Балаубаев Сәлкен

Балаубаев Сәлкен (1902–1992) – қазақ психология ғылымының дамуына алғаш үлес қосқандардың бірі. Ол 1929 жылы Орта Азия мемлекеттік университетінің (Ташкент) педагогика факультетін бітірген соң, сондағы Қазақ педагогикалық училищесінде оқытушы, Орта Азия еңбек қорғау ғылыми зерттеу институтында лаборатория меңгерушісі, кейіннен қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтында, Қазақ ССР Оқу Халық комиссариаты жанындағы методикалық кеңесте қызмет істеді.
Осы жылдары ол психология, педология ғылымдары саласында бірнеше еңбектер жазады. Т.Барановпен бірлесіп «Вопросы конструирования национального теста» («Советская психотехника», 1933, N1), «Мектеп группаларын комплектеу» (Алматы, 1934), «Қиын бала», «Политехникалық мектеп», (1933, N7–8), профессор А.Б.Залкиндтің «Педологиясын», профессор П.Н.Шимбиревтің
«Педагогика» оқулықтарын қазақ тіліне аударды. Осы еңбектерде психологиялық терминдердің қазақша баламасы көптеп кездеседі.

Мысалы, «ілік мектепші бала» (дошкольник), «әрекет» (действие),
«итермеші себеп» (мотив), «қылық» (поведение), «желік» (құштарлық), «сопақ ми» (продолговатый мозг), «түстің қиындығы» (насыщение цветов), т.б. осы күні қазақша психологиялық терминдер санынан орын алып келеді.
С.Балаубаев еңбектері қазақ психологиясының тарихынан елеулі орын алады. «Мектеп группаларын коплектеу (Қызылорда, 1934, 16 бет) атты еңбегінде психология тұрғысынан сынып ұжымын құру жайында ақыл-кеңес береді. Автор оқушыларды бірыңғай бөлу қажет, өйткені, әр баланың оқу қызметі түрлі болса, топтың оқу жұмысы қиынға соғады, олар ақыл жетілуі мен дене бітімі жағынан да бірыңғай жақын болуы тиіс дейді. «Бір топ, — дейді ол, — дене жетілісі ұлылы-кішілі болып, үлкен бала мен кішкене баланың қатар отыруы, бала психологиясына орайласпайды, үлкендігі таудай бала мен үлкендігі құлындай баланы қосып оқытуға болмайды». Оқушылардың сезім-эмоция, ерік-жігер ерекшеліктеріне орай класс тобы төмендегіше құрылғаны дұрыс: «Эмоция – қайрат өзгешелік жағынан топ түрлі болуы керек, өйткені, оқу тобының бірін ылғи ұйымшыл, екіншісін ылғи ұйымсыз балалардан, бірін ылғи пысық балалардан, екіншісін ылғи сылбыр балалардан, біріншісін – ылғи бастаған ісін аяқтай алатын табанды балалардан, екіншісін – ылғи бастаған ісін тастап кететін тыңғылықсыз балалардан түзуге болмайды».

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *