МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАСӨСПІРІМДЕРДІҢ ӘЛЕУМЕТТІК БЕЙІМДЕЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАСӨСПІРІМДЕРДІҢ ӘЛЕУМЕТТІК БЕЙІМДЕЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Даурамбекова А.А. – аға оқытушы, Арнайы педагогика кафедрасы, Абай
атындағы ҚазҰПУ
Д. А. Шаханбаева — Қаскелең қосалқы мектеп-интернаты, математика пәнінің мұғалімі, Қаскелең қ.

Мақалада мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдердің әлеуметтік бейімделу мәселелері мен даму бұзылыстарының субъективтік және тұлғалық өлшем, көрсеткіштері талданған.
Түйін сөздер: бейімделу, дезбейімделу, әлеуметтік оңалту, әлеуметтік орта, орнын толықтыру (компенсация), психогендік механизмдер.

Бүгінгі таңда әлемдік деңгейде мүмкіндігі шектеулі тұлғаларды қоғамға бейімдеу сұрақтары өте өзекті мәселелердің бірі және оларды шешу жолдары күннен-күнге күрделенуде.
Психологтардың түсіндірулері бойынша мүмкіндігі шектелген тұлға белгілі бір кешеуілдеуге және тежелулерге тап болады, ал бұл адамның дәрменсіздікті сезінуін күшейтеді. Өзін-өзі бағалаудың, өзін-өзі құрметтеудің үнемі төмендеуі тұлғаның өмір өзгерістеріне бейімделу қабілетін әлсіретеді.
Әлеуметтік бейімделудің теориялық-методологиялық негіздерін К.А. Альбуханова-Славская, А.Г. Асмолов, JI.A. Беляева, Л.П. Буева, Ю.В. Ганн, C. Егорова, А.Н. Иванов, B. Корель, С.П. Кузнецов, И.К. Кряжева, С.В. Лазарев, И.А. Милославова, Б.Д. Парыгин, М.В. Ром, В.Н. Судаков және т.б. ғалымдар қалаған.
Мінез бұзылыстарының түрлі формаларымен негізделетін мектеп оқушыларының әлеуметтік дезбейімделуінің жеке аспектілерін C.А. Беличева, О.А. Воробьева, А.Д. Гонеев, С.Н. Ениколопов, Е.В. Зманова, О.А. Матвеева, И.А. Невский, Л.М. Рышкова, Т.И. Шульга сынды ғалымдар зерттеген. Ал мүмкіндіктері шектеулі балалардың әлеуметтік бейімделу мәселелерін зерттеуге байланысты Д.А. Быков, Г.А. Гусев, В.В. Дегтярева Т.В. Егорова, Г.Н. Подчалимова, С.В. Стригов, В.Я. Осенников және т.б. ғалымдарды атауға болады.
«Әлеуметтік оңалту (реабилитация) әрекеті» түсінігі «білім беру»,
«педагогикалық үдеріс», «оқыту», «тәрбиелеу» және «педагогикалық іс-әрекет» түсініктерімен тығыз байланысты және ол педагогикалық іс-тәжірибеде кеңінен қолданылады [1].
Л.С.Выготский бұзылыс әсерінің өзі екіншілік ақау, яғни кейіннен пайда болған баланың өзіндік, іштей туа біткен кемістікті емес, сол кемістік салдарынан пайда болған қиыншылықтарды сезіну, — деп атап көрсеткен. Баланың басқа құрдастарымен салыстырғандағы әлеуметтік ұстанымының төмендеуінің себебі – кемістіктің салдары. Дамуында кемістігі бар бала әлеуметтік ортаға бейімделу барысында мінезінің қалыптасуына кері әсерін тигізетін көптеген кедергілер мен қиындықтарға тап болады.

Туа біткен кемістігі бар балалардың әрекет қабілетінің қалыптасу жүйесін біз әлеуметтік ортаға бейімделу процесінде кездесетін қиындықтарға қайтарылған жауап (реакция) ретінде қабылдауымыз тиіс.
Адам санасы құрылуының жүйелік сипаттамасының болжамына сүйенсек, белгілі бір этаптағы (деңгей) компонент қызметінің бұзылысы басқа компонентке де өз әсерін тигізеді, сондықтан дамуында ақауы бар баланың қалыптасушы тұлғасы бірталай өзгерістермен сипатталады.
Балалардың және жасөспірімдердің ақаулы дамуының субъективтік және тұлғалық өлшемінің талдану шарттары:
1) Егер зияты бұзылған баланың қажеттілігі ұзақ уақыт бойы қанағаттандырылмаса, дамушы тұлғада деструктивті әсер ететін қанағатанбаушылықтың пайда болуы;
2) Әр түрлі бұзылысы бар балаларға кері әсерін тигізетін ұзақ уақыттық қорқыныш, үрей, стресс өзін-өзі тану, бағалаудың төмендеуі;
3) Қалыпты психикалық дамудың алғышарты болып табылатын тұлға мен қоршаған орта арасындағы қарқынды дамитын тепе-теңдік аймағында кенеттен үзілістің орын алуы (бұзылыс баланың өздігінен реттелуінің тұрақсыздығына әкеледі);
4) Бұзылысы бар бала немесе жасөспірімнің дамуының тікелей қоршаған әлеуметтік ортаға тәуелділігі (жақсы күтім мен тәрбиенің тұлғаның жетілуіне ықпалы);
5) Сенсорлы және зият бұзылысы бар балалар мен жасөспірімдердің шындықты қабылдау дәлдігі сау және зақымдалмаған мүше мен жүйе тарапынан орнын толықтыруға (компенсация) тән алғышарттардың болуы, (олар бұзылыс ерекшелігінің күшіне парапар келмейді);
6) Дамуында ауытқуы бар балалардың қорғаныс механизмін іске қосу нәтижесінде, өзін-өзі танудың қалыптасуының жиілігі. Өте қатты үрейлену өзін тану барысында жеткіліксіздіктің кешенін қалыптастыруға немесе керісінше, өте жоғары, шамадан тыс орын басуға (компенсация) әкелуі, (сондықтан мүмкіндігі шектеулі тұлғаның біртұтастығы осы екі беталыс бір уақытта бақылана алса да, жеткілікті өлшемге жетпейді);
7) Дамуында бұзылысы бар балалар мен жасөспірімдердің фрустрацияға төзімділігі өз-өзіне сенімсіздік пен өз-өзін бағалаудың төмендігі;
8) Мүмкіндігі шектеулі балалардың қиындықтарға қарсы тұруының төмендеуі, созылмалы стрестік жағдайлардың жиналуына себепші болады, стрестік жағдайлар тұлға тұтастығының қалыптасуына, психикалық үрдістердің және әрекеттердің реттелуінің тепе-теңдігіне әсер етуі (мұндай балалар «өзіне күтім жасау» оқшаулануына бейім, үрей туғызатын, кейде байбалам салуға дейін апаратын мүсәпірлік пен тығырықтан шығарға жол таппайды);
9) Дамуында бұзылысы бар балалар мен жасөспірімдердің өз ортасына бейімделуінің қиынға соғуы, қалыпты қоғамдық өмірге бейімделу мүмкіндігінің шектелуі;
10) Дамуында бұзылысы бар балалар мен жасөспірімдерге орнығу қиынға соғады, себебі сол бұзылыстың өзінің салдарынан толыққанды өмір сүруді тежейтін кедергі мен мүмкіндіктің шектелуінің пайда болуы;

Мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдердің өмірге деген қызығушылығы тарылады, жалпы белсенділік төмендейді, сәтсіздіктен қашқалақтау мақсаты басымдылық танытады.
Сондықтан мұндай балалар мен жасөспірімдермен қарым-қатынас жасағанда олардың тұлғалық сипаттамасы мен тұлға ішілік үрдістерін ескеру қажет. Олардың психикалық дамуындағы бұзылыстар қарқынды түрде дамиды, ал бұл даму баланың онтогенездік жетілуімен сәйкес жүреді, яғни екі ауыспалылықты ескеру қажет: психикалық қабілет бұзылысының қарқынды дамуы және ми құрылымының пісіп жетілуіне негізделген сол қабілеттің қалыптасу динамикасы. Тұтастай алғанда, жас ерекшелігі, дизонтогенездік және жеке тұлғалық типологиялық ерекшеліктері ескеріледі. Балаларды және жасөспірімдерді дұрыс тәрбиелемеушілік пен микроортадағы созылмалы психотравмалық жағдайлармен байланысты тұлғаның психогендік патологиялық қалыптасуы патологиялық мінездің дамуы ретінде анықталады [2].
Осы үрдістің негізгі психогендік механизмдері:
— тұлғалық реакцияның бекітілуі (қарсылық, бас тарту, гиперкомпенсация т.б.), психотравмалық әсерлерге жауап қайтару;
— кейбір қаламаған мінез қырларының бұрыс тәрбиелену мүмкіндігі;
Психогендік фактордың ерекшелігі мен тұлғаның жеке психикалық қасиеттеріне (темперамент, психомоторика, психикалық реакция) байланысты сол немесе басқа мінез ауытқуының бекітілуі жүреді. Біртіндеп олар патологиялық мінез синдромына жинақталады – өте жоғары қозғыштық, ежеулі, жанжалға құмарлық (истероидтық), дамудың тұрақсыз нұсқасы. Сонымен қатар, патологиялық мінездің күрделі кешенін құрайтын, әр түрлі синдромдардың патологиялық сипатының араласуы жиі кездеседі. Тұлғаның патологиялық қалыптасуының механизмдері:1) бұзылысты сезіну реакциясы; 2) физикалық толыққандылықтың болмауы; 3) кемістігіне байланысты әлеуметтік депривация; 4) тәрбиенің дұрыс болмауы; 5) толық дамымаған балаға қоршаған ортаның көзқарасы; 6) церебралды-органикалық жетіспеушілік, физикалық және жыныстық жетілудің бұзылысы; 7) жалпы немесе жартылай сенсорлық
депривация.
Көріп отырғанымыздай, зияты зақымдалған балалардың тұлғалық қалыптасуының патологиясы психологиялық, әлеуметтік-психологиялық, биологиялық факторлардың әсерлерінің нәтижесі болып табылады.
Ескере кететін жағдай, мінездің қасиеті мейлі ол қалыпты болсын, мейлі ол патологиялық болсын, өмір сүру барысында қалыптасады. Аурудың пайда болуына түрткі болған жағдайлар маңызды. Алайда, жоғарыда айтып өткеніміздей, белгілі бір қасиет жетіспеген жағдайда тұлғаның органикалық тұтастығының арқасында келесі бір қасиет тапсырманы орындауды өз міндетіне алады.
Зияты зақымдалған балалардың жалпы клиника-психикалық ерекшелігінің ішінде (жас ерекшелігі мен психикалық сақталуына байланысты) сол немесе басқа да өзінің кемістігін сезіну деңгейі бар. Бұл әсіресе 10-11жаста көңіл күйдің төмендігінен, әлеуметтік қарым-қатынас жасауды шектеу, іштей қайғыру арқылы анық байқалады.
Жанұядағы өзіндік психологиялық атмосфера, ауру немесе дамуында бұзылысы бар балаға аяушылықпен қарау мінездің тежелуі, кей жағдайда истерикалық компоненті қалыптастырады. Кешеуілдеген тәрбиемен сипатталатын физикалық даму темпінің бұзылысы мұндай балалар мен жасөспірімдерде психофизикалық

инфантилизм деп аталатын тұлға санасыздығы, аңқаулығы, тұрмыстық және тәжірибелік мәселелерде әлсіздік танытуын байқатады.
Балалар мен жасөспірімдердің психогендік қайғыруларын қарастыра отырып, В.А.Гурьева балалық және жасөспірімдік мәселелердің алты деңгейін бөліп көрсетті:
• өмір сүру қауіпсіздігі жоқ – сыртқы әлем «баланы да,оның жанұясын да қорғауға алмайды»;
• отбасы бала қауіпсіздігін, дамуындағы керек бағытты, түзетуді, стресті жеңудегі үлгімен қамтамасыз етпейді;
• бала не жасөспірім қоғамда өзін қалай ұстау керектігін білмейді, әр түрлі мәселелерді шешу жолдарын меңгермеген;
• бала іштей өз-өзімен дауласу, қорқынышты ойлар мен сұрақтарға толы, өзі туралы теріс пікірлер, әлем туралы үрейлер орын алуы;
• тұлғалық реттеушілік механизмдер жеткіліксіз, бала кез келген уақытта байбалам салуға бейім тұрады;
• ақаулы даму салдарынан (көбіне органикалық бұзылыстар) нейрофизиологиялық реттелудің бұзылуы [3].
Аномалды балаларға көбіне жұмыс қабілеті төмендеген, аутизмдік сипатқа ие тежеулі нұсқаға жоғары эмоционалдық, өз кемістігін байқатпау мақсатында құрдастарынан оқшаулану, олармен қатынасқа түсуден қашқалақтау, құрдастары өзінің күшін, әдемілігін көрсеткенде, ауру бала гиперкомпенсаторлық не компенсаторлық көмекке жүгінетіндей ауыр жарақатын сезінеді, өз-өзіне сенімсіздік, психикалық ауырсыну, эгоцентризм пайда болады.
Тұлғаның патологиялық қалыптасуында истерикалық (жанжалдық) және тұрақсыз нұсқасы сирек кездеседі. Алғашқыда өзіне назар аударту, эгоистік (өзімшіл) көрініс табады. Жыныстық жетілу кезеңінде не осы кезең алдында әр түрлі психикалық травмаларға жауап ретінде жанжалдық реакцияларға бейімделеді, жасөспірім талабының қанағаттандырылмауы байқалады.
Ал тұрақсыз типінде басқа адамның көмегіне жүгінетін бір сәттік тілегі мен қызығушылық әрекеттері, қиындықты жеңе алу қабілетсіздігі, еңбекке деген ынта мен қабілеттің жоқтығы байқалады. Осы аталғандар кіші жас оқушыларға қатысты, ал жоғары сынып оқушыларында тұлғалық жетілуінің тежелуі тән. Сонымен қатар патологиялық мінездің дамуына балалардағы құқық бұзушылықтың көзі болып табылатын микроәлеуметтік педагогикалық күтімнің болмауы да әсер етеді.
Екі нұсқада да, (истерикалық және тұрақсыз) патологиялық сипаттарын бекітуге психофизикалық инфантилизм себепші болады.
Сонымен бірге өз кезегінде қалыптан тыс зиятының жылдам дамуымен сипатталатын диспропорционалдық нұсқасы да кездеседі. Бұл нұсқаның негізінде науқас баланың тәрбиесіне немқұрайлы қарау, яғни интеллект қызығушылықтарын және әрекеттерін тым асыра мадақтау, қозғалыс белсенділігін, қимыл-әрекетті дамытатын ойын-жаттығуларды шектеу, құрдастарынан оқшаулау жатыр.
Балаға не жасөспірімге тұлғалық оңалту (реабилитациялық) күтім тұлғаның қалыптасу ерекшелігін ғана емес, ауруға не кемістікке тұлғалық жауап қайтару реакциясын, яғни «ауруды бастан өткеру типін» білуді қажет етеді. «Ауруды бастан өткеру типі» баланың не жасөспірімнің жас ерекшелігіне, аурудың сауығу болжамына, өзіндік санасында бұзылыстың болу-болмауына тәуелді [4].

Ерте жастағы, мектепке дейінгі және кіші мектеп жасындағы балаларға анозогнозикалық, дистимикалық және регрессивтік ауруды өткеру типі тән, яғни өз бойындағы ауру жайында бейхабар болу. Орта мектеп жасында алғаш рет истероидтік (ауруды сезіну) және депрессивті-фобиялық ауруды өткеру типі байқалады. Жасөспірімдерде өз-өзіне қол жұмсауға дейін апаратын үрейлі- депрессивтік және депрессивтік-ипохондриялық тип болуы мүмкін.
Осы аталған ауруды өткеру типтері зияты зақымдалмаған балалар мен жасөспірімдерге тән. Ал басқа жағдайда, мысалы кіші жастағы психикалық ауытқуы бар балаларда анозогнозикалық, дистимикалық және регрессивтік ауруды өткеру типі байқалады.
Созылмалы аурулар, дамудағы бұзылыстар салдары балалар мен жасөспірімдерде бейімделудің әр түрлі патологиялық реакцияларына себепші болады.
Патологиялық бейімделудің басқа бір формасы – көңіл күйдің тұрақты депрессиялық өзгерісі, кейде агрессивтік, псевдосадистік көріністермен және қарқынды жыныстық қозғыштығымен сипатталады. Жасөспірімдерде ауруға бейімделу реакциясы ішкілікке салыну, нашақорлық пен токсикалық улы заттарды қолдануға дейін апарады.
Балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік-психологиялық абилитациясының мәні тұлғаның басқалармен нәтижелі қарым-қатынас орната алатындай қабілетінің қалыптасуы болып табылады. Бұл тек әлеуметтік-психологиялық бейімделуі мен бала тұлғасы үйлесімді негізделген жағдайда ғана оң нәтиже көрсетеді.
Мұндай бейімделу тұлғаның қорғаныс құралы ретінде қатысады, және осының көмегімен ішкі психикалық күш жинақталады, ал бұл күш тұтастай қоғаммен және басқа адамдармен қарым-қатынас кезінде пайда болады. Психиканың қорғаныс механизмі осы кезде адамның психологиялық бейімделуінің ролін алмастырады.
Әлеуметтік-психологиялық бейімделу жағдайының тұрақты болуына әсер етуші әлеуметтік құрауыштар – бұл «тұлға – әлеуметтік орта» үздіксіз даму жүйесіндегі оптималды тепе-теңдік;тұлғаның шығармашылық қабілеті мен мүмкіндігінің дамуы, көңіл күйдің жайлылығы; өзіндік ақиқат, өзін-өзі тану және өзіндік түзету; ықпал етуші әрекет бейімделуші тұлға, әлеуметтік орта (ұжым) ретінде; психиканың саулығын сақтап қалу.
Сонымен, арнайы мектептерде білім беру және тәрбиелеу үдерісінде жасөспірімдерді ересектер мен басқа адамдарды құрметтеуге, оларға қамқорлық көрсетуге тәрбиелеу қажет. Мұндай жағдайда ересектер төзімділік танытулары керек. Жасөспірім қандай жағдай туындамасын ересектердің оған жәрдемдесіп, түсінушілік танытатындығынсезінулері керек.Осыған орай әлеуметтік бейімделуге бағытталған жұмыстарды ұйымдастыру жолдары мен формаларын таңдауда әсер етуші факторларды терең зерттеп білудің мағыздылығы артады.

1. Акатов Л.И.Социальная реабилитация детей с ограниченными возможностями здоровья. Психологические основы: Учеб.пособие для студ. высш. учеб. заведений. — М.: Гу-манит. изд. центр ВЛАДОС, 2003.
2. Кербиков О.В.. Избранные труды. — М.: Медицина, 1971.
3. В. А. Гурьева. Психогенные расстройства у детей и подростков.- М, крон– пресс.1996.

4. Ковалев В.В. Семиотика и диагностика психических заболеваний у детей и подростков. – М.: Медицина, 1985.

Түйін
Мақалада мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдердің әлеуметтік бейімделу мәселелері мен даму бұзылыстарының субъективтік және тұлғалық өлшем, көрсеткіштері талданған.

Резюме
В статье рассматриваются проблемы социальной адаптации подростков с ограниченными возможностями, а также субъективно-личностные параметры нарушения развития.

Summary
The problems ofsocialadaptation of adolescentswith disabilities, as well as subjective personal parameters developmental disorders.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *