Ұстаздар үшін тиісті жағдайды жасауымыз керек – Аймағамбетов

Министр алдымен ұстаздарды төл мерекемен құттықтады.

Ең басты мамандық – ол ұстаз. Өйткені ұстаз барлық мамандық тәрбиелейді, бәріне білім береді. Осы ретте елімізде ұстаздардың мәртебесін көтеру бойынша, оларға тиісті жағдай жасау бойынша ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылуда, — деді Асхат Аймағамбетов.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласын ерекше көңілге алып, өзінің Жолдауында да осы мәселеге баса назар аударды. 
Мемлекет басшысының тапсырмасына байланысты биыл қаңтардан бастап мұғалімдердің жалақысы 25%-ға өсті. Соңғы 1-2 жылдың ішінде әріптестеріміздің жалақысы 2 есеге өседі деген тапсырма бар және оны біз орындаудамыз. Бүгінгі таңда ұстаздарымыз үшін тиісті жағдайды жасауымыз керек. Ол үшін кешенді жұмыс қабылданып, жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ «Педагогтердің статусы туралы» арнайы заң қабылданды. Заң шеңберінде 70-тен аса түрлі бұйрық, қаулы қабылданып, іске асырылып жатыр, — деді ол.
Министр білім саласындағы проблемаларға тоқталып өтті.
Өте үлкен проблемалар болды. Оны білеміз. Қағазбастылық мәселесі, одан бөлек мұғалім мамандығына түлектердің аз келуі, мұғалімдердің өзіне тән емес қызметке тартылуының проблемасы болды. Сондықтан осы мәселелерді шешу үшін ел Президентінің тапсырмасы шеңберінде кешенді жұмыстар атқарылып жатыр, — деді Аймағамбетов.

Сонымен қатар ол Президент тапсырмасы бойынша студенттердің шәкіртақысы көтерілгенін де айта кетті.

Биылғы нәтижелерді алатын болсақ, ҰБТ нәтижесі бойынша «Алтын белгіні» алган түлектердің мұғалім мамандығына келгендері 2 есеге өсті. 1 қыркүйектен бастап болашақ мұғалімдер, педагогикалық мамандықтар бойынша білім алып жатқан студенттер ең жоғары шәкіртақыны ала бастады. Осыған дейін 26 мың теңге болса, бүгінгі күні 42 мың теңгені құрайды, — деді Асхат Аймағамбетов.

Ол айтқандай, пандемия, қиын-қыстау жағдайда әріптестер (тілші – мұғалімдер) өздерін жақсы жағынан көрсетуде. 

Тек қана мектепте емес, қоғамда да мұғалімдеріміз көшбасшы болуы керек. Олар өздерін де мейірімділікке, ұстамдылыққа, шыдамдылыққа үйретулері керек. Әріптестеріме осындай қиын уақытта өздеріне атқарылған жұмысты өте жоғары деңгейде орындап жатқаны үшін алғыс айтамын, — деді министр мерекелік шарада.
Дереккөз: Bag.kz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *