ҚЫРҒЫЗСТАН ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ, ЖОҒАРҒЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫ БАСШЫЛАРЫНЫҢ М.ШАХАНОВТЫҢ «КОМПЮТЕРБАСТЫ ЖАРТЫ АДАМДАР» КОНЦЕПЦИЯСЫ ТУРАЛЫ ХАТЫ

ҚЫРҒЫЗСТАН ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ, ЖОҒАРҒЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫ БАСШЫЛАРЫНЫҢ М.ШАХАНОВТЫҢ «КОМПЮТЕРБАСТЫ ЖАРТЫ АДАМДАР» КОНЦЕПЦИЯСЫ ТУРАЛЫ ХАТЫ
1999 жылы ЮНЕСКО өзінің арнайы шешімімен Париждегі штаб пәтерінде Мұхтар Шахановтың «Өркениеттің адасуы» поэтикалық романының тұсаукесерін, сонымен қатар, 2002 жылы «Жібек жолы бойындағы ғылым және руханият» халықаралық конференциясының шеңберінде «Жазагер жады космоформуласы» (Шыңғыс ханның пенделік құпиясы) романында көтерілген проблемалар төңірегінде дөңгелек үстел өткізген болатын. Бұл басқосуларға қатысқандар бірнеше тілге аударылған аталмыш шығармаларды әлемдік поэзияның ең озық туындылары қатарында атап, онда көтерілген қазіргі қоғамдағы рухани құндылықтардың құлдилауына, әрі оған қоса білім, ағарту саласындағы өзекті мәселелерге баса назар аударған — ды.
Егер Нобель сыйлығының лауреаты Ханс — Петер Дюррдің сөзімен айтар болсақ, «Шаханов поэмасына ЮНЕСКО тарапынан осыншалықты ерекше назар аударылып, оның әлемдік поэзияның үлкен жетістігі ретінде қабылдануы Орталық Азиядағы қоғамдық -философиялық ойлардың жаңа биіктерден көрінуі ғана емес, бұл ең алдымен, автордың жиырмасыншы ғасырда белең алған рухсыз өркениет тудырған зардаптарға қарсы батыл күреске шақырған үндеуінде болып отыр».
М.Шахановтың «Өркениеттің адасуы» романында көтерілген «Компьютербасты жарты адамдар» осындай маңызды мәселелерге сын көзбен қарап, шұғыл түрде қарсы тосқауыл қоймасақ, үлкен ұтылысқа түсетінімізді ескертеді. Әлемдік ақпарат тасқынының, техникалық жедел дамудың, кәсіптік мамандардың тар шеңберде біржақты даярлануы себебінен, әсіресе адами құндылықтардың ескерілмеуінен қоғамда «компьютербасты жарты адамдардың» күрт өсіп кетуі ғасырымыздағы кезек күттірмес үлкен проблемаға айналды. Рухсыз білімнің зияндығы, яғни, соңғы кездері әлемдік деңгейде белең алған ар-намыс, ұят, әділеттілік, қайырымдылық, инабаттылық, үлкенді сыйлау сияқты қасиеттерге жеткілікті көңіл бөлінбеу адамзатты тұңғиыққа әкеліп тіреді. Осындай қатерлі қауіптерге қарамастан, өркениеті дамыған мемлекеттердегі, оның ішінде бұрынғы Кеңес одағы елдеріндегі жоғарғы техникалық білім беру жүйелерінің барлығы дерлік рухсыздықтың кең өріс алуына қарсы өз ықпалын тигізетін гуманитарлық пәндерді оқытудан іргесін аулақ салуда. Осыған орай, ғаламдық деңгейдегі белгілі ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері тарапынан қолдау тапқан М.Шахановтың «Компьютербасты жарты адамдар» концепциясын негізге ала отырып, күллі әлемдегі білім жүйелерінің басшыларын осы маңызы зор істі батыл қолдауға, уақыт тудырған күрделі проблеманы жұртқа кеңінен түсіндіруге бағытталған ғылыми-теориялық конференциялар мен семинарлар өткізіп, техникалық жоғары және жалпы білім беру мектептеріндегі оқу бағдарламаларына рухани — гуманитарлық пәндерді терең әрі жан-жақты оқытуды міндетті түрде күн тәртібіне енгізуге шақырамыз.
A. КАКЕЕВ,
Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі, академик,
Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің ректоры
B. ПЛОСКИХ,
Қырғыз Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының вице — президенті,
тарих ғылымдарының докторы, академик, профессор
Б.СЫДЫҚОВ,
Қырғыз аграрлық университетінің ректоры, философия ғылымдарының докторы, профессор, Қырғыз Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі
В.НИФАДЬЕВ,
Қырғыз-Ресей (Славян) университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, академик, Қырғыз Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты
К.МОЛДОБАЕВ,
Манас атындағы Қырғыз — Түрік университетінің ректоры,
философия ғылымдарының докторы, профессор
А.БРУДНЫЙ,
философия ғылымдарының докторы, Нью-Йорк, Мәскеу социологиялық және педагогикалық Ғылым академияларының академигі, Қырғыз Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты
P.S. М.Шахановтың «Компьютербасты жарты адамдар» концепциясы алғаш рет 1997 жылы Ыстық-Көл форумында оқылып, ЮНЕСКО — ның қолдауымен Германия, Жапония, Пәкістан, Түркия, Болгария, Ресей, Украина, Әзірбайжан және басқа елдердің тілдерінде жарияланды.
«Кыргыз Туусу» «Слово Кырғызстана»
газеттері, 18 сәуір, 2003 ж.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *