Уманский Лев Ильич (1921) – орыс психологы, педагогикалық, әлеуметтік психология саласындағы маман. Психология ғылымдарының докторы, профессор. Этникалық қауымдастықтың психологиялық құрылымын анықтауда Л.И.Уманский тарапынан ұсынылған құрылымдық-параметрикалық тұрғы мәселесі жүзеге асады. Ол бойынша, ұғымның субъективтік құрылымдық параметрлері мына блоктар төңірегінде түзіліс құраған:
Біріншісі – іс-әрекет субъектісінің бағыттылығы, ұйымшылдығы мен дайындығы;
Екіншісі – сананың интеллектуалдык, эмоционалдық және ерік- жігерлік коммуникабелдігі;
Үшіншісі – топтық субъектінің интегративтік, референттік, жетекшілік белсенділігі және микроклимат.
Бұл сипаттардың этникалық топтар мен қауымдастықтар қатынастары ауқымында іске асатын тұлға аралық өзара қарым- қатынас барысында туындайтын әлеуметтік-психологиялық құбылыстардың бәріне тән екендігін дәлелденген. Мысалы, бір ғана бағыттылық қасиетін алатын болсақ, ол топтың субъект тарапынан қабылданған өзара әрекеттесу мақсаттарын, мотивті, құндылық бағдары мен топтық қалыптардың құндылықтығын қамтиды. Олардың топтық сананың идеологиялық жақтарын құрайтыны белгілі. Айта кету керек, субъектінің бағдарды ұстануы оның басқа сипаттарын анықтайтын бағыттаушы күш ретінде танылады. Ал, субъектінің ұйымдастырушылығының әлеуеті оның өзін-өзі басқаруға қабілеттілігін білдіреді; даярлық тобының субъектісі болған мүшелердің өзара әрекетке дайындылығын, оған қажет болған тәжірибе, білім мен бейімділігін қамтиды; интеллектуалдық коммуникативтілік өзара әрекетесуге қатынасушылардың өзара түсінісуін орнықтыруды діттейді; эмоционалдық коммуникативтілікке келетін болсақ, ол топ мүшелерінің арасында болатын байланыстардағы эмоционалдық әлеует пен эмоционалдық бағыттылықты анықтайды.