Әуезов Мұхтар (1897–1961) – кемеңгер М.Әуезов өзінің 20- жылдары жекелеген еңбектерінде («Ғылым тілі», «Философия жайынан», «Оқу ісі» т.б.) философия мен психологияға байланысты өз ойларын ортаға салды. М.Әуезовтің психология мәселесіне қатысты айтқандары, сондай-ақ оның әр жылдары әдебиет, өнер, білім, ағарту, мектеп мәселелері туралы жазған шығармаларында да жиі ұшырасады. Бұларда адамның әр алуан көңіл күйлері, эмоция, сезім, ерік-жігер ерекшеліктері шығармашылық әрекет үстіндегі қаламгер шабыты, тәлімгерлік қасиет, қазақтың ұлттық психологиясы әр қырынан сөз болады. Ғалымның шығармашылық, психологиясы мен этнопсихология мәселелері жайында айтқандарына тоқталайық. Оның пікірінше шабыт тек өнер өкілдеріне ғана тән қасиет емес, ол кез келген мамандық иесінде кездесетін ерекше психологиялық күй.
Ғұлама жазушының этнопсихология, ұлттық мінез туралы айтқан түйін-тұжырымдары да сапалығымен көзге түседі. Ғалым әр халықтың, не ұлттың өзіне тән мінез-құлқы, темпераменті, талғам түсінігі, әдет-ғұрпы, салт-санасы болатындығын әркез ескеріп отырған. Ол сондай-ақ, бұл айтылғандардың біршама тұрақты да тұрлаулы болатындығын, қоғамдық сананың ұлттық бояуларға қануы қажеттігін айтқан. Автор халықтың ғасырлар бойы дамып, қалыптасқан ортақ рухани тіршіліктері (фольклор, тіл, дін, өнер, дәстүр, салт, әдет-ғұрып, т.б.) ұлт психологиясының ерекшеліктерін танып-білдіретін басты өлшемдер дейді.
Психология ғылымы саласында арнаулы еңбек жазбаса да, оны қазақтан шыққан жаңа типтегі психологтардың бірегейі деп айтуға толық құқымыз бар.