Сыдықов Әміржан (1898-1984). Еліміздегі педагогикалық психологияның дамуына үлес қосқандардың бірі. Ол 1932 жылы
«Сауатсыздықты жою мектептеріне арналған әдістемелік құрал» атты кітапша жазады. Сондай-ақ қазақ балаларын сауаттылыққа үйрету жөніндегі мақалалар жариялаған. Оның мақалалары сонау 20- жылдары кездерінде-ақ «Темір қазық» (Мәскеу), «Таң» (Семей) сияқты журналдарда жарық көрген. Педагогикалық психологияға қатысты «Оқу мен жазу туралы психология не дейді?» атты мақаласында (Жаңа мектеп, 1929, №10) ол оқу мен жазу барысында дыбыстарды көру, есту, айту, сөз құрастыру үшін дене күші қажет; дене күші оқытуда психологиялық күш жұмсауды да (дыбыс әріптерін ажырату мен есте қалдыру және оны жазба түрде бейнелеу) талап етеді деп жазады. Айтпақшы «Жаңа мектеп» журналы 1925 жылдан бастап шыға бастаған. Журнал әр түрлі атпен жарық көрген. («Политехникалық мектеп», «Ауыл мұғалімі» және т.б.). 1939 жылы ол «Халық мұғалімі» деп өзгертіледі. Соғыс кезінде уақытша тоқтап, 1946 жылдың қаңтарынан бастап «Қазақстан мектебі» деген атпен шыға бастады. Автор өз мақаласында жазуға оқытудың бастапқы кезеңінде оқушының бар күш-жігері мен зейіні таңбалардың графикалық бейнесіне, саусақтардың жұмысына сәйкес орындау тәсіліне шоғырланады деп атап өтеді. Бұл процесс бірте-бірте үйреншікті сипат алады… Сауаттылыққа оқытудың өз кезеңдері бар. Біріншісі – сөйлеу мүшелерінің көру-есту дағдыларының қалыптасуы. Келесі кезең – жазу мен оқу үшін оқушыға қажет таныс бірлікті таңдауға байланысты, яғни оқып-үйренуге саналы тұрғыдан келу. Егер алғашқы кезеңде көп уақыт практикалық дағдыларды дамытуға кететін болса, онда екінші кезеңде – ақыл-ой әрекетіне… Үшінші кезең оқушылардың мәтінді саналы ұғынуы мен өз бетінше оқи алуымен сипатталады.
Ә.Сыдықов педагогикалық психологияның мәселелерін үш шығарылымы жарық көрген «Мұғалімдердің сырттай курсы» (Қызыл-Орда,1930) атты жинақта да қозғайды. Оның қазақ тілінде психологиядан ұлттық терминдерді жасауда сіңірген еңбегі үлкен. Ол 1948 жылы екі оқулықты қазақ тіліне тәржімелейді.