Торайғыров Сұлтанмахмұт

Торайғыров Сұлтанмахмұт (1893–1920). XX ғасырдың басында өмір сүрген қазақтын талантты демократ ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың психологиялық пікірлерінің негізгі желісі Қазан төңкерісі алдындағы өміріндегі дүрбелеңмен сабақтасып отыратындығы белгілі. Сондықтан да, оның философиясынан

қоғамдағы өзгеріс, жаңа заманның лебі жақсы байқалады. Мысалы, оның таным жайлы пікірінің негізгі түйіні: бізді қоршап тұрған сыртқы дүниенің ұшы қиыры жоқ, ол сансыз атомдардан тұрады, жан тәннің өзіндік заңдылықтарына орай көрініп отырады деуі – ғылыми тұжырымның жақсы айғағы.
«Ойласам дүниеде қанша жан бар, Адам бар, ағаш бар, мал мен аң бар. Жанды, жансыз нәрсенің бәрі дағы, Әр себептің жемісі байқасаңдар. Қасқыр болмақ, құс болып, ұшып қонбақ, Сол болғандар, болмаған өздігінен, Болғызған еріксіз бір себеп қолдап» — деп табиғи дүние заңдылықтарын тұжырымдаған.
С.Торайғыров қазақ тарихында бірінші болып жан мен тәннің яғни психика мен мидың (дененің) ара қатынасы туралы мәселе көтеріп, бұл екеуінің өзара байланысын ғылыми тұрғыдан дұрыс түсіндірді. Ол жан мен тәннің ылғи да бірлікте, тұтастықта, байланыста болатынын айта келіп: «Дене азыққа тоюдан жан ер жетер… Жан ер жетіп, дүниенің сырын табар…»,- деп адамның тәні өсумен қатар жаны, ақыл-ойы, сана-сезімі де бірге өсіп, («жас, тән мен сезім, білім қатар өсіп») жетіліп дамып отырады дейді. Тән мен жанның қоса өзгеруінің негізін Сұлтанмахмұт тәнде, яғни мида деп түсінеді. Адам өлгеннен кейін онда «қимыл жоқ, сезім жоқ… жек көру жоқ, махаббат жоқ.. өмір жоқ, яғни бір сөзбен айтқанда, тәннен бөлінген жанда ешуақытта өмір болмайды»,- деп, осы мәселені материалистерше баяндайды.
С.Торайғыров адам психологиясының қалыптасуы іс әрекет үстінде болып отыратынын, мұнсыз сана-сезімнің дұрыс қалыптасып, дамымайтынын, адам тіршілігінің мазмұнын да қоршаған ортасы, әлеуметтік жағдайлар билейтіндігін, сондай-ақ, үй-іші, отбасы, әке- шешенің де «Көргені әке-шеше қандай болса, алмақшы сонан үлгі болса да» дегендей, жас ұрпақ санасының қалыптасуында шешуші рөл атқаратындығын жақсы түсінген: «Жақсылық көрсем өзімнен, Жамандық көрсем өзімнен. Тағдыр қылды деулерді, Шығарамын сөзімнен»,- деп ол адамның психологиясы тағдырға, жазмышқа байланысты емес, керісінше оның өскен ортасына, бәрінен бұрын нақтылы іс-әрекетіне тәуелді екендігін айтты. Ақын қоғамдық жағдай адам психологиясына ерекше әсер етіп, терең із қалдыратындығын, әр түрлі қоғамда адамның сана-сезімі де түрліше болып қалыптасатынын нақты деректермен, «Кедей» поэмасында өте нанымды көрсеткен.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *