Сөздiк әдiстер
Сөздік әдістерді қолдануда оқушылардың алатын білім көзі, мұғалімнің немесе оқушылардың сөзі болып табылады. Оқушылар тек пассивті тыңдаушы ғана емес тыңдау барысында олардың ойлау әрекеті дамиды. Сөздік әдістерге, сұрақ-жауап «сұхбат», түсіндіру немесе баяндау, мұғалімнің әңгімесі, мектеп лекциялары, пікірталасты жатады. Сұрақ-жауап әдісі. Әдістің басты мақсаты оқушылардың сана-сезімін ояту. Алға қойған мәселені, сұрақты шешу үшін мұғаліммен оқушының белсенді түрде қатысуы шарт, мұғалімнің әдістемелық дұрыс қойған сұрағына оқушылар жауап іздейді, ойлау қабілеттері артады. Мұғалім оқушылардың бұрынғы қалыптасқан білімдеріне сүйене отырьш, жаңа білім алуына мүмкіндік жасайды. Мұғалімнің жетекшілігімен сабақ соңында оқушылар өз білімін жаңа материалдың мазмұнын меңгеріп белгілі бір қорытынды жасауға дағдыланады. Сұрақ-жауап әдістерін жинақтап қорыту сабактарында, жаңа білімді бұрынғы өтіп кеткен тақырыптармен байланыстыруы өте тиімді. Бірнеше ұқсас объектілер мен құбылыстарды оқу кезінде, сұрақ-жауап әдісін индуктивті түрде құрастыруға болады. Индуктивті әдісте жеке фактілерді таңдай отырып, бағыттаушы сұрақтар арқылы оқушыларды жалпы қорытынды жасауға дағдыландырады. Дедуктивті сабақты жүргізу барысында мұғалім оқушыларға бұрыннан белгілі жалпы ережелерді, көзқарастарды пікірлерді, түсініктерді айта келіп, одан жеке-жеке таңдау арқылы қорытынды жасайды. Сұхбат түрінде өткізілетін сабақ өте тиімді. Қазіргі педагогика ғылымдарының көзқарасы бойынша, бұл әдіспен өткізілетін сабақтардың тиімділігі төмендегідей мәселелерді шешуге болатынына байланысты.
1. Оқушылар сабақта белсенді іс-әрекет жасайды, қатысады.
2. Жаңа оқу материалының мазмұнымен танысады.
3. Білімді жүйеге келтіріп, бекітеді.
Сұхбаттың барлық түрлерін қолдануда негізгі рольді мұғалімнің сұрақтары атқарады. Сұрақтар жаңа сабақтың мазмұнына сәйкес қойылып, оқушылардың зейінін мәселелерге аударатындай болуы тиіс. Оқушылардың бұрынғы, алдағы алған білімдері мен олардың жеке өмірден алған тәжірибелеріне негізделеді. Әсіресе оқушылардың білімдерін іс-әрекетте практикада қолдана білуге алуан түрлі мәселелерді шешуге, бағытталып қойылған сұрақтардың маңыздылығы жоғары, мысалы: «Тұқымның спорамен салыстырғанда қандай артықшылығы бар?», «Жануарлардың құрлыққа шығуының себептері қандай?», «ДНК-ның бөлігінен ақпараттарды жазып алу процесі қалай жүреді?» т.б. сұрақтар қойылады. Сабақ барысында мұғалімнің қойылған сұрақтары біртіндеп күрделенеді. Оқушылардың сабаққа қатысу деңгейін жоғарылатьш, өзбетінше алған білімдерін белсенді түрде қолдана білуге жетелейді. Өсімдіктану, жануартану пәндерін өту барысында сұрақтарды біртіндеп күрделендіру жолдарының мысалы: Мүшелер жүйесінің, мүшенің құрлысын сипаттау
-Әр түрлі жануарлар мен өсімдіктердің екі мүшесінің құрлысын салыстыру;
-Мүшелердің құрлысының дамуы барысында салыстыру (тұқым, өскін-өркен және бүршік, гүл және жеміс);
-Мүшенің құрлысы мен қызметін қарастыру;
-Орта және ағзаның, мүшенің қызметтерін құрастыру;
-Әр түрлі мүшелердің қызметтерін салыстыру;
-Ағзаның дамуын сипаттау;
— Екі ағзаның дамуын бір-біріне салыстырмалы түрде сипаттау;
-Экономикалық, морфологиялық, систематикалық белгілерін салыстыру;
-Жануарларды немесе өсімдіктерді жүйелеу;
-Биоценоздарды өсімдіктер мен жануарлардың бейімделуіне байланысты топтарға бөлу т.б.
Оқушылардың ақыл-ойын дамытуда мұғалімнің сәйекстендіріп, біртіндеп күрделендіріп қойған сұрақтарының мазмұнына сай оқушылар күрделі логикалық мақсаттарды шешеді. Сұрақ-жауап әдісімен мазмұндау әдістерін қолдану барысында оқушылардың зейіні ұзақ уақыт талмайды, себебі күрделі мәселелер сұрақ арқылы бөліктермен беріліп оның қабылдау деңгейі үнемі тексеріліп отырады. Бірақ бұл әдісті жиі қолдану оқушылардың білімінің бөлшектеніп, өз ойын байланыстырып жеткізе алуға үйретпейді.
Әңгіме әдісі-биология сабақтарында жаңа тақырыптың мазмұнынан сай табиғат құбылыстарын, кездейсоқ жағдайларды, тарихи жаңалықтардың ашылуы жайлы, атақты жаратылыстану ғылымдарына еңбегі сіңген ғалымдардың өмір жолы мен ашқан жаңалықтары, өсімдіктер мен жануарлар әлемінің шығу тарихын баяндау барысында қолданылады. Баяндау алға қойған мақсатқа байланысты бірнеше түрлерге бөлінеді. Кіріспе баяндау, қорытынды баяндау, әңгіме түрінде баяндау. Әңгіме әдісінде педагогикадағы «сөздік кәрнекілік» немесе «образдық» — көрнекілік қолданылады. Мұғалімнің әңгімесі белгілі сюжет бойынша құрылады. Кіріспе баяндау әдісі оқушыларды жаңа тақырыптың мазмұнын түсініп қабылдауға дайындау үшін қолданылса, қортынды баяндау мазмұнының белгілі бір бөлігінің қорытындылап түсіндіру үшін, біртұтас көріністі бейнелей отырып оқушылардың сезімін терең ояту, күрделі ойларды логикалық жүйемен жеткізу болып табылады. Әңгіме түрінде баяндау алдын-ала құрылған жоспар бойынша оқу материалының мазмұнын баяндау. Жаңа сабақты баяндауға мұғалім алдын-ала жоспар түзіп, алдына қойған мақсатқа жету үшін әдіс-әрекеттерді таңдап алады. Мұғалімнің әңгімесі оқушыларда терең әсер қалдыратындай болу керек. Бұл әдіс төменгі сыныптың оқушыларының зейінін тез шаршатады, сондықтан әңгімелеудің уақыты 10-15 минуттан аспайды. 6-7 сынып оқушыларының назары көрсетілген уақыттан артыққа шыдамайды. Әңгімеден түсіндіру әдісінің айырмашылығы-сабақтың мазмұнын нақты фактілермен, дәлелдемелермен және қортындылармен ашады. Сабақ нақты мазмұндалады, ал практикалық сабақ барысында түсіндіру әдісі, нұсқау беру сипатына көшеді.
Мектеп лекциялары. Орта буын оқушыларды оқытуда қолданылмайды. Жоғары сынып сабақтарында мұғалім сабақ кезіндегі лекцияның барысында оқушыларға сұрақ койып жауап алады, үйге тапсырма береді. Мұғалім лекцияның жоспарын түзгеннен соң, сабақ барысында оның мазмұнын логикалық жүйеде рет-ретімен мазмұндайды. Басты проблеманы ашу барысында фактілерді, мысалдарды, нақты пайдалану, оқушылармен тығыз байланыста, ойлау әрекеттерін басқара білу, терминдерді көрсетіп мәнін түсіндіру, көрнекіліктерді пайдалану лекцияның мазмұнын аша түседі.