Көпеев Мәшһүр–Жүсіп (1857–1931)

Көпеев Мәшһүр–Жүсіп (1857–1931). XX ғасырдың алғашқы ширегінде педагогика, психология саласында сындарлы пікірлерімен көрінген қазақ ғұламаларының бірі. Дін оқуын оқып, кейіннен белгілі фольклоршы–публицист атанған шежіре ақын М.Ж.Көпеев Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде-ақ әр түрлі тақырыпта бірнеше кітап жазып шығарған. Оның әлі де баспа бетін көрмеген қолжазбалары көп болды. Бұларда тәлім — тәрбие, педагогика, психология мәселелері, атап айтқанда, сезім мүшелері, ми мен жүрек, қиял, ойлау, бала мен үлкендердің қарым-қатынасы, әйелдерге білім беру т.б. қатысты ой-пікірлер көптеп кездеседі.
Мәселен, «Аспан, жер және адам жаратылысы туралы» еңбегінде ол былай дейді: «Дене бір қараңғы үй. Жан сол үйдегі жарық қылып тұрған бір сәуле. Әркімнің жаны бір қалыпта, бір түрде болмайды. Сондай болғаны үшін айтылады: «Арық пен семіздің басы бір ме, жақсы мен жаманның жаны бір ме?» — дейді… Алайда жан бар, дене бар. Екеуі бірінен-бірі жасырын емес, бірақ жан деген мәселені ешкім көрген емес.
Адамның денесі өзіне де, басқаға да, көріністе тұр. Жан өзі көрінбейді, бірақ белгісі көрінеді, жанның барлығы соңынан танылады. Барлық белгісі – адамда бір нәрсені ойына салып ойлау бар, сезу бар. Ойланып сезген нәрсесін орындап, орнына келтіру бар. Жылынады, тынығады, бір нәрсені жақсы көреді, бір нәрсені жек

көреді. Міне, осындайлар – жанның барлық белгісі… Денедегі жанға серік болуға жарайтұғын нәрсе – қан. М.Ж.Көпеев айналадағы дүниені танып білу үшін көз бен құлақтың зор маңыз алатынына тоқталады. Көз мимен жалғасып жатады. Ол миға сыртқы дүниедегі әртүрлі нәрселерден ақпарат әкелуші дәнекер рөлін атқарады. Танымның келесі бір түрі адамның бір көрген нәрсесін қайта жаңғырту қабілеті. Көпеевтің тілімен айтсақ, бұл сырттан келген нәрсенің бәрін жазып отыратын хатшы іспеттес құрал. Танымның үшінші түрі – сол құралдың дұрыс-бұрыстығын тексеріп, бақылаушы мидын әрекеті. Мұның төртінші түрі – кісінің көрген-білгеніне қоса көрмегенін де тануға жәрдем беретін ішкі танымның, яғни қиялдың мазмұнымен үйлесіп кетеді.
Мәшһүр–Жүсіптің пікірінше, бейғамдық та әр-түрлі. Бейғамдықтың бір түрі – айналада болып жатқан нәрселерге мүлдем көңіл аудармай, одан тиісті сабақ алмай, қалай болса солай бейғам отыру. Бейғамдықтың келесі түрі – кісінің бір іске ұқыпты-құнтты болып, өзгелеріне мақұрым қарауы. Бейғамдықтың бірінші түрінен үміт жоқ, ал екіншісін аз да болса ақыл-ойды дамыту, ес пен адамгершілікті тәрбиелеу арқылы түзеуге болады. Ақын сондай-ақ қызбалық секілді сезімнің табиғатын ситаттаған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *