Қожахметов Сұлтанбек (1912–1945)

Қожахметов Сұлтанбек (1912–1945) – Ұлы Отан соғысына дейінгі кезеңде Қазақстанда педагогика, психология ғылымдарын жұртшылыққа кеңінен насихаттаушылардың алдыңғы қатарында жүрген ғалымдардың бірі. Ол Көкшетау облысындағы қазақ ауылдарының бірінде шаруа отбасында дүниеге келген. Ресей қалаларында оқып, білім алған. Ол 1937–38 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінде педагогика теориясы мен тарихынан және психологиядан сабақ береді. 1938 жылы Абай атындағы Қазақ педагогика институтына ауысады, мұңда да аталмыш пәндерден дәріс оқиды. Мұғалімдік қызметімен қоса Қазақ ҚСР Оқу халық комиссариатына қарасты мектеп Ғылыми-зерттеу институтында педагогика бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істейді. Ұлы отан соғысына қатысып, сонда ерлікпен қаза табады. С. Қожахметов –

педагогика ғылымы саласында дидактика теориясынан КазПИ-де қазақ тілінде алғаш диссертация қорғаған қазақ зиялыларының бірі (1939), кейіннен оны «Педагогика мәселелері» деген атпен жеке кітап (1940) етіп шығарды. Мұнда шәкірт меңгеретін білімнің саналылығы мен жинақтылығының өлшемдері баланың өз бетімен кітап оқу дағдысын қалыптастыру мәселелері, оқушының эстетикалық (сұлулық) талғамдарын дамытып, қалыптастыру, оның алған білімі мен дағды, іскерлігін бағалай білудің ғылыми негіздері қарастырылады. Мысалы: «Түйсіксіз білімнің тиянақты болмайтындығы жұрттың бәріне мәлім. Түйсік субьект пен обьектің тура байланысты. Біз түйсік арқылы ғана барлық заттар туралы және олардың процесі жөнінде ұғым ала аламыз. Түйсік барлық ғылыми түсініктің және ұғымның негізі. Міне, сондықтан білімді тиянақты ету үшін ең алдымен балалардың түсінуі, ұғымы анық және берік болуын қамтамасыз ету керек.
С.Қожахметов шәкірттердің адамгершілік пен әдеп, саналы тәртіпке тәрбиелеу мәселелерінің психологиялық астарларына байланысты бірнеше еңбек жазды. Соның бірі – 1940 жылы Қазақ мемлекет баспасынан жарық көрген «Оқушыларды саналы тәртіпке тәрбиелеу туралы» кітапшасы.
Автор өз еңбегінде дүниежүзілік педагогиканың класигі Ян Амон Коменскийдің «Тәртібі жоқ мектеп – сусыз диірменмен тең» дейтін афоризмін эпиграф етіп алады. Еңбек негізінен қазақ (ауыл) мұғалімдеріне, олардың педагогикалық–психологиялық таным- түсініктерін жетілдіре түсу мақсатында жазылған. «… Жұмыстан күрделі нәтиже шығару үшін,- дейді ол,- еңбектің өнімін арттыру үшін, ең алдымен тәртіп керек. Тәртіп – адамның еңбекке қатынасының ең басты бір белгісі болып табылады… Саналы тәртіп оқушылардың азаматтық қасиеттерінің, мектептің дұрыс жұмыс істеуінің оқуға саналы түрде өзінің бар ықыласымен қатынасуын, мектеп мүлкіне ұқыпты болуын, мектептің ішкі ережелерін сақтай білуін, мұғалімге, туысқандарына, жолдастарының көзқарасы, қарым–қатынасы сыпайы, қадірлі, қасиетті болуын талап етеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *