Жане Пьер Мария Феликс (1859-1947) – француз психологы, психиатр. Өз тұжырымдамасында психикалық процестер – субьектінің мінез-құлқының, іс-әрекетінің, белсенділігінің бір бөлігі ретінде қарастыратын мінез-құлық психологиясы ретінде қарастырған. П.Жане француз әлеуметтану мектебінің көрнекті өкілі болып табылады. Ол адам психикасы әлеуметтік тұрғыдан шарттылықта және оның дамуы табиғатпен, қоғаммен, сан алуан байланыстардың жүйесін қалыптастырудан тұрады деп пайымдаған. Байланыстар дегенде П.Жане адамның дүниеге қатынасының түрі ретіндегі іс-әрекеттерді меңзеген. Олардың ішіндегі ең маңыздысы – ынтымақтастық қатынастарынан көрінетін әлеуметтік іс-әрекеттер. Адамдардың арасындағы әлеуметтік қарым-қатынастар әрбір адамның даму негізі болып табылады.
П.Жане пайымдауларында төрт деңгейді бөліп көрсетті. Бірінші деңгей – реакциялардың өздері емес, ал олардың әлеуметтік шарттылығы маңызды болып табылатын қозғаушы реакциялардың (жақындату-қашықтату) дамуымен сипатталады. Екінші деңгей – қабылдау бейнелері және зерде түсініктері қалыптастырылатын перцептивті іс-әрекеттердің дамуы. Бұл психологиялық құрылымдар сондай-ақ өзгелермен өзара қатынастарға бағдарланған. Үшінші – әлеуметтік-тұлғалық деңгей баланың өз іс-әрекеттерін басқа адамның іс-әрекеттерімен үйлестіру мүмкіндігімен сипатталады. Төртінші деңгей – қарапайым интеллектуалды мінез-құлық. Бұл деңгейде өзгелермен қарым-қатынас және өз іс-әркеттерін басқару құралы ретіндегі баланың сөйлеу тілі дамиды. Сөйлеу тілін меңгеру баланың қарқынды дамуы үшін жағдайлар жасайды.