Өсімдіктердің табиғи пішінін сақтау отырып кептіру. Шалғындық, орман және су өсімдіктері. Кептіруі қиын өсімдіктер. Кептіру түрлері.
Демонстрациялық және үлестіріліп берілетін материалдардың көпшілігі табиғи кептіріледі. Астық дақылдарының бауларын, кейбір жемістер мен тұқымдарды, ағашқұлақ-саңырауқұлақтың жеміс денесін, қыналарды және басқа ботаникалық материалдарды құрғату қолайлы.
Астық дақылдарының табиғи жолмен кептірілген бауларын ағаш тірекке орналастыру арқылы сақтайды. Кептірілген тұқым мен жемістерден фабрика өндірісі үлгісіне сәйкес коллекция жасайды.
Құрғақ өсімдіктерден жасалған гүлдестелерді бақ өсімдіктерімен қатар, шалғын, орман су өсімдіктерінде қолдануға болады. Шалғын және су өсімдіктерінен: қияқөлең, елек шөп (маймақ), қарапайым қамыс, өлең шөп, қоға. Қоға – екі рет жиналады, жаздың басында, гүлдері қоңыр түске боялмай тұрып, сабақтары жіңіщке кезінде; және жаздың ортасында масақтары қоңыр тартқанда. Егер қоғаны күзде алатын болса, онда жылы жерде ол шашылып кетеді.
Гүлдердің көтеген түрлері қараңғы, салқын жерлерде жақсы кебеді. Гүлдердің түсін сақтау үшін оларды міндетті түрде тез кептіру керек, ол әрдайым таза ауасы бар кеңістікте жүзеге асырылады. Жапырығы жоқ гүлдерді гүлдерін төмен қаратып алдын-ала бума күйінде байлап іліп қояды.
Егер гүл бумаларының бірнешесі кептірілетін болса, олардың ара қашықтығын бір-бірінен 10см етіп, тартылған сымдарды орнықтырады.
Өсімдіктерді ауада кептіруді көлеңке жерлерде, жерге қағаз төсеу арқылы да жүзеге асыруға болады. Мұндай кептіру түрінде гүлдер түсін өзгертпей, сабақтары пішін сақтайды. Гүлдеу барысында кейбір бақ өсімдіктері өздігінен құрғап қалады, оларды (қызылқұлақ), кепкен сау жапырақтарын алып, сусыз заттарға салып немесе гүлдерін жоғары қаратып тігінен орнықтыру керек. Барлық шалғын, орман су өсімдіктері суы жоқ вазаларға салып кептіреді. Бұл олардың сабақтары мен жапырақтарын сақтайды. Күнде қалып қойған өсімдіктер тез кеуіп, түсін өзгертіп жібереді.
Кейбір ботаникалық объектілер, олардың көлемдік түрін сақтай отырып кептіруді қажет етеді. Бұл үшін құм немесе силикагель қолданылады (Н. И. Матвеевтің методы). Өсімдікті осылай кептіргенде табиғи объектінің бояуы мен пішіні сақталады. Бұл препараттарда гүл бөліктерінің және гүл шоғырында гүлдердің орналасуы жақсы көрінеді. Құмда не силикагельде кептірілген өсімдіктерді шынылы қоробқа не шыны қалпақ астына қойған қолайлы (органикалық шыныларды пайдалануға болады). Мұндай препараттардың түсі өзгермеу үшін тығыз жабылатын есігі бар шкафта сақтау керек.
5. Композиция негіздері. Композиция құрастырудағы қаңқалардың техникасы. Икебана негізі және принциптері. Өсімдіктерді орнықтыру.
Алуан түрлі гүлдерден неше түрлі композиция жасауға болады. Осыған орай бұрын кездеспеген фитодизайнер, флорист, аронжирлеуші деген жаңа мамандар пайда болып жатыр. Фитодизайн ежелден келе жатқанымен, бізде 10-15 жылдың айналасында пайда болған ағым. Сөзбе-сөз айтқанда фитокомпозиция – гүлдесте. Яғни, фитокомпозиция өсімдіктерден құралып, жасалатын шығармашылық туынды. Гүлдесте әр түрлі өсімдіктердің гүлді бұтақтарын, жасыл жапырақтарын, жемістерін қолдана отырып жасайтын композиция. Бір қарағанда гүлдесте жай ғана бір құшақ гүлдердің жиынтығы сияқты болып көрінеді. Гүлдестенің сыртқы пішіні, көлемі, үйлесім тауып тұрған бояулары және аронжировкасы да белгілі бір заңдылықты орындағанда ғана шығады. Адамға фитокомпозицияның көлемділігі емес, оның үйлесушілік бітімі үлкен әсер етеді.
Фитокомпозицияны 7 стильде жасауға болады:
Көлемді стиль – өзінің атауы айқындап тұрғандай көлемді болады. Бұл стильде форма құрайтын негізгі қаңқа болады да, оны толықтыратын көмекші материалдары бітіреді. Композицияның орталық тік өсі және бірнеше бүйірлері болуы мүмкін, бірақ ашық жері болмайды.
Бидермейер стилі – дөңгелек, ыдысқа қойылатын, дөңгелектеніп жасалынатын композиция. Қойылатын гүлдер басы бір биіктікте дөңгелене қойылады да, сыртқы жиегі жасыл жапырақпен көлденеңінен көмкеріледі. Бұл композицияда гүлдер сабағы көрінбейді, гүлдесте дөңгелек ыдыстың аузынан көп жасалған жоғары орналаспайды. Бидермейер стилінде жасалған композиция әр түрлі жаздық гүлдерден және раушан гүлінің бір түстісінен де жасалады. Көктемде гүлдейтін геофиттерден, дөңгелек вазаның ернеуінен ең жоғары орналастырылған композиция өте әдемі көрінеді. Вазаның жайпақ болуы қажет.
Аралас стиль – көлемді стильді және әртүрлі сызықты стильді де араластыра отырып жасалатын фитокомпозиция. Симметриялық үшбұрышты композиция аралас стилді туынды болады. Аралас стильге – гүлдердің өзімен шеңбер, қабырғаға ілініп қойылатын әшекейленген гүл тізбесі де жатады. Сырт пішіні ағаш өсімдігін бейнелейтін кішкене божай стилімен жанасатын композицияның ағаш діңгегін әсем иілген бұтақ немесе тік, қабығы аршылмаған жас талдың өсінен алу керек. Қойылатын ыдысқа ағаш діңгегін жақсылап орнықтырып цементпен ұстатады. Божай композициясына кептірілген гүл, жасанды бұтақтар да қолданылады. Ағаш ұшына кептірілген гүлдерді қадау үшін, қалың пенопластан кесілген немесе сары губканың бөлігі желіммен бекітіледі, қимылдамастай етіп байланады. Осы жұмыр пенопласт немесе оазис губкалы жан-жағынан кептірілген гүлдермен ашық жер қалдырмай қапталады. Кептірілген гүлдерден шар тәрізді жасалатын форма бойынша сыртқы формалы толтырыла береді. Бұл композицияға материал көп кетеді, кептірілген жидектерді де араластыруға болады.
Абстракты стиль – ешқандай белгілі ерекшелік ережесі жоқ, бірақ барлық бітімі белгілі бір ой туғызатын, жақсы әсер қалдыратын, әдемі көлемді етіп жасалған композиция. Жоғарыда жазылған стильдердің өзіндік ерекшеліктері бар болса, абстракты стильде ол жоқ. Ешқандай стильді білмейтін адам, әйтеуір бір композиция жасадым дегенімен, оның барлығы абстракты жұмыс болып шықпайды. Сонымен қатар еркін стиль, екеуі өте ұқсас. Бірақ мұндай стильді композицияны шебердің шебері, композициялық шығармашылығы өте жоғары, білімді, нағыз маман адам жасай алады.
Модерн немесе авонгарды стилі соңғы кезде пайда болған. Бұл стильде жасалатын композицияға әдемі тірі гүлдермен қатар, материалдар да қолданылады: шыны, жалтырақ, темір түтіктер, әр түрлі синтетикалық түрлі-түсті моншақтар, капрон жіптермен жасалған тор көз материалдар формасын сақтайтын теңіз жәндіктері, құс қанаты, керамикадан жасалған бұйымдар, көбелек, қоңыз, кішкентай мүсіндер мен алуан түрлі маскалар және т.б. сәндік материалдар. Гүл түсінің бояуы ашық, қанық, қою болуы мүмкін. Гүлдің бір ғана түрінен немесе бір гүл іріктемесінен жасалған гүлдесте монохроматикалық композиция болады. Мысалы, сары түсті раушангүл іріктемесін Глория Дей өсімдігінен жасалған гүлдесте. Аналогиялық гүлдесте үйлесімділік табатын бірнеше өсімдіктерден тұрады. Мысалы, сары түсті лалагүлі, қалампыр гүлі, баршынгүл, нарғызгүл, барқытгүл, сары шырыш, күнбағыс композицияда сары түсті болғанымен, әр өсімдік өз ерекшелігімен құнды.
Византикалық конус стилі – көбінесе бұл стилді кептірілген гүлдерден және жасанды гүлдерден жасау тиімді. Сырт пішіні конус түзетіндей етіп, қолданылатын гүлдер орталық діңгекке қолданады. Конустың өсі түп жағынан жақсылап тұрып қойылатын ыдысқа бекітіледі. Жаңа кесілген гүлдерден де жасауға болады, ол жағдайда «оазис» сияқты ең сорғыш губкамен консутың өзі тұрғызылады да, оның өн бойына қысқа сабақты гүлдер қадалады. Қолданылатын гүлдер түрі конустың бас-аяғына дейін бірнеше рет қайталана беруіне болады. Көлемді стильге қарама-қарсы бір жазықтықта жасалатын стиль де жатады. Бұл композицияның әр түрлі деңгейде ашық жерлері, шекаралары, сырт көзбен қарағанда бөліктері болады. Негізгі қаңқасын ұзын бұтақтан немесе биік өскен гүлден, жапырақтан түзуге болады. Бұл стильді жасау үшін қолданылатын өсімдіктер: тәжігүл, ұзын сабақты раушангүл, баршынгүл, қызылкүрең, алтын шыбық, шамшат, т.б. Осы стильге жататын жапондықтардан тараған Икебана стилі.
Икебана деген сөз – «гүлдерге жан бітіру» деген мағына береді. Икебананың негізгі үш бағыты болады. Ең ұзыны – аспанды меңзейтін тік сызық, екіншісі адамды бейнелейтін бөлік – өс көлбең орнатылады, үшіншісі жердің символы – жерге параллель орналастырылады. Осы үш сызық бір нүктеден шығуы тиіс. Икебанада осы үш бағыт анық көрінуі керек. Икебана стилі рикка, нагейра, морибана деп бөлінеді. Рикка – үлкен залдарға қойылатын, биіктігі 3 метрге дейін жететін композиция. Нагейра – өте қарапайым өсімдіктерді қолдана отырып жасалынатын композиция. Морибана – жайпақ вазалар мен кішкентай табақшаларға кензан арқылы бекітілген композиция. Морибана стилімен жеке бір гүлдің әсемдік ерекшелігін тамашалауға болады. Мысалы, бір ғана гүлжаһан гүлін тамашалау үшін, бір нүктеден қосымша тілдей жапырақ немесе өсі ашыла қоймаған, көлемі кішілеу осы гүл бүршігін шығару арқылы кенфиум гүлінің әдемілігін ерекше көрсету.
6. Ботаника пәнінен көрнекіліктер. Коллекциялар және құрғақ препараттар. Дарвинизм негіздері бойынша көрнекіліктер.
Оқушыларды табиғи объектілермен таныстырудың бір әдісі тұқымдардың, жемістердің тыңайтқыштардың және т. б. әр түрлі коллекцияларын дайындау. Коллекциялардың көпшілігі үлестіріліп берілетін материал ретінде қолданылады. Сондықтан мектеп оларды 20 данадан сатып алады. Мысалы, мәдени өсімдіктер тұқымы мен жемістері коллекциялары картон бетіне жасалған дөңгелек ұяға салынған табиғи объектілер. Коллекцияның бетіне шыны жабылған және жиектеріне мата ұсталған. Барлық материал үш бөлікке: жеміс-жидек дақылдардың жемісі мен тұқымы; астық дақылдарының жемісі мен тұқымы; техникалық және бұршақ тәрізді өсімдіктердің жемісі мен тұқымы деп бөлінген. Коллекцияны да, басқа кептірілген ботаникалық материалдар сияқты сақтайды.
Демонстрация үшін пайдаланылатын көптеген табиғи объектілерді гербарий таблицалары түрінде жасаған дұрыс. Бұл жағдайда объектілерді жұқа тақтайға не картонға жапсырады, оның шет-шеті гербарий таблицаларын сақтау кезінде зақымданудан қорғау үшін, жұқа тақтаймен көмкеріледі. Мұндай таблицаға көбіне схема, сызу, диаграмма және сурет түрінде негізгі мәліметтер жазылады; бұлар негізгі мәселені толық шешуге көмектеседі. Мысалы, картоп түсіміне түптеудің маңызын көрсететін гербарий таблицасында түптеген және түптелмеген жағдайдағы жер асты тамырының өсу дәрежесі мен онда түйнек түзілуін көрсетумен қатар, түсімнің салыстырмалы артуы мен мөлшерінің абсолют сандарын диаграмма түрінде беруге болады.
Мектеп жұмыстары практикасында ботаникадан оқу таблицалары кең қолданылады. Бұлар өсімдіктердің олардың органдарының және клеткалык құрылысының көп бояулы бейнесі. Кейбір таблицаларда тірі объекті өсетін орта көрсетілген. Табиғи объектілердің таблицадағы бейнесі сыныпта демонстрациялауға нақты объекті жоқ болса, соның орнын толтырады Олар ағаш және бұтаны, тропик өсімдіктерін, өсімдік бірлестіктерін көрсету үшін өте қажет. Тіпті сабақта үлестіріліп берілетін материал жеткілікті болған жағдайда да, оқу таблицалары өзінің маңызын жоймайды. Көркемділігі жасалған көп бояулы таблица оқушылардың нақты объекті жөніндегі білімдерін толықтырады және көмекші роль атқарады. Қорытынды жасағанда және салыстыру кезінде таблицаның маңызы үлкен. Мұндай жағдайда бірден бірнеше таблицаны пайдалануға болады. Оқушылардың білімін тексеру және бакылау кезінде де, таблицаның маңызы зор. Мұғалім оқушылардың өздерінің жауабында сурет, таблица қолдануды үйретуі керек.
Оқу таблицаларын лабораториялық және оқушылардың өздіктерінен орындайтын жұмыстары кезінде нұсқау ретінде пайдаланады. Мысалы, бөліктері жеке көрсетілген гүл таблицасы табиғи объектінің құрылысымен танысуды жеңілдетеді.
Дегенмен, таблицаны пайдаланудың осындай толып жатқан тиімділігіне қарамай, олар сабақтан табиғи объектілерді ығыстырып шықпауы керек. Оқу таблицасы материалды жақсы түсінуге көмектесіп, оның түсінікті болуын қамтамасыз етуі керек. Оқу таблицаларын пайдалана отырып мұғалім таблицалардын оқу құрал жабдықтары қатарында қандай орын алатыны, таблицаны қайда және қалай табиғи объектілермен, басқа оқу құрал-жабдықтарымен ұштастырып пайдаланылатынын анық білуі керек. Таблицаның әр сериясының нұсқауы бар, онда оның сипаттамасы және оларды найдалану методикасы жазылған. Жоғарыда аталған таблицалардың бәрі жұқа ақ қағазға басылған және оларды демонстрациялағанда тез жыртылып, тозады. Мұғалім таблицаларды картонға не матаға желімдеп жапсыруды бақылауы керек. Оқу таблицаларын қабырғасы ашылатын шкафтың төменгі секциясына салып сақтаған жақсы. Әр таблицаға нөмір жапсырылады және ол нөмірді карточкаға жазады. Шкафқа таблицаларды нөмір ретімен салады, бұл сабаққа дайындық жұмысын жеңлдетеді. Сабақтың жеке тақырыптарында пайдаланылатын таблицаларды сынып тақтасының төменгі жағындағы жәшікке салады. Таблицаны тақтаға іліп қою үшін заводтан шығарылатын арнайы ұстағыштар қолданылады. Баспадан шыққан таблицалар мен қатар ботаника пәнін оқыту практикасында колдан жасалған түрлі таблицалар кең колданылады. Жақсы көркемделген және методикалық дұрыс болса мұндай таблицалардың оқу-тәрбиелік маңызы үлкен. Өйткені қолдан жасалған таблицада мұғалімнің педагогикалық тәжірибесі, оның нақты табиғи және өндірістік жағдайда оқыту практикасы, сабақта белгілі табиғи объектіні пайдалану тәжірибесі айқын білінеді. Оқушылардың өздері жасайтын таблицалары олардың мектеп оқу — тәжірибе учаскесінде және ауыл шаруашылығы өндірісінде жүргізген тәжірибе-практикалық жұмыстары нәтижесінің графика арқылы көрсетілуі; ал қарапайым түрде оқулықтан және арнайы кітаптап алып үлкейтілген суреті, кейде диапозитивтер мен диафильмнен көшіріп алған сурет болады.
7. Ботаника курсы бойынша ылғалды препараттар. Бейне– таспа, баспа оқу құралдары, нақпішіндер, нобайлар.
Ылғал препараттар дегеніміз шыныға жапсырылған және консервілеуші сұйық (спирт, формалин және т. б.) құйылған шыны цилиндрге батырылған табиғи объекті. Шыны цилиндр резина желімі жағылған шынымен тығындалған. Ылғал препаратпен жұмыс істеу тиімді болу үшін әр оқушы табиғи объектінің барлық бөліктерін айқын қарай алатын болу керек. Мысалы, «Бұршақ тәрізді өсімдіктер тамырындағы түйнектер» препаратынан оқушылар бұршақ тұқымдас өсімдіктер тамырының бір бөлігін, түйнектерді жақсы көруі керек.
Ылғал препараттардың сақталуы жөнінде алдын ала шаралар қолдану қажет. Табиғи объекті ұқыпты жабылмаған жағдайда, уақыт өте консервілеуші сұйықтықтардың бірқатары буланады. Препараттарды тексеру және қажеттігіне қарай консервілеуші сұйықты үстеп құю және тығынын тығыз жабу керек. Ылғал препараттарды тығыз жабылатын есігі бар шкафтарға қояды, өйткені күн сәулесі тисе олардың түсі өзгереді.
Мектепте уақытша және тұрақты пайдаланатын препараттар дайындауға болады. Ол үшін табиғи объектілерді формалинге, сирек те болса спиртке, ас тұзы ерітіндісіне, қант сиропы және т. б.салады. Шырынды жемістерді, кейбір тамырсабақтарды және тұтас өсімдіктерді, өсімдік гүлдерін, қалпақты саңырауқұлақ жеміс денелерін осылай сақтауға болады.
Уақытша пайдаланылатын ылғал препараттар дегеніміз — консервілеуші сұйық жалпы ыдыста сақталатын және сол түрінде пайдаланылатын объектілер. Оларды препарат жасау үшін қолданады.
Тұрақты ылғал препараттар шыны ыдысқа салынады және сан рет пайдаланылады. Шыны цилиндрді табу қиын сондықтан мектептерде темірден жасалған қақпақпен (үйде консервілеу әдісі бойынша) жабылған шыны банканы пайдаланады.
Мектепте үнемі пайдаланылатын жалпақ қабырғалы ылғал препарат жасауға да болады (И. В. Козырь методы бойынша). Мұндай препараттар қолдануға өте қолайлы, өйткені объектінің пішінін өзгертпейді, және кажетіне қарай қол не, препарат лупасын қолдануға болады. Сонымен қатар мұндай препараттар сақтау барысында аз орын алады.
Ботаникадан өте қажетті оқу жабдықтарының бірі микроскоптық препараттар. Микроскоптық препараттардың оқушыларды клетка және өсімдіктердің клеткалық құрылысымен таныстыруда үлкен маңызы бар. Микропрепараттар жиынтығы екі вариантта шығарылады: бір түрлі микропрепараттар жиынтығы (5 бір түрлі зең саңырауқұлақ — мукор микропрепараты) және әр түрлі микропрепараттар жиынтығы («Өсімдіктер сабағы құрылысының әр түрлі типтері» — 16 әр түрлі микропрепараттар жиынтығы).
Микропепараттарды көбіне түрлі анатомиялық және физиологиялық құрылысы анық көріну үшін арнайы бояумен бояйды. Мұндай бояу микропрепараттарды көрнекі етеді. Микропрепараттармен жұмыс істей бастағанда оқушыларға өсімдік препараты құрылысының бұл бояуы табиғи түсі емес екенін ескерту керек. Микропрепараттар жиынтығы негізінде жоғары оқу орындарына арналған дегенмен, микропрепараттардың барлығын орта мектепте қолдануға болады. Мысалы, «Өсімдіктердің көбею типтері» жиынтығынан II микропрепарат қолданылады. Лабораториялық жұмыстар үшін әр тақырыптан 20 бір түрлі микропрепарат (жалпы орта білім беретін мектептерге оқу көрнекі құралдар және оқу жабдықтары тізіміне сәйкес мектепте болатын микроскоп санына қарай) болуы керек. Бұдан басқа әр тақырыптан 3—5 артық микропрепараттар болғаны жақсы, өйткені жұмыс процесінде оқушылар жабын шынысын сындырып алуы мүмкін. Оқушылар микрообъектілермен алғаш танысқанда өсімдіктің түрлі құрылыстарын ажыратуда қателеседі. Объектіні қате түсінуге жол бермеу үшін сабақты микрообъектілерді көрсету және олардың құрылысымен танысудан бастаған дұрыс. Бұл мақсатта микропроектор — микропрепараттың проекциясын экранға түсіретін прибор қолданылады.
Мұғалім көрсеткішпен көрсетіп препарат құрылысын жақсы түсіндіреді, содан кейін оқушылардың мектеп микроскоптары арқылы өздері микропрепараттармен танысуына мүмкіндік береді. Микропроекция лабораториялық жұмыс кезінде ғана емес, өзінше бөлек те пайдаланылады. Егер мұғалімде 2—3 микропрепарат болса, немесе қаралатын препараттар күрделі болса не оқушылар өздіктерінен танысуға қажеті болмаса, ол микропрепаратты экранда түсіріп түсіндіру, бірлесіп талқылаумен шектелуге болады. Дегенмен микропроектор арқылы көрсету лабораториялық жұмыстың орнын алмауы қажет. Оқушылар микропрепараттарды және өздері қарағанда ғана микроскоппен жұмыс істеуге дағдыланады.
Микропрепараттарды жылу приборынан алыс жерде сақтайды, өйткені микропрепараттарды жасағанда қолданылатын, канада не майқарағай бальзамы жылы жерде жұмсарып кетеді. Жабын шынысы төмен түспеуі үшін микропрепараттарды горизонталь қалпында қою керек. Микропрепараттарды арнайы сөреде сақтау қолайлы, оны жұқа тақтайдан не пластикадан жасайды. Әр сөреге 20 микропрепарат орналастырылады. Бұл сабаққа дайындық уақытын біраз үнемдейді және материал үлестіру кезінде мұғалімнің жұмысын жеңілдетеді. Сөрені қақпағы бар және бір бүйірінен ашылатын қорапқа немесе шкафқа қоюға болады. Мектеп жағдайында пайдаланылатын микропрепараттар дайындау үшін мектепте ботаникалық объектілер, оның ішінде өсіп тұрған өсімдіктер, бөлме және жабайы өсімдіктер, мысалы қабығынан препарат жасау үшін шалқан пияз, клеткада цитоплазманың қозғалысымен танысу үшін элодея, өсімдіктің устьице аппаратымен тынысқанда жапырақ қабығы препаратын жасау үшін амариллис және басқа өсімдіктер болуы керек.
Уақытша пайдаланылатын микропрепараттардың маңызы үлкен, өйткені оқушыларды өздері дайындайтындықтан оқып зерттеу үшін материал болумен қатар, микропрепараттар дайындауға үйретеді. Мұнымен қатар оқушылар өздері микропрепараттар дайындайтын табиғи объектіні көреді. Бұл өте маңызды, өйткені оқып зерттелетін объектінің құрылысы туралы түсінік қалыптастыруға мүмкіндік жасайды. Егер микропрепарат дайындайтын материалды табу қиын болса, одан ұзақ уақыт пайдаланылатын микропрепарат дайындау тиімді.
Мектеп жұмысы практикасында экрандық құрал: оқу көркемфильмдері, кинофрагменттер, кино-кольцовка, диафильмдер, диапозитивтер және кодоскоп, интерактивті тақта кең қолданылуда. Экрандық құрал биология сабағында, әсіресе ботаника сабағында ерекше манызы бар. Фильм керсету өсімдік дүниесінің көп түрлілігін, өсімдіктердің қоршаған ортамен — өзара қатысын, өсімдік организмінде болатын процестерді демонстрациялауға мүмкіндік жасайды. Оқу киносы көмегімен оқушыларды, өздері болмаған аудандар мен облыстардың өсімдік дүниесімен таныстыруға болады.
Баяу түсірудің арнайы түрі жай көзбен бақылауға болмайтын, баяу жүретін процестерді — өсімдік сабағы мен тамырының өсуі, даму және көбею, гүл жаруы, өсімдіктің жарыққа бұрылуы және т. б.—көрсетуге мүмкіндік береді. Микрокино түсіру нәзік структурамен қоса, тіпті онда жүретін процестерді бақылауға жағдай жасайды. Мультипликация көмегімен өсімдік органдары құрылысы схемасын көрсетуге және сөйтіп, ең манызды белгілер жөнінде қорытынды жасауға және абстрактауға болады. Шартты түрде белгілеу жылжып аққан сұйық ағысын, газдар қозғалысын, көбею жеке даму процестерін, жеке физиологиялық құбылыстарды және т. б. көрсетеді.
Оқу фильмдері ғылыми лабораториялардың сырын ашуға және биологиялық эксперимент жасау мен оның жүрісін бақылауға мүмкіндік жасайды. Экрандық құрал мұғалім жаңа материалды түсіндіргенде сабақта жаңа хабар көзі, өткен материалды қорыту оқушылардың білімін бағалағанда пайдаланылады. Экрандық құрал қолданғанда, мұғалім басқа оқу құралдарды қолданып түсіндіргеніне қарағанда, белгілі уақыт өлшемінде әлдеқайда көп хабар береді. Дегенмен фильммен жұмыс істегенде жоғары педагогикалық тәжірибеге қол жету үшін мұғалімнің арнайы дайындығы болу керек. Фильмді биология кабинетінде демонстрациялау керек, өйткені фильм басқа оқу құрал-жабдықтарымен бірге пайдаланылуы және сабақтың үздіксіз бір бөлігі болуы қажет. Осыған байланысты биология кабинетін қараңғылайды.
Оқу фильмі — дыбысты экрандық құрал. Өсімдік организмінің өсуі мен жетілуін, организмдер арасындағы өзара байланысын көрсету қажет болған жағдайда фильм орнына бір қалыпты қана көрсететін экрандық көмекші құрал пайдалануға болмайды. Фильмде материал белгілі жылдамдықпен беріледі және стоп-кадрлардың болмауы оқушылардың назарын белгілі бір құбылысқа аударуға мүмкіндік бермейді. Сонымен катар педагогикалық әдісте объектіні қозғалмай тұрғанда мұқият қарап және анализ жасау қажет.
Оқыту ісінде ботаника сабағында диафильмдер мен диапозитивтерді пайдалану кең мүмкіндік жасайды, диафильмдер 30—50 кадрлар болатын лента. Кадрлардың орналасу реті диафильмді қолдану методикасын анықтайды. Кадрдағы әр суретке түсінік берілген.
Сонғы жылдары шығарылған кейбір диафильмдерде материалды өтуде проблемалық әдіс қолданылған. Диафильмге сабақ үстінде проблемалық жағдайлар жасайтын оқу материалдары жалғасқан. Бұл оқушылар білімін кеңейтетін және тереңдете түсетін, тіршілікпен байланыс түзетін хабар материалдары. Кейбір кадрлар сұрақ ретінде келтірілген, бұларға оқушылар фильммен жұмыс кезінде өздігінен жауап қайтарулары керек. Бұл диафильмді пайдаланудың педагогикалық мүмкіншілігін әлдеқайда кеңейте түседі және оны тек хабар кезі ретінде ғана емес, оқушылардың материалды қалай түсінгендерін бақылауға пайдалануға мүмкіндік жасайды, Мұндай диафильмдер: «Дара жарнақты өсімдіктер», «Қос жарнақты өсімдіктер», «Саңырауқұлақтар» және басқалар.
Диапозитивтер — белгілі тақырыпқа арналған жеке кадрлар сериясы. Диапозитивтердің диафильмдерден айырмашылығы: диапозитив сериясынан кадрларды көрсету ретін мұғалімнің өзі белгілейді және кадрдағы бейнелерге кадр ішілік түсінік жазылмаған. Бұл диапозитивтерді жаңа материалды түсіндіруде де, оқушылардың білімін бақылау үшін де пайдалануға мүмкіндік береді. Диапозитивтердің, әр сериясына жеке кітапша түрінде түсіндірме нұсқау қосылған. Диафильмдерді арнайы сөреге салып шкафқа сақтау керек. Сөре жылжымалы тартпа, оған диафильм қабының диаметріне сәйкес ойық жасалған. Қабына салынған диафильм сөренің ойығына қойылады. Қабының қақпағына, картотекадағы нөміріне сәйкес келетін, нөмір жапсырылады.
Диапозитивтерді, олар сатуға түскендегі қораптарда сақтайды, қорап нөмірі картотека нөміріне сәйкес болады. Оқулық кино, диафильм және диапозитивтер көрсету үшін мектепте қажетті проекциялы аппараттар болу керек. Оқытудың ен маңызды техникалық құралы жаңа проекциялық аппарат— кодоскоп; кодоскоп арқылы жарық бөлмеде де демонстрациялауға болады. Ол мөлдір объектілерді (оның, ішінде көлемдік объектіні де) және диапозитивтерді демонстрациялауға арналған. Сонымен қатар кодоскоптың мөлдір ленталы қайта орайтын тетігі бар. Осы лентаға мұғалім сабақ кезінде қажетті жазу жазады, сурет салады, оларды сол экраннан көрсетеді.
Кодоскоп диапозитивтері — мөлдір пленка кадрлар сериясы, оның әрқайсысында жалпы суреттің бір бөлімі ғана бейнеленген, кадрларды ретімен бірінің үстіне бірін келтіру арқылы экранға объектінің тұтас бейнесі түсіріледі. Бұл объектінің жеке бөліктерін ретімен көрсетуге, өсу циклінде әрбір сатыға талдау жасауға мүмкіндік береді. Мысалы, гүл құрылысын өткенде мұғалім алдымен гүл тостағаншасын, күлтесін, аталықты, аналықты, содан кейін тұтас гүлді көрсете алады. Кодоскоп диапозитивтерінің кейбіреулерінде жазуды жауып тұратын қара перде болады. Бұл оқушылар білімін бақылауға қосымша мүмкіндік береді. Диапозитивтердің әр сериясы, оны қолдану методикасы жөнінде нұсқау берілген.
Ботаника курсының бірқатар мәселелерін оқып үйренгенде көлемдік бейне — муляж бен модель пайдаланылады. Муляж — табиғи объектінің көшірмесі, мұнда объектінің мөлшері, пішіні және реңі дәл көрсетіледі. Өнеркәсіп муляждар жиынтығын және әр түрлі жемістердің, калпақты саңырауқұлақ жеміс денесінің муляждарын шығарады.
Муляждар сабақты табиғи объектілермен қамтамасыз етуге мүмкіндік болған жағдайда пайдаланылады. Көбінесе муляждарды стеарин массасынан жасайды. Пайдаланған кезде мұқият, жемістерді сағағынан көтеруге болмайды және оларды қолданғанда аса ұқыпты болу керек. Муляждарды мақтаға орап жылытқыш приборлар алыс жерде картон қорапта сақтайды, өйткені температура жоғары болса олар пішінін өзгертеді.
Модельдерде муляж сияқты, көлемдік бейнелеу, бірақ муляждан айырмашылығы объектіні дәл бейнелемейді, оны схема түрінде көрсетеді. Схема түрінде көрсетудің мәні — оқушылардың назарын аударуы қажет маңызды белгілерін айқын көрсету. Олар табиғи объектінің үлкейтіп схема түрінде берілген бейнесі. Мұндай модельдерде VI класс ботаника курсында өтілетін тұқымдастарға тән белгілер айқын көрсетіледі. Көрнекі болу үшін гүлдің кейбір бөліктері жеке бейнеленеді. Мысалы, капуста гүлінде мұндай бөлік желек, екі аталық (біреуі үлкен, біреуі кіші) және аналық болады.
Модельдерді сәйкес табиғи объектілермен бірге пайдалану керек. Модельдердің өздерін ғана пайдалану оқушыларға табиғи объектілердің құрылысы жөнінде теріс ұғым тудыруы мүмкін. Модельдерді пайдаланғанда және сақтағанда олардың оңай сынатын материалдан (папье-маше) дайындалатынын, сондықтан ұқыпты болу керек екенін ескеру қажет. Модельдерді шкафта бөлшектенген күйде, картон қорапта сақтайды. Модельдерді демонстрациялаған кезде приборларды демонстрациялағандай,