Тоқсан ауыз сөздерімнің түйіні

Ұлылықты аңсау

Арлы өлең,
Нәрлі өлең,
Сырлы өлең.
Поэзияның бағындырған асқарын.
Сеңді бұзып,
Келді жүзіп,
Жыр-кемең
Алты құрлық
Құлақ түрген асқақ үн.
Аспандайтын
Жасқанбайтын
Телғарам
Сан сынаққа шыдай білген төзіммен.
Ой алуда,
Оянуда,
Енді адам
Сенің асыл сырға толы сөзіңнен.
Қасқабұлақ,
Бастағы бақ
Тайды ма?
Данаңды іздеп таусылды ма тағатың?
Түнеріпсің
Тым беріліп қайғыға
Айналаңды жайлағандай қара түн.
Жидебайым,
Күйге дайын
Болдың ба?
Кербез көңіл қарс айрылып жылайтын.
Қатулысың
Бергеннен соң жол мұңға
Ардағыңды аңсау үшін сұрайтын.
Шыңғыстауым,
Сыр құшқаның
Өзгерген
Жылап тұрсың өзгешелеу шын бүгін.
Сынып сағың,
Тұрсың әлі көздермен
Үзілетін секілденіп шылбырың.
Алып ұшқан
Сағыныштан
Ақшоқым
Қимастықтың шерін таптың тарқамас.
Бақыт нұрдың,
Жақұт жырдың
Жақшы отын
Жалыныңа жылынсыңшы алты алаш.
Иман гүлін,
Жиған бүгін
Құлшынып,
Ұрпаққа үлгің арайлы.
Жидебайым,
Шыңғыстауым,
Күрсініп,
Жоқтап жатыр Абайды.

Көк бөрінің ұрпағымын

Тарихында жатқан көп шын тағылым,
Самғатқан шын жасынан сұңқар ұлың.
Күштілігі көкжалдан кем түспейтін,
Көк бөрінің көреген ұрпағымын.

Кең атырап даламен тыныстаған,
Арасынан елдіктің қыл ұшпаған.
Өр рухымен, сынбастай сағыменен,
Тектілік пен ептілікті бір ұстаған .

Сайын дала құшағын қорған қылған,
Тау тасынды жасқанбай сайран құрған.
Ана тіл, асыл дінін аттап кетпей,
Дұшпанына қылышын қайрап тұрған.

Босағасын сұмдарға аттатпаған,
Төбесіне қара бұлт қаптатпаған.
Ең бастысы, ұстанып мәртебесін,
Намыстарын ешқашан таптатбаған.

Малынан да бірінші арды ұнатқан,
Кейін барып атақ пен алды мақтан.
Найзаларын жаудырып ақ нөсердей,
Майдан кешіп түспеген арғымақтан.

Көк бөрінің-ұстазы қайсарлықтың,
Мен қазақпын-данасы жайсаңдықтың.
Дос болғанға қашанда бауырмын мен,
Қас қылғанға найзадай қайсар рухпын.

Мен мәңгі өз даламды тұрақтаймын,
Қыздарымды қарагөз жылатпаймын.
Қырдан байқар қырандай елім деп мен,
Қазағымның көк туын құлатпаймын.

Құдірет

Е, құдірет
Буырқанған ділмар тілді қарашы,
Туым таңнан жырлар күнді көрсеткен.
Тегі тірек
Алдаспанды қынға салған шарасы,
Марқасқамды мұңдас ардан өлшеткен.

Тойлар құны
Заман дейтін кесте ілгенше ағымнан,
Серттерінен сескенгенше таймастан.
Сол арқылы
Естілетін құлағыма жағымды ән,
Текті тілдің тұрағына жайғасқан.

Ағатұғын
Суырылып маржан жырдың дуасы,
Төкпе тілдің борыш берген байрағы.
Ана тілім —
Талай болған ғажап, құттың куәсі,
Арайланған азаттықтың айғағы.

Терлеп теріп,
Маңдаймнан сүйгізеді ән қылып,
Таңдайымнан тәтті өлеңнің бүйірі.
Өрлеп келіп,
Байланысқан тілімменен мәңгілік,
Тоқсан ауыз сөздерімнің түйіні.

Ар, дем үшін,
Ата — баба дәстүрі мен ғұрпының,
Қайнар көзі — айбыны асқан үнімде.
Дәл мен үшін,
Тасжүректі жібітетін бұл тілім,
Тастүлектей қанат қақты бүгінде!

Әке

Мәртебеңіз, Әкешім айға асады,
Ұлыңыз жолыңызға жайғасады.
Ізіңізден енді кеп мен туылдым,
Тарлан боздың тұяғын тай басады.

Болсам деймін сізге мен ұл маңызды,
Ішсем деймін сусындап жылғаңызды.
Қадіріңіз құтты әрі қымбат маған,
Асқақ тұтам содан мен тұлғаңызды.

Әлі өмірде бақуат, бақ табасыз,
Тұғыр деген тұңғиық тақты аласыз.
Ертең, Әке, шыңға мен шыққан кезде,
Бұл менің ұлым ғой деп мақтанасыз.

Жақсылықты жанына жетектейсің,
Өміріңді жалғанмен өтетпейсің.
Кенжем, ұлым деп мені еркелетіп,
Айтқанымды, Әкешім, екі етпейсің.

Көк аспаным өзіңсің асқаралым,
Болмасын тек қатулы қас-қабағың.
Өмірдің қиын әрі тарам-тарам,
Шаршамайсың бұзудан тас қамалын.

Менің ағам

Жанарынан жалыны жарқыраған,
Бөлек оның парасат, парқы маған.
Бір мың жылда бір-ақ рет туылатын,
Арқалаған айбын-үн, алтын ағам.

Түзу біткен басқан әр баспалдағы,
Жолбарыстай жаһанның жас тарланы.
Төзіміңе ағамның жетпейді ғой,
Жұлдыздардың саны да аспандағы.

Жаныңа оның жақсылар жиғаны да,
Көңіліне бар әлем сиғаны ма?
Жабырқаулы күйде өзі боп тұрса да,
Күлкі сыйлап, шаршамас дидарыма.

Құшағына кең пейіл сиған ай, күн,
Дейді әр кезде ешқашан қирамаймын.
Керек болса қазір-ақ туын тігіп,
Бере алады шыңына Гималайдың.

Маңғаз сұлу, сал-сері керім адам,
Сақтай алар дұшпаннан елін аман.
Қастандыққа қасқайып қарсы тұрар,
Ол әрине, тек қана менің ағам.

Шарықта, шабыт

Жас буын ойлап апақты,
Баспалдақ өрер.
Арзымас алып атақты,
Аспандат, өнер.

Суырдай семіз салмақпен,
Жас таптамаймын.
Алатау асқар ардақпен,
Асқақта, айбын.

Теңейтің өнер гауһарға,
Жалғансың көңіл.
Жыр дейтін маржан жауһарға,
Арналсын өмір.

Жүремін әнді отта да,
Жарықта салып.
Шыға бер шыңға, тоқтама,
Шарықта, шабыт.

Үлгеремін..

Қарағанға орынсыз жылағанға,
Шектейді бақытым.
Анаған да бір есе мынаған да,
Жетпейді уақытым.

Жоспарлаймын жөні жоқ жоспарларды,
Құмармын неліктен?)
Қосқандаймын оралып, қашқандарды,
Шығармын еріккен…

Қарғып тастан бар пайдам қолқаласып,
Жыр беру демеппін.
Шалдықпастан бəріне жанталасып,
Үлгеру керекпін.

Қабылдамай жатады өкіл іштен
Қайғыма күткенмен.
Тапсырмалар, жұмыстар өтініштер,
Мойныма жүктелген.

Сезеді үнім жарықтау келбет көрсе,
Күн келетінін.
Анығы сол бəріне мен нетсем де,
Үлгеретінім.

Түсін мені

Жан — жағында жайқалған гүлдер көп тым,
Мен емеспін мүшесі күлген топтың.
Түсіністік танытып қойшы өтінем,
Жетіскеннен жаным-ау жүрген жоқпын.

Құшағында жатқанда жаным гүлдің,
Сарғалдақтай сағым кез сағындырдың.
Анығы мен қанығын білмей жатып,
Келе ме, әлде, сен мені бағындырғын?!

Сөз төркінін түсініп жырла күймен,
Шығып кетпе шындықты ұрлап үйден.
Ұрыс-керіс жанжалды шығарғанша,
Сөз біткенше сайрамай, тыңдап үйрен!

Ұшырайсың содан кеп қоймай, сынға,
Қасахана тәсілге тоймайсың ба?
Еріккеннен ермегін ерсі қылып,
Ойнап жүр деп сен мені ойлайсың ба?!

Марста емес күнім-ау жердеміз ғой,
Білдірейік бірігіп елге ізгі ой.
Қателесіп қалсам мен, кешіре сал,
Ондай-ондай боп тұрад(ы) пендеміз ғой.

Кәнәлама, өз пайдаң үшін мені,
Белгілі ғой ойларың ішіңдегі.
Ақылың бар жансың ғой, сондықтан да,
Айналайын, ардақтым, түсін мені.

Құпия ғашық

Жылытады бойымды сыңғыр үнін,
Аш дегендей әлемнің тың ғылымын.
Бірімізді біріміз сүйсек егер,
Ғашықтықтың сақтаймыз құндылығын.

Байлауымды өзіңсің тез кестірген,
Мәжнүн бе деп маған көп сезбес күлген.
Нұрға толған шуақты жаным сені,
Тағдырыма ризамын кездестірген.

Қайтып келмес махаббат қол бұлғады,
Лаулағанда сезімім қор қылмады.
Майданындай махаббат мұхитының,
Тасқындайды тұнық тым толқындары.

Жанымды сен аласың ұғындыра,
Махаббаттың бекетін тұғыр қыла.
Ешкімген үн қатпайсың мен туралы,
Ашпай жүрсің әлі де сырымды да.

Тапқандаймын сыңарым, егізімді,
Қайтарған соң өзіме кері ізімді.
Сырласым деп бөліссем қалауыммен,
Түсінесің бірден сен лебізімді.

Қызығына тойғандай көреген ер,
Шаттығыма шуақты бөлене бер.
Сырласымның есімі кім десеңдер,
Ғашық жаным ол менің-ӨЛЕҢ ӨНЕР.

Сарыарқам

Сарқылмас қазынаңмен қайралайын,
Асқағыңды беталды байламайын.
Рухыменен түлеткен Қасымымды,
Ыстық маған топырағыннан айналайын.

Алаңдаймын өзіңді дағдылықты,
Ризамын бергеніне тағдыр құтты.
Қасиеті Ұлытау тәрбиелеген,
Ақберені Нұркендей Әбдіровты.

Құндылықты сендегі сақтайық тым,
Ардағынды үмітті ақтай ұқтым.
Сай, тасынның киелі қасиетінен,
Иісі қалды артында Сәтбаевтың .

Еткеніңдей атып сен оқ қысылмай,
Татып дәмін тойған шөп тоқтысындай.
Тағдыр боран соққызса өңірімде,
Істеп ұрған Головкиннің соққысындай.

Киелі байлығымсың дара тұрған,
Иілген де өзіңе ала тұлғам.
Ерте алып нәр Құдайдың нөсерінен,
Лайым ірі Шынкеев жаратылған.

Іле, Балқаш ағынындай бір реңісің,
Маралдың Ақадырда сүргені шын.
Ерініп батқан күнге қарасам мен,
Кең өлкеде елінің тілерісің.
Еңселі, айбыны асқақ Сарыарқам,
Нағыз тура табиғат діңгегісің.

Қазыбек Жалғас Серікболұлы — Алматы қаласындағы Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатының 9-сынып оқушысы, жас айтыскер ақын, белгілі айтыскер ақын Серік Қалиевтің шәкірті, «Ділмар» шешендік өнер үйірмесінің мүшесі. Халықаралық, Республикалық, Облыстық байқаулардың, мүшәйралардың жеңімпазы. Республикалық «Абай жаққан бір сәуле, сөнбеу үшін…» атты оқушылар айтысының, «Жыр алыбы – Жамбыл» атты республикалық оқушылар айтысының жүлдегері.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *