Әбу Насыр әл-Фараби (870-950) – Шығыс әлемінде бүкіл араб халифатында ғылым мен білімнің дәуірлеп тұрған кезі және VIII-XII ғасырларда философиядағы басты идеялар араб тілінде дамыды. Әбу Насыр әл-Фараби ілімінде түйсік – дүние танудың алғашқы көзі, бірінші баспалдағы. Адамныц есі мен елесінің сапалы әрі нәтижелі болуы оның дұрыс сезіне алуына байланысты. Ойлау дүниені әр қырынан тануға, мәселені тереңірек түсінуге мүмкіндік береді, бұл танымның екінші басқышы, оның ең жоғарғы сатысы. Ойлау сөйлеумен тығыз байланысты, ол жалпы адамзатқа тән құбылыс, ал тіл болса әр ұлттың, халықтың өзіндік өрнегі. Жаттағаннан түсінген артығырақ, өйткені жаттауда шала түсінікті сөздер көбейіп кетеді, барлық нәрсені жаттап алуға болмайды. Түсіну әр нәрсенің тегін ашып, жалпы ережелер мен қисындар жөнінде талдау жасауға мүмкіндік береді.
Фараби эмоция – сезім процестерін жан қуатының дербес көрінісі деп санамайды. Бұлар психиканың қалған түрлеріне бояу береді, оларды қозғалысқа итермелейді. Талпыну, әсерлену қуаты адамның мәнерлі қозғалыстарынан жақсы байқалады. Мәселен, адам ұялғанда қызарса, қорыққан кезде сұп-сұр болып, түсі қашады.
Жан куаттары туралы ілімде Фараби адамның ерік-жігер, кажыр- қайратын да жеке процесс ретінде қарастырмайды. Бұларды этика ғылымына қатысты пікірлерге байланыстырды. Ол «Ізгі қала адамдарының күшті кажыр-қайраты мен ерік-жігері – рухани касиеттерді калыптастырудың негізгі факторлары»- деген. Қылық пен іс-әрекеттің саналылығы, тоқтамға келушілік, батырлық пен ерлік, рухани жағынан жетіле түсу, т.б. ерік-жігердің жақсы сапалары болса, мейірімсіздік, қоркақтық, дүние қоңыздық т.б. адамның ұнамсыз қасиеттері болып табылады.
Әбу Насыр әл-Фараби танымның бірінші басқышы — түйсіктер табиғатын дұрыс түсіндіргенімен, ойлауға келгенде жаңсақ түсінікке жол береді. Ол ойлау материядан тыс тұрған ерекше рухани күштің әсерімен туып отырады дейді. Бірақ оның түйсік, қабылдау, қиял процестерін сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының денедегі (жүйкедегі) түрлі бейнелері деуі – ғылыми тұрғыдан өте дәл түсінік еді. Мәселен, көз айна тәріздес нәрсе, ол сыртқы дүниенің сәулесі түсіп отыратын алғашкы саңлау. Көру түйсігі көзге зат әсер еткенде ғана пайда болады. Егер көзден зат кетсе, онда түйсік тумайды, кұлақ ауадағы тербелістер әсер еткенде ғана естиді. Сезім мүшелерінің қай- қайсысы да сыртқы дүниемен байланысқа түсіретін аспап. «Сыртқы нәрселердің, — деп жазды ол, — әсерімен… заттардың образдары пайда болады». Көру түйсігі көзден шыққан шырақтың нәтижесі, кезге зат әсер етпей-ақ түйсік пайда болады дейтін Платон пікірімен Фараби келіспейді. Қараңғыда зат та, оның (бояуы да анық көрінбейді,– деп жазды ол, – көзге сырттан күшті әсер келіп түскенде ғана адамда түйсік пайда болады. Бұл жерде ғұлама психологияның теориялық қисыны «бейнелеу теориясының» төңірегінде сөз қозғап отыр. Ол психикалық процестердің (жан куаттарының) бәрінде (тек түйсіктену ғана емес) дене мүшелершде болып жататын белгілі бір материалдық, физиологиялық құбылыстармен байланысты қарайды.
Фараби жан қуатының басты түрлеріне сипаттама бере келіп, психологияның бұдан басқа да проблемалары жөнінде сөз козғайды. Мәселен, ол психиканың қалайша дамып жетілетіндігі жайлы мәселеге де ерекше мән береді. Жан – айрықша сапада тұрған қасиет. Жануар мен адамның тән құрылысының өзгешелігіне карай олардың жан қуаттары да өзгеше болады. Материалдық элементтердің қосындысынан (ыстық, суық, дымқыл, құрғак) жануар психикасы түзілген. Осы элементтердің ең жоғарғы қосындысынан барып адам психикасы пайда болған. Адам – жанды дүниенің теңдесі жоқ
туындысы. Оның жануардан негізгі айырмашылығы ақыл-парасатпен сөйлей алу қабілеті, өнермен, белгілі кәсіппен айналысуы. Адам қоғамнан, түрлі топтардан тыс өмір сүре алмайды, оның бар тіршілігі адам қауымының арасында өтеді. Жеке адам өзінің тілек талпынысымен, мұң-мұқтажын жеке жүріп канағаттандыра алмайды. Сондықтан ол баска адамдармен қарым-қатынасқа түседі. Өйткені, жалғыз жүрген адамның тәні де, жаны да ойдағыдай дамымайды. Ұлы ойшылдың еңбектерінде бала психикасының қалайша дамып, жетілетіндігі жөнінде де кызғылықты пікірлер көп. Баланың жасы өскен сайын оның ақылы да, яғни тәнімен бірге жаны да өсіп отырады. Мұның бәрі оның тіршілік қажетінен туындайды. Мәселен, балада ең алдымен өсіп-өну қуаты пайда болады. Бұл оның дене бітімінің қалыптасуында үлкен роль атқарады. Ана кұрсағында-ақ тән түйсігі, біртіндеп дәм, иіс айыратын түйсіктер, заттың түрін, түсін, пішінін түйсіне алу қабілеті қалыптасады. Жан қуаттары өмір және оқу-тәрбие барысында дамиды. Бұл үшін адамның өз бетінше әрекеттенуі, өзіндік белсенділігі ерекше маңызды. Адамгершілік, имандылық касиеттері де оның өмірден алатын тәжірибесінен, үлкендердің жақсы өнегесінен туындайды. Адам дүниеге ақылды, не ақылсыз, зұлым, не ақ ниетті болып келмейді. Мұның бәрі де жүре пайда болады.