Байтұрсынов Ахмет (1873–1937) – қазақ ғалымы мен мәдениетінің аса көрнекті өкілі, әмбебап ғалым, қоғам қайраткері. А.Байтұрсынов оқу-ағарту, тәлім-тәрбие саласында артына аса бай мұра қалдырды. Ол психология ғылымы саласында да өзіндік
қолтаңбасымен дараланады. Мысалы, «Әдебиет танытқыш» (1926) атты еңбегінің бір өзінде психологияға ғана қатысты толып жатқан ой-пікірлер мен салмақты түйіндер бар. Мұндағы «Көркем өнер»,
«Сөз толғау», «Лұғат әуезділігі», «Жан жақтау», «Жан қоштау»,
«Көріктеу», «Ес ұғымы», «Іс ұғымы», «Зейіндеме», т.б. атаулар мен ұғым түсініктерде, сондай-ақ, оның жұмбақ, жаңылтпаш, айтыс, толғау, терме, тақпақ, жоқтау, жарапазан, бата, мақал, т.б. әдебиеттану ғылымына қатысты пікірлерінде халықтық психологияның теориялық қисындарында әдістемелік қазық боларлықтай түйіндер мол. Ғалымның тіл мен сөйлеу психологиясы жайлы айтқандары да аса мәнді. «Тілдің міндеті,- деп жазады ол,- ақылдың аңдауын аңдығанша, қиялдың мезеуін меңзегенше, көңілдің түйінін түйгенінше айтуға жарау… Сөз көңілге сипат жағының көркемдігімен, сөз мағына жағының күштілігімен жағады… Тіл дәлдігі деп ойлаған ұғымға сөз мағынасы сәйкес келуі айтылады… ». Бұл психологиялық жағынан өте маңызды тұжырым, өйткені қазақтың қазіргі кездегі ұлттық тәрбиесінің ақсап жатуының себебінің бірі – осы халықтың, әсіресе тәлімгер қауымның өз ана тілін жоғарыда айтқандай түлетіп, оның тәрбиелік ықпалын өз дәрежесінде пайдалана алмай жүргенінде. Олай болса, баланың сөз өнеріне жетілуінің, сөйлеу мәдениетінің арта түсуі үшін ерекше көңіл бөлу қажеттігі ылғи да естен шықпауы тиіс.