Мұқанов Мәжит (1920–1985) – Қазақтың психология саласындағы докторы бірі. Ол Ақтөбе облысының Шалқар ауданында туған. Еңбек жолын 1934 жылы Ақтөбеде жұмысшы болып бастаған 1939 жылы Вольскідегі әскери–әуе училищесін бітіреді, соғысқа қатысқан. 1945 жылы Ақтөбедегі темір жол училищесі директорының орынбасары. Қазақстандағы ғылыми психологияның дамуына елеулі үлес қосқандардың бірі – Мәжит Мұқанов. Ол Ұлы Отан соғысынан оралғаннан кейін Ленинградтың Н.И.Герцен атындағы педагогикалық институтын бітіріп (1949), кейіннен Қазақ университетінде психология мамандығы бойынша аспирантураны тәмамдайды, 1950 жылы профессор Т.Тәжібаевтың жетекшілігімен кандидаттық диссертация қорғайды. Мұнда ол қазақ жауынгерлерінің ұлттық психологиясына, халқымыздың Отан соғысы майданында көрсеткен ерлік, батырлық қимылдарына талдау жасайды. Ол 1955-60 жылдар арасында Алматының шетел тілдері педагогикалық институтының, 1960–85 жылдары Қазақтың Абай атындағы пединститутының психология кафедрасының меңгерушісі болды. М.Мұқанов 1980 жылы докторлық диссертация қорғап, профессор атағын алды. Ол жалпы психология, жас ерекшелігі, педагогикалық, этнопсихологиядан жазылған жеке еңбектердің авторы.
Көп жылдар бойы ғылыми зерттеуі ақыл–ой, интеллект мәселесі, бұлардың адамның жан дүниесіндегі алатын орнын анықтауға, ойлау әрекетінің мән–жайын ашуға арналған. Автор ақыл–ойдың өрістеп отыруын тарихи этникалық тұрғыдан зерттеп, әрқилы дәуірдегі адам интеллектісінің дамуы оның өмір сүру ортасына, тіршілік жағдайы мен әлеуметтік қарым–қатынасына байланысты болып отыратындығын қазақ елі өмірінен алынған нақтылы деректермен дәлелдейді. Мысалы, ол қазақ халқының Қазан төңкерісіне дейінгі өмір тіршілігі мен экономикалық жағдайына, әлеуметтік ортаға байланысты ақыл–ой мен интеллектісінің дамуындағы өзіндік ерекшеліктерінің қалыптасу жолын арнайы жүргізілген тәжірибелер арқылы сипаттайды. Ол халқымыздың ақыл–ой мен өмір тәжірибесінің жиынтығын ғылымда продуктивті және рефлексия (ой жүйелілігі) деп аталатын ғылыми атаулар төңірегінен іздестіреді. Осы айтылған жан қуатының көріністерінің айтыс өнері мен мақал– мәтелдерде орын алатынын айта келіп, этнопсихологиялық пікірлермен тұжырымдаған.
Қазақ ұлтынан алғаш боп психологиядан докторлық диссертация («Ақыл-ойды тарихи-этностық аспектіде психологиялық зерттеу») қорғаған М.Мұқанов. Ол 1953-58 жж. Алматының шетел тілдері педагогикалық институтында, ал 1958-85 жылдары ҚазПИ-де психология кафедрасының меңгерушісі болды. Оның бірнеше кітаптары мен мақалалары бар: «Ми және сана» (А.,1956);
«Балалардағы қабілеттілікті анықтау және дамыту» (А.,1960); «Оқу- тәрбие жұмысы процесіндегі оқушыларға жеке-дара тұрғыдан келу» (А.,1961), қазақ тілінде «Бақылау мен ойлау» (1959), «Ойды этно және лингво психология тұрғысынан дәлелдеу» (1971), «Ақыл-ой өрісі» (1980) және т.б. Педагогикалық психология үшін ең маңыздысы 1962 жылы жарық көрген «Педагогикалық психология очерктері» атты қазақ тіліндегі оқу құралы. Уақытында қазақ бөлімінің студенттері үшін аса қажет оқу құралы болды. Кейін толықтырылып «Жас және педагогикалық психология» (1981) атты оқулық боп күні бүгінге дейін қолданыста жүр.
М.Мұқановтың келесі бір еңбегі — «Бағдарламалық оқытудың негізгі идеялары мен ұғымдары» (1973). Ол автордың Абай атындағы КазПиде-де бірнеше жылдар (1968-69) бойы аталмыш курс бойынша оқыған лекцияларын қысқаша баяндау боп табылады. М.Мұқанов бұл еңбегінде американ психологы Н.Краудердің тармақтанған бағдарламалық оқыту әдісінің кемшіліктері мен жетістіктерін жан- жақты талдап өтеді. М. Мұқанов сондай-ақ бағдарламалық әдістер түріне кеңестік психологиядағы ақыл-ой іс-әрекетін кезеңмен қалыптастыру әдістемесі мен оқытудағы эвристикалық тұрғыдан келуді жатқызады.
Мұғалімнің негізгі қызметі – білім беру емес, оқушыларға оқуға танымдық қызығуын ояту, итермелеу, түрткі болу (мотивациялық аспект). Ал М.Мұқановтың «әзірге бізде оқушының тағдыры жалпы алғанда оқыту жүйесіне емес, көбіне жеке педагогтардың білімі мен шеберлігіне тәуелді» деген бағасы бүгінде өз мәнін жойған жоқ.