Әлихан Бөкейхан
Әлихан Бөкейхан – 1866 жылдың 5 наурызда қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Бала Әлихан 1879-1886 жылдары Қарқаралы қаласындағы қазақ балаларына арналған мектепте оқып, 1886-1890 жылдар аралығында Омбыдағы техникалық училищеде білім алады. Сондай-ақ, ол 1890-1894 жылдары Санкт-Петербургтегі Орман технологиялық институтының экономика факультетінде білімін жалғастырады.
Әлихан Бөкейхан 1906 жылы Омбыда шығатын кадеттiк «Голос степи», «Омич» және «Иртыш» газеттерінде, 1908 жылы Петербургте жарық көрген меньшевиктік «Товарищ», кадеттiк «Речь», «Слово» газеттерінде редакторлық қызмет атқарады. Ұлт көсемі аталған жылы Самараға жер аударылып, 1909-1917 жылдар аралығында Дон егіншілік банкі бөлімшесінде жұмыс істеді. Бұдан бөлек ол 1917 жылы «Алаш» партиясының негізін қалап, оның төрғасы болады. Осы жылы 25 орыннан тұратын «Алашорда» Үкіметі құрылып, оның басшысы болып Әлихан Бөкейхан сайланады.
Әлихан Бөкейхан 1937 жылдың 27 қыркүйегінде КСРО Жоғарғы соты әскери коллегиясының негізсіз үкімі бойынша ату жазасына кесілді. Алаш ардақтысы 1989 жылы КСРО Жоғарғы сотының қаулысы бойынша ақталды.
***
Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын.
***
Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саясат ісін ұғынбаса, тарих жолында тезек теріп қалады.
***
Өз күшіне сенбеген халық та, адам да ешқашан өмір бәйгесін ала алмайды.
***
Елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі – көш басын да алып жүре алмайды.
***
Біздің іздегеніміз – Алаштың аты бәйгеден келгені. Тірі болсақ, алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар.
***
Түркістанмен бірге автономия алу – қойны-қонышына тас толтырып, Ертіске сүңгумен бір есеп. Себебі, бізден қараңғылығы он есе, оны үлгі, үміт ете алмаймыз. Ташкент городской управасында сарттың гласныйларының «Обаға қарсы ем қылу – халықтың құдіретіне қарсылық, кінә болады, ем керегі жоқ» – деп жасаған қаулылары автономия арбасына әсек пен түйе жегіліп оңбайтындығын көрсетеді. Бұл заманда Бұхардың көзілдірігін киіп, сарт көзімен дүниеге қарайтын кісілеріміз жалпының көбі десек те болады.
***
Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден.
***
Бостандыққа қуансаңдар, мені басшымыз деп айтқандарың шын болса, міне, мен – өле-өлгенше сендерге қызмет қылуға уәде беремін, сендер уәде бересіңдер ме бостандықтың жолымен болуға? Бостандықтың жолымен болсаңдар: бишараны жемеуге, партияны қойып, бірігуге, бас пайдасы мен жұрт пайдасын бірдей көруге, барлық күштеріңді ғылым жолына, бостандық арқасымен көгеру жолына жұмсауға керек. Міне, бостандық болғалы осыларды қылып отырған шығарсыңдар. Осыларды қылмасаңдар, бостандық өзінен-өзі сендерге түк әкеп бермейді.
***
Халық! Бұлай құрмет көрсетулеріңе лайық еңбегім сіңді – деп, мақтана алмаймын. Бұрын мұндай құрметпен қарсы алынып көргенім жоқ, сондықтан құрметтеріңе лайық жауап беруге тосырқап тұрмын.
***
Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш – Баянды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау.
***
Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана.
***
Біз қарап отырсақ – қосақ арасында бос кетеміз. Қазақ жұрты болып бас қамын қылмасақ болатын емес. Есік алдынан – дауыл, үй артынан – жау келді. Алаштың баласы ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан соң, 200 жылда басыңа бір қиын іс келді. Ақсақал аға, азамат іні, отбасы араздықты, дауды қой, бірік, жұрт қызметіне кіріс! Алаштың басын қорғауға қам қыл.
***
Алаштың азаматы, бірік, бүгінгі үйара уақ істі таста, мына қараңғы қара бұлт Россия ылаңынан Алаш басын қорғайтын жолға шық! Көш бастаған ақсақал аға, зиялы іні, жергілікті жұрт қызметін таза атқар! Жалпы жұртқа мұрындық бол!
***
Ұлттың жоғын ұйықтап жүріп емес, ояу жүріп іздеу керек.
***
Қазақтың оқыған азаматтары, қазаққа осындайда қызмет етпегенде қашан қызмет етіп, пайдамызды тигіземіз.
***
Қазақтың буржуазиялық зиялылары мені «ұлт көсемі» деп атады.
***
Мен қазақ халқын Совет билігіне қарсы күреске бастадым.
* * *
Мен ешқашан Совет өкіметін сүйген емеспін, бірақ мойындадым.
***
Аз адам атқа міндім деп қасқыр болып жұртқа шапса, мұндай жұртта береке қайдан болсын?
***
Өз тізгініңді өзің алып жүре алмай, шатақ даудан шықпайтын бір ескі ауруың бар-ау, қазағым! Қылығыңды көріп ішім күйеді.
Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса, халықтық мақсат сонда орындалады.
***
Жұрт пайдасына таза жолмен тура бастайтын әр табылса, қазақ халқы оның соңынан ерер еді.
***
ғұмыр өзгерілді. Ат ұрлаған адамды тышқандай өлтіретін орыс мұжығымен ауылдас болдық.
***
Алыспаған, жүлыспаған – бостандық атына мінбейді, бұғаудан босамайды, әрі – құлдықтан, әйелі – күңдіктен шықпайды, малына да, басына да ие болмайды.
Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде, болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар.
***
Тұмыр — тартыс-талас, ғұмыр жүзінде орын аламын десең ұсталық, жиһатшылық зор мақсат. Таласып талпынбаған кісіге де, халыққа да тәмәм қасқыр арасында бәйге жоқ.
***
Адам баласы істеп жүрген ұсталықтың ең оңайы етік тіккен, міні, бұ да кім болса соның, кез-келгеннің қолынан келмейді, бұ да етікшіні күтеді. Саясат ісі — адам баласы істеп жүрген ұсталықтың ең қиыны, етікке қылатын амал тарамыспен бітеді, саясат жолында тарамыс орнында адам баласы. Тарамыс та шеберді күтеді.
***
Қазақ-ау! Оян! Мұжық көшi жүріп кеткенде жұртта қалып жүрме! Мұжық көрші отырып, бостандық, құрдастық, туысқандық шарапатын пайдаланғанда, ілгері басқанда, мүйізге ұрған сиырдай шыр айналып, кейін қайтып, көрші жұртқа балаңды жалшы, малшы құл қылып беріп, жұрағаттың обалына, Алаштың баласы, қалып жүрме!
***
Бұл заманда жылап мұратқа жетем деу – аш түйенің күйсеуі сыңды дәрменсіздік.
***
Қазақ орысқа қараған соң, бәйге аттай, жақсы жорғадай туысынан болатын шешен озған би жоғалды. Кім орысқа жағымтал болса, сол жұртты бір қамшымен айдайтын болды. Бұрынғы жүйрік шешен билерден келе жатқан әз, әділ билік – жорасы жаман қарапайым тұғыр бидің парасына аяқ-асты болды. Пара беріп ақты — қара, қараны – ақ қылатын күн туды.
***
Мен Алтайдан Оралға, Сібір темір жолы торабынан Омбыға дейінгі кең кеңістікті мекендеген 4 миллион қазақ халқының өкілімін. Қазақтың бүгінгі асқан мұңы – ана тілін қолдану бостандығы, оның қажеттілігі сайлау қарсаңында үгіт-насихат жұмысын жүргізу барысында ерекше артып отыр және осыған байланысты менің құрылтайдан өтінерім – жергілікті тілдердің құқын шектейтін заңның тез арада қайта қаралуы талап етілсін.
***
Қазақ сайлауы жұртқа келген бір жұт: сайлау жылы мал бағусыз, егін салусыз, пішен шабусыз, малшыдан басқа үйде отырып шаруасын қараған адам болмас. Сайлау жылы жұрттың көбінің мінгені – біреудің арқасы жауыр, құйрығы шолағы, қыдырып ішкені – біреудің қымызы, жатқаны – біреудің үйінің арты. Сайлау жылы қазақ ғұмыры осымен өтеді.
***
Еуропа жұртының сайлауы халыққа тегіс бір үлкен той. Еуропада халық партия болғанда адаспас ақ жол, адам аспас асқар бел, жұрт ілгері басатын іс қыламыз деп таласады. Сайлаған адамы халық қызметшісі, әр орынға сайланғанда мынау білгіш, мынау шешен, мынау көсем, мынау əділ деп әр қайсысын өз орнына сайлайды.
***
Үш жылда бір сайлау сайын жұрт өрт шыққандай, жау шапқандай жанталасып әбігер болады. Әке – баладан, аға – ініден, туған-туысқаннан айырылып, бірі – атқа, бірі – асқа сатылып сандалады.
***
Бұрынғы билеушілердің көпшілігі, күш-қуатының барлығын өзара талас-тартыс пен қырқысқа сарп етті.
***
Біздің қазақ жұртына айтатын тілегіміз: биге таласпаңдар, биді таланға салмаңдар! Әділ бисіз жұрт — жұрт болмақ емес. Таза би партияда да жоқ болады. Партия биі әділ болмайды. Бұл күнге шейін біздің қазақта әділ би, көздің қарашығындай билікті орнына апаратын әкiмшi жоқ. Біздің қазақтың бүлініп жүрген бір себебі осы.
***
Олжа тапқыш сығандар, социализмнің атын сатқан бөлшебектер, революцияның берген бостандық теңдігі большевиктің найзасының ұшымен кетті. Бүл большевик жұрт қамын ойлаған басшыларымыздың қолға түскенін жапты, ұстап алса өлтірмек те болды… Қазақ басшыларын бүл қалге түсірген, әрине, өзімізден шыққан соғылғандар.
***
Алаштың азаматтары! Ақсақ қойдай басқадан кейін қалғанымыз ба? Жоқ, қалмас амалын іздеп қамданамыз ба? Қалмаймыз десең, қарап жатпалық. Көп іске — көп болып жабылайық! Ұлық іс — ұсақтан ұлғаяды. Кірпіш зор емес, қаласаң қандай зор үй шығады. Шөпшектеп жиып шөмеледей илеу істейтін құмырсқаны көрмейміз бе?
***
Қазақ сияқты аз, кеш оянған жұрт мақсатты біреуге ілесіп жүріп болады ғой. Өз бетімен қазақ жол аша алмайды ғой. Думаға қазақ жұрты тағы депутат сайлайтын болса, бұл жұрт сайлаған депутаттар жүйрік, жұртқа рас қызмет қылатын болса, қазақ баласы бірігіп жұмыс қылатын жол ашылар еді.
***
Жер – десе дірілдемей болмайды. Сонда да жер мәселесі негізгі ғұмыр мәселесінің ең зоры. Жер ісін: «ала қашты, тартып алды, тиіп кетті» қылмай, ақылмен, сабырмен атқарған оң.
***
Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға үйреніп игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмесін.
***
Кадет партиясы: жер адамға меншікті болып берілсе де, жөн – дейді. Біздің қазақ жерді меншікті қылып алса, башқұртша көрші мұжыққа сатып, біраз жылда сыпырылып, жалаңаш шыға келеді.
***
Қанша құрбандық берсек те, қашан алсақ та, жерлі автономиядан бергіге ешкіммен бітісе қоймаспыз! «Халық сөзіндей» біз дүниеден үмітімізді біржола кесіп кете алмаймыз. Ақырында болса, ауыр да болса, жерлi автономияға қарай жол сала береміз. Жолдың пайдасын қазіргі буын көрмесе де келешектегі буын көрер. Бізге жерлі автономияның идеясы қымбат.
***
Жерсіз халықтың өз алдына ұлт болып жасай алмайтындығы белгілі. Жерін жоғалтып, біріккенде, қазақ не опа табады? Не қазақ болмай, не түрік болмай, «жер мен көктің ортасында асулы қалатын пақырсыз ораза» сияқты болады.
***
Қазақ жерін мұжыққа алғанда қазаққа көп кемшілік келтіреді, бұрын жерді қазақтан жері жоқ мұжыққа береміз деп алушы еді. Енді қазақтан алған жерді Еуропада өз жері көп дворян-помещиктерге беріп жатыр.
***
Жүзден астам жыл бұл жерге қазақтың кірі, қызметі сіңген. Бұл жерде Астрахан қазақтары 114 жыл кір жуып, кіндік кескен. Ол алынатын жерде неше мың салулы үй, қора-қопсысы бар. Жұрт қадірлеген бейіт бар. Қанша мың адам шаруасын істеп күн көрген, пішендік, егін жай, мал өрісі осы жерде.
***
Ертіс қазақтары пайдаланып отырған «Он шақырым» дейтін жер Сібір казагына кетті. Астрахан жері мен «Он шақырым» жерінің арасы алыс жатыр. «Он шақырымдағы» қазақтар Сібір казагына аренда төлейтін. Астрахан жері – қазақ жері.
***
Қазақ болып автономия боламыз десек, алдымызда шешуі қиын бір жұмбақ бар. Орал, Торғай, Ақмола, Семейде көп мұжық бізбен қоныстас. Мұжықпен аралас қазақты тастап, алғы қазақ болып шығамыз десек, қазақ орыста қалады, қазақты бұл жерден көшіріп аламыз десек, бұл қазақ ата қонысынан көпес, көшсе ақылсыздық болады. Түбінде қазақ ұлты бір автономия бола қалса, іштегі орысты ала кетеміз бе деген үміт. Біздің қазақ ұлтының автономиясы енді тұрмыс халда туысқан автономиясы болар емес, жерге байлаулы автономия болмақ.
***
Біздің бишара қазақ «жер», «жер» дегенде мұжық алған жерді қолға ала жылайды. Мұжық қазақ жеріне келмей тұрып, жерді тып-тыныш әділдікпен пайдаланып жүргендей!
***
Қазақ жұрт болатын болса, өз ішіндегі екі қазақ жер дауын құрту керек қой!
***
«Қазақ надан, қазақ көшпелі, қазақ мәдениетсіз, қазақ жоғалып кетеді, бұған жер неге керек» деп оттаған дұшпан да бар.
***
Біздің қазақ жақсы жерін алты бөліп, 4-іне егін салып, 2-сіне пішен шауып, мал бақса, осыны көтерер. Жылда басқа көзге төпелеп, жаңа келген хохолша жыртса, жылдан жылға астықтың шығымы кем болып, жер иесі қазақ, жерін тоздырып, қаңғып қалар.
***
Ақыл да, ұсталық та оқумен, істеумен жүре ұлғаяды. Дүниедегі жер билігі күннен күнге ақылды, ұста жұрт қолына ауып барады. Еуропада ұлы патша атанған жұрт, халықтың ақылды-ұсталығына сүйеніп ұлы патша болып отыр. Біздің қазақ жерін мұжық алғанда табан ет, маңдай теріне сүйеніп алып отыр.
***
Қыр халқы ғылым-білім жайып жатқан һәм өздері ғылым-білімге көңіл бөлген себебінен кешікпей-ақ жақсылықты біліп, еңсесін көтеруге аяқ басар, өздерінің сүйектеріне берген ақылы-санасы болған соң, сол заманда болған балаларымыз бізден ақылды болып, біздің заманымыздағы аталарымыздың қылғандарын көріп таң қалар, я ойламай қатырар.
***
Білімге – жақсы да, жаман да жоқ. Білім – алмас қанжар. Кім қолына алса, соның қолы, салып қалса, жақсы-жаманды айырмай, басты алып түседі.
***
Сонау қырдан талпынып, алты-жеті жыл оқу қуалап Қазан, Уфа, Орынбор, Тройскі барған талапкер балалар, екінің бірі бос қазақ емес қой! Жігіттігі бар, жігіті аз қазақ жұртына осы жігерлі балаларды жүдетпей оқуын бітіруге жиһат қылып, ақша жиып, әр ел өз шәкіртіне беретін жөні бар ғой.
***
Неше түрлі залалды қазақ мінезі бұзық орысша, мұсылманша хат білетіндерінен көріп жүр. Бұлар өзге қазақтан білімді, білімінен жақсы мінез шықса, бұл қалай?
***
Қазақтың оқу жұмысы бұл күнде шкoлдa. Қазақ балаларының бір парасы орысша оқып жүр, бір парасы ескі моллалардан оқып жүр, бір парасы соңғы замандарда ғана жаңа жолмен оқи бастады. Орысша оқығандар оқыту һәм тәрбиелеу ғылымын оқыған адамдардың қолында. орысша оқу орыс қолтығында тұрған жұртқа керек, керек болғанда қазақша оқығанның үстіне керек Қазақша оқи, жаза білген соң, шама келсе орысшада білу қажет. Қысқасы қазақ арасына білім нұрын жаюға нағыз қолайлы адамдар.
***
Рухани мәдениеттің бір белгісі – жалпы оқу, газета, кітап оқып, ғылым жолын тану, қол жеткені ғылым жолында ізденіп, адам баласына жақсылық жол ашу.
***
Оқуда жүрген жастарға жәрдем қылу – жұрт борышы деп білсек, бұған мойын ұсынсақ, енді мұны іске айналдыру шарасын қылу керек. Бізден рухани мәдениеті озған жұрттың бұл туралы салған қысқа жолы бар. Біз де сол жолға түсу жөн. «Жәрдем» қауымының ісін бастауға, атқаруға таза пікір, талап, жаһұт қана шарт. Менің жоруымша, бұл іс қолынан келетін жігіттер қазақта осы күні бар.
***
Ғұмыр бәйгесінде біздің қазақ тілі өз бәйгесін алар!
* * *
Алла Тағала Құран кәрімде: пайдалы орынға өздеріңнің сүйген нәрселерің мен малдарыңды шығармай тұрып ізгілік, жақсылық деген нәрсеге жетісе алмайсыңдар деп бүтін адам баласын шын көңілімен ұлт ісіне қызмет етуге қызықтырады.
***
Қазақ хандығы халық арасына ғылым таратып, жұртты ағартудың ретін білмесе де, өзінде дін бастықтары, діни мекемелері, мүфти, қазы, имам секілді рухани адамдары болушы еді.
***
Біздің милиция – бұл әскер. Олар іс жүзінде әрекет етуде: біздің 700 жауынгеріміз Жетісу майданында, 540 Троицкіде, 2000 адам Орал облысында. Жетісу майданындағы жеңістер біздің жігіттердің ерен ерлігінің арқасында.
***
Асыққанда істейтін ісіміздің ең алды — милиция жасау. Милиция жасау жолына: білгендер – білімін, малдылары – малын, азаматтар – жанын аяп қалмасқа керек. Біз өз тізгінімізді өзіміз алып, өз ұлтшылдығын өзі сақтайтын жұрт болу үміті үстінде тұрмыз! Сол мақсатымызға жетуімізге де, жеткеннен кейін бекуімізге де милиция керек.
***
Менің ойымша, қазір бар күшті жұмсап қауырт кірісетін екі нәрсе деп білемін. Бірі милиция – әскер жасау, екіншісі – оқу жағы. Әрине, басқалары да өз ағынымен істеле жатар, олар тоқталсын демеймін. Бірақ, бұл екеуі өзгелеріне негіз, бірі кейін қала тұруға болмайды.
***
Алаш қаласына қазақ басшылары жиналып, Алашордасын көтеріп қызметке кірісе бастады. Алашорданың қазіргі мақсаты – қазақты жұрт қылып, автономия алу. Осы жолда Алашорда милициясын жасап, қазынасын толықтыруға кірісіп жатыр.
***
Бар күшті ұлт әскерін жасауға салыңдар, Россияны тiрiлтетін тіреу – бар жұртының әскері, Алаш — Россиядағы одақтас мемлекеттердің бірі, сондықтан тіреудің бір ұшы – Алаш әскері. Алаш полкын, не керегін тауып беріп, таратпаңдар. Керек нәрсені қаншаға болсын қарыздануға қорғанбаңдар. Жеткілікті қару алыңдар.
***
Біздің қырға бір жөні жоқ әдет неше заманғы рәсімдер жүреді. Біреуді күшті кісі я, күшті тұқым деп адал-арам болса да жалпылдатып жүреді. Біздің заманның законымыз, ұлығымыз жоқтай, мақұлықпенен қаңғырып жүргендей күшті тұқымдар нашар тұқымдарды ренжітеді.
***
Закон — адам пайдасына жазылады, адам закон үшін тумайды ғой.
***
Би әділ болмай, жұрт ісі ілгері баспайды.
***
Роман адамзаттың өмірін, дәуірін бұлжытпай көрсетуші баға жетпес айна. Роман суреттеп көрсетеді: я бір адамның, я бір нәсілдес, бір тілдес халықтың өмірін, яки, бір қалыптағы заманның қатардағы жәмәғитын, я қилы-қилы замандарда болып өткен халықтардың өмір халін…
***
Қазақ халқының өз алдына өлеңдері бар. Кім білмейді: қазақтың ақындары Шортанбайды, Шөжені, Орынбайды, Найман баланы, Шерниязды, Құнанбайды һәм хайриларын. Қазақтарға осы ақындардың қайсысының сөзі күшті екенін білдіруге жөні бар ма!? Шерниязды ойласақ, қызыл тілінің арқасыменен жаны қалған.
Шөже «Қарымбай» секілді сараң кісіден сый алған. Сол ақындар өздерінің өнерін бай қазақтың алдына шығарған, соларды мейлінше мақтап бір жақсы адам қылып, сол байлар айтқандай болмаса да, осы күнгі жас ақындар да алдыңғы ақындардың қылғанын қылып – осы уайым емес пе!?
***
Еуропа «мәденимін-мәденимін» деп мақтанғанымен, мәденилігі ұсталықта ғана, мінезі хайуандық сипатынан қайтқан жоқ.
***
Надан жұрт – алдыңғы мәдени жұрттың киіп тастаған ескісін кимек.
***
Біздің қазақ жаңа жылы мартта болғаны адасқаны емес. Жаңа жыл мартта болса, күн мен түн тең болғанынан бастау керек. Ескі стильде бұл күн 9-ыншы март болады.
***
Мәдениет өмірі — құдірет әмірі. Түйені жетелей білсең, жүк аумай Алтай, Тарбағатай, Алатау, Шыңғыс асасың. ғылым – аспанда жарқыраған жай отын қолдан істеп алып, телеграммаға хабаршы, теміржолға, трамвайға ат. Марты кезден жуан зеңбірекке мерген қылып отыр. Әр нәрсені амалын біліп, өз орнына жұмсаса, іс көркейеді. Мал бағуға жұрт шебер болған соң, осы малды қазақ айналдырғаны жөн.
***
Мәдени Еуропаң адамшылықты тастап, төрт аяқты бабасының өрісіне қаптап жөнелді.
***
«Орыстың сыртын қырсаң, ішінен татар шығады, орыстың төресін қырсаң, іші жандарм шығады» дегендей, Еуропаның мәдени жұртының сыртын қырсаң, іші қаскүнем, ақсақ болып шығады-ау! Біз жұртқа ЕуропаЕуропа дей беруші едік. Ұялдық-ау!
***
Сіз, текті қариялар, газетке көмек беріңіздер, көрген жақсыларыңызды бәрін айтыңыздар! Өздерің жазды күні кешке таман айтатын, төбенің басында, құдықтың қасында отырып я қысты күні – ауылдастарыңның үйінде қонақта отырып айтқандарыңды, көргендеріңді – қазақтың жақсыларыменен бірге жүріп, қалайша атақты билердің билік қылғанынан, дау бітіргенінен – Жарылқап, Алшынбай, Мұса, Құнанбай һәм ғайри жақсылардың пара алып, жібек шапанға, қалтасының пайдасына қызықпағандықтарын, осы күнгі билерге, «лай судан балық ұстаймыз» деп жүрген, өсиет етіп, ғибрат беріңіздер!
Түзу қалам – қисайған, өткір қалам – мүжілген заман.
***
Біздің кемшілігіміз – әркім тарих арқалатқан жүкті белгілі жерге апармай, соңындағыларға тастап кететіндігі.
***
Жүйрік, қыран күшін – қиянға салса, жұрт мақсатын орнына апарса, мұнан артық не бақыт бар, бауырлар!
***
Өртте жүріп сабырлы болу – мақтауға сыймайды.
***
Бізде бірлік болып, іс қыла білетін шебер табылса, Алаштың баласы бақыт-махаббат жолына түсті!
***
Жұрт ісін түс көрмей, ояу жүріп іздену қажет.
***
Қазақ-ау! Түзуің бірігіп жұрт үшін қам ойлайтын кез келген жоқ па?!
***
Өзін-өзі қасқырша шауып отырған жұртта оқу, шеберлік болмайды.
***
Не жұмыс қылсақ осы үш ақыл, сөз, іксана талқысынан өтпей жұмысқа айналмайды.
***
Бірліктен айырылған — ел қаңғып қалады.
***
Жалпақ жұрттың көкірегінде жақсылық болмаса, жұрт – жұрт боп тіршілік қылып жүрмек емес.
* * *
Атадан келе жатқан мұра деп үй жиып, аяқ-табақ жиып, біреу түйе, біреу ат, біреу қой, біреу қозы, бiреу лақ беріп, біреу аяқ, біреу табақ беріп, ата баласы жақсыға ас беретін қазақ рәсімі.
***
Біздің әрбір ісіміздің негізі – бос, өмір – қысқа. Оқығандарымыз бар – қалтасы тесік, байларымыз бар – төбесі тесік. Екеуі бір жерге желімдесең де қосылмайды.
***
Адам баласы қылып жүрген іс ой-ақыл болып басталады, сөз болып сөйленеді, ия, жазылады, ақыл сөз сонан соң барып іске айналады.
***
Бұрынғының көбі – күш-қуатты тиiстi орнына жұмсамай, бірінің көзін бірі шұқудан уақыты артылмады, істегенінің бәрі жәбір, залым болды, қалғанының бәрі зорлық-зомбылық еді. Егер тарих оқысақ, пайдасы бар істің қандай екенін біліп, соны істемекшіміз! Зарарлы істен қашпақшымыз! Бұрынғының оңды ісінен үлгі алмақшымыз!
***
Айыр сөзде айып жоқ. Ақылға саңырау да айып.
***
Жұрт үшін қиядағы қиынды алған, жұртқа қызметі май болған Халамидің ғұмыры бақытты жігіт ғұмыры ғой! Жүйрік, қыран күшін қиянға салса, жұрт мақсатын орнына апарса, мұнан артық не бақыт бар, бауырлар!
***
Озғандарға жету керек, жеткендерімізден озу керек. Дүниенің төріне тырмысқандар, төрден орын алып жатыр. Тырмыспағандар есікте қалып жатыр: есікте қалмай, төрге тырмысалық. Басқалар төрге қалай бара жатқанына қарап, біз де солардың істегенін істейік.
***
Біз ақылсыз жаман жұрт емеспіз, ақ пен қараны салыстырса, ақ та, қара да, түзу де, қисық та жақсы таза көрінеді.
***
Адам баласы өзге хайуаннан айырылғанда – бұлардан ақылды болып, қолы шебер болып айырылады.
* * *
Талас дүние — ғұмыр сипаты, талас-тартыс жоқ болса, ғұмыр абақты болар еді.
***
Қазақ – баладай аңғал, сүттен ақ, судан таза, бүлінбеген халық.
***
Байлық түбі – ақыл һәм қол ұсталығы. Осы екеуі қосылмай адам баласы қазынаға жарымайды.
***
Кім шебер болса, жалықпай талмай ізденсе, бірігіп — тізе қосып әдіс қылса – ғұмыр бәйгесі сонiкi. Қазақ тып-тыныш жатып, еріншек, еш нәрсе қылмайды деп ойламаңдар! Олар қайратты, жұмыстың бәріне жарайды. Бірақ оларды қозғау керек.
***
Мал бағып, малының артынан еріп көшкен қазақ сияқты халық: байлық, қазына — мал кіндігінде деп біледі. Қазынаға құт беретін адам ақылы, адам қолы, адам жиһаты екенін білмейді, біздің қазаққа – өз аяғынан өсіп-өнген малды айдап жүрген елге: адам ақылы, адам ұсталығы, адам жиһаты көрінбейді.
***
Шілікті – мал кіндігі. Бұл жерде Еуропаның Әлпі деген тауындағы Швейцария жұрты болса, мал шаруасын іс қылып, сиыр сауып, ірімшік қайнатып, жүні жақсы шүға болатын қой бағып дүрілдетер еді.
***
Қазақ рәсіміне салса: жылқы ұрлығы зор айып емес. Жылқы ұрлығы аз айып болса, мұның артынан шудай шүбалып өзге мал ұрлығы шығады.
***
Тіршілік ғұмыр белгісі – алыс-тартыс, арбас, әдіс.
***
Жалғызбын, азбын демей, бізден бұрында өтіп кеткен, біз не қыламыз демей, аспай-саспай, тасымай іс қылса, адам баласының қолынан келмейтін іс болмайды. «Тамшы – тас теседі».
***
Қазақ жұрт қызметшілерін түзетпесең, жұрт болып шаруға айналып жарыспасаң, мұжыққа жер закон арқылы емес, тіршілік жарысы арқылы кетеді. Оралдағы башқұрт ағанша жерді мұжыққа тиын-сиынға қызығып жалдап қойып, ақыр-соңында сол мұжықтың сиырын бағасың!
***
Кассаның ақшасы — халық ақшасы. Кассаның ұстауы бойынша, бұл ақша беріледі кедейге екі тамаққа – ашаршылықта һәм ғайри қазақтарға жұттан һәм дерттен шаруасы күйзелсе. Бұл ақшаны бөтен жаққа ұстаған күнә. «Халыққа пайда қылам» деп халықты тонауға қол қойған құдыққа түкірмеңіз, мырзалар! Дәм атар! Халықты тонамаңыз.
***
Земски ақша салығын қайда ұстау жұрттың өз қолында. Біздің қазақ бұл сияқты жақсылықтан тысқары. Қазақ жүрген облыстардан Гос. Думада депутат жоқ. Қазақ облысы земски сметаны қарағанда Гос. Дума көзі байлаулы, қайда жетелесе, сонда кетеді. Осы соқырлықты Гос. Дума мойнына алып, қазақ облысы сметасын қараған сайын, бұл облыстарда земство болу керек дейді.
***
Зауыд ісі мәдениет дәрежесіне байлаулы. Біздің қазақ анық білетін саудаға келелік. Сауда өнері де мәдениет дәрежесіне құл. Мәдениеті кем жұртта саудалық – алдау, ұрлықтан қылдай жіңішке болып айрылады.
***
Земство жоқтықтың бір кемшілігі тағы көзге анық көрінді. Тәмам қазақта метірке жоқ. Адам жасы спискеде шатақ. Бұл жұртқа аян.
***
Көбің әлі жассыңдар. Біздің ақылымыз: мүндағы маржаларға (жезөкшелер жолай көрмеңдер. Мұнан құтылудың бір шарасы: шаршағанша жұмыс қылу. Өздеріңді өздерің билей алмасаңдар, ауру жұқтырып, бірінші өздерің қор боласыңдар, екінші – елге, үйлеріңе алып қайтасыңдар. Білесіңдер, біздің елде докторлар кем, ауруды жайып, елдің елдігін кетіресіңдер. Мұны ойлаңдар. Халқымыздың гүлі, үміті сендерсіңдер.
***
Байлық түбі ақыл һәм қол ұсталығы. Осы екеуі қосылмай, адам баласы қазынаға жарымайды.
***
Бұл тіршілік үлкен талас, бір бәйге: жүйрік алады, шабан қалады. Жүйріктік ақыл, ұсталық – жаһитшілікте. Еріншек-езге – жол, бәйге, сыбаға, мүше жоқ.
***
Жылқы – бозды, қой – қара отты, сиыр – өлеңді, түйе — көкпекті жайлайды.
***
Келешекте жұрт қамын ойлайтын ата баласы жақсылар болса, осы бастан Петерборға барып, министр һәм Думаға толық дәлел көрсетіп, Бөкейлік қазақтарының земство жарығынан тысқары қалмауын сұрау керек.
***
Қазақ халқының бір жақсы мұрасы «жылу»… Осы күнде өзгеріп кетті, қазақ халқының не əдеті өзгермеді! Қазақ халқының бір көңілді көтеретін әдеті — қонақ күтуі де жылдан жылға бұрынғыдай болмай барады. Бұрын қонақтарды таңдамай қондырады екен, тек жолаушыменен болса. Осы күнде қонақтарды таңдап сыйлайды. Жақсыларды, күміс ер-тоқымдыларды, бөлек атшы алып жүргендерді ғана қондырады. Қондырған уақытта көп арамдық-қулық, алдаушылықтар бар – бұрынғы уақытта болмаған. Бү күнде қонақ – байды алдап, бай – қонағын алдайды.
***
Кыр халқы – бос жүреді. Бос отырған бастарына ауыр сын тумаған соң мехнат-жұмысқа иленбей мал шаруасыменен күнелтіп жүрді. Мал бағу өз жөніменен жүре береді. Өлгенге шейін бір қазақ мал бағуды түзеуге ойлаған жоқ, қанша заманнан бері ата-бабаның жолыменен жүреді де отырады.
***
Бейнет ете беріңіздер, ағайындар, табан ет, маңдай теріменән қылғандарың арамнан дәурен сүргеннен жақсы! Кұдайға сеніңдер – Құдай деген қор қалмас!
***
Біздің қазаққа қазіргі кезде баласын оқытатын мектеп, жерін гүлдететін су, елге қызмет қылатын Боргенсен мен Миллер сықылды жігіт, май алатын, жүн жуатын, тері илейтін, ет сататын, мал өсіретін, егін салатын кәператип керек.
***
Байлықты өнермен, шаруамен, қызметпен іздемей, жұртты тонап, момынды жылатып іздеген мырзалар, қыстыкүні үңгірде жатып, өз аяғын сорған аю мысалында ғой, қанша қомағайланса да, сорғаны – өз аяғы.