ӨСЕР ЕЛДІҢ ҰЛДАРЫ…
АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫ
Өлеңдерінен көрініп тұрғандай, Абай — поэтикалық қуаттың иесі, қазақ халқының мақтанышы. Абай сияқты халықтың рухани творчествосын осынша жоғары көтерген қазақ ақыны әлі кездескен жоқ. Оның жылдың төрт мезгіліне арналған тамаша жырлары оны Европаның атақты ақындарының қатарына қосар еді.
Ә.Бөкейхан
***
Түбінде біздің қазақ тілі – бізбен тіл тұқымы бір, өзге мұсылманды байытпаса, бір — бірімізге қоңсы қонбаймыз ғой. Ғұмыр жүзінде қазақ тілі өз бәйгесін алар: Абай, Ахмет, Міржақып, Шәкәрім, Тарғыннан һәм өзгелерден бұл көрініп тұр ғой.
Ә.Бөкейхан
***
Менің портфелімде Абай шығармаларының қолжазбасы бар. Соны сақтауға тырысыңыздар. Оның құны – 5 мың рубль.
Ә.Бөкейхан
***
Алдында өткен, тәрбиесін көрген Абайдан соңғы ұстазым — «Тәржіман» газетінің иесі Ысмағұлбек Гаспринский десем бек дұрыс. Анықтық үшін сол кісінің газетін оқып, бек көп пайдаландым. Алла екі дүниеде мақсатына жеткізсін, әмин.
Ш.Құдайбердіұлы
* * *
Ақиқатты тануға, тереңінен сөйлеуге, бойына біткен зеректіктің үстіне, Абай әр түрлі Европа білім иелерінің кітаптарын көп оқыған… Сондықтан Абайдың терең пiкiрлі сөздерін қарапайым жұрттың көбі ұға алмай, ауырсынады.
А.Байтұрсынұлы
***
Абай — өзін-өзі өлеңімен жұбатқан жан.
Ш.Құдайбердіұлы
***
Қазақтың бас ақыны — Абай (шын аты Ибраһим) Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ.
А.Байтұрсынұлы
***
Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас. Бірақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан болған кемшiлiк емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан болатын кемшілік. Олай болғанда айып жазушыда емес – оқушыда.
А.Байтұрсынұлы
***
Заман бұрынғыдай болса, Абай алаштың атақты билерінің бірі болуы шүбәсіз. Біліммен би болып, жұрт билейтін заман өтіп, тасың би болатын заманға қарсы туған. Білімі көптер жұрт билемей, малы көптер жұрт билейтін заманға қарсы туған.
А.Байтұрсынұлы
***
Білімінің қызығын жалғыз ғана тобықтылар көріп, басқаларға пайдасы тимей, болыстыққа көп құмар қазақтың бірі болып, бәлки, сол күйімен өліп те кетуі ықтимал еді. Қазақтың бағына ондай болудан құдай сақтаған.
А.Байтұрсынұлы
***
Абайдың өлеңдері қазақтың басқа ақындарының өлеңдерінен үздік артықтығы – әр нәрсенің бергі жағын алмай, арғы асылын алып сөйлегендіктен. Басқа ақындардың сөзге шеберлігі, шешендігі Абайдан кем болмаса да, білімі кем болғандығы даусыз.
А.Байтұрсынұлы
***
Қазақ әдебиетінің асылдануына әсіресе әсері күшті болған Абай сөздері. Абаймен қатар басқалар да шыққанмен, олар асыл сөздің жаңа сипатын Абайдай айқын көзге түсерлік етіп көрсете алған жоқ. Сондықтан қазақ әдебиетінің сындар дәуірі Абай сөздерінен басталады.
Ахмет Байтұрсынұлы
***
Әкеміздің бір шешесінен туған Ибраһим мырза, қазақ ішінде Абай деп атайды, сол кісі мұсылманша һәм орысша ғылымға жүйрік Һәм Алланың берген ақылы да бұл қазақтан бөлек дана кісі еді, ержеткен соң сол кісіден тағлым алып, әр түрлі кітаптарын оқып, насихатын тыңдап, аз ғана ғылымның сәулесін сездім.
Ш.Құдайбердіұлы
***
Егер Абай қазақтан өзге оразды жұрттардың бірінің ақыны болса, сегіздегі баласынан сексендегі шалына дейін түгел атына қанық, сөзімен таныс болар еді, елі – туғанына сүйініп, өлгеніне – тегіс күйінер еді.
М.Дулатұлы
***
Бәлки, мұнан кейін Абайдан үздік, артық ақындар жазушылар шығар, бірақ ең жоғары, ардақты орын – Абайдікі, қазақ халқына сәуле беріп, алғашы атқан жарық жұлдыз — Абай.
М.Дулатұлы
***
Зәредей шүбә етпейміз, Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухани сонша жақындармыз. Үнемі бұл күйде тұрмас, халық ағарар, өнер білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен-күнге артылар, «Бірінші ақынымыз» деп қабірін халқы жиі-жиі зиярат етер, халық пенен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар…
М.Дулатұлы
***
Қазақтың әдебиетіне жан берген, сөздің сырын сырлап, ішін түрлеген, өлеңінен өрнек шығарған, ақындық, шыншылдық бірдей дарыған Абай еді. Өнер тап, оқы, әрекет қыл, тәрбие ал, ынсапты, адал бол деп қақсап өткен, халықтың қамын же, адам баласын бауыр тұт, адамшылыққа қызмет ет деген — Абай еді.
Ж.Аймауытұлы
***
Абайды бетке ұстасақ, белгілене бергіштік нысанамызды көрсетеміз – бір, адамдық борышымызды атқарамыз – екі.
Ж.Аймауытұлы
***
Абайдың ең бір артық өзгешелігі – заманның ыңғайына жүрмей, өзінің «өздік» бетін мықты ұстап, ақылға, ақтыққа, көңілдің шабына билетіп, көз тұжырарлық кемшілік, мiннiң ортасында тұрып, ортасына жүріп, үлгілі жерден өрнек алып келген кісідей ашық көзбен қарап, барлық мінді мүлтіксіз суреттеуі – жырақта жүріп қылт еткенді көретін қырағы қырандай сыншылдығы.
Ж.Аймауытұлы
***
Абайдан бергі қазақ әдебиетінің беті жаңа түр тапты. Абай бұрынғы ақындардың ұстанып келе жатқан бетін тастап, тыңнан жол салды. Бұл Абайдың бұрынғы ақындардан ақыл көзінің артықтығы болды – бір, ақындығы күшті болды – екі, өлеңнің өнер екендігін білді — үш. Сонымен Абай ешкімнен үлгі алмай, қазақ әдебиетінің бетін бұрып, мүйіс шығарды.
Ж.Аймауытұлы
***
Өлеңге қоятын шарт: еркін ой, шарықтаған терең қиял, нәзік, өткір сезім, құйылған сұлу сурет, кестелі, таза, қысқа, анық, дәлді, нағыз тіл. Осы айтылған шарттарды түгел сіміріп, төрт табанды, сегіз қырлы болып шығатын өлең – Абайдан соңғы ақындарда некен-саяқ.
Ж.Аймауытұлы
***
Әдебиеттегі жаңа бағыт Абайдан басталады, егер Абай жаңа әдебиет бағытының жалпы жолын айқындап, тұғырын қалады десек, Ахмет Байтұрсынұлы бұл ғимараттың іргетасын қалап, қабырғасын тұрғызды. Ғимараттың күмбезін орнатып, әшекейлеу – болашақ ақындарымыздың ісі.
Т.Шонанұлы
***
Абай кітабының нұсқалары жоғалуға айналғаны белгілі. Бірақ онымен Абай аты жоғалар емес. Абайды естімеген қазақ жері кем. Орынбор шетінен Сібірге өтсең, Қытай шетіне дейін, Сарыарқада Абай әні айтылып, Абай өлеңі жырланады…
Т.Шонанұлы
***
Мәдениетті жұрттың ысылған тілімен айтқан тәтті күй, нәзік сезімдерін Абай қазақтың дүкен көрмеген жалпақ тілімен өзіндей тәтті қылып, сезімді қылып айтып берген. Сондықтан, Абай қазақ оқушысының ойымен қатар, сезімін де тәрбиелеген. Қазақтың тіліне Абайдың сіңірген еңбегінің арқасында бұл тілдің барлық байлығы, орамдығы, өркениеттілігі табылған.
М.Әуезов
***
Жазба әдебиетте Абайдан соң аты аталатын – «Қазақ» газеті. «Қазақ» газетінің мезгілі Ахмет, Міржақыптың әдебиетте ұлтшылдық туын көтерген мезгілімен тұтас. Ол уақытта қазақ жұрты 1905 жылдың өзгерісін өткізіп, ел дертінің себебін ұғып, емін біліп, енді қазақты оятып күшін бір жерге жиып, патша саясатына қарсылық ойлап құрғақ уайымнан да, бос сөзден де іске қарай аяқ басамыз деп талап кыла бастаған уақытына келеді.
М.Әуезов
***
Қазақ жазушыларынан, әрине, Абайды сүйемін. Менің бала күнімнен ішкен асым, алған нәрімнің барлығы да — Абайдан. Таза әдебиет сарынына бой ұрғанда маған Абай деген сөз – қазақ деген сөзбен теңбе-тең түсетіндей кездер бар сияқты.
М. Әуезов
***
ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН
ДОСЫМА ХАТ
Кырағы, қия жазбас сұңқарым-ай!
Қажымас қашық жолға тұлпарым-ай!
Үйілген өлексені өрге сүйреп,
Шығармақ қыр басына сұңқарым-ай!
Жарқырап жақсылықтың таңы атпай тұр,
Түнерген төбемізден бұлт арылмай.
Көк етті, көн терілі, көніп қалған,
Сықса да шыдай беру, жұрт жарылмай.
Кім біліп, ер еңбегін сезіп жатыр?
Кім шыдап, жолдастыққа төзіп жатыр?
Сасық ми, салқын жүрек санасыздар,
Алаңсыз ақ малтасын езіп жатыр.
Сынайтын жақсы менен жаманды өлшеп,
Кұлдықтың қолдарында кезі жатыр.
Кешегі кеңшілікте керек қылған,
Бостандық болмаған соң, безіп жатыр.
Айтқанмен таусылар ма, оны-мұны?
Талайдың таңдамалы түпкі сыры:
Манасқан шын көңілмен жақындық аз –
Көбінің іші салқын, сырты-ақ жылы.
Ақшаға абыройын, арын сатып,
Азған жұрт, адамшылық қалмай сыны.
Жаны ашып, жақын үшін қайғырар ма,
Таны мал, жақыны мал, малдың құлы?
А.Байтұрсынұлы
***
Ешкімнің Әлиханға бар ма сөзі,
Демейді қандай қазақ оны оң көзі.
Семей тұрсын, жеті облыс бар қазақтан,
Талассыз жеке-дара тұр ғой өзі.
Елі үшін құрбандыққа жанын берген,
Бит, бүрге, қандалаға қанын берген.
Ұрыдай сасық ауа, темірлі үйде,
Зарығып алаш үшін бейнет көрген.
Түймеге жарқылдаған алданбаған,
Басқадай бір бас үшін жалданбаған.
Көркейер қайткенде алаш деген ойдан,
Басқа ойды өмірінде малданбаған.
Заманда басқан аяқ кейін кеткен,
Жасымай алашына қызмет еткен.
Болса да қалың тұман, қараңғы түн,
Туатын бақ жұлдызына көзі жеткен.
С.Торайғыр
***
Сендерге өз суретімді жібермекпін. Бірақ байқа, менің бейнем енгізілген дәптеріңді алмай қойып жүрмесін. Біздің коммунистер Мәскеу коммунистері секілді жартыкеш емес, нағыз 96-шы пробалы.
А.Байтұрсынұлы
***
Қымбатты, Әлихан аға! Мұстафа (Шоқайұлы) Орынбордағы қазақтардың ұстанған жолы біздің көзқарасымыз туралы айтып берді. Мен сізбен біздің көзқарасымыздың бірдей болып шыққандығына аса қуандым: Орынборға барып, келешектегі жасайтын қадамдарымды сіздің шешімдеріңізбен үйлестіру ойымда бар еді, алайда, бақытыма қарай, менің ойларым сіздің бағытпен бірге бірдей болып шықты.
М.Тынышбай
***
Заманымызға қазақ үшін өмірін, білімін жұмсап, ауыр жазаларға кіріптар болып, жанын қиып жүрген күллі қазақ халқына бірінші дерлік жан басшымыз – Әлихан Бөкейханов.
М.Дулатұлы
***
Сүйікті басшымыз! Еңбегің жанды. Ұлтыңыздың жандана бастағанын көзіңіз көрді. Өзінің оқытушы екенін жасырып жүретін оқытушылар мынау отырған. Бұрынғы келгендеріңізде дидарыңызды көрсетпей жауып қойған уақыт та болып еді. Жүзі қаралардан қорқып біз де бүйтіп көрініп алдыңыздан шыға алмаушы едік. Құдай бізді бүйтіп қарсы алуға жеткізді. Біз, оқытушылар, пікіріңізді жайып, еліңізді тірілтуге даярмыз. Жаса, біздің биік басшымыз! Сізді көрумен өзімізді бақытты санаймыз.
М.Тұрғынбай
***
Қараңғыдан қан жылап қаңғырған күнде басыңды Алаш жолында құрбан қылған ағамыз, асқар беліміз! Сізді көргендегі жүректің қуанышын тіл айтып жеткізерлік емес. Өміріңізде жүрген жолыңыз, біз, інілеріңізге жағып қойған шамшырақ. Жасасын, сүйреген алашың! Жаса сабазым!
Ж.Аймауытұлы
***
Т.Жүргенұлы алдымен Әлихан Бөкейханға жала жабудан бастайды. Оның сөзіне қарағанда (өткен жылдың жазында Сталин Мирзоянға Әлихан туралы былай депті), 1919 жылы Әлихан Сталиннің қасына келіп: «Қазақ халқы – жойылып кетуге тиіс халық» депті-міс. Сталиннің: «Сіз неге олай деп ойлайсыз?» деген сұрауына Ә.Бөкейхан: «Өйткені бұл халықтың сөздік қорында орыстардың «движение» деген ұғымын жеткізіп бере алатын сөз де жоқ» депті-міс. Қазақтың ұлттық партиясы «Алаштың» негізін қалаған, Алаш бағдарламасының авторы болған, Алашорда үкіметін басқарған Әлиханның аузынан мұндай сөздің шығуы қалай десе де, ақылға сыймайды.
М.Шоқайұлы.
***
Үкіметтің қара қуғын жасаған күндерінде айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшін басын құрбан қылған ат төбеліндей ғана азамат тобы болды. Бұл топты баулыған — Әлихан. Әлиханның қазақ еліне істеген тарихи қызметі: әдеби тіл тууына себеп болды, өзіне ерген топты діни фанатизмге қарсы тәрбиеледі. Бұдан барып татардан іргесін аулақ салған қазақ ұлты туды.
Қ.Кемеңгерұлы
***
Ол кісі Петроград университетінің орман-ағаш факультетін тәмамдаған. Заң факультетіне Ленинмен бірге экстернат болып емтихан тапсырған. Терең дария мұхиттай білімді ғалым болатын. Тоғыз тілде еркін сөйлеп, жаза білетін. Біздің ақыл-ойымыз Тоқырауын өзеніндей болса, Әлихан Бөкейханов — Балқаш көліндей дария еді ғой!
Ә.Ермеков
***
Қадірлі, Әлеке! Менің бұрынғы қызметімнің бір үлкен артықшылығы — достарыммен кездесіп тұруға аса қолайлы еді: қазір мен олардан көз жазып қалдым, тіпті хат-хабар алысатындарым да азайып кетті. Әлеке, әсіресе сіздің алдыңызда өзімді өте кінәлі санаймын. Сізді көптен бері сағынып жүрмін, бірақ та сізбен жүздесуге еш мүмкіндігім болмады, ал хаттың сөзі мені қанағаттандырмайды, сондықтан да жазудан бойымды аулақ ұстаймын.
Ә.Ермеков
***
Әкемнің мысы кез келген адамды басып тұрушы еді. Әкем өзін тұтқындауға сауылдап кіріп келген тергеушілерді көргенде саспастан: «Лиза, шай қой. Қонақтар келді. Бұлар мәдениетті кісілер, дәстүраттамайды», – деді. Олар үндей алмай қалды. Сол паузаны пайдаланып: «Кешірініздер, телефон шалуға бола ма?», – деді. Олар рұқсат берді. Көршісі, аса белгілі кеңес ғалымы трубканы алғанда: «Вася! Мен ұзақ командировкаға кетіп барамын. Лизаны саған тапсырдым. Аманат!» — деді де маған қарап: «Лиза! Сен анда-мұнда жүгірме. Одан ештеңе шықпайды. Бұл «барса-келместің» командировкасы» — деді.
Лиза Әлиханқызы
***
Басқа жұрттың басшылары тым-тырақай болып шет патшалықтарға шығып кеткенде, Әлиханның қоныс аудармай қалуы да – елін сүйгендікке дәлел.
Қ.Кемеңгерұлы
***
Егер әйгілі Бөкейхановқа келетін болсақ, ол — қазақ даласының асқан білгірі, қазақ тұрмысының нағыз әмбебап энциклопедиясы, өлке тарихының оқымыстысы. Ешқандай кітап оны ауыстыра алмайды.
В.А. Радус-Зенкович, Қазақ АССР Халық Комиссарлар кеңесінің төрағасы
***
1919-жылдың басында қызылдар келді. «Алаш» әскерінің бастығы, найман Қази деген жігітті март айында атты. Апрельдің басында қызылдар қашты. Марттың 24 күні Сталин Әлекеңді «прямой проводка» шақырды. «Біз Мәскеуді алдық. Қазақ автономиясы қайырлы болсын, өзің кімсің», – деді Сталин. Сонда қазақтар үлкен Семейде Жұмеке Оразалин дегеннің үйіне жиналып кеңесті. Әлекең айтты: — «Кару-жарақсыз нашар елміз ғой. Сталинге сенімен біргеміз дейік» деді. Халел Ғаббасұлы, Райымжан Марсекұлы, Ахметжан Қозыбағарұлы, Биахмет Сәрсенұлы: «— Атамандар көп, Дутов, Семенов, Корнилов, атаман Анненков бар, бұлар қызылдарды қуады. Сталиннің керегі жоқ», — деп көнбеді. Әлекең үндемеді. Мұхамеджан Тынышбайұлы, Әлімхан Ермекұлы екі жаққа да қосылмай қалды. Имамбек Тарабайұлы о да үндемей қалды. Шәкәрім Кұнанбайұлы: — «Оқығандар, өздерің біліңдер», деді.
С.Бөкейхан
***
Экспедицияның құрамына мамандар тарту жұмысын да және жұмыстың негізгі бағытын да Әлихан Бөкейханов белгілеп берді, жұмысы зерттеу – бөлінуге тиісті жер межесін кеңейтіп алу, сөйтіп Қазақстанда артық жер жоқ екенін ғылыми тұрғыдан негіздеу орайында жүргізілді. Мұның бәрін Әлихан Бөкейханов басқарды, Қаратілеуов оның әр айтқанын дау туғызбайтын шындық деп қабылдайтын.
К.Әлімбаев
***
Адайлар Бөкейхановтың халқының алдындағы орны толмас қызметін тани біледі екен. Сондықтан оны аса жоғары дәрежеде құрметтеді. Өздеріңіз білетін шығарсыздар, қазақ тек ең құрметті қонағына тай әлде құлын сойып қарсы алады. Әрине, бұл өмірде өте сирек болатын жағдай. Себебі, жылқы баласының сүйкімділігі соншалық, оны союға ешкімнің көзі қимайды және батылы бармайды. Ал құлынның терісінен жарғақ жасайды. Сондықтан жарғақ киген қазақ ілуде біреу ғана болар. Жарғақ – қазақ киімінің төресі.
Ә.Марғұлан
***
АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ
Алтынсары баласы Ыбырай хақында өзің жазсаң, жақсы болар еді. Ол сенің ағаң емес пе? Егер ол қазір өмір сүрсе, сендей болар еді, ал сен ертерек дүниеге келгенде, оның ісін жасарын хақ.
Ә.Бөкейхан
***
Қиын кезеңде Ахмет алғашқы болып дауыс көтеріп, қазақ мектебін бір жағынан, дүмше молдалардан, екінші жағынан патша миссионерлері ықпалынан құтқару үшін қызмет етті.
Т.Шонанұлы
***
Бар ғұмырын өз халқына шын құштарлықпен қызмет ету жолына бағыштаған, бар бақытын содан тапқан, табиғаты бөлек жандар болады. Ахмет Байтұрсынұлы – сондай адамдар қатарындағы ұлағатты ғалым.
Т.Шонанұлы
***
Бұл заманда қолы жетпегендерді теңдікке жеткізетін, әлсіздерге күш беретін — өнер-білім, сол өнер-білімге үйреніспек, тұрмысымызды түзетіп, басқалардың аяқ астында жаншылмас едік, біз де өз алдымызға бір жұрт екенімізді білдірер едік.
Ж.Аймауытұлы
***
Ойына сөзі дәл, тілге жайлы, көркем, халықтың керегіне, кемшілігіне ғана арналған өлеңдер – А.Байтұрсынұлыныкі. Ахмет өлеңдерін ақындық еркі билеп, қиял ермегі айдап шығармайды. Ойды оятуға, миды сергітуге, мұңлы, мұқтаж, терең мақсат түртіп шығарады.
Ж.Аймауытұлы
***
Біздің Ахаң қазақ тілін қалпына келтіруші, әрі ақын, әрі ғалым зерделі жан еді.
Ә.Ермеков
***
«Қазақ» газетінің сүтін еміп өскен бір буын осы күнде пікір-білім жолында бұғанасы бекіп, іс майданына шығып отырса, кейінгі жас буын Ақаң салған өрнекті біліп, Ақаң ашқан мектепті оқып шыққалы табалдырығын жаңа аттап, ішіне жаңа кіріп жатыр. Ақаңның бұл істеген қызметі – қазақтың ұзын-ырға тарихымен жалғасып кететін қызмет, істеген ісімен өзіне орнатылған ескерткіш — мәңгілік ескерткіш.
М.Әуезов
***
Ахаңның майданға алғаш жыры шығып, әдебиет, саясат жолында жол бастаған күндері бәріміздің де есімізде. Кешегі күні ұғушы болып, соның тәрбиесінде жүрген күндерімізді көз алдымызға елестетеді. Ахаңның қазақ оқушысының ойы мен пікірін тәрбиелеген заманнан бір ай ұзағымыз жоқ. Кешегі күндерге шейін бәріміз де жетегінде келгенбіз.
М.Әуезов
***
Ахаң — еңбегі жанған жанның бірі. Істеген ісінің жемісі — артынан келе жатқан жастар. Оның арты Ахаң мектебіне тiзiлiп, кіріп жатқан жас буын, жаңа өсіп келе жатқан қазақ әдебиеті Ахаңды өзінің басшысы деп санайды.
М. Әуезов
***
Ахаң жоқта, біздегі әдебиет теориясы — басы жоқ кеуде секілді еді. Ал, басы жоқ дене бола ма? Қайтейік, болады деп келдік…
З.Қабдолов.
АХМЕТ ҚАЙТЫС БОЛДЫ ДЕГЕНДЕ
Шынымен бұл дүниеден өткенің бе,
Қайырылмай, алды-артыңа кеткенің бе?
Ахмет опат болды дегенді естіп,
Егіліп жылай бердім, тек детiм де!
Айрықша артық көрген ғазиз досым,
Жоқ еді қысқада — кек, ұзында өшің.
Алаштың қамын жеген азаматы ең,
Сүйреген алға қарай Қазақ көшін.
Біраз жыл əр жерлерде болдым дәмдес,
Тағдырдың жазғанына кім бар көнбес.
«Ақынның хаты өлмейді» деген бар ғой,
Шырағың жағып кеткен жанар, сөнбес.
Азамат тату-тәтті болса сыйлас,
Өлімге бірін-бірі сірә қимас.
Тең жорға төрт аяғы тұлпар едің,
Сендей жан бұл фәниде қайта тумас!
Шүғаның қиқымы да деген – шұға,
Жолың бар салып кеткен шүкір, тоба.
Талап қып рухыңа Қараөткелде,
Илһамды Ахмет досым, қылдым дұға.
Ақиқат ақ сөйлейтін туар заман,
Боларын ондай күннің білмес надан.
Халыққа зәбір берген зәнталақтың,
Көрерміз сонда жайын болсақ аман.
Ғафу ет, жерлер болса тілім тиген,
Шаһбоз дос құрмет тұтып, жаным сүйген.
Тілеймін көрмесін деп кейінгі жас,
Камытты қиын күнде біздер киген,
Мен-дағы талай сырды ішке түйдім,
Жазықсыз жазаланып отқа күйдім.
Бақұл бол, қайран Ахмет, ақ сұңқарым,
Қош айтып рухыңа басымды идім!
Файзолла Сатыбалдыұлы
МІРЖАҚЫП ДУЛАТҰЛЫ
***
Алда әлі күнді көре білетін ұрпақ келеді! Сол күнді көретін ұрпақ сендерді еске алатын болады. Бізді ризашылықпен, үлкен құрметпен еске алатын болады! Өкінбеңдер! Күрес жолына түскендеріңе өкінбеңдер!
Ә.Бөкейханның Ахмет пен
Міржақыпқа айтқан сөзі
***
Мәдени жұртта көркем кітап жазып отыратын Ахмет, Міржақып газетаның уақ ісіне есіл ғұмырын байлап отыр. Білгенді қылам дегенге жұрт керегі қойып жатыр ма: Шәкәрім, Ахмет, Міржақып (бүлар Аполоннан бата алған жоқ) жеріме түсті демесе, мен сыншы парызын өткеруге құл болдым.
Ә.Бөкейхан
***
Бізде мұнан бұрын роман жазылған емес. Міржақып романы «Бақытсыз Жамал» кішкентай ғана кітап. Мен мұныққа» сын жазбақ болып қолға алған едім. Екі жұма отырдым. Бұл менің бұрын қылмаған ісім еді. Сонан ба, жоқ, сын өнері менде жоқтықтан ба, оны оқушылар білер.
Ә.Бөкейхан
***
Ұлы әңгіме түрде қазақ тілінде басылған шығарма әлі жоқ. Міржақыптың «Бақытсыз Жамалы» — роман (ұлы әңгімесі) деп ат қойылса да өресі мен өрісі шағын болғандықтан, ода ұлы емес ұсақ әңгімеге жақын.
А.Байтұрсынұлы
***
…Өзінің ақындық беті күшті, түр тапқыш, аса еліктегіш емесі — Міржақып. Кенеттен келген оқиғаны тез сезіп, тез сіңіріп, тез жауап тапқыш, жүйрік қиялды өлең Міржақыптан шығады.
Ж.Аймауытұлы
* * *
«Азамат» — Міржақып Дулатов жазған өнегелі өлең кітабы. Баспасы таза, бұрынғы жазғандарына қарағанда бөтен тілден аршыңқы, мағынасы тереңірек.
С.Торайғыр
АҚЫН ІНІМЕ
Азырақ құлағың сал, ақын інім,
Ойымыз, рухымыз, жақын інім.
«Ағалық правосын қолыма алып,
Келемін айтайын», – деп ақыл, інім!
Өзімді «Ағаңмын» – деп үлкейтемін,
Онымды көремісің мақұл, інім.
Адасқан ағаңыздың жері болса,
Тілеймін ете гөр деп ғалу, інім.
Жат жатсаң жаңылмайсың, адаспайсың,
Күресте кім кетпейді ғапыл, інім.
Ат қойған аз-көбіне қарамастан,
Ақылға біздер жарлы пақыр, інім.
Доңыздай талғамай жеп семіргендер,
Саналып ақылдыға жатыр, інім.
Сүйікті милләтіңе болам десең,
Нашардың көбірек же хақын, інім.
Сыйласын десең жұртың қадыр тұтып,
Айғырсып момындарға ақыр, інім.
Білімді ел ішінде болам десең,
Шешенсіп, жоқты сөйлеп лапыр, інім.
Қолыңнан мұның бірі келмес болса,
Кісімсіп ең болмаса қақыр, інім.
Сөзіңді тыңдатайын десең жұртқа,
Ет асып тaбaқ-табақ шақыр, інім.
Аузымен орақ орып, бәрін де етер,
Кымызды шара-шара сапыр, інім.
Етпенен қымыз беріп сөйлеп көрсең,
Айтқаның жұртқа балдай татыр, інім.
Ақылың Аплатондай болса-дағы,
Қымызбен еті жоқ құр татыр білім.
А.Байтұрсынұлы
«МІРЖАҚЫБЫМ – МИЯТЫМ»
Міржақып өлді деген сөз,
Ішімді өртеп кетті тез.
Дірілдеп жүрек демігіп,
Малынды жасқа екі көз.
Ажал деген – ауыр іс,
Әмірінде жоқ кідіріс.
Бұл хабарды естірткен,
Сейілдің ұлы Ідіріс.
Жылап келіп көрісті,
Оңай ма қию туысты.
Есеңгіреп, ес танып,
Менің де ақылым ауысты.
Бала жастан бірге өскен,
Құлашты қатар сермескен.
Тар жол, тайғақ кешуде,
Бір кемеге мінгескен.
Құлын-тайдай тебіскен,
Жарты құртты бөліскен.
Қандай күйде жүрсек те,
Қадірімізді біліскен.
Қас-қабақтан ұғысқан,
Түбі бірге туысқан.
Мерт болыпты жат жерде,
Ақ өліммен арыстан.
Міржақыбым – миятым,
Бір туғаннан зиятым.
Кісілікке келгенде,
Мол еді ғой ұятың.
Касиет тұтқан алашым,
Кеңге жайған құлашын.
Намысты қолдан бермеген,
Қайран да менің нағашым.
Қайрылмас жолға кетіпсің,
Баратын жерге жетіпсің.
Айтып-айтпай немене,
Бұл дүниеден өтіпсің.
Бар қазақтың баласын,
Ақымағы мен данасын.
Теңеймін деп талап қып,
Оятып ең санасын.
Білімменен ер өсер,
Ақылдыға ел ілесер.
Қазағым деп аһ ұрған,
Кім өзіңмен теңесер.
Туған адам — өледі,
Әркім оны біледі.
Біреу жылап әрине,
Басбіреулер күледі.
Ұққанға өлім жолы ауыр,
Жұбату айттым едәуір.
Көнген ажал ісіне,
Не шаһбаз бен не тəуір.
Ідіріс, сендей салалы ер,
Ағаның сөзі дұғагер.
Тастамас жерге қашанда,
Көзіңнің жасын тия гөр.
Қалса да жырақ қорымы,
Бұрынғылардың ырымы.
Міржақыптай сабаздың,
Жұмақтан болсын орыны.
Айналмалы дүние,
Дүниеге кім ие?
Жетіқат анау аспан мен
Мынау қара жер ие.
Уақыты өтсе оңар бөз,
Талқан болып тозар жез.
Дүниеде өлмейді,
Ғибратлы асыл сөз.
Айналайын Ідіріс,
Ажал деген – бұйрық іс.
Көз жасыңды жылдам тый,
Езіліп тұр біздің де іш.
Менен гөрі қандассың,
Сондықтан да қимассың.
Мен жыласам бірақ та,
Сен жұбата алмассың.
Міржақып пен Ахмет,
Нақақтан-нақақ болды шет.
Бір уақыттар болғанда,
Ақталар орнап әділет.
Дүние деген тегеріш,
Ұмыт болмас – кемел іс.
Замана қазір өзгеріп,
Тарылып тұр ғой кең өріс.
Қиянат кетпес тоқтаусыз,
Әділ сөз қалмас құптаусыз.
Күндердің күні болғанда,
Міржақып кетпес жоқтаусыз.
Өрт алғандай өрісті,
Тарылта бермей тынысты.
Шүкіршілік қылып шырағым,
Сабыр етсек дұрыс-ты.
Ф.Сатыбалдыұлы
ШӘКӘРІМ ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫ
***
Мұнан бұрын қазақ шежіресі қазақ тілінде кітап болып басылған жоқ. Шәкәрімнің бұл кітабы – қазақ шежіресінің тұңғышы, қазақ шежіресін білмек болған, аға-іні, іздегеніңді осы кітаптан табасың. Енді мұнан былай қазақ шежіресін жазбақ болған кісі Шәкәрімнің кітабын әбден білмей қадам баспасын. Кітап жиған жері жоқ, көшпелі далада жүріп Шәкәрім шежіресіндей кітап жазбақ — оңай жүмыс емес.
Ә.Бөкейхан
***
Шәкәрім өзі бүкір дегенімен, шежіресі бала оқытқан молданың қолында болатын кітап.
Ә.Бөкейхан
***
Өлеңді ақын сынағаны жөн. Оқушы – жазушы, ақын болмаса да, ақын сөзінде болар сынға санатында мүшелер болатын. Орыста Пушкин, Лермонтовты сынға салып, жұртқа жайған Белинский сөзге ақын емес, ойға ақын еді. Шәкәрім – Пушкин болмас, біз — Белинский болмаспыз.
Ә.Бөкейхан
***
ОТЫНШЫ ӘЛЖАН
***
Алаш жолында құрбан болды! Кызықты ғұмырының көбі абақтыда, айдауда өтті, бірақ, қымбатты Отыншы, Алаштың көркейгенін көре алмай арманда кеттім деме, сендей ұл туған ел ешкімнен кем болмас.
М.Дулатұлы
***
Жан сүйікті жездем Отыншы! Ел – жұртыңды туысқаныңды тастап мәңгі сапарға жөнелдің. Жаңа гүлденіп келе жатқан Алаштың көшбасшы азаматтарға өте мұқтаж уақытында қанішер, жендет большевиктердің қолынан мезгілсіз қаза таптың. Ертеден ел қамын ойлап, Алаш тілегін қолыңа шырақ қылып ұстап едің, сол шырақтан өміріңнің ақтық сағатына шейін айырылмадың.
Қ.Кемеңгерұлы
***
МҰХАМЕДЖАН ТЫНЫШБАЙ
***
…Мұхаметжанды өзгерістерден кейін хүкімет Түркістан комитетіне ағза қылып сайлады. Түркістан уалаятындағы бес облыс һәм Бұхара, Хиуа істерін басқару үшін құрылған Түркістан комитетінің барлық 9 ағзасынан екеуі қазақ еді: Әлихан һәм Мұхаметжан. Мұнан да көрінеді, Мұхаметжан қазақта бір болса өзі, екі болса, екінші кісі екендігі. Жаз бойы Мұхаметжан қазаққырғыз һәм мұжықтар үшін жәрдем сұрап, Петерборға да барып қайтты.
Қазақ. 1917 ж. 28 қазан. No 277.
***
Құрметті Мұхаметжан! Осы өлкенің білгірі ретінде және оны мекендейтін жеке ұлттардың тарихын жете білуші сізге арнайы өтінішім, осы өлкемен танысу үшін сіздің берген ақыл-кеңестеріңізге және ескертпелеріңізге шын жүректен алғысымды алдын-ала білдіремін…
Академик Н.И. Вавилов
***
Мұхаметжан өзінің демократиялық идеяларын іске асырып, өз халқын бақытты еткісі келді. Оған бұл жолда ғылым, ақыл, сенім күш беріп тұрды. Ол шынайы әділдікке, жамандықты жақсылық жеңген таңның ататынына кәміл сенген еді.
Ф. Осадчий
***
ЖҮСІПБЕК АЙМАУЫТҰЛЫ
Жүсіпбектің «Тәрбие жетекші» кітабы — жыл құсы. Бұл кітаптың тілі өте жеңіл.
М.Дулатұлы
***
Жүсіпбектің бұл романы қазақ әдебиетіндегі бірінші роман десек, аса қателескен болмаймыз. Бұдан бұрынғы романдар, қазақ тілінде болған романдар тұрмыстың бір-екі құбылысын ғана суреттейтін романшалар еді. «Қартқожа» — толық роман.
М.Дулатұлы
***
МҰСТАФА ШОҚАЙ
***
Бюро адамдары студент юрист Мұстафа Шоқаевты лайықтайды. Мұстафа Шоқаев — мұсылман комитеті ашылғаннан бері сонда қызмет етуші еді. Бюро адамдары Мұстафаның осы қызметке кәміл жарайтындығын біліп лайықтап отыр. Осылар жаратып, жұмысқа шақырып отырған адамын біз де жарайды деп білеміз һәм Бюроға қойылатын екінші адам Мұстафа Шоқаев болуын ұнатамыз.
Ә.Бөкейхан
***
ЕЛДЕС ОМАР
Елдесім (Омаров) жолдастың физикасына сын жазайын десем, газетке — үлкен, журналым жоқ болып, делдал болып тұрмын. Елдесім жақсы жігіт. Бұрын да жақсы еді. Енді онан да сүйікті болып кетті. Бір күні Шәңгерей маған: «Мен сені жақсы көрем! Білесің бе?», — деді. Мен: «Жоқ», – дедім. Шәңгерей: «Сен шын қазақсың ба? Сені қазақ деп жақсы көремін», – деді. Физиканы оқып қарасам, Елдесім де қазақ екен.
Ә.Бөкейхан
***
МАҒЖАН ЖҰМАБАЙ
Қазақ әдебиетіне Мағжан кіргізген жаңалықтары жоқ емес. Мағжан — күшті ақын. Өз ойын, өз тілегін ұқтыра білетін ақын.
М.Дулатұлы
***
Мағжанның ақындығын сынауға біліміміз, күшіміз кәміл жетеді деп айта алмаймыз. Толық сынау үшін, оның алды-артын орап, өрісін арылтып, шығарлық сегіз қырлы, негізді білім керек.
Ж.Аймауытұлы
***
Сыршыл ақындардың ішінде өлеңнің ішкі суретіне сөзінің сыртқы кестесі үйлесіп, маңызды болып шығатын — Мағжанның өлеңдері.
Ж.Аймауытұлы
***
Табиғатты Мағжаннан көп, онан артық суреттеген қазақ ақыны кемде кем. Мағжан – табиғат қойнында туып, табиғат анасының бауырында өскен нағыз табиғат ұлы.
Ж.Аймауытұлы
***
Мағжан – еліктегіш ақын. Еліктеу ақынға мiн емес, қандай күшті ақындар да алдыңғы ақындарға еліктемей жаза алмаған.
Ж.Аймауытұлы
***
Басқа жұрт өз өнерпаздарымен мақтанса, қазақ әдебиеті де бір кезде суретшілік жөнінен Мағжанымен мақтануында сөз жоқ. Мағжанның ақындық күші, сөзге еркіндігі, суретшілдігі «Баянда» толық көрінді.
Ж.Аймауытұлы
***
Мағжан терең ойдың ақыны емес, нәзік сезімнің, тәтті қиялдың ақыны, ол кедейдің ақыны емес, ұлт ақыны.
Ж.Аймауытұлы
***
Талайлар Мағжан болғысы келеді, бірақ бола алмайды, сірә, талантында кемістік болатын шығар.
Қ.Кемеңгерұлы
***
Мағжанды сүйемін. Еуропалығын, жарқырағын, әшекейін сүйемін. Қазақ ақындарының қарақордалы ауылында туып, Еуропадағы мәдениетпен сұлулық сарайына оратылып барып жайлауы жарасқан Арқа қызын көріп, сезгендей боламын. Мағжан — культурасы зор ақын.
М.Әуезов
***
Әдебиет — әдебиет үшін деген таңба айқын болмай, нәрлі әдебиет болуға жол жоқ. Сондықтан бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз – Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың бәрiмiздiкi күмәнді, өте сенімсіз деп білемін.
М. Әуезов
***
СҰЛТАНМАХМҰТ ТОРАЙҒЫР
***
Сұлтанмахмұт — жас ақындардың ішіндегі бір күшті ақын еді, аз өмірінде көп өзгеріс көрген, берісі қазақтың, арысы адам баласының бақ-ырысын көксеген, өмірін әділдік, шындық ізденуде, ойлануда, толғануда өткізген түбек ойдың ақыны еді.
Ж.Аймауытұлы
***
Бізде от жүректі, алғыр ойлы, алмас тілді Алаш жастары болды. Олардың ішінде Сұлтанмахмұт, Жүсіпбек, Мағжан, Мұхтарлар бар.
Ә.Ермеков
***
СМАҒҰЛ СӘДУАҚАСҰЛЫ
***
Смағұлда қабілет те, жүрек те бар. Менің бұған онымен «Жас азаматта» істес болған кезде көзім анық жетті.
Қ.Кемеңгерұлы
***
Жас Смағұл үздік туған бала екен,
Байтақ елге асқар таудай пана екен.
Сол баладан, сол панадан айрылған,
Қайран қазақ, орны толмас жара екен.
Кім білді ердің асыл туған бағасын,
Байтақ елдің асқар таудай ағасын.
Ажал шіркін қарамайсың ажарға
Тағдыр тартып жыртқызыпты жағасын.
Аққуы жоқ, қаздары жоқ көл жетім,
Шүйгіні жоқ, шалғыны жоқ жер жетім.
Смағұлдай баласынан айрылған
Қайран қазақ, болдың бүгін сен жетім!
М.Жұмабай