Сенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин бірқатар мұғалімдерді мерекелерімен құттықтап, облыста білім саласына қосқан үлестері үшін марапаттады.
— Ел болып еңсе тіктеген сәттен бастап елімізде мемлекет тарапынан білім саласына барынша көңіл бөлініп келеді. Ұстаздар қауымы білім саласына жасалған қамқорлық пен қолдауды сезінуде. Уақытша қиындықтар болғанымен, олардың орнын толтырып, балаларға сапалы білім мен саналы тәрбие беру — облыстағы ұстаздардың басты мақсаты, — деген облыс басшысы Ырғыз ауданы Б.Алманов атындағы орта мектептің мұғалімі Қозы Бөлекке, Қобда ауданы И.Білтабанов атындағы орта мектептің мұғалімі Сергей Драбовскийге, Ақтөбе музыкалық колледжінің оқытушысы Марат Әйтімовке, Ақтөбе технологиялық колледжінің директоры Людмила Кимге Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгіні табыстады. Сондай-ақ облыс әкімі 3 ұстазды «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісімен, 3 ұстазды жергілікті марапат — «Ақтөбе облысының құрметті ұстазы» атағымен марапаттап, 833 мың теңге көлемінде сертификат табыс етті.
Салтанатты шарада «Үздік педагог-2020» республикалық байқауының облыстық ІІ кезеңінің үш жеңімпазына 833 мың теңгенің сертификаты, ал «Ақтөбе облысының үздік педагогі» байқауының жеңімпазы М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттың мұғалімі Нұрбек Абдуллинге 1 млн 390 мың теңгенің сертификаты табысталды.
Айта кету керек, биыл облыста педагогтердің мәртебесін көтеру, еңбегін лайықты бағалау мақсатында ауқымды шаралар іске асырылуда. Мәселен, биыл тұңғыш рет облыстың білім беру қызметкерлеріне жергілікті марапат — «Ақтөбе облысының үздік педагогі» төсбелгісі мен «Ақтөбе облысының құрметті ұстазы» атағы және біржолғы сыйақы тағайындалды. Ал болашақ мұғалімдерді қолдау мақсатында жергілікті бюджеттен бөлінген 80 гранттың жартысы педагогикалық мамандықтарға берілді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.