Құлжанова Нәзипа (1887–1934)

Құлжанова Нәзипа (1887–1934) – Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында өзінің тәлім-тәрбиелік ойларымен қазақ әйелдерінің арасынан тұңғыш әлеумет өмірінде көрінген, журналист, педагог- тәлімгер, екі тілде бірдей жазатын аудармашы, Шығыс еңбекші әйелдерінің I–съезін ұйымдастырушылардың бірі, Орыс география қоғамының Семей бөлімшесінің мүшесі еді. Ол 1902 жылы Қостанайдағы қыздар гимназиясын бітірген соң Торғайдағы қыз балалар училищесіне мұғалімділікке тағайындалады. Н.Құлжанова 1904–1919 жылдар арасында Семейдің мұғалімдер семинариясында оқытушы болып жұмыс істейді, 1920–22 жылдары Ақмолада әуелі мұғалім, кейіннен уездік комитетте жауапты қызмет атқарады, одан соң Орынборда, 1923–1925 жылдары «Қызыл Қазақстан» журналының жауапты хатшысы, ал 1925–1929 жылдары республикалық «Еңбекші қазақ» газетінде редколлегия мүшелерінің бірі, «Әйел теңдігі» журналының бөлім меңгерушісі, кейіннен жауапты хатшысы қызметтерін атқарады. Оның тәлім–тәрбиелік пікірлері медицина ғылымымен сабақтасып жатады. Бұл жәйт «Бала күтімі», «Баланың өміріне күн сәулесінің әсері», «Таза ауа аса қажет», «Баланың аурулары», т.б. мақалаларынан жақсы байқалады. Автор жаңа қоғамның белсенді құрылысшыларын тәрбиелеуді жөргекте жатқаннан бастауды ұсына келіп, өзі түйіндеген тұжырымның түп негізі «Тәні саудың–жаны сау» дейтін халық даналығына саяды.
Құлжанованың ұстаздық, тәлімгерлік тұлғасын таныта түсетін екі еңбегі бар. Оның бірі – 1923 жылы Орынборда шыққан «Мектептен

бұрынғы тәрбие», екіншісі «Ана мен бала тәрбиесі» (Қызылорда, 1927).
Қазақ қоғамы жағдайында жас ұрпақты тәрбиелеудің ғылыми астарлары әлі де болса айқындала қоймаған кезде Н.Құлжанованың осынау тың жатқан істі өзіне зор міндет, басты проблема етіп көтеруі
– оның асқан батылдығы да, бала тәрбиесінің сан–саналы шараларын көрсете алатын біліктілігінде еді. Аталмыш еңбектерінде автор мектепке дейінгі балалар мекемелерінің тарихын, олардың отандық және шетелдік үлгілерін сөз етумен бірге қоғамдық ортадан тәрбие алатын баланың жас ерекшелігіне қарай, оның қоршаған ортасының ықпал–әсерінен туындайтын психологиялық өзгерістерді кеңінен баяндайды.
Бұдан 70 жыл бұрын айтылған осынау психологиялық сипаттамалардың қазіргі ғылыми психология айтатын түйіндерден ешбір айырмашылығы жоқ, өресі биік, сындарлы ойпікір деп айтуға болады.
Н.Құлжанова мектепке дейінгі тәрбиенің басты бағыттарын «Тән саулығы», «Баланың сырт сезімдерінің дамуы», «Нәрсенің түр–түсін тану», «Дененің қимылын түзету», «Шеберлігін көтеру», «Баланың білімін арттыру», «Бала тілінің шеберленуі», «Еңбекке машықтандыру», «Әдемілік сезімін көтеру», «Мейірімділік әдеттерін көркейту», «Көпшілік және еңбек», т.б. осы іспеттес тақырыптардың психологиялық мән–мағынасын түсіндірген.
Н.Құлжанованың еңбектерінде Қазан төңкерісінің қарсаңындағы көшпелі қазақ елінің тұрмысы, сол уақыттағы ауыл мен қала өмірінің шындығынан алынған нақты көріністер айқын байқалады. Ана мен бала тәрбиесі, әсіресе баланы мектепке тәрбиелеу жайындағы әдістемелік құралдар төл тілімізде әлі күнге дейін тапшылық етеді. Сондықтан да, аталған еңбектер бұдан жарты ғасырдан астам бұрын жарық көрсе де, қазіргі кездегі қазақ оқырманының жүрегіне жылы тиіп, қолданылуда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *