Жәндіктер
Жәндіктердің қазба қалдықтары Девон кезеңінен белгілі. Жер шарында кең тараған 1 миллиондай түрі анықталған (барлығы 1,5
– 2 млн. түрі болуы мүмкін). Жәндіктердің ең басты ерекшелігі –
денесі бас, кеуде және құрсақ бөлімдерінен тұрады. Ауыз құрылысы қоректену әдісіне қарай: инеліктер, тарақандар, дәуіттер,
қоңыздардың аузы – кеміруге, көбелектер, шыбындардың аузы –
сұйық қоректі соруға, өсімдіктердің шырынымен және адамның,
жануарлардың қанымен қоректенетін маса, бит, қандала, цикада, т.б. аузы шаншып-соруға бейімделген.
Жәндіктердің кейбір түрінде ауыз болмайды (бөгелек, біркүндіктер). Жәндіктердің жүруге, жүгіруге (тарақан,
қоңыздарда, т.б.), секіруге (шегіртке,
шекшек, бүргелер), жүзуге (жүзгіш
қоңыздар, т.б.), қазуға (бұзаубас, т.б.),
жемін ұстауға (дәуіт, т.б.), гүл тозаңын
жинауға (бал арасы) бейімделген аяқтары болады.