ӘБІЛҚАСЫМ ФЕРДАУСИ

ӘБІЛҚАСЫМ ФЕРДАУСИ

 

Әбілқасым Фердауси! Қазақ даласында осы бір ұлы есімді кім білмейді? Оның «Шаһнама» атты тамаша дастанын кім тамсана тыңдамады? Поэманың басты кейіпкерлері Рүстемнің, Дастанның ерлігіне кім сүйсінбеді? Тіпті қарапайым қазақтар өздерінің ұлдарын Фердауси поэмасының кейіпкерлерінің есімімен Рүстем, Дастан деп те атады. Оларды былай қойғанда, қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаев өзінің ақындық жолында Фердаусиді асқар бел көрді, ұлы ұстаз тұтты. Мәселен, ол:

Фзули, Шамши, Сәйхали,

Навои, Сағди, Фердауси,

Хожа Хафиз — бу һәммәсі Мәдәт бер я шағири фәрияд,

деп жазады. Қазақ халқының аса көрнекті ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров та Фердауси шығармаларымен жақсы таныс болды. Оның кейіпкерлерін өзінің жалынды жырларына қосты. Ақын өзінің «Шәкірт ойы» деген өлеңінде:

Тұрмыс, тағдыр — бәрі де

Бұл мақсаттан бұра алмас.

Қаһарман, Рүстем, Әлі де «Бұрам» деп жолда тұра алмас, —

деп жазады. Фердауси есімін және оның кейіпкерлерін жырға қосқан қазақ ақындарын ондап санауға болады.

Қазақ қауымы Фердаусидің «Шаһнама» дастанын сырттай тыңдап қана қойған жоқ, оны өз көзімен көріп, қолымен ұстап, өз ана тілінде оқыды. Мәселен, Сердалы ақынның «Шаһнамадан» алып жазған «Хисса Рүстем- Дастан» дейтін кітабы 1888 жылы Қазанда, ал Ораз-Молданың «Шаһнама» деген аудармасы 1886-жылы Ташкентте басылып шығады. Көрнекті журналист, әрі ақын Мұхамеджан Сералин 1914-15-жылдары «Шаһнаманың» бір бөлімін қазақ тіліне аударған. Оны «Рүстем және Зораб» деген атпен «Айқап» журналының бірнеше санында жариялады. Ал, кейін 1934-жылы Фердаусидің туғанына мың жыл толуына байланысты көрнекті ақынымыз Тұрмағанбет Ізтілеуов «Шаһнаманы» түгелдей дерлік қазақ тіліне аударып шықты. Оның аудармалары сол жылдары көптеген газет-журналдарда жарияланып, кітаптарда басылды, оқулықтарға енді. Осы Ізтілеуов аударған «Шаһнаманың» бір бөлімі 1961-жылы «Рүстем-Дастан» деген атпен қазақ тілінде жеке кітап болып шықты. Бұл кітап Азия мен Африка елдері жазушыларының Каирде болып өткен конференциясында жақсы баға алды.

«Шаһнаманы» қазақ тіліне аударуға Мәжит Дәулетбаев, Айманкүл Тәжібаева, Қалмахан Әбдіқадыровтар да атсалысқан.

Осылай бола тұрса да қазақ оқырмандарының көпшілігі Фердаусидің дәуірін, өмірін және «Шаһнаманың» қашан, қалай жазылғанын біле бермейді. Тіпті «Шаһнаманың» осы уақытқа дейін бірде-бір рет толық басылып шықпауына байланысты, оның толық мазмұнынан да бейхабар. Біздің мақсатымыз — аз болса да осы олқылықтардың орнын толтыру.

IX гасырда Орта Азияда арабтар үстемдік құрып тұрғаны тарихтан мәлім. Бірақ Иран, Тұран, Хорасан сияқты үлкен өлкелерді билеп тұру оларға оңай соқпады. Сондықтан арабтар ел басқару ісіне жергілікті феодалдарды пайдаланды. Осы кезде Орта Азияда саманидтер әулеті деген атышулы ұрпақ болатын. IX ғасырдың екінші жартысында араб халифаты саманидтер әулетін Орта Азияның әр жеріне әмір етіп тағайындайды. Мәселен, Бұқар қаласына Исмаил Саманид әмір болады. Ол арабтарға қарсы көтерілген халық қозғалысын шеберлікпен пайдалана отырып, арабтардың қоластынан құтылып шықты. Сөйтіп, тарихтағы тұңғыш тәжік мемлекетін құрды. Бұл кейін аса күшті және тәуелсіз мемлекет болды. Оның басты қалалары Бұқар, Самарқан, Мерв сол кездегі Орта Азиядағы өнер-білім орталығына айналды. Жүз жыл бойы оған ешбір жау батпады. Елде ғылым мен өнер дамыды, егін шаруашылығы өркендеді.

Алайда, еңбекші халық бұрынғысындай езіле берді. Олар қанаушыларға қарсы жиі-жиі көтеріліс шығарып отырды. Оның үстіне жергілікті феодалдар орталық өкіметке бағынғысы келмей, кейде тақ үшін, кейде бақ үшін жанжал жасаумен болды. Міне саманидтер мемлекетіндегі осы ішкі қайшылықты ойың сыртқы жаулары — Қарахан әулеті бастаған көшпелі түрік тайпалары пайдаланып кетті. Ақыры 999 жылы көшпелі түрік тайпаларының тегеуірініне төтеп бере алмаған саманидтер мемлекеті кұлады. Сөйтіп, саманид ақсүйектері бастағы биліктен, қолдағы еріктен айрылды. Бірақ олардың бұл құлдыққа көнгісі келмеді. Олар бағы замандағы өздерінің қолындағы өкімет билігін, бостандығын аңсады. Реті келген жағдайда көшпелі түрік тайпаларының үстемдігін құлатып, өкімет билігін қайта өз қолдарына алғысы келді. Осы мақсатпен олар жұртшылықтың өткен өмірге деген құштарлығын күшейтті, елдің ертедегі хандары мен ерлері жөнінде ертегі-аңыздарды, жазба шығармаларды жинап, дәріптегі, таратты. Бірақ бұл ертегі-аңыздар, жазба шығармалар көбінесе араб тілінде болды. Ал жай халық өздерінің ерлік күрес, азаттық өмір, бақытты тұрмыс жөніндегі арман-тілектерін өз тілінде жырлағысы келді. Сондай шығарманың тууын тіледі. Халықтың осы тілегін өзінен бұрынғы және өз тұсындағы ақындардың бәрінен артық түсінген және оны тамаша етіп жырлаған Әбілқасым Фердауси болды.

Парсы және тәжік әдебиетінің ұлы классигі, асқан ақын әрі ірі ойшыл-философы Әбілқасым Туси (әдеби аты Фердауси) 934-941-жылдардың арасында Хорасанға қарасты Тус қаласының жанында Баж қыстағында дүниеге келді. Ақынның Туси деп аталуы Тус қаласының маңайында туғандықтан. Ал Фердауси деген сөз қазақша жұмақ жыршысы деген мағына береді.

Ғалымдардың топшылауына қарағанда, ақынның әкесі шетел шапқыншылығынан кейін қатты кедейленген ақ-сүйек болса керек. Сондықтан оған тұрмыс тауқыметін тартуға және өз қызметшілерімен бірге егіс даласында еңбек етуге тура келген. Ал болашақ ақынның балалық кезі әлгі шаруа балаларының арасында өткен. Өмірдің ауыртпалығын да солармен бірге көрген. Сонымен қатар, ақынның әкесі өзінше ой-пікірлі адам болған. Жас баласының жанына рухани азық берген, оған өз елінің тарихы мен дәстүрін үйретіп, құлағына құйған. Ал жас Фердаусиге келсек, ол өз елінің ертегі-аңыздарын жақсы білген қарт жыраулардың өлең-жырларын көп тыңдаған. Олардың әрбір сөзін қағып алып, көңіліне тоқыған.

Міне осындай ел ертегісін рухани азық еткен Фердауси кейіп араб тілін үйренді, өз халқының тарихы және әдебиетімен танысады. Кейін ол буыны бекіп, бұғанасы қатып, жігіт болады, әйел алып, бала сүйіп, үй болады, тұрмыс құрады. Үй шаруасынан қолы босаған кезде өлең жазады, оның бұл өнері ептеп ел арасына белгілі де бола бастайды. Сөйтіп жүріп оның жасы отыздан асады. Міне осы кезден бастап, яғни 970-975-жылдары Фердауси өзінің он ғасыр бойы өлмей келе жатқан ұлы еңбегі «Шаһнаманы» жазуға кіріседі. Фердаусиден бұрын да «ІІІаһнамаға» ұқсас және осы аттас кітаптар болған. Мәселен, біздің заманымызға дейінгі мың жылдың ішінде иран, тәжік жұрттарының қыруар қызықты хикаялары жинақталып, «Авеста» деп аталған кітапқа енген. Ал саманидтер үстемдік жүргізген III-VII ғасырларда «Хватаи-намак» (Патшалар туралы кітап) деген жинақ құрастырылған. Мұнда иран патшаларының өмірінің шежіресі берілген. Сонымен бірге түрлі аңыз-әңгімелер де мол орын алған. Сол сияқты осыған ұқсас кітаптарды Әбу-Мансур, Абуль-Муаяда Балхи және ақын Дакики жазған. Ғалымдардың айтуынша Фердауси жоғарыда айтылған шежіремен және аты аталған авторлардың еңбектерімен жаксы таныс болған. Өзінің «Шаһнамасын» жазуда «Авестаға» енген кейбір сюжеттерді пайдаланған. Тіпті Дакики жазып қалдырған мың жол өлеңді сол қалпында алып, өз шығармасына косқан. Сондықтан да ол өзінің жаңа жазып шыққан кітабын жоғарыда аталған кітаптардың есімімен «Шаһнама» деп атаған. «Шаһнама» деген сөзді екі түрлі түсінуге болады. Бірінші мағынасы — патшаларға арналған, патшалар туралы кітап. Екінші мағынасы — кітаптар патшасы, яғни көлеміне, маңызына карап, оны кітаптардың ішіндегі ең үлкені, патшасы деп түсінуге болады. Расында да, сол заманда көлемі жағынан «Шаһнамаға» тең келетін кітап болмаған.

«Шаһнаманы» жазып шығу Фердаусиге оңай іс болған жоқ. Бұл іске ол өзінің саналы өмірінің отыз бес жылын арнады. Бұл бір адам өмірінде өте ұзақ мерзім. Осы отыз бес жыл ішінде Фердауси Отанында сан өзгерістер болды. Атап айтқанда, Фердауси поэмасын бітіріп келе жатқанда, 994-жылы саманидтер мемлекеті ыдырай бастады. Ақыры ол 999-жылы біржола құлады. Ақын поэмасын басында саманидтер сарайына арнап жазған еді. Енді оны өзгертуге тура келді. Сөйтіп, ақын поэманың екінші вариантын жаза бастайды. Мұны ол 1010-1011-жылдары аяқтайды.

Отыз бес жыл ішінде ақын ауыр да, аянышты өмірді басынан кешіреді. Отыз жыл бойы шығарма жазып, өз тұрмысына жөнді көңіл бөлмеген ақын қатты кедейленеді. Оның үстіне қуаңшылыққа ұшыраған егіндері көп жыл бойы өнім бермейді. Мұның өзі ақынның шаруашылығын шайқалтып, тұрмысын нашарлатады. Мұны ақынның өз шығармасынан анық көруге болады. Мәселен, патша сарайының сән-салтанатын, олардың той-думандарын, алтынмен апталып, күміспен күптелген бұйымдарын, оқалы киімдерін асқан шеберлікпен суреттей білген Фердауси кедейшілік пен жоқшылықты да жеріне жеткізе жырлай біледі. Бұған қарағанда өз әкесі сияқты Фердауси де өмірінің орта кезінде кедейлікке душар болған. Бірақ Фердаусидің өзімен пікірлес, сырлас болған ауқатты көршілері оған едәуір көмек көрсеткен. Фердаусиге отын түсіріп берген. Сонымен бірге ақынды рухани жағынан қолдап, оның өз дастанын жазып бітіруіне дем беріп, жәрдемдесіп отырған. Алайда, ақынды осындай үлкен іске құлшындырған, ауыр жолда оған дем берген тек ауқатты көршілері ғана емес еді. Ақын қайратының басты қайнар бұлағы — өзі жазып жатқан шығарманың басқаларға қажеттігін сезінуде еді. Ақын өз поэзиясын халық қажетіне жарайды, олардың рухани өміріне қызмет етеді деп санады. Сондықтан бұл еңбектің тез бітіп, ел арасына тарауын басқалар да асыға күтіп отыр деп түсінді. Міне осы сеніммен рухтанған Фердауси 35 жыл бойы қажырлы еңбек етті. Ақыры, тарихта теңдесі жоқ ұзақ эпикалық дастан — «Шаһнаманы» жазып бітірді. Бұл кезде ақын 71 жасқа келді.

Кейбір ғалымдар көпке дейін Фердауси «Шаһнаманы» Ғазна сұлтаны Махмуд Ғазнауидің тапсыруы бойынша жазды деп санап келді. Бірақ бұл дұрыс емес. Халықтың қиялынан туған әдемі аңызға сүйеніп айтылған болжам. Ақынның ұлылығы мен сұлтанның құзғындығын паш еткен бұл аңыз ғасырлар бойы халық арасына кең тарап келді. Ол көптеген ақын-жазушылардың, суретшілер мен музыканттардың шығармаларына арқау болды. Тіпті немістің ұлы ақыны Генрих Гейне де бұл аңызды өз балладасына өзек етіп алды.

Шындығында мәселе былай болады: 1011-жылы Фердауси «Шаһнаманы» жазып бітірген соң сұлтан Махмудқа келеді. Әрине, ол еріккенінен келмейді. Кедейлік пен жоқшылық қысып келеді. Оның үстіне ол кезде Фердаусидің ақындық атағы патша сарайы маңына да жеткен еді. Олар да оның таланты алдында табынатын. Міне бір жағынан ақын осыдан да үміттенеді. Хорезмді қиратып, Үргенішті өртеген, «Мамун академиясын» талқандаған сұлтанның жайын ол бұрыннан-ақ білетін. Ол сол заманның ұлы ғалымы Бируниді еріксіз айдап әкелген болатын-ды, данышпан дәрігер Ибн Синаны қудалап, өмірін өксумен өткізген. Міне осындай қатыгез хан Махмуд Газнауиден жақсылық күту қиын еді. Ақыры солай болып шығады. Ақынның 30 жыл отырып жазған «Шаһнамасы» сұлтанға ұнамайды. Өйткені, Фердауси бұл поэмасында, біріншіден, ирандықтарға іш тартып, тұрандықтарды кінәлайды. Ал, Махмуд Ғазнауи өзін тұрандық деп есептейді. Екіншіден, ақын халық қамын ойлаған әділ хандарды дәріптесе, Махмуд керісінше, халықты кан қақсатып, зар илетіп отыр. Махмуд өзін мұсылман дінінің қорғанымын деп көкісе, Фердауси өз поэмасының басында-ақ адамзаттың ақыл-парасатын жырлайды. Махмуд қара халықты қанап, таласа, Фердауси поэманың басты кейіпкерлері етіп бұқара халықтың өкілдері ұста Қова мен оқымысты Маздақты алып, соларды мадақтайды. Поэманың бұл идеясы, түсіне білсе, Махмуд сұлтанға өмірі ұнамаған болар еді. Бірақ поэманы Махмуд оқыды ма, жоқ па, ол жағы белгісіз. Тегінде, поэма Махмуд Ғазнауиге жетпей, сарай маңындағы бір төренің жәшігінің түбінде жатып қалған болуы да мүмкін. Сөйтіп, адамзаттың ақыл-ойы мен ақындық күшінің ең үлкен туындысының бірі болған «Шаһнама» патша сарайынан өзін қолдаушыларды таппаған.

Ақын енді Махмудтың өзіне қарсы ашық күреске шығады. Оны масқаралап сатиралық өлең жазады. Әрине, мұнан кейін оның Ғазнада қалуға еш мүмкіндігі болмайды. Сондықтан ол туған жерін тастап, бөтен елдерге кетеді. Өзін сыйлайтын, жазған поэмасын бағалай білетін адамдарға барып паналайды. Бірақ олар сұлтанның Қаһарынан қорқып, оны өз үйінде көп ұстап тұра алмайды. Сөйтіп, ол ел кезеді, жұрт аралайды. Кейбір оқымыстылардың айтуына қарағанда ол Бағдат қаласына дейін барған.

Міне осы куғын-сүргінде жүріп, ақын 80 жасқа келеді. Әбден қартайып, қалжырайды. Арып-ашып, шаршайды. Оның үстіне Махмуд Ғазнауи сияқты азулы ханмен қарсыласып, күресе беруге күші де жетпейді. Сондықтан ол өзінің екінші поэмасы «Жүсіп — Зылиханы» жазуға кіріседі. Кейбір ғалымдар «Шаһнама» сияқты бұл поэманы да жоғары бағалайды. Алайда, «Жүсіп — Зылиха» жөніндегі аңыз құранда да болатын. Демек, құрандағы аңызды өлеңге айналдыру — Фердауси үшін өзінің алғашқы шығармасы «Шаһнамадан» кейін шегіну, онда жырланған ұлы идеялардан бас тарту деген сөз. Бұл орыстың ұлы жазушысы Н.В.Гогольдің «Ревизор» мен «Өлі жандар» сияқты шығарма жазғаннан кейін, өмірінің соңында ол жолынан айнып, діни сенімдерге беріліп, сол сарында шығарма жазумен бірдей еді. Әрине, ұлы ақын Фердауси бұл шегініске бірден, оңай барған жоқ. Он жылға созылған ауыр да, азапты өмірдің ауыртпалығынан барды.

Арада бірнеше жылдар өтті. Сұлтан Махмуд ақынның жазған дастаны мен өзі туралы сатиралық өлеңдеріп ұмытады. Фердауси өз Отаны — Тус қаласына қайта оралады. Өмірінің соңғы күндерін өзінің шағын қыстағында өткізеді. Сөйтіп, 1020- 1030-жылдардың арасында қайтыс болады. Ақынның өлімі де өз өмірі сияқты аянышты болады. Мәселен, дін иелері «дінсіздерді дәріптеді» деген сылтаумен Фердаусиді мұсылман зиратына жерлеткізбеген. Тек ақынның достарының күш-жігері арқасында ғана ол өз үйінің жанындағы кішкене бақтың ортасына қойылған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *