Қосағашты іздеу

«Бұл ағаштың түбінде Шыңғыс хан ат шалдырған. Есім хан әскер топтаған. Абылай хан құрбан айтып, қатарынан үш күн мінәжат еткен. Бұдан өткен қандай ғажайып болуы мүмкін». Мағауиннің әйгілі «Қосағашы» осы. Әуелі үйде тұрған көп томдығынан оқығанбыз, кейін естідік. Енді көзбен көргіміз келеді. Таңғы астан кейін уақыт оздырмай, қос ағаштың атымен аталған Қосағаш ауылына бет түзедік.

Ая ӨМІРТАЙ

Суретті түсірген автор

Бұл ауылды көбіне Шоқан деп бұ­рынғы колхоз тұсындағы атауымен айтады, бала кезден құлаққа сіңісті болған атау. Ауыл үйлері жинақы да шағын орналасқан екен. Қайбір жылы Мағауин ақсақал елге келгенде қасиетті ағаштың дарағы ғана жатқан еді дейді, бірге барып көргендер. Одан бері де оншақты жыл өткен. Көктемгі су тасқыны кезінде өзен жағасында қурап жатқан ағашты әлде­қашан шайып кетуі де мүмкін. Қара жолмен шаңдатып келе жатып таба алмай қаламыз ба деген көңіліміздегі алаңды жасырмадық.

Жолай бірінші кездескен бейтаныстан амандық-саулықтан кейін жөн сұрас­тық.

– Советхан деген ағаларыңа ба­рыңдар, өзеннің маңайында мал қарап, атпен көп жүреді. Жер жағдайын жақсы біледі, – деп үйін көрсетіп жіберді. Ол кісінің үйін оңай таптық. Шөп түсіру қамымен қора маңында оны-мұны ұсақ шаруаларын реттеп жатыр екен. Әлдебір алтын-күміс жасырылған қазыналы апанды іздеуге бекінгендей өңіміз қату.

– Аға, осындағы Қосағаштың жайын сіз ғана біледі дейді ғой. Бізді апарыңыз, – дедік салған жерден. Қуанып кетті.

– Апырай, ол ағашты іздейтіндер де бар екен-ау, – деп күлді. – Кезінде ағаш ту­ралы көрген-білген мәліметтерді жинастырып, өлкетану музейіне берген едім. Соны ақтап-арулап, көрнекі жерге қастерлеп қойса жақсы болар еді, – деп жол бастап, біз соңынан ілестік.

Дағанделдің сағасын бойлай, Бақа­нас өзенін жағалай ауылдың сыртына шықтық. Алысқа ұзамай-ақ отын жағуға іргеден таси бергеннен бе бір кездегі тұмса тоғайдың іргесі сетінеп-ақ қалыпты. Көлікті әудем жерге қалдырып, әрі қарай жаяу өрледік. Ши, бұта аралас шөптесін алапты кешіп келеміз. Алып ағаш оңай табылды. Советхан ағаның күнде мал қарап жүрген маңайы, үстінен түстік. Алып бәйтеректің өзі емес, әрине. Сынып, күйреп түскен бір бұтағы ғана. Бүк түсіп жатыр екен. Қаусаған, кәрі. Соның өзі әжептәуір, сұсты. Қадамдап өлшеп едік, тұстас жеті метрге жуық шықты. Сыны кетсе де, сырын бермей жер бауырлай үнсіз құлаған.

– Үлкендердің айтуынша күндік жерден көрінетін ерекше үлкен өскен қос терек болған. Ел аузында Шоқан «Ыс­тықкөлге» сапарында Қосағаштың түбінде дем алған деп айтылады, – деп түйді жол бастаушы ағамыз. Халық айтса, қалт айтпайды деген, Шоқан қос теректің түбінде болды деуі шындыққа жанасымды. Өйткені сол сапарында Шоқан дәл осы Бақанас арқылы өтіп, Ажырық, Таңсық елді мекендері арқылы «Қозы-Көрпеш – Баян-сұлу» мазарына соққанын жазбаларынан жақсы білеміз.

– Осы Қосағаштың түбінде Абылай хан үш күн қатарынан аялдапты, содан соң Аягөзге шүршітпен соғысқа аттанған деген аңыз бар. Одан бұрын еңсегей бойлы ер Есім хан қара қалмаққа қарсы осы Қосағаштың түбінен аттаныпты деседі, – дейді Советбек аға құлшына әңгімелеп. «Діңнің шеңберіне жеті бала – жеті жігіттің құшағы әрең жетті. Екіншісін өлшедік. Кішірек. Бірақ бұл да алып. Бес құшақ». Мағауин бозбала шағында өзі көрген қос ағаштың алып бейнесін осылай суреттейтін. Оны да еске алдық.

Көз көргендердің айтуынша, дара өскен қос дарақтың биік бұтағына ител­гі ұя салады екен. Ителгі – құз жар­тастан ғана балапан ұшыратын құс екені белгілі. Демек, иен даладағы ағашқа ителгінің ұя салуы Қосағаштың қаншалықты алып, қаншалықты биік екенін аңдатса керек. Әжелеріміздің айтуынша, бала көтер­меген әйелдер мал сойып, мойнына бұр­шақ салып осынау қасиет дарыған Қосағаштың басына түнеген.

Бар тарихты басынан өткерген мың жылдық Алыптың қайғылы қазаға ұшы­рауы да тосын, өзгеше тылсым. Өткен ғасырдың 70-жылдары қартайған қос дарақты іргедегі жұрт қадірі кетті, қа­сиеті кеміді деп санаса керек. Оңай ол­жа көріп, балталап, тепкілеп, қыстық отын­ға алуды ойлайды. Бірақ рабайсыз жуан қос дің мызғымайды. Күндердің бір күні шайдай ашық тапа-тал түсте аспанда шағырмақтай бұлт пайда болып, қақ төбеге жетеді. Кенет жер әлемді тең­селте шатыр еткен дыбыс шығып, сор­ғалай құйылған жай оты дәл қос ағашқа түскен дейді. Келер сәтте көк пен жердің арасындағы алып бәйтерек түгел отқа оранады. Ата мұрасын аяққа басқан ауыл­дың сонда ғана көкейіне қорқыныш кіреді, кейін әрине ұмытылады.

Қазір ағаш тарихы қадым заманнан жеткен аңыз тәрізді. Болмаған сынды, ешкім көрмеген сынды. Естісе де, көрсе де мән бермеген. Тек Тәңірі өзгеше тағ­дыр сыйлаған алыптың бірді-екілі жұр­нағы ғана маң далаға мағына үстеп, мәңгілік байыз тауыпты.

«Бізге жаңғырығының өзі талықсып, әрең жетіпті. Сол үзік үн, көмескі сәу­ле мүлде өшіп қалмасын деп, бая­ғыда қураған, баяғыда өртеніп кеткен, алыстағы ағайын білмеген, жақындағы туыстың өзі ұмытқан, қазір орнында күлі де қалмаған Ағашқа жоқтау жаздық. Бәлки, ұрпағынан үміт үзбеген Көк Тәңірі мейірі түсіп, Жерімізге жаңа бір шыбық қадар…». Мағауиннің айрықша лепесі, бәтуалы батасы, еңселі ескерткіші. Біз ауыл-үйді аралап нақтылы дерегін жинай алмаған алып ағаш туралы деректі хикаяттың жақсылыққа бастаған аңызы осылай аяқталатын. Тәңірі қабыл еткей. Тек бір қынжылтатыны жалғыз Қос­ағаш емес. Қадым заман куәгері бо­лып бағзыдан үні талып жеткен кие тұ­тар мұраларымыз сұрауы, іздеушісі жоқтай күнге қуарып, желге мүжіліп мәң­­гілік қойнауына жұтылып барады… Ала­қаныма қыса берік ұстаған бұтаның жаң­қасына көз тоқтатып қарап тұрып осыны ойладым.


© egemen.kz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *