Өнім өткізу нарығын бағалау
Өнім өткізу нарығын бағалау бөлімі нарықты зерттеу негізінде және жинақталған мәліметтер бойынша жасалынады. Мұның негізгі мақсаты – нарықтағы жаңа тауарлардың алатын орнын дәлелдеу және анықтау, сонымен бірге нарық конъюнктурасы жөнінде мәлімет көрсетілуі керек.
Бөлімнің бірінші кезеңі – нарықтың потенциалдық сиымдылығын анықтау, яғни тұтынушылардың белгілі бір мерзімде (1 айда, 1 жылда) сатып алатын тауарларының жалпы құны. Оның мөлшері көп факторлармен байланысты: әлеуметтік, мәдени, климат, экономикалық және т.б. Сондықтан мақсатты нарықты сипаттау керек. Ол үшін нарықты сегменттеудің мынандай мүмкін критерийлерін қолдану керек:
Жеке адамдар (тұлғалар) үшін:
— жасы;
— жынысы;
— ұлты немесе этникалық тобы;
— білімі;
— сүйікті ісі (қызметі);
— қандай әлеуметтік топқа кіреді;
— мамандығы;
— табыс деңгейі;
— жанұяның өмірлік циклі.
Фирмалар үшін:
— қызмет сферасы;
— тұрақты мекен-жайы;
— құрылымы;
— сату мөлшері;
— өнімді бөлу каналдары;
— жалдамалы жұмысшылар саны.
Екінші кезең – сатылу потенциалының сомасын анықтау, яғни кәсіпорынның (фирманың) нарықтағы ара салмағы және соған сәйкес оның мүмкіншілігіне қарай тауар өткізудің максималды сомасы.
Тауардың өткізу нарығы тек қана потенциалды сату сомасын анықтау емес, сонымен бірге нарықты нақты бағалау.
Осыдан үшінші кезең туындайды. Ол сату – көлемін болжау, яғни кәсіпорынның мүмкін болатын жалпы шығыны және сол баға деңгейі жағдайында қанша тауар сатып алатынын немесе қызмет көрсететінін белгілеуі керек.
Мақсатты нарықты анықтап және қажетті пайдалылық пен болашағын анықтағаннан кейін бизнес-жоспарда болашақ бәсекелестіктерді анықтау керек. Яғни ұқсас іспен, және жанама іспен айналысатын бәсекелестіктерді зерттеу керек.