Заззо Рене (1910-1995) – француз психологы. Баланың психикалық даму факторлары, шарттары, кезеңдері және проблемаларын зерттеген. Лонгитюд әдісін белсенді қолданған. Р.Заззо психикалық дамудағы тұқым қуалаушылық пен ортаның ықпалдастығын зерттеген. Ол факторлар бір-біріне қарама-қайшы емес деп түсіндіре отырып, тұқым қуалаушылық қасиетінің арқасында адам өз ортасын жасайды; ал орта болса, тұқым қуалаушылыққа өзін-өзі таныту, бағдарлану, қалыптасу мүмкіндігін беретіндігін пайымдаған.
Р.Заззо тұқым қуалаушылық және орта факторларының ықпалдастығы туралы үш негізгі ережені тұжырымдаған. Бірінші ереже адамзат баласының бір мезгілде ең бай тұқым қуалаушылыққа және ең үлкен орлымдылыққа (үйренгіштікке) ие екендігін белгілеуден тұрады.
Тұқым қуалаушылық пен ортаның айқындауыш ықпалдары кішкентай балада барынша жоғары деңгейге жетеді; өсу үдерісінде бұл факторлар бірін-бірі толықтыратын пропорцияларда мөлшерленбейді, бірыңғай тұтас біріктіріледі.
Екінші ереже тұқым қуалаушылық пен орта проблемасын индивидуалды айырмашылықтар проблемасынан қатаң түрде ажырату қажеттігін көрсетуден тұрады. Жекелеген индивидтер және тіпті адамдардың тұтас топтары зиятына, мінезіне және басқа да психологиялық белгілеріне қарай өзара өзгешеленеді. Осы өзгешеліктерді анықтауда тұқым қуалаушылық пен орта қандай роль атқарады? Р.Заззо ойынша, бұл сұраққа дәл жауап беруге болмайды, себебі, тұқым қуалаушылық пен орта ықпалдастығының әмбебап формуласы жоқ; ол шексіз және құбылмалы.
Үшінші ереже әрбір индивидтің психологиялық айқындалуына қатысатын қоршаған орта шарттарының иерархияланған сан
алуандығына қатысты. Орта өз ықпалын үш деңгейде жүзеге асырады: орта – индивид дамитын жалпы жағдай (әлеуметтік, экономикалық, мәдени жағдайлар), орта – баланың ең жақын қоршаған ортасы, ең алдымен сол арқылы әлеуметтік ортаға ерте балалық шақтан бастап қалыптасатын қатынасы.
Р.Заззо баланың бүкіл дамуын кезеңдерге бөледі. Өмірдің алғашқы үш жылын А.Валлон бөліп көрсеткен қатаң денелік және психикалық өлшемдердің негізінде талдайды. Ойлаудың, эмоционалдық сананың, моториканың және т.б дамуы туралы мәліметтерді пайдаланады. Сонымен бірге, бала мінез құлқының эмоциясын психологиялық зерттеуде баланың органикалық дамып жетілу барысын талдаумен байланыстырады. Р.Заззо мен оның шәкірттері жүргізілген зерттеуде лонгитюдтік әдіс немесе бойлық кесу әдісі (жекелеген балаларды немесе олардың іріктелген шағын тобын ұзақ уақыт зерттеу) белсенді түрде пайдаланылған.