Әбілқасым Фердаусидің атақты шығармасы «Шаһнама» өзінің көлемі мен көркемдігі жағынан дүние жүзіндегі ең ірі шығармалардың қатарына жатады. Автордың айтуына қарағанда, ол 65 мың бәйіттен (екі жолдың өлеңнен) тұрған. Бұл біздіңше есептегенде 120 000 жол өлең деген сөз. «Шаһнаманың» бізге жеткен қол жазбаларында 40 мыңнан 80 мыңға дейін бәйіт кездеседі. Бұл 80 мың немесе 160 мың жол өлең. Бұған қарағанда «ІІІаһнаманы» көшірушілер өз патшасыиа немесе өзіне жақпаған жерін тастап кетіп, қысқартып отырған. Ал, кей жағдайда оған өз жанынан өлеңдер шығарып қосқан. Немесе басқа эпикалық дастандарды қоса көшірген. Қазіргі іріктеліп, таңдалып алынған «Шаһнама» дастанында 52 мың бәйіт, яғни 100 мыңнан астам жол өлең бар. Бұл, поэма негізінен сақталып, қалпына келді деген сөз.
«Шаһнаманың» ұлылығын, көлемін және оны жазған ақынның еңбегін көз алдымызға елестету үшін мына цифрларға үңілейік. Мәселен, «Шаһнама» дастаны 120 мың жол өлеңнен тұрса, ертедегі грек ақыны Гомердің «Илиадасы» 18 мың, «Одиссея» 12 мың, итальян ақыны Дантенің «Құдайлар комедиясы» 15 мың, орыстың ұлы ақыны А. С. Пушкинніц «Евгений Онегині» 5 мың жолдан тұрады. Міне, осы мысалдың өзі ғана ақынның қаншалықты еңбек еткенін айқын көрсетеді.
«Шаһнама» негізінен үш бөлімнен құралады. Олар: 1. мифологиялық аңыздар; 2. Батырлық жырлар; 3 Тарихи шежірелер. Бұларға қоса «Шаһнамаға» романтикалық және драмалық сарында жазылған бірнеше поэмалар, дидактикалық, философиялық толғаулар және лирикалық шегіністер енген. Бірақ сырт қарағанда осының бәрі әрбір буынға жуық егіз ұйқаспен жазылған. Сондықтан да ол тұтас туынды тәрізді жігі білінбей турады.
«Шаһнама» жырының негізгі арқауы — Иран мен Тұранның күресі. «Иран» деп ақын бүкіл иран тілінде сөйлейтін халықтарды (тәжіктер мен ирандықтарды) айтады. Ал, «Тұран» деп Иранның солтүстігіндегі көшпелі түрік тайпаларын түсіну керек. Бұл күресті ол өмір бойы таласып, тартысып келе жатқан екі күш Жақсылық (Ормузд) пен Жамандық (Ахриман) арасындағы күрес ретінде көрсетеді. Ақынның ойынша Ормузд пен Ахриман құдай да емес, шайтан да емес. Шексіз уақыт деп аталатын атаның егіз екі ұлы. Екеуінің күші де бірдей. Ахриманның мақсаты — адамзатты құрту. Соның үшін ол адамдар арасында алакөздік, алауыздық тудырады, оларды қанды қырғын соғысқа итермелейді. Ал Ормузд болса, адамдарды апаттан, ажалдан аман алып қалып, бақытты еткісі келеді. Бірақ оның екеуі де өздігінен ештеңе істей алмайды. Өз ойларын тек адамдардың өздері арқылы ғана іске асырады.
Жақсылық пен Жамандық арасындағы күрес — Фердаусидің дүниеге көзқарасы. Міне, осы көзқарасын ол өзінің көркем шығармасы арқылы бере білген. Фердауси реалист болмаған, бірақ өмір шындығын көрсетуде ол өз тұсындағы және өзінен кейінгі көптеген ақын-жазушылардан озық тұрған. Фердаусидің ойынша: адам анадан әулие немесе албасты болып тумайды. Әр адамның бойында жақсылықтың да, жамандықтың да нышаны болады. Егер адамды Ормузд билеп кетсе, ол жақсылық жасайды, ал Ахриманның тіліне ерсе, жауыздық жасаудан жасқанбайды. Әрине, қазіргі тұрғыдан қарасақ, Фердаусидің бұл пікірі әрі тұрпайы, әрі теріс. Бірақ осыған қарамастан ақын жасаған адам образдары шындыққа жақын тұрады. Мәселен, ол жасаған Баһрам Чубина бейнесі одан кеп кейін өмір сүрген Корнель мен Расин образдарынан әлдеқайда шындыққа жақын.
«Шаһнамада» сонау мифологиялық анызда айтылатын Кей-Торс патшадан бастап, Саманидтің соңғы шаһы Тиегзегерге дейін 50 патшаның аты аталып, жырға қосылады. Бірақ бұл патшалардың қайсысы болса да көмескі, күңгірт жырланады. Олар белгілі бір тарихи кезеңді көрсету үшін алынған белгі ретінде ғана көрінеді. Ал, дастанның басты кейіпкерлері батырлар: Рүстем, Зал, Испандияр, ұста Қова, оқымысты Мазак. Міне, осылардың ерлік күрестері, іс-әрекеттері Фердауси поэмасының алтын арқауы болған. Мұның өзі поэманың халықтық сипатын көрсетеді.
Фердауси өз поэмасын барынша түсінікті тілде жазған. Кейбір Шығыс ақындарында кездесетін орынсыз тақуалық, сөзуарлық, тілмарлық, тіл безеушілік мұнда жоқ. Соның үшін де оның көптеген жолдары мақал-мәтелдерге, нақыл сөздерге айналып кеткен.
Фердауси өзінің ұлы дастанын:
Мен өлмен, алда әлі ұлылығым,
Өйткені, септім артқа сөз ұрығын,
деген сөздермен бітіреді. Ақынның айтқаны келді. Фердаусидің есімі де, оның еңбегі де өлген жоқ. Фердауси шығармалары қазір дүние жүзінің барлық халықтарының тілінде миллиондаған тиражбен басылып шығуда.