Кант Иммануил (1724-1804)

Кант Иммануил (1724-1804) – жаңа заман философиясындағы, таным теориясындағы пайымдау мен ақыл-ой, зерде мәселелеріне ерекше назар аударған классикалық неміс философиясының негізін қалаушы. Ол өзінің философиясын ең алдымен, бұған дейінгі дәуірде бір-бірінен алшақ кеткен логика, таным теориясы және диалектика туралы проблемаларды жан-жақты талдаудан бастады. «Таза зердеге сын» (1781) деген шығармасында бұрын ерекше бағаланып, бас иіп келген зерденің қазіргі кезеңдегі қайшылыққа ұшырап отырған тағдырынан бастайды. И.Кант өзіне дейінгі ойшылдардың эмпиризм мен рационализм саласындағы кемшіліктерін көрсете отырып, философияда бұрын-соңды болмаған үлкен жаңалық ашты. Ол бұл жаңалықты философиядағы төңкеріс деп атады. Бұл төңкерістің мәні мынада еді: егер Кантқа дейінгі ойшылдар табиғатты зерттей отырып, болмысты, материяны философияның негізгі нысанына айналдырса, немістің ұлы ойшылы, керісінше, біздің философиялық талдауымыз ойлауға, идеяға, ақыл-ойға, субъектіге бағытталуға тиіс деді. Ал болмыс, материя, объекті осы ойлауға, идеяға, ақыл-ой субъектіге бағынады және солардан келіп шығады деп білді. Мұның өзі Канттың сол уақытқа дейін кеңінен орын алып келген таным теориясындағы және философиядағы көзқарасты толығынан қайта қарап, жаңа ілімнің, ағымның іргетасын қалағанын көрсетеді. Канттың философиясындағы, таным теориясындағы коперниктік төңкерістің мәні таным процесіндегі субъектінің белсенді рөлін айқындап, негіздеп беру еді. Кант жоғарыда аталған еңбегінде таным процесіндегі қайшылықтарды кеңінен ашып, олардан шығудың жолын көрсетті. Ұлы ойшыл адам баласының таным қабілетін: сезімдік, пайым және зерде деп үшке бөледі. Оның мақсаты жаңа дәуірдегі эмпиризм мен рационализмнің тар өрістілігінен шығып, оларды өзара ымыраластыру еді. Сондықтан ол априорлы (априорлы
– латын тіліндегі тәжірибеден тыс пайда болған ұғым, ой, идея) синтетикалық пікірдің жаратылыстану саласында қандай орын алғандығын көрсету үшін білімдердің әртүрлі салаларын алды. Кант ең алдымен математиканы, жаратылыстануды және метафизиканы (философияны) априорлы синтетикалық тұжырым арқылы талдай келіп, таным процесінің қалыптасуы мен белгілі бір сатылардан өту жағдайын көрсетті. Осыдан математика – сезімділікке, жаратылыстану – пайымға, метафизика, яғни философия – зердеге қатысты екені анықталды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *