулақ ұстап көпшілік- қоғам жұмыстарына сирек қатысады. Оқушылар ұжымының сан алуан жұмыстарына, ұжымдық пікірлерге жете мән бермейді. Мұндай жағдайда оқушылар тарапынан ұстазға деген наразылық, қанағаттанбау сезіміне орай тартыстың туындауына себеп болады.
Оқушылардың даралық ерекшеліктеріне тән жағымсыз қасиеттері мен мінез- құлқына орай туатын тартыстар. Оқушылар арсындағы ұшқалақ мінезді, қызу қанды, айтқанынан қайтпайтын өжет, жан дүниесіеің шеңбері тар өзін қатар құрбыларынан жоғары санайтын балалар да бар.Олардың сөйлеген сөзі, істеген қылығы өзгелердің зығырданын қайнатып тұрады. Ондай балалармен қарым-қатынас жасау мұғалімдерге оңай тие қоймайды. Негізгі мақсат мінезі ерекше оқушылармен қалыпты қатынас орнатудың тиімді әдісі – оларды ұжымдық өмірдің ыңғайына қарай бейімдеп, олардың іс-әрекеттерімен үйлестіру. Дегенмен, мұндай жағдайда ұстаз бен шәкірт арасындағы айырым шығатын жәйттер жиі болып тұрады. Мұндайда ұстамды ұстаздар шыдамдылық пен тапқырлық көрсетіп,қалайда шәкірттермен тиімді қарым- қатынас орнатудың әдіс-тәсілдерін ізденеді. Жастардың мінез-құлқындағы жағымсыз қылықтарын жөндеуге күш жұмсап, әрбір оқушының даралық ерекшеліктеріне баса көңіл аударады.
Мұғалім мен оқушылар арасында кейде бірін-бірі жете түсінбей өзара келіспеушілік сияқты қолайсыз жәйттер кездеседі. Мұндайда баланың даралық ерекшеліктері мен жан дүниесінің сырына терең бойлап, олардың мінез-құлық ерекшеліктерімен санасқан тиімді. Бала психикасының қарқынды дамып отыруына орай түрлі тілек талаптары мен қажеттіліктері, әрбір нәрсенің сырын білуге құштарлығы арта түседі. Тәлім-тәрбие ісінде баланың санасы мен ақыл-ойының дамуындағы саналы өзгерістерді ескеріп, оларды дұрыс жолға пәрменді бағыттап

отыратын болса, онда шәкірт мінезінің ұнамды қасиеттерін бірізділікпен қалыптастыруға болады.
Ұстаздар мен шәкірттер арасында дұрыс қалыптаспаған қарым-қатынастар тәлім- тәрбие істерінің жемісті жүргізілуіне елеулі нұқсан келтіреді. Мұндай жәйттер арнайы іздестірілген тәжірибелер арқылы анықталды. Біріншіден, бір кластағы оқушылардың жеке пән мұғалімдеріне қатынасы; екіншіден, сабақ жүргізген пән мұғалімдерінің ерекшеліктері; үшіншіден, оқушылардың жеке пәндерге деген ықылас-ынтасы;төртіншіден,мұғалімдердің класс ұжымымен қарым-қатынасының сипаты.
Сонымен, мұғалімдер мен оқушылар арасында кездесетін наразылықтар мен керіс-жанжалдар мұғалімнің жеке басындағы мінез-құлық мен қызметіндегі кәсіби олқылықтарына байланысты екенін аңғартады.
Мұғалімнің мінез-құлқы өз мамандығының талаптарына сай болса, онда қолайсыз жағдай болмас еді. Қолдан келгенше өзара қақтығыстар мен реніштерді тудырмаған жақсы. Ондай жәйттер кімге де болса абырой әпермейді. Болашақ ұстаздар мұндай жағдайлардың мән-жайын терең барлап түсінгені дұрыс.

1. Сейталиев Қ. Жалпы психология: Оқу құралы. – Алматы: «Білім», 2007. – 360 б.
2. Калыбекова А. Қазақ халық тәрбиесінің асыл мұрасы. – Алматы: БАУР, 2011.
– 488 б.
3. Жақыпов С.М. Жалпы психология негіздері. Оқулық. – Алматы: Алла прима, 2012. – 203 б.
4. Жұмасова К. Психология : Оқулық. – Астана: Фолиант, 2010. – 296 б.
5. Жігітбекова Б.Д. Топтық психотерапия: Оқу құралы. – Алматы: Абай атындағы ҚазҰПУ, 2008. – 128 б.
6. Құдиярова А.М. Қарым-қатынас психологиясы. – Алматы, 2006. – 40 б.
7. Рысбаева А.Қ. Педагогикалық ситуациялар мен тапсырмалар. Оқу әдістемелік құралы. – Алматы: «ХХІ век» Қоры, 2002. – 40 б.

Резюме
В этой статье рассмотрены психолого-педагогические аспекты развития правил и культуры межличностного общения в школьной среде. А также даны практические рекомендации школьникам по правилам общения.

Summary
In this article psihologo-pedagogical aspects of development of rules and culture of interpersonal dialogue among schoolboys are considered. And also practical recommendations to schoolboys by dialogue rules are made.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *