Досмұхамедов Халел (1883–1939) – Ол қазіргі Атырау (бұрынғы Гурьев) облысы, Қызылқоға ауданында дүниеге келген. Алдымен ауыл молдасынан хат таниды, кейіннен жергілікті орыс-қазақ мектебінде оқиды. Одан соң Орал қаласындағы училищеге оқуға түседі. Оны үздік бітірген соң Петербургтегі Әскери медициналық академияда оқиды, оны алтын медальмен бітіріп шығады. Академияда Х.Досмұхамедов дүние жүзі физиологтарының бірі, шартты рефлекстер ілімнің авторы, академик И.П. Павловтың
дәрістерін тыңдайды. Кейінірек ұлы ғалымның дәрісін тыңдаған екінші қазақ зиялысы – профессор С.Асфендияров еді. Х.Досмұхамедов еңбектерінде психологияның жекелеген салалары (әлеуметтік, этностық, т.б.) төңірегінде айтқан сындарлы пікірлер жиі кездеседі. Мәселен, оның 1925 жылы жазған «Аламан» атты мақаласынан этнопсихологияға қатысты ғылыми түйіндерді оқуға болады.
Х.Досмұхамедовтың аламандықты ру психологиясының ерекшелігінен туындайды деуі өте орынды. Ғылымда ру (род), тайпа (племя), халық (народ), ұлт (нация) ұғымдарының психологиялық ерекшеліктері бар екені көптен айтылып жүр. Бұл жөнінде психологтар мен философтардың, этнографтар мен антропологтардың да көзқарастары бір-бірімен байланысты. Халелдің психологияның әр жақты мәселелері мен байланысты айтқан басқа пікірлері де мазмұны жағынан терең. «Адамның табиғаттағы бір мінезі,- дейді ол, — ойын-сауық қуып, қызықтап кетуі. Ойнамайтын адам жоқ. Күлмеген адам — адам емес. Салтымызға, тұрмысымызға қарай түзелуге елімізде көп ойындар бар. «Халықтың құлқы, мінезі, ойы,- дейді автор, өз пікірін әрмен қарай жалғастырып,- заманындағы әдебиетінен білінеді. Ғұлама ғалымның психологиялық тұрғыдан ерекше назар аудартар ендігі бір түйіні – ұлттық психологияның қалыптасуына қоғамдық ортаның, әсіресе ондағы әлеуметтік тәрбиенің ықпалы жайлы мәселе. «Ұлт мемлекетін жасап,- деп жазды ол,- қазақ арасынан әлеуметшілікті туғызамыз деген дәуірде тұрмыз. Жаңа әлеуметшілікті тура жолмен жасау үшін елдің бұрынғы, соңғы әлеумет мінездерін тексеру керек… Әлеуметшіліксіз қазақта ұлт тіршілігі, ұлт мемлекеті болуы мүмкін емес. Оның физиология мен психологияның көптеген терминдік атауларын төл тілімізде сонау жиырмасыншы жылдардың өзінде-ақ іріктеп, құрастырғаны белгілі болып отыр. Мәселен, оның «жүйке жүйесі» (нервная система),
«жүйке талы» (нервная волокна), «жүйке орталығы» (нервный центр),
«жүйке түйіні» (нервный узел), «ерік» (воля), «сана» (сознание),
«мишық» (мозжечок), «қозу» (возбуждение) т.б. осы іспеттес көптеген ғылыми атаулары күні бүгінге дейін өзгеріске түспей қолданып келеді.